Бәйдібек би-Арғынбеков жол айрықтары әкім бақылауында

Қала әкімі бүгінгі аралауын жол құрылысына арнады. Алдымен Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы жолайрықтың құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.

Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы 3 деңгейлі жолайрық құрылысы 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Нәтижесінде аталған көшелердің көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артпақ. Жолайрықтың техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек. Қазіргі уақытта аталмыш құрылыс нысанында Арғынбеков көшесі бойымен тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелі конструкциялары орнатылуда.

Естеріңізге сала кетейік, жолайрықтың Бәйдібек би бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған болатын. Жоспарға сәйкес, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Бәйдібек би даңғылы бойымен солтүстік бағытта көлік қозғалысы жартылай ашылып, оңтүстік бағытта көлік ағыны Арғынбеков көшесінн бұрылып Байтұрсынов көшесіне қарай өтеді.

Көлік қозғалысы үшін Арғынбеков көшесіне альтернативті магистралдар ретінде Рысқұлов және Төлеметов көшелері белгіленген. Ал, Бәйдібек би даңғылына альтернативті көше ретінде Бәйтереков, Шаяхметов және Өтегенов көшелері белгіленген.

Айта кетейік,  2022 жылы жоспарланған 308 көшенің бүгінгі таңда 155 шақырым болатын 190 көшесінде жұмыстар толығымен аяқталды. Ал, қалған көшелерді 2022 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған.

Бұдан бөлек, 13 нысан жаңа жолдың құрылысы, 5 нысанда қайта құру жұмыстары, 3 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қаланың магистралды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары 308 көшеге жүргізілуде. Қалада осы жылы 300 шақырым жол жөнделіп, асфальт жол үлесі 67,4 пайызға жетеді деген болатын. Ал 2021 жылы автомобиль жолдары саласында 137 нысанда (189,7 шқ) жөндеу жұмыстары аяқталған.

 

ИГІЛІК ТҰРҒЫН АЛАБЫНДАҒЫ ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН!

Қаладағы жол-көлік инфрақұрылымының сапасы тек магистралды көшелермен ғана өлшенбейді. Сондықтан қаланың әкімдігі елді мекендердегі ішкі жолдарды да назардан тыс қалдырмай отыр. Соның дәлелі ретінде қала әкімі Мұрат Әйтеновтің Абай ауданы Игілік тұрғын алабындағы жолдардың орташа жөндеу жұмыстарымен танысып, жұмыстың сапасын жеке өзі бақылағанын айтуға болады. Мұнда бірқатар көшелерге биыл асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Сергелі, Шеңгелді, Беріктас, Бабата, Атауы жоқ 32,33,34,35 көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Игілік тұрғын алабында жалпы 6,8 шақырым жолға асфальтбетон қабатын төсеу жұмыстары көзделген. Бүгінгі таңда жұмыстар аяқталуға жақын.

Айта кетейік, биыл бекітілген жоспарға сәйкес, қаламыздың магистралды көшелерінен бөлек ішкі орам көшелерге көбірек көңіл бөлінуде.

Басқарманың мәліметіне сенсек, Шымкент қаласында бүгінгі таңда 182 нысан немесе 311,3 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Жыл соңына дейін 169 нысан (270,3 шақырым) пайдалануға беріледі. Шымкент қаласы бойынша 71 көше, яғни 49,8 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, Қаратау ауданы бойынша 15,4 шақырым, Абай ауданы бойынша 9,1 шақырым, Еңбекші ауданы бойынша 9,1 шақырым жол күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, қазіргі уақытта Шымкент қаласы бойынша жалпы ұзындығы 21,9 шақырым 9 магистралды көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ішкі орам көшелері бойынша жалпы 151 көше, 180,4 шақырым жөндеу жұмыстары қолға алынған. Қазіргі таңда 66 көшеде жөндеу жұмыстары аяқталды.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы Шымқалада  230 нысанда орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 307,2 шақырым жол қамтылды.
Соның 211-і немесе 267 шақырымы пайдалануға берілген болатын.

САЙРАМ: ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН БҰЗҒАНДАРҒА ХАТТАМА ТОЛТЫРЫЛДЫ

Сайрамдық сақшылар арбат аумағына рейд жүргізіп, 6 жүргізушіні жауапқа тартты

Сайрам АПБ полиция қызметкерлері адамдар көп шоғырланатын аймақтарда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін рейдтік-профилактикалық шара ұйымдастырды. Әсіресе Ақсукент ауылы Абылайхан көшесінде орналасқан Арбат демалыс аймағы жанында қауіпсіздікті қадағалады.

Нәтижесінде тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін орнатылған «сағат 20:00 - 06:00 аралығында көліктердің жүруіне тыйым салынады» деген жол белгісі мен шлагбаумға қарамай, арбатқа кіріп, жол ережесін бұзғандарды анықтады. Бұл жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 601-бабымен «Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау» 6 хаттама толтырылды.

Сондықтан полицейлер көлік тізгіндегенде жол бойына, көшелерге орнатылған барлық жол белгілеріне назар аударуды, жол қозғалысы ережесін сақтауды қатаң ескертеді.

МАҚТААРАЛ: СӘБИ ЖАЯЛЫҒЫН ҰРЛАҒАН...

Мақтаарал ауданы ПБ-ға жергілікті тұрғын ұрлық жайтының құрбаны болғандығы жөнінде арызданып келген. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, түнгі уақытта ауласында орналасқан сарай ішіне белгісіз азамат кіріп, 1 дана бұрғылағыш құралын, 200 дана «Комбайн» жүк көлігінің бөлшек жабдықтарын, сондай-ақ 120 дана балаларға арналған жаялықтарын жымқырып кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 450 000 теңгеге жуық. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы, яғни «Ұрлық» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеді.

Хабар алысымен аталған қылмысты ашу мақсатында мақтааралдық тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер қажетті іс-шаралар кешенін жүргізіп, жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәлардан сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшылары тыңғылықты жүргізілген істің нәтижесінде, жан-жақты жинақталған мәліметтерді саралай келе, аталған іске күдікті ретінде бұрын сотты болған ер азамат ұсталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Белгілі болғандай күдікті оңай жолмен ақша табуды көздеген. Осылайша алдын-ала жоспарлап жәбірленушінің үйіне ұрлыққа түскен. Қолды болған заттарды үйіне тығып сатпақ болған. Бүгінде қолды болған заттар заңды иесіне қайтарылды.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуды және өз үйлерін қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Егер, сіз, ұрлық жайтының құрбаны немесе куәсі болсаңыз бірден 102 нөміріне хабарласыңыз.

МАҚТААРАЛДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙІНІҢ АУЛАСЫНДА «СОРА» ӨСІРГЕН

Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде тұрғынның өз ауласына есірткі өсіргендігін анықтады. Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 300-бабы «Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп өсіру» бойынша тіркеуге алды.

Полицейлер орта жастағы ер адамның үйіне барып, оның ауласын тінту кезінде егістік алқаптан заңсыз есірткі затына ұқсас өсімдікті тапты. Оны айғақты зат ретінде алып, сараптамаға жолдады. Нәтижесінде алынған заттың «сора» есірткісі екендігі анықталды. Қазіргі таңда күдікті тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға заңсыз есірткі затын өсіру, баптау, тасымалдаумен айналысу заңға қайшы екенін ескертеді.

Кентау: Үйінде есірткі сақтаған...

Кентау ҚПБ қызметкерлері «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық шарасы кезінде тұрғынның өз ауласына есірткі сақтағанын анықтады.

Аталған жайт Қазақстан Республикасы ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» қылмыстық құқық бұзушылық бойынша тіркелді.

Кентаулық полицейлер хабар алысымен аталған мекенжайға шұғыл жетіп, тұрғын үйге тінту жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде күдіктінің ауласында орналасқан сарай ішінен пакетке оралған есірткі затына ұқсас затты айғақ ретінде тәркілеп, тиісті сараптамаға жіберді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 50 грамм болатын «кептірілген марихуана» болып шықты. Күдікті өз сөзінде есірткіні өзі қолдану мақсатында сақтағанын айтты.

Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Алдағы уақытта полиция қызметкерлері күдікті ер адамның басқада қылмыстық жайттарға қатысы бар-жоғын анықтауда.

Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері азаматтарға есірткі заттарын сақтау мен заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Жетісай: Туысының ірі қара малын ұрлаған

Жетісай АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданған. Ер адамның айтуынша, оның егістік алқапта арқандаулы тұрған 2 бас өгізін белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 350 000 теңге.

Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері хабарлама түсісімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Көрген-білгендерден жауап алып, жақын маңдағы ауылдар мен егістік алқаптарды қарап шықты. Мал базарлар мен оларға баратын жолдардағы көліктерді тексерді. Осындай жан-жақты тексеру кезінде, ұрланған малдар табылды. Ал оның егесі болса, үй жануарларын жас жігіттен сатып алғанын жеткізді. Алынған ақпарат көздері арқылы мал ұрлығын жасады деген күдікпен жас жігіт ұсталды.

«Жау алыстан келмейді» дегендей, сезікті жәбірленушінің туысы болып шықты. Туысының малы қайда болатынын жақсы білетін жас жігіт, өзіне ақша қажет болғандықтан таңғы сағат 05:30 шамасында арқандаулы тұрған малдарды жетектеп кеткен. Содан бірден мал базарға апарып, сатып жіберген. Бүгінде 2 бас өгіз айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алынды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға қора-жайды мықтап бекітіп, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға немесе бақташыға тапсыруды ескертеді. Егер де, Сіз, ұрлық қылмысының куәсі болсаңыз, бірден полицияға хабарласыңыз.

Қазығұрттық полицейлер 77 жастағы қарияға жеке куәлік табыстады

Қазақстан Республикасының аумағында жүрген, ҚР-ның азаматы болып табылмайтын және өзінің өзге мемлекеттің азаматтығына жататындығына дәлелдемелері жоқ адамдардың құқықтық мәртебесін анықтау мақсатында іс-шаралар жүргізілуде.

Шара барысында Қазығұрт ауданының 77 жастағы тұрғыны осы уақытқа жеке басын анықтайтын төлқұжат алмаған. Осы орайда Қазығұрт АПБ-нің Көші-қон қызметі тобының қызметкерлері жедел түрде дайындап, егде жастағы азаматтың жаңа төлқұжатын табыстады.

Тәртіп сақшыларының атқарған қызметтеріне көңілі толған Жақсылық Айтымбаев: «Мен, Қазығұрт ауданында дүниеге келгенмін. Осы уақытқа дейін отбасылық жағдайыма байланысты төлқұжат ала алмадым. Қазіргі таңда қазығұрттық көші-қон қызметі тобының полиция қызметкерлері маған көмек берді. Жеке куәлігімді алуыма себепкер болды. Осы үшін үлкен алғысымды білдіремін. Сіздерге, көп рақмет!» -деді.

Өздеріңізге белгілі, Түркістан облысы полицейлері қашанда халыққа жәрдемші, қорғаушы болу мақсатында қызмет атқарып келеді. Елдің тыныштығын күзетумен қатар, әрқашан көмек беруге дайын. Бұл бағыттағы жұмыстар тәртіп сақшылары тарапынан алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

ТҮРКІСТАН: ЖАБАЙЫ САУДАҒА ЖОЛ ЖОҚ!

Бүгін Түркістан қалалық полиция басқармасы, Түркістан қалалық әкімдігі, кәсіпкерлік бөлімі және қалалық прокуратура қызметкерлері Түркістан қаласындағы «Әзиз» базарында арнайы бірлескен рейд ұйымдастырылды. Аталған шара барысында бірлескен топ мүшелері ретсіз саудамен айналысып жүрген сатушылармен жолығып, заң шеңберінде ғана өз кәсіптерін дөңгелетуге болатындығы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Естеріңізге сала кетейік, белгіленбеген орындарда сауда жасағандарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204 бабы бойынша айыппұл салынып, хаттама толтырылатын болады.

ШЫМКЕНТ: