ТАСАРЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС ШАРАЛАРЫ АЙТЫЛДЫ

"Түркістан - Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің жетекшісі Нұржахан Абуова жұмыс сапарымен Төлеби ауданына қарасты Тасарық ауылдық округінде болып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жиын өткізді.

Жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бас маманы Гүлмира Төлегенқызы, ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлері және өңір тұрғындары қатысты.

Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан да бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын болмасын қатты алаңдататыны анық. Мемлекеттің дамуына бармақ басты, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген.

Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз. Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады.

Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.

Қазіргі таңдағы мәселелердің бірі — қоғамдағы сыбайлас жемқорлық. Осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатқаны ұрпақ тәрбиесіне зиян әкелетіні бәрімізді алаңдатады. Бұл мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, сыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен зиянын тигізеді. Яғни, осы келеңсіз құбылыспен күресу барша халықтың алдында тұрған ортақ мәселе екені айқын. Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс.

Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.

Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардардың ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде.

Осы мақсаттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге тағы бір серпін ретінде «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қолданысқа енгізілген. Бұл Жарлық еліміздегі құқық қорғау органдары қызметтерін жетілдіруге бағыттала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттермен олардың пайда болуының алдын-алуда жүйелі, әрі тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етеді. Қызмет құзыреті бойынша Тәртіптік кеңесі Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерлерінің Ар-намыс кодексі талаптарының сақталуын қадағалап, аталған заңнама мен Кодекс талаптарының бұзылуына жол берген қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігін қарау белгіленген. Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып табылады.

Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Өткенімізге көз салсақ, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында мемлекетіміздің тамыры тереңге тартып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар мен іс-шаралар қабылданып, ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орынын айқындады.

Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен танылды. Қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, уақыттан туындаған әртүрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойды. Ол жол – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен алға қойылған сыбайлас жемқорлықпен күрес жолы. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.

ШЫМКЕНТ: ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДАҒЫ 30 КӨШЕ ОРТАША ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ

Бұл туралы қала әкімінің аудан тұрғындарымен өткен есепті кездесуінде аудан әкімі Р.Мыңбаев айтты.

Әл-Фараби ауданындағы 279,5 шақырым жолға асфальт-бетон төселген болса, 19,6 шақырымы шағал тас. Өткен жылы 5 көшеге асфальт, 13 көшеге шағал тас төсеу жұмыстары жүргізіліпті.  Бұл жылғы жоспар бойынша 16,9 шақырымды құрайтын 30 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі де, 33 көшеге шағал тас төселеді. 2023-2024 жылдарға 48 көшені асфальттауға ұсыныс берілген.

Осылайша осы жылы сапалы жолдар үлесі 88 пайызға, 2024 жылы 100 пайыздық көрсеткішке жетеді.

Тілге тиек етейік, Шымкент қаласында ұзындығы үш шақырымнан асатын үш көшеге асфальт төселді. Жоспарға сәйкес, жыл сайын орташа жөндеу жұмыстары бойынша қаланың орталық магистралды көшелері ғана емес, аудандық маңызы бар ішкі орамдық көшелері де қамтылады. Еңбекші ауданы Базарқақпа тұрғын алабының Кендала, Жастар, Тельман көшелері орташа жөндеу негізінде асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталып, қолданысқа берілді. Тұрғын алаптағы жалпы көше ұзындығы 3,80 шақырымды құрайды. Жобалық сметалық құжатына сәйкес, барлық көшелерге қалыңдығы 10 см асфальт төселді. Шымкент қаласында асфальтталған жолдардың жалпы ұзындығы – 2 029,2 шақырым. Қалада 2021 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша бірқатар нысандарда жұмыстар аяқталды. Жыл басынан бері шұңқырларды жамау (3500 шаршы метр), тегістеу қабатын салу (1000 шаршы метр) жұмыстары орындалды. Ағымдағы жөндеу жұмыстары бірінші кезекте көлік қарқыны жоғары және қала орталығындағы магистралды көшелерде атқарылуда. Атап айтқанда, Жолан батыр, Саттарханов, Қазиев, А-2 автомобиль жолы, Бекболатов, Т.Рысқұлов (Дулати-Сайрам), Елшібек батыр және Тәуке хан көшесінде (Сайрам-Өндірістік аймаққа дейін) жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Созақтық полицейлер ардагерлерге құрмет көрсетті

Созақ аудандық полиция бөлімінде бастауыш ардагерлер ұйымы мүшелерінің қатысуымен кездесу өтті. Жиынның мақсаты – Ішкі істер органдары қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыру, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу. Кездесу кезінде бастауыш ардагерлер ұйымының мүшелері жас полицейлерге кәсіби шеберлікпен бөлісу мақсатында өздерінің ақыл-кеңестерін айтып, Ішкі істер органдарында адал қызмет етуді жеткізді.

