ШЫМКЕНТТІКТЕРДІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ҚАРҚЫН АЛҒАН

Бүгін қала әкіміне 1-жарты жылдықта атқарылған жұмыстар бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Б.Нарбекова есеп берді.

2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша биылғы жылы 57 696 адамға жұмыспен қамту шараларын көрсету жоспарлануда. Оның 35 276 орны– тұрақты, 18 128 орны – уақытша жұмыс орындары. Бүгінге күнге, яғни 6 айда 30 481 адам жұмыспен қамту шараларына қатысып отыр, яғни жоспар 52,8% орындалды.

Ал, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде осы жылы 33 500 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, оның ішінде 20 759 орын тұрақты жұмыс 8 449 орын уақытша жұмыс орындары белгіленіп отыр. Жыл басынан бері 13 363 адам жұмыспен қамту шараларына қатысты.

Жалпы, Шымкент қаласы республикалық көрсеткіштер бойынша азаматтарды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру бағытында алдыңғы қатарында. Атап айтқанда, әлеуметтік жұмыс орындарына 90 адамды жолдау жоспарланса, бүгінде 123 азамат жұмыспен қамтылды. Яғни, жоспар артығымен 136,7% орындалып отыр. Сондай-ақ, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 227 адам жолдау жоспарланса, нақты 227 (88,2%) адам жолданды. Қоғамдық жұмыс 2188 адамға жоспарланған болса, нақты 2177 адам жұмысқа орналасты. «Жастар практикасы» бағдарламасына биылғы жылы 2098 жасты жолдау жоспарланып, бүгінде 1063 адам жұмысқа орналасты.

ҚР Премьер-Министрі мен Шымкент қаласы әкімінің арасындағы меморандум аясында құрылатын жұмыс орындарына 14 517 тұрақты жұмыс орын құру белгіленіп,бүгінде ағымдағы жылдың 1 шілдесіне 12 488 тұрақты жұмыс орыны құрылды, яғни жоспар 86%-ға орындалды.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі М.Әйтенов бірқатар тапсырмалар берді:

- азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылу үлесін арттыруды;

- мемлекет қамқорындағы балалардың білім алуы мен жұмысқа орналасуын бақылауға алуды;

- аялдамалардың, қоғамдық орындардың пандустарын реттеп, мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға аса көңіл бөлуді;

- тұрғындармен тікелей жұмыс жасайтын мамандардың біліктілігін үнемі арттырып отыру, олардың қызмет көрсету сапасын арттыруды қолға алуды жүктеді.

Бәйдібектік тұрғынның ауласынан ірі көлемде сора есірткісі мен көкнәр тәркіленді

Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері есірткі егілген ауланы тауып, күдіктіні құрықтады. Нақтырақ айтсақ, полиция бөліміне жергілікті тұрғын үйінде ірі мөлшерде есірткі затын өсіруі мүмкін екендігі жөнінде хабарлама түседі.

Ақпарат алысымен Бәйдібек АПБ қызметкерлері күдіктіні анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Қабылданған жұмыстар нәтижесінде, полиция қызметкерлері тұрғынның үйінің ауласынан заңсыз, өсіруге тыйым салынған 300 түп жасыл түсті өсімдікті тапты.

Одан бөлек 180 түп "көкнәр" өсімдігіне ұқсас зат табылды. Оларға сараптама тағайындалды. Қорытындыға сәйкес алынған түптердің бірі "сора", ал екінші анықталған зат "көкнәр" есірткі заты болып шықты. Аталған жайт ҚР ҚК 300-бабы «Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді ірі мөлшерде заңсыз егіп-өсіру» бойынша тіркелді.

Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері есірткімен қоғамды улау заң аясында жауапқа тартылатынын ескертеді. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулыққа мән берейік.

