Аудан аумағындағы заңсыз құрылыстарды ретке келтіру және болдырмау мақсатында, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан аудан бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, біршама жұмыстар атқарылуда.
Сонымен бірге, қолданыстағы бас жоспарларға сай келмейтін құрылыс нысандарына наразылық білдіріп, жою жұмыстары жүргізілуде.
Аудан аумағында халық санағы 5000 тұрғыннан асатын 8 елді мекен бас жоспарымен және халық саны 5000 тұрғынға дейінгі 34 елді мекен оңтайландырылған бас жоспармен қамтамасыз етілген.
Қазіргі таңда ауданның экономикалық дамуын айқындайтын бизнесті түбегейлі жақсарту және кеңейту жұмыстары жаңадан құрылыс нысандарын салумен тікелей байланысты.
Аудан бойынша 2021 жылы бөлім тарапынан барлығы 17 заңсыз құрылыс анықталып, жою мақсатында тиісті жұмыстар атқарылған.
Облыстық салалық басқармамен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 316, 321 және 463 баптарына сәйкес 17 нысанға 2234 АЕК айыппұл салынды.
Сонымен қатар, 2020-2021жылдар аралығында заңсыз орнатылған 53 дүңгіршек алып тасталынды.
Биылғы жылы аудан бойынша 11 заңсыз құрылыс анықталып, облыстық басқармаға шара көру үшін жолданылған. Қазіргі уақытта 1 заңсыз құрылыс Түркістан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралуда, 1 нысан бұзуға соттың шешімі шықты.
Сонымен қатар, заңсыз орнатылған 13 дүңгіршек алынып тасталынды.