Сонымен қатар полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Жасұлан Нысанбаев пен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Беркінбай Дуанаев сөз алып, марапаттау рәсімін өткізді. Құқықтық тәртіпті нығайтуда қосқан үлестері үшін Ішкі істер органдарында қызмет еткен ардагерлерге «Қазақстан Полициясына 30 жыл» мерейтойлық төс белгісін табыстады.

Марапатқа ие болғандар қатарында Дәулеталды Еденбаев, Талас Қожабаев, Жарқынбек Шорманов, Нақып Сейсенбаев, Қайрат Бектаев, Сейтжаппар Игіліков, Болат Мұхымбеков, Нұрлыбек Дәуренбеков, Талғат Жақанов, Тимур Жақаев, Ғани Әлішеров, Қуанышбек Үмбетов, Абай Тұрмаханов, Дәуірбек Елібаев, Ерайдар Абдраев, Саттар Түбекбаев, Бақытжан Мадияров, Айдар Мұсаев, Нұрлан Омарбеков пен Ақылжан Абишевтер бар. Жиын соңында марапат алған полицейлер естелікке суретке түсті.

Түркістан: Жер телімінің құжатын жасап беруге уәде еткен алаяқ

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, алыс танысы жер телімінің құжаттарын жасап беретінін айтып, 1 100 000 теңге ақшасын алған. Жәбірленуші жарты жыл бойы алаяқтың сөзіне сенген, алайда ол не ақшасын қайтармаған, құжатын жасамаған. Осы мәселенің түйінін шешу мақсатында жәбірленуші азамат полицейлердің көмегіне жүгінді. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚҚ-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Түркістан ҚПБ-ның полицейлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, күдікті деп танылған ер азаматты жергілікті мекенжайынан ұстады. Оны бірден басқармаға жеткізді. Күдікті Сауран ауданының тұрғыны болып шықты.

Белгілі болғандай, күдіктінің бұдан басқа 3 жайтқа қатыстылығы анықталды. Жәбірленушілердің әрқайсысынан 600 мың мен 400 мың теңге аралығында ақша алып, жалпы 3 000 000 теңгеге шығын келтірген. Сондай-ақ полицейлер күдіктінің еш жерде жұмыс істемейтінін растады. Қазіргі таңда күдікті азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтардан алаяқтардың арбауына түсіп қалмауды сұрайды. Қандай жағдай болмасын, анық-қанығын білмей, белгісіз азаматтарға ақша аудармауға және бермеуге, сенбеуге қатаң ескертеді.

 

Созақ: Заңсыз мал тасымалдаған...

Бүгінде елімізде мал ұрлығы өзекті мәселенің бірі болып тұр. Осыған орай ҚР ішкі істер министрлігімен мал ұрлығының алдын алу мақсатында «Мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған жоспарлы бағдарлама» жасалынған. Аталған бағдарламаға сәйкес, мал ұрлығы қылмыстарының алдын-алу, заңсыз тасымалдауды болдырмау мақсатындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде.

Осы тұрғыда Созақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Созақ-Шымкент тас жолы бойында тексеру жұмыстарын атқарды. Нәтижесінде «FOTON» маркалы автокөлікті тоқтатып, тексеру кезінде оның ветеринариялық құжатсыз бір бас айғырды заңсыз алып бара жатқанын анықтады. Сонымен қатар «Газель» автокөлігімен тағы бір тұрғынның Созақ ауданынан Сайрам ауданына 10 бас бұқа мен 1 бас сиырды мал базарға алып бара жатқаны белгілі болды. Полиция қызметкерлері аталған көлік жүргізушілеріне ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы «Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу» бойынша хаттама толтырды.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға заңсыз мал тасымалдауларға, белгіленбеген орындарда малды сою, ен-таңбалары жоқ малдарды саудаға салу деректерін болдырмау мақсатында жұмыстар жалғаса беретінін ескертеді. Сондықтан малды қараусыз жібермей, бақташы жалдауға, уақытылы ен-таңбаларын салдыртып, құжаттандыруға кеңес береді.