Түркістан облысында деструктивті-діни ағым жақтаушысынан сора есірткісі тәркіленді

Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Түркістан облысы бойынша ҰҚКД-мен бірлесіп жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында, есірткі заттарын сатады деген күдікпен ер адамды ұстады. Ол деструктивті-діни ағымның жақтаушысы ретінде тіркелген Кентау қаласының тұрғыны болып шықты.

Жедел уәкілдер күдіктінің тұрғылықты мекенжайына тінту жүргізіп, оның үйінің ауласынан биіктігі 30-40 см болатын есірткі затына ұқсас 17 түп өсімдікті тауып, тәркіледі.

Сараптама қорытындысына сәйкес, айғақты зат ретінде алынған түптер құрамында есірткісі бар «сора» болып шықты.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 300-бабы 1-бөлігі "Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру" бойынша тіркелді.Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Түркістан: Полиция подполковнигі Б.Жанаев жүргізушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді

Түркістан облысында 1 айға жоспарланған республикалық «Қауіпсіз-жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Аталған іс-шара барысында Түркістан қалалық Полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Бауыржан Жанаев, жол қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында қызметкерлермен бірге орталық көшелерде рейд жүргізді. Яғни, полиция бастығы түрлі жол апаттарының алдын алу, болдырмау мақсатында Әмір Темір мен Тоқаш Бокина көшелерінің қиылысында жол қозғалысы ережесінің сақталуын қамтамасыз етті.

Түркістан қаласының бас полицейі қауіпсіздік белдігін тақпаған, көлік басқару кезінде ұялы телефонмен сөйлескен құқық бұзушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Оларға полицейлер тиісті заңды шара көру үшін әкімшілік хаттамалар толтырды.

Мысалы, патрульдік полиция қызметкерлері қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін «Mercedes» автокөлігін тоқтатты. Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде, оның көлік басқаруға арналған куәлігінің жоқ екені белгілі болды. Осыған орай жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы «Жол жүру ережелерінде көзделген жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» мен 612-бабы «Құжатсыз және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы» бойынша заңға сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, полиция подполковнигі Б.Жанаев жүргізушіге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескетті.

Айта кетер болсақ «Қауіпсіз-жол» іс-шарасы басталғалы бері 10 күн ішінде Түркістан қаласы бойынша қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарған 350-ге жуық азамат анықталып оларға ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы «Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» 591-бабы « Көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы» 41 хаттама 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» 7 хаттама толтырылды.

ТҮРКІСТАН: БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ТАЛДАУ

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша Департаменті Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасы мен оған бағынысты мекемелер және ұйымдар қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстарын жүргізуді бастады.

Осыған орай, кеше Департаменттің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстарын басқарма қызметінде жүргізудің тәртібі бойынша жиын өткізді.

Жиынға Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаменті мен жұмысшы топ құрамы, қоғам өкілдері мен Адами әлеуетті дамыту басқармасының ұжым қызметкерлері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы облысқа қарасты қала/аудандардағы білім бөлімдерінің мамандары қатысты.

Шара барысында Ержан Әлиұлы Түркістан облысында білім беру саласы - сыбайлас жемқорлық қылмыстары ең көп тіркелген және тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар жиі түсетін мекемелердің бірі екендігі баса айтылып, жұмысшы топ құрамына сыртқы талдау жұмыстарын 7 бағыт негізінде сауатты әрі мұқият жүргізу қажеттігін ескертті.

Айта кетейік, Адами әлеуетті дамыту басқармасы мен оған бағынысты мекемелер және ұйымдар қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстары 2022 жылдың 28 шілде - 7 қыркүйек аралығында жүргізілетін болады.

Егер де, Сізде аталған сала қызметіне қатысты қандай да бір нақты мәліметтеріңіз бен арыз-шағымдарыңыз, білдірер ұсыныс-пікірлеріңіз болса, төменде көрсетілген мекен-жайларға жолдауыңызды сұраймыз!

Барлық проблемалық сұрақтар мен құқық бұзушылықтардың нақты фактілері бойынша осы көрсетілген байланыс құралдары арқылы хабарласу қажет. 

Мекен-жайы: Түркістан қаласы, Тәуке хан көшесі, №100.

Байланыс: +7701-778-28-57;

Эл.почта: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

ӨТЕГЕНОВ КӨШЕСІНДЕГІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ КЕЛЕР ЖЫЛЫ АЯҚТАЛАДЫ

Бұл жайында қала әкімінің орташа құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан көшелерді аралауы барысында белгілі болды.

Шымкентте биыл жол инфрақұрылымын дамыту үшін 352 шақырым көшеде жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 283,8 шақырымын пайдалануға беру жоспарланған. Осы ретте, қала әкімі М.Әйтенов құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Шаһар басшысының атбасын бұрған бірінші нысаны – Өтегенов көшесі еді.

1-кезеңге сәйкес Өтегенов көшесінің жалғасы “Шымкент Сити” шағын ауданынан Сырым батыр көшесі аралығын қамтиды. Кезеңнің жалпы ұзындығы 970 метр, ені - 28 метр. Жолдың жүріс бөлігі 4 жолақты. Қазіргі таңда, автомобиль жолына жер негізін жасау және тығыздау жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар, асфальтбетон қабатын төсеу жұмыстары жүргізілуде.

2-кезең бойынша Өтегенов көшесі жалғасының құрылысы Сырым батыр көшесі мен Төлеметов көшелері аралығын қамтиды. Жолдың ұзындығы - 970 метр, ені - 23,5 шақырым. Автомобиль жолында 4 жолақты жүріс бөлігі қарастырылған. Құрылыс жұмыстары 2021-2023 жылдар аралығына жоспарланған.

Келесі кезекте М.Әйтенов орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Ақжайық шағын ауданында орналасқан Ақжирен, Тайқоңыр, Сәйгүлік, Самғау, №10 Сәйгүлік жалғасы көшелерінде болды.  Аталмыш шағынаудан бойынша жалпы ұзындығы 2,5 шақырым жол жөнделеді. Қазіргі таңда Тайқоңыр, Сәйгүлік, Самғау, Ақжирен көшелерінде жол негіздемесі және асфальтбетон жамылғысы төселіп, аяқжол орнату жұмыстары жасалуда. №10 және Сәйгүлік көшесінің жалғасында асфальтбетон жамылғысының бірінші қабаты төселіп, екінші қабаты төсеу жұмыстары атқарылуда. Шымкентте биыл жол инфрақұрылымын дамыту үшін 352 шақырым көшеде жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 283,8 шақырымын пайдалануға беру жоспарланған.

Айта кетейік, 2022 жылға 400 шақырым жол таңбасын сызу жоспарланған, бүгінгі күні шамамен 300 шақырым жол таңбалары сызылды. Көлік кептелісін тудырмау мақсатында аталмыш жұмыстар түнгі уақытта жүргізіледі.

ШЫМКЕНТ: КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫНДА ОҢ ӨСІМДЕР БАР

Бүгін қала әкімі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының 2022 жылдың І жарты жылдығының қорытындысымен атқарған жұмыстары бойынша есебін тыңдады.  

Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда: өнеркәсіп 10,1%, өңдеу өнеркәсібі 11,1%, инвестиция 19,5%, ШОБ субъектілері 26,4 %, бөлшек сауда 14,9 пайызға өскен.

Биыл өнім көлемі 856,9 млрд. теңге болады деп жоспарланған.

2022-2026 жылдар арасында 228 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болса, соның 50-і биылғы жылдың үлесінде. Оның ішінде инвестиция көлемі 52,8 млрд теңгені құрайтын 16 өнеркәсіптік жоба бар.

Өңірлер арасында іс-әрекеттегі шағын және орта бизнес саны бойынша Шымкент алғашқы орында; ЖӨӨ ШОБ үлесі бойынша үшінші орында; ШОБ-те адам саны бойынша төртінші орында болса; ШОБ өндірілген өнім көлемі бойынша алтыншы орынға тұрақтаған.

