Түркістандық полицейлер көлігінде 2 бірдей тапанша сақтаған азаматты анықтады

Түркістан ҚПБ-ның полиция қызметкерлері қылмыстың алдын алу мақсатында күнделікті рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп отырады. Осындай кезекті көше бойын патрульдеу барысында, бір автокөлік күдік тудырады.

Полицейлер тексеру кезінде көліктің артқы бөлігіндегі қолсөмкенің ішінен «Макаров» тапаншасы мен оқ дәрілер, сондай-ақ сигналдық тапаншаны табады. Тәртіп сақшылары жүргізушіден айғақты зат ретінде қаруларды тәркілеп алып, ПБ-ға жеткізді. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркеді. Қазіргі таңда аталған жайтқа қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Күнделікті жүргізілетін мұндай жедел-профилактикалық іс-шаралар түрлі қылмыстардың төмендеуіне септігін тигізеді. Осы бағыттағы жұмыстар одан әрі де өз жалғасын табатын болады. Сонымен қатар тәртіп сақшылары облыс тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырады.

Түркістан: Полицейлер 5 тәулікте 5700-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады

Түркістан облысы аумағында 1 ай мерзімге жоспарланған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы қарқынды жүргізілуде. Полицейлер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауқымды шараларды іске асыруда. Тәртіп сақшылары бірінші кезекте тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Одан бөлек анықталған құқық бұзушылықтар бойынша жауапкершілігін қарастыруда.

Іс-шараның бес тәулігінде Түркістан облысының полицейлерімен 5786 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ең көп орын алған құқық бұзушылық қатарында, қауіпсіздік белдігін тақпау. Бұл бойынша 1186 жайты анықталды. Сондай-ақ жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден кесіп өткені бойынша 1100 дерек белгілі болды.

Көлік басқару кезінде ұялы телефон қолданудың 527 жайтына хаттама толтырылды. Техникалық байқаудан өтпеудің 362 жайты анықталды. Маневр жасау ережесін бұзған 220 жүргізуші жауапқа тартылды. Ал жылдамдықты шамадан тыс асырған 184 жүргізуші әкімшілік айыппұл арқалады. Заңсыз қайта жабдықтау бойынша 62 дерек анықталып, ішімдік ішіп көлік тізгіндеудің 32 дерегі тіркелді.

Сонымен қатар қоғамдық көлік жүргізушілерімен 5 тәулікте 143 құқық бұзушылық анықталды. Мысалы Қызылорда-Шымкент бағыты бойында «VAN HOOL 917» маркалы көлік тоқтатылды. Тексеру кезінде көліктің, тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталғаны анықталды. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 7-бөлігімен хаттама толтырылды. Көлік айыптұраққа қойылды.

Түркістан облысының полицейлері жол қозғалысы ережесін сақтауды қатаң ескертеді. Сіздің бір қателігіңіз өз өміріңізбен қатар, өзгенің де өмірін жалмауы мүмкін екенін естен шығармаңыз!

М.ӘЙТЕНОВ: ЖАСТАРДЫ КӘСІПКЕ БАУЛУ КЕРЕК

Бүгін қала әкіміне Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының 6 айда атқарған жұмыстары туралы басқарма басшысы М.Шотанов есеп берді.

Шымкентте 245 мыңнан аса жас болса, оларға қолдау көрсету мақсатында 4 ауданнан жастар ресурстық орталықтары ашылып, жыл басынан бері 21 мың жасқа қызмет көрсеткен. Одан бөлек, 9 ірі сауда орталығында жастар ұйымдары құрылған. Олар кәсіпкерлікті дамыту және заңдастыру, спорттық шараларға тарту сынды бағытта жұмыс жасайды. «Профновигация» жобасы аясында мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар жұмыстары бойынша 56 кездесу мен семинар-тренингтер, кәсіпорындарға экскурсиялар ұйымдастырылды.