ШЫМКЕНТТЕГІ ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА 32 БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢШАСЫ ОРНАТЫЛАДЫ

Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған «Халық қатысатын бюджет» жобасының үлесі жыл сайын артып келеді. Мәселен Шымқаладағы Әл-Фараби ауданында 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 4 есеге артқан.

Ауданды өткен жылы 14 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биыл 59 жобаға қаржы бөлінді. 50 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 9 ашық спорт алаңшасы салынбақ. Бұл жұмыстарды тұрғындар дауыс беру арқылы таңдаған болатын.

2023 жылы 32 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 7 ашық спорт алаңшасы салынса, 100 пайыздық меже орындалады.

 Айта өту керек, жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы аулаларды абаттандыру және заманауи балалар ойын алаңшаларын құру мақсатында қала бюджетінен 2,5 млрд. теңге қаралды.
Айтпақшы,  2023 жылғы жоспарда 23 балалар ойын алаңшасын пайдалануға беру жоспарлануда. 2023 жылы 5 спорт алаңшасын орнату көзделіп отыр. Ауданның ойын алаңшалары мен спорт алаңқайлары салынатын шағынаудандарға  Тәуке хан, Д.Қонаев, Мәделі Қожа, Қазыбек би, М.Дулати, Желтоқсан, І.Іляев, Түркістан, Қабанбай батыр, А.Анаров, Ш.Рашидов көшелері және Қарасу, Ескі қала, Дархан, Шымкент май зауыты (МЖК) кіреді.
Осы тұста айта кетейік, балалар алаңшасы тұрғындардың өтінімі негізінде «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында орнатылады. Бұл жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының аясында «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асыру мақсатында кез-келген қала тұрғыны қала аумағын абаттандыру, дамыту және жақсарту бойынша өз идеясын ұсына алады.

Түркістан облысы прокурорының қатысуымен «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер» картасы бойынша атқарылатын жұмыстар талқыланды

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінде облыс прокуроры Марат Алиханов пен Департамент басшысы Қанат Қожахметовтың қатысуымен «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер» Картасы аясында атқарылатын жұмыстар талқыланды.

Жиында сөз алған Марат Тлеуқабылұлы Агенттік әзірлеген тәуекелдер картасының қоғам алдындағы маңыздылығына айрықша тоқталып, Департаменттің жеке құрам қызметкерлеріне бұл әдістің жемқорлыққа қарсы күрес жұмысын жетілдіруге және өңірдегі жиі ұшырасатын жемқорлықтың деңгейін төмендетуге тигізер үлесін талқыға салды.

Жиын барысында азаматтардың әл-ауқатын тұрақтандыру мен тұрмыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған аталмыш Картаны Түркістан облысында сапалы жүзеге асыру тетіктері ортаға салынып, ең алдымен білім, медицина, әлеуметтік сала, жер, ауылшаруашылық, құрылыс, тұрғын үй қатынастары салалары бойынша халықтың қажеттіліктері мен талап-тілектерін қанағаттандыруға басымдық беру қажеттілігі баса атап өтілді.

Жиын соңында Агенттік тарапынан жүктелген маңызды міндетті тиімді іске асыруға бағытталған ұсыныс-пікірлер айтылды.

Ордабасы: Мас жүргізуші өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылды

Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында рейдтік шараларды жиі ұйымдастырады. Осы тұрғыда полицейлер таңғы 04:00 шамасында Шымкент-Самара тас жолы бойында «Opel Vectra» маркалы автокөлікті тоқтатты.

Тәртіп сақшылары жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында бұған дейін ӘҚБтК-нің 608-бабы 4-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша кінәлі деп танылып, 6 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғанын анықтады.

Сонымен қатар сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша жүргізушінің көлік басқарғанда мас халде болғаны расталды. Яғни өз қателігінен нәтиже шығармаған жүргізуші тағы да мас күйде көлік тізгіндеген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша тіркеп, Ордабасы аудандық сотына жолдады.

Нәтижесінде жүргізуші ер адам кінәлі деп танылып, өмір бойына көлік құралын жүргізу құқығынан айырылды және 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін мас халде көлік басқармауға кеңес береді.

Түркістан: 1 айда 9500-ге тарта жол ережесін бұзушы анықталды

1 айға жоспарланған «Қауіпсіз жол» іс-шарасы барысында Түркістан облысының полиция қызметкерлері ауқымды жұмыстар атқаруда. Мәселен іс-шараның 8 тәулігінде полицейлермен 9432 жол қозғалысы ережесін бұзушылар анықталды. Оның ішінде 278 жүргізуші жылдамдық режимін шектен тыс асырса, 360 жүргізуші маневр жасау ережесін бұзған.

Ал бағдаршамның тыйым салу белгісінен өтіп кетудің 102 жайты, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығудың 26 жайты белгілі болды. Сондай-ақ техникалық байқаудан өтпеген 570 көлік пен автокөлікті мас күйінде басқарған 48 жүргізуші анықталды. Тәртіп сақшылары қауіпсіздік белдігін пайдаланбағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке 2000-ға жуық тәртіп бұзушыны, басқару кезінде телефонды пайдаланғаны үшін 810 жүргізушіні, авариялық жағдай туғызғаны үшін 75 көлік тізгіндеушіні жауапқа тартты.

«Қауіпсіз жол» шарасы кезінде полицейлер қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған 262 ЖҚЕ бұзушылықты анықтады. Сондай-ақ автокөлікті заңсыз қайта жабдықтау бойынша 112 жайт анықталды. Жалған және қолдан жасалған мемлекеттік нөмірмен көлік құралын басқарудың 7 дерегі анықталып, жүргізушілерге шара көрілді. Айыптұраққа 309 көлік қойылды.

Аталған шара ҚР ІІМ Марат Ахметжановтың нұсқауына сәйкес жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алдын алу, жол-көлік оқиғаларын төмендету мақсатында өткізілуде. Сондықтан Түркістан облысының полицейлері азаматтарға жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығын ескертеді. Көлік басқарғанда мұқият болыңыздар!

ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен есепті кездесуінде 350 ге жақын тұрғынмен қатар қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, азаматтық қоғам өкілдері, құқық қорғау органдары мен басқармалардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткізді. Осы аралықта тұрғындардан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалды, 316-ы жыл соңына дейін орындалуы жоспарда. Ал, 184 мәселе ұзақ-мерзімді қажет ететіндіктен 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген.

Сонымен қатар, әрбір ауданнан қоғамдық бақылау кеңестері құрылып, әр сенбі сайын тапсырмалардың орындалуы талқыланып келді. Олар бекітілген аумақта қандай жұмыстардың, қашан атқарылатыны туралы тұрғындарды ақпараттандыруда.

Әл-Фараби ауданындағы 279,5 шақырым жолға асфальт-бетон төселген болса, 19,6 шақырымы шағал тас. Өткен жылы 5 көшеге асфальт, 13 көшеге шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жылғы жоспар бойынша 16,9 шақырымды құрайтын 30 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі де, 33 көшеге шағал тас төселеді. 2023-2024 жылдарға 48 көшені асфальттауға ұсыныс берілген. Осылайша осы жылы сапалы жолдар үлесі 88 пайызға, 2024 жылы 100 пайыздық көрсеткішке жетеді. Есепті кездесуде аудан әкімі санитарлық тазалық және көгалдандыру жұмыстарының барысы туралы баяндады. Тазалық жұмыстарын жүргізу үшін аудан 7 секторға бөлінген. Мұнда ішкі орамдық көшелер аптасына 2 рет, 172 қоқыс жәшігі күніне 3 рет, 425 қоқыс жәшігі күніне 2 рет, көп қабатты тұрғын үй аулалары аптасына 4 рет қоқыстан тазартылады. Көгалдандыру және жасыл желектерді күтіп ұстау мақсатында биыл 6 ай көлемінде: 1750 дана ағаш қырқылған, 11 420 ағаш әктелген, 100 413 дана гүл және 3300 ағаш отырғызылған. Жыл соңына дейін 180 мың түп гүл, 8 мың ағаш отырғызу жоспарланған.

Айта кетейік, шаһар басшысы жиын соңында тұрғындарды толғандырған өзекті сауалдарға жауап берді.