Есепті тыңдаған қала әкімі - алдағы жылдары жоспарға қойылған жобаларды кеңінен зерделеуді, индустриалды аймақтардағы кәсіпкерлік нысандарына талдау жүргізуді, өндірістік парктердің тиімділігіне талдау жасауды, көшпелі сауда орындарын бақылауға алуды тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, басқарма басшысының орынбасары Б.Азимбердиев жылдың басында 1 тоқсан, яғни 3 айда атқарған жұмыстары жайлы қала басшысына есеп берген болатын. Сол кезде,  сол аралықта 211,5 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі, ал өңдеу өнеркәсібінде 176 млрд теңгенің өнімі өндірілгенін мәлім еткен болатын. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіптің өсу қарқыны 119 пайызды, өңдеу өнеркәсібінде 121,2 пайызды құрады деген еді. Сонымен қатар ол бірінші тоқсанда негізгі капиталға 75,2 млрд. теңгенің, ал өткен жылдың үш айында 38,7 млрд теңгенің инвестициясы тартылып, өсу қарқыны 194 пайызды құрады. Жалпы жыл соңына дейін барлық сала бойынша қалаға 538 млрд теңгенің инвестициясын тарту жоспары бар деген-ді.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының өнеркәсібінде 731 кәсіпорын белсенді жұмыс жасап жатұанын айтқан. Оның ішінде ірі – 26 кәсіпорын болса, 42-і орта кәсіпорын.Ал қала әкімі өз кезегінде экономикалық индикаторлардың орындалуымен шектелуге болмайтынын және инвесторларға барынша жағдай жасау керектігін айтып, сала жетекшісіне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

 

ШЫМКЕНТТЕГІ ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ БИЫЛ 100 ПАЙЫЗ САПАЛЫ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданын биыл 100 пайыз интернетпен қамтылады. Былтыр бұл көрсеткіш 90 пайызеді. Бұл туралы қала әкімінің аудан тұрғындарымен өткен есепті кездесуінде айтылды.

Өткен жылы Әл-Фараби ауданын мобильді интернетпен қамту көрсеткіші 90 пайызға жетті.Былғы меже 100 пайыз.  Бұл мақсатта базалық станциялар орнатылып, нәтижесінде 195-орам, 275-276 орам тұрғындары сапалы интернетке қол жеткізеді.

-          Оптикалық интернет желісімен қамту мақсатында 2021 жылы шалғай орналасқан 2610 үйді қамтитын Сәуле шағын ауданына талшықты оптика желісі жүргізілді. 2022 жылы оптика желісі 195-орам, 275-276 орамға жүргізілмек. Нәтижесінде 100 пайыздық қамту көрсеткішіне жету жоспарланған,-деді аудан басшысы Р.Мыңбаев.

Айтпақшы, Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының мәліметіне сенсек, 2020 жылы интернет сапасы төмен және шалғай орналасқан Тұран, Шымсити, Шымсити-2, Асар-2, Асар, Достық, Солтүстік-Батыс, Көкбұлақ, Алтынтөбе, Айкөл, Ақтас шағын ауданына базалық станциялар орнатылды. Нәтижесінде 11 елді мекен 51700-ге жуық қала тұрғындары сапалы интернетпен қамтылды. Ал, өткен жылы қала аумағына және қаладан шалғай орналасқан Тұран, Шымсити, Шымсити-2, Асар-2, Асар, Достық, Солтүстік-Батыс, Көкбұлақ, Алтынтөбе, Айкөл, Ақтас шағын ауданына базалық станция А-2 трассасы, Аэропорт маңы, Солтүстік-Батыс, Қайнарбұлақ, Тассай, Құрсай, Р-32, Ынтымақ-2, Абдулабад, Забадам, Қайтпас-1, Нұртас, Асар, Самал-3 шағынауданына базалық станциялар орнатылып, жалпы он төрт тұрғын алабының 136 071 тұрғын сапалы интернетке қол жеткізді. Сонымен қоса, қаладан шалғай орналасқан 10 елді мекенге талшықты оптика желісі жүргізіліп, жүз мыңға жуық қала тұрғыны жоғарғы жылдамдықты интернетпен қамтылды. Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент қаласының 92%-ы сапалы интернетпен қамтылған. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 100%-ға жетеді деп күтілуде.