Жастарды жұмыспен қамту мақсатында: NEET санатындағы жастар туралы тұжырымдама әзірленіп, бекітілді. Жыл басынан 27 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 4 100 жас жұмыспен қамтылды. «Мобильді топ» 48 шалғай елдімекенді аралап 15 000 астам жасқа ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. 6 828 жас мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 162 жас алғашқы жұмыс орындары, 123 жас әлеуметтік жұмыс орындар, 3 623 жас тұрақты жұмыспен, 996 жастар практикасымен, 1 924 жас қоғамдық жұмыс орындарына жолданған. Қала әкімі – «Жастарды кәсіпкерлік іске баулу, жұмысқа орналастыру, оларға заманауи технологияны меңгерту күн тәртібінен түспей отырған өткір мәселелердің бірі. Әлеуметтік мәселесін шешу үшін, алдымен жұмыс мәселесін шешу қажет. Жұмыс істеймін деген жасқа мүмкіндік көп. Соны түсіндіру, жан-жақты қолдау көрсету – міндетіміз. Жастар орталықтарында осы бағыттағы жұмыстар күшейтілсін, - деп тапсырды.

Тілге тиек етейік, Шымкентте осы жылдың басынан 1500-ден астам жас мамандықтары бойынша «Жастар практикасымен жұмысқа жолданған. Жыл соңына дейін жоспардағы 2650 жасқа жолдама беру көзделіп отыр. Өткен жылы аталған бағдарламаға 2500 жас қатысса, олардың 1000-нан астамы тұрақты жұмысқа орналасқан. Жалпы, «Жастар практикасы» уақытша жұмыс орны болып есептелінеді. Бағдарламаға 29 жастан аспаған «жұмыссыз» мәртебесі бар және соңғы үш жыл ішінде (2020,2021,2022ж) жоғарғы оқу орындары мен колледждердің техникалық және кәсіби білім түлектері қатыса алады. Бүгінгі таңда бағдарлама жалақысы 30 АЕК көтеріліп 91 890 теңгені құрап отыр. Қатысу мерзімі 12 айға дейін ұзартылған.

Кентаулық полицейлер мас халде көлік тізгіндеген жігітті анықтады

Кентау ҚПБ патрульдік полиция тобының қызметкерлері патрульдеу жұмыстарын атқару кезінде, жол бойында төбелесіп жатқан жүргізушілерді байқап, бірден мән-жайды анықтау үшін олардың жандарына барады. Содан бір-біріне күш қолданып жатқандарды ажыратып үлгереді.

Осы сәтте "Alphart" маркалы көлік жүргізушісі «Hyundai» жүргізушісінің үстінен арызданады. Жәбірленушінің айтуынша, ол өзінің "Alphart" көлігімен келе жатып, абайсызда жол шетінде тұрған орта жастағы әйелді қағып кетейін деп қалады. Осы сәтте соңындағы көліктен әйелдің күйеуі шығып, оның тарапына қатысты түрлі балағат сөздер айтып, соққыға жыға бастайды.

Осылайша екеуінің арасында түсінбеушілік орнап, соңы үлкен дауға ұласады. «Hyundai» жүргізушісі ұрып-соққанымен қоймай, жәбірленушінің көлігінің терезесін сындырып, 200 000 теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.

Мән-жайға қаныққан полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша тіркеуге алды. Жүргізушілердің құжаттарын тексеру кезінде «Hyundai» жүргізушінің мас халде екеніне күмән келтіріліп, оның спирттік ішімдік ішіп, көлік басқарғаны расталды. Оған қоса автокөлік иесі бұдан алдын жүргізу куәлігінен айырылғаны белгілі болды.

Осыған сәйкес «Hyundai» жүргізушісіне, яғни бұзақылық жасап, онымен қоймай мас күйде көлік тізгіндеген жас жігітке қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы 2-бөлігімен «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерді және жол қозғалысының өзге де қатысушыларын туындаған мәселелерді заң аясында шешуге шақырады. Егер де, сіз, осындай оқиғалардың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, дереу 102 телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.

КЕЛЕСТЕ АУЛАСЫНА СОРА ЕГІП, ЕСІРТКІ САҚТАҒАН ТҰРҒЫН ҰСТАЛДЫ

Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында рейд жүргізіп, есірткі заттарын жойды. Толығырақ айтар болсақ, учаскелік полиция инспекторларымен жүргізілген тексеру кезінде жергілікті тұрғынның ауласында ірі мөлшерде есірткіге ұқсас зат өсіретіндігі анықталып, 102-ге хабарланады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 300-бабы бойынша тіркеуге алынып, полицейлер оқиға орнына шықты.

Күдікті тұрғынның ауласына тінту жүргізген полицейлер, 19 түп күтіп-баптап өсірілген есірткі затына ұқсас өсімдік пен кептірілген жайылып есірткі секілді ұнтақ тапты. Сондай-ақ есірткі қолдануға арналған арнайы бөтелкеден қолдан жасалған құрал тәркіленіп алынды. Алынған заттарға сараптама тағайындалды. Зерттеу қорытындысымен өсімдік түптері 3,5 келіге жуық сора, ал кептірілгені «марихуана» болып шықты.

Сұрастыру барысында тұрғын есірткі заттарын өзі қолдану мақсатында өсіргенін мойындады. Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 300-бабы «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» мен ҚК 296-бабына «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» сәйкес тергеу әрекеттері жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері заңмен тыйым салынған есірткі заттарын қолдану, сақтау, оны сатудың соңы қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

Түркістан облысында пара алған мектеп директорына үкім шықты

Ағымдағы жылғы 21 шілдеде Түркістан облысы Түлкібас аудандық соты Түлкібас ауданындағы Майлыкент жалпы орта мектебінің директоры Ақмарал Айсадыковаға қатысты айыптау үкімін шығарды.

Сот үкімімен оған 6 млн. теңге айыппұл төлеу жазасы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салумен тағайындалды.

А.Айсадыкова ағылшын тілі мұғалімінен жұмысқа орналастыру және жалпы қамқорлығы үшін 200 000 теңге көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

211 ШЫМКЕНТТІК ЖАС БАСПАНАЛЫ БОЛМАҚ

Шымкент қаласы бойынша 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар бағдарламасына өтінімдер қабылдау басталды. Қабылдау 2022 жылдың 28 шілде күні сағат 09-00 ден 29 шілде сағат 19-00 аралығында жүргізіледі. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз брифингінде тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Утебаева мәлімдеді.

Маманның сөзінше, 2022 жылы жалпы жастар бағдарламасы бойынша 857 пәтер қарастырылған.  Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетінпәтерлердің алғашқы легінде 211 пәтер «Тұран» шағын ауданынан беріледі.  Оның ішінде, 1 бөлмелі пәтер саны-106 , екі бөлмелі пәтер саны - 105. Жалдау ақысы 5-15 мың теңге аралағында. Алайда оны тұрақты жұмыс істейтін, жасы 29 жастан аспаған жастар ғана ала алады. Өтінім беруші соңғы екі жылда Шымкент қаласында тіркелген болуы қажет. Және оның өз атында үй болмауы шарт.

Бағдарламаға қатысушылар «kezekte.kz» электронды порталында ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңбасы ) арқылы өтініш бере алады.  Ережеге сәйкес, кәсіпті меңгерген өтініш берушіге 10 балл, отбасылы болған жағдайда 5 балл және некеде тіркелген әрбір жылы үшін 2 балл беріледі. Бір бала-1 балл, әрбір кейінгі бала үшін 2 балл беріледі. Жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде кемінде 1 жылға 5 балл, әрбір жыл үшін 1 балл беріледі. Жетістіктері үшін 2 балл, бюджеттік ұйымдардағы еңбек қызметі үшін мемлекеттік кәсіпорындарда 5 балл, өтілінің әрбір жылы үшін бір балл, депозит үшін 2 балл беріледі.

Қалған пәтерлерге жыл соңына дейін кезең - кезеңімен конкурстар өткізілетін болады.Жастар жылының салтанатты ашылуында жас қазақстандықтарға қолжетімді бағалармен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жалдамалы тұрғын үй құрылысын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бұл баспананы берудегі басты мақсат — жұмыс істейтін жастарға жеке баспана алуға қаражат үнемдеуге мүмкіндік бере отарып, жұмыс істейтін жастарды қолдау болып табылады. Аталған бағдарлама негізінде Шымкент қаласы бойынша 2019 жылдың желтоқсан айында құжаттар қабылдау басталып 2020 жылы сатып алу құқығынсыз жастарға 904 пәтер қолдансқа табысталса, 2021 жылы 3 648 өтінім келіп түссе,  300 пәтер берілген. Баспаналар «Жаңа Тұрлан», «Тұран» және «Асар 2» шағынаудандарында орналасқан. 
Жастар бағдарламасы бойынша сатып алу құқығынсыз жалға берілген пәтерлерді жастар 5 жылға дейін жалдап тұра алады.

Айта кетейік, Шымкентте 11 мың жас баспана кезегінде тұр.

ШЫМКЕНТ МЕКТЕПТЕРІ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫН БА?

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке 6 айда атқарылған жұмыстар және жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы Білім басқармасының басшысы Ж.Тажиева баяндады.

Бүгінгі таңда қаладағы 577 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде кезекте тұрған 88 429 баланың – 88,6%-ы мектепке дейінгі білім беру ұйымымен қамтылған. Оның ішінде, 3-6 жас аралығындағы 53 558 бала – 100%, 2-6 жас аралығындағы 76 416 баланың 89,3% (68 254 бала) қамтылған. 2 балабақшаға күрделі жөндеу жүргізу үшін қаржы қаралды. 28 балабақша ашу (2 480 орынға) жоспарланып отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік балабақшаларға толығымен бейнебақылау жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде.

Биыл 1-сыныпқа 28 мың бала қабылданады деп күтілуде. 2022 жылы оқушыларды қосымша біліммен қамту жоспары - 77,1% жоспарланған. 11 қосымша білім беру ұйымдары және 17 аула клубтары және мектепішілік түрлі үйірмелерде қала оқушылардың 76% қосымша біліммен қамтылған. Оның ішінде жан басына қаржыландыру есебінен 32 000 бала қамтылуда. 1-4 сынып оқушылары 100% ыстық тамақпен қамтылған. 54 мектеп ыстық тамақ қаржысын төлеу барысында қолма-қол ақшасыз карточкалық жүйеге өткізілді.

Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін 1 ПМПК, 1 ППТК ашу үшін тиісті құжаттамалары ресімделуде.122 логопункт кабинеттері, қосымша 46 логопед штат бірліктері, 126 мектеп жанынан медиация кабинеті ашылады.

Қала әкімі жиналысты қорытындылай келе мынадай тапсырмаларды жүктеді: балабақшаларға қатысты кешенді жоспар дайындау; педагогтердің бейінділігін реттеу; медицина, спорт, білім саласы бірлесіп инвесторларды тарту мақсатында кәсіпкерлерге арналған ауқымды көрме ұйымдастыру; мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын жан-жақты зерделеп 20 тамызға дейін баяндау; оқулық жетіспеушілігінің алдын алу, турникеттердің жұмысын тексеру; эпидемиялогиялық жағдайға байланысты оқу түрлеріне дайын болу, білім беру ұйымдарындағы жылу қазандықтарының жаңа жылыту маусымына дайындығын пысықтау; межеленген индикаторлардың әрбірінің орындалуы бойынша талдау жүргізіп, өзекті мәселені үнемі бақылауға ұстау.

Д. ҚОНАЕВ ДАҢҒЫЛЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢМЕН ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Шымкент әкімі М.Әйтенов Қонаев даңғылындағы құрылыс жұмыстарының барысын да тексерді.

Д.Қонаев даңғылының 5 кезеңіндегі құрылыс жұмыстары Бадам өзенінен бастап Д.Қонаев даңғылы жалғысының 6 кезеңіне дейін аралықты қамтиды.

Құрылыс жобасы бойынша Д.Қонаев даңғылы 5 кезеңінің ұзындығы 4,6 шақырым, жолдың ені 23 метрді құрайды. Жолдағы салынып жатқан аяқжолдың ені 3 метр, 6 қозғалыс жолағы бар. 5 кезеңнің жұмыс шеңберінде жол негізін әзірлеу, тас төсеу, суағарларды орнату, су өткізгіш құбырын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, құрылыс белдеуіндегі инженерлік желілерін ауыстыру жұмыстары жоспарланған.