Түркістан: Полицейлер қоғам белсендісіне көмектесті

Өткен жылдың басынан бері республика көлемінде халыққа ыңғайлы жаңа сервис, яғни 102 мобильдік қосымшасы іске қосылған болатын. Бұл мобильді қосымша арқылы азаматтардың хабарламаларына тез арада жауап беріп, орын алған оқиғалар бойынша жедел шараларды атқарып, көмек қолын созуға болады.

Мәлімет ретінде айтар болсақ, Түркістан облысы бойынша «102» қосымшасы 2021 жылдың 10 қаңтарынан бастап жұмыс жасауда. Сол уақыттан бүгінгі күнге дейінгі аралықта облыс көлемінде аталмыш қосымша арқылы полицейлерге жалпы 1713 хабарлама түскен. Бұл қоңыраулардың барлығы тіркеліп, әрбір хабарлама бойынша тәртіп сақшыларымен тиісті шаралар атқарылған. Олардың ішінде бейнехабарламалар 50, аудиохабарламалар 97, мәтіндік жазбалар 1566-ті құрайды.

Мәселен 26.07.2022 жылы сағат 15:05 шамасында әлеуметтік желі белсендісі Денис Шевченко ұялы телефонындағы «SOS» батырмасын басу арқылы өзі куә болған құқық бұзушылыққа шара көруін сұраған. Оның айтуынша, көпқабатты пәтерлердің бірінде әйел, дәлізге қоқыс тастап теріс әрекет жасаған. Тұрғынның қоңырауын қабылдаған Түркістан облысы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының операторы полиция аға сержанты Жамбыл Рыскелдиев жедел түрде учаскелік полиция инспекторын заңды шара көру үшін аталған мекенжайға жолдады. Осылайша құқық бұзушы әйелге ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 2-бөлігі «Ұсақ бұзақылық» бойынша шара көрілді.

Қосымшаның тағы бір артықшылығы оның белгілі әлеуметтік желілерге ұқсастығында, сондықтан да әр пайдаланушыға түсінікті, тиімділігі анағұрлым жоғары. Азаматтарға жылдам әрі ыңғайлы болмақ. Сондықтан сіз, қандай да бір заң бұзушылықты көріп, келеңсіз жағдайға тап болсаңыз, қолыңыздағы ұялы телефон арқылы тез арада көмек ала аласыз. «102 қосымшасы – сіз үшін қолайлы!

 

Түркістандық полицейлер әкесінің атынан жасырын онлайн несие рәсімдеген жас жігітті ұстады

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер азаматтың айтуынша, оның атынан белгісіз біреу ақшалай онлайн несие алып, 1 миллион теңгеге жуық шығын келтірген. Бұл туралы жәбірленуші арадан 1 айдай уақыт өткен соң, яғни «банктен несиеңізді төлеңіз» деп хабар келгенде ғана білген. Содан жәбірленуші тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұрайды.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Түркістандық полицейлер арызданушының шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында қажетті іс-шараларды жүргізді. Тексеру жұмыстары кезінде, полицейлер осы қылмысқа қатысы бар күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жәбірленушінің ұлы болып шықты.

Белгілі болғандай, ұлы қоңырау соғу үшін әкесінің ұялы телефонын сұрап алып, сол сәтте банк қосымшасымен несие рәсімдеген. Сондықтан Түркістан полицейлері азаматтарға әрқашан сақ болуға кеңес береді.