Сонымен қатар, Д.Қонаев даңғылында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бірі - тірек қабырғаларын орнату. Оның ұзындығы оң жағынан 1620 метрді құрайды. Сол жағынан 1689 метр. Биіктігі 0,6 метрден 14,25 метрге дейін.Қаладағы шығыс айналма жолы құрылысы қарқын алған. Бүгінде айналма жолдың құрылыс жұмыстары қарқынды. Нысанның құрылысы 2021 жылы басталған. 1-кезеңі №1 автожолынан Әл-Фараби көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Айналма жолдың ұзындығы — 3,9 шақырым, 4 жолақты және ені — 60 метр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 28% орындалды.Шаһар басшысы жұмыстардың межеленген мерзімде және жоғары сапада орындалуын тапсырды.Сондай-ақ, шаһардың шақырым жолына асфальт төселді. Қала әкімі М.Әйтенов Базарқақпа тұрғын алабына барып, жөндеуден өткен жолдардың сапасын тексерді. Айта кетейік, 2022 жылы жоспарланған 308 көшенің бүгінгі таңда 155 шақырым болатын 190 көшесінде жұмыстар толығымен аяқталды. Осылайша, асфальт жол үлесі 67,4 пайызға жетеді. Ал, қалған көшелерді 2022 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған. Бұдан бөлек, 13 нысан жаңа жолдың құрылысы, 5 нысанда қайта құру жұмыстары, 3 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, биыл жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ауқымды 5 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған.  Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы автомобиль жолдары саласында 137 нысанда (189,7 шқ) жөндеу жұмысы аяқталған. 

ШАҺАР БАСШЫСЫ ҚОНАЕВ-РЫСҚҰЛОВ ЖОЛАЙЫРЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫН КӨРДІ

2022 жылдың соңында аяқталатын Қонаев көшесі мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысы кестеге сай жүруде.

Былтыр, көлік кептелісін азайту мақсатында, жолайырық құрылысы толық аяқталмай техникалық тұрғыда көлік қозғалысына ашылғанын еске саламыз.

Қазір аяқжолдар салу жұмыстары, жер асты өткелін әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүруде.

Шымкент қаласы әкімі құрылыс алаңына арнайы барып, жұмыс барысын бақылады.

Жоғарыда айтылғандай, екі деңгейлі жолайрықтың құрылысы 2020 жылдың мамыр айында басталып, 2022 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған.

Жолайрықтың техникалық сипатына сай Д.Қонаев көшесінде 1030 метр, Рысқұлов көшесінде 684,7 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген, ені 42 метр, төрт-алты жолақты.

Бұдан бөлек, қалада  Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы жолайрықтың құрылысын да әкім бақылаған болатын.

 

Айта кетейік,  2022 жылы жоспарланған 308 көшенің бүгінгі таңда 155 шақырым болатын 190 көшесінде жұмыстар толығымен аяқталды. Осылайша, асфальт жол үлесі 67,4 пайызға жетеді. Ал, қалған көшелерді 2022 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған.

Бұдан бөлек, 13 нысан жаңа жолдың құрылысы, 5 нысанда қайта құру жұмыстары, 3 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, биыл жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ауқымды 5 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Олар:

 Қонаев даңғылының жалғасын салу, 3 кезең бойынша құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталып, биыл шілде айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда 90 пайыз жұмыстар атқарылды.

А-2 автомобиль жолының 2 кезеңі бойынша сақина типті жолайрығының құрылысы жүргізіліп, жұмыстың 50 пайызы орындалды.

Самал-1,2,3 шағын ауданының магистралды және қалаішілік көшелеріне 12,2 шақырым жол салынып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бүгінде жұмыстың 95 пайызы іске асырылды.

Рысқұлов -Қонаев көшелерінің қиылысындағы жолайрығын салу жұмыстары жүргізіліп, жұмыстың 90 пайызы бітті.

Рысқұлов-Қонаев көшелерінің қиылысында жолаушылар өткелін салу жұмыстары бүгінде 90 пайызға аяқталды.

Бүгінгі күнге жобаларға барлығы 38 мердігер ұйым жұмылдырылды. Ал, 61 көшенің жол жұмыстарын жүргізетін мердігер мекеме анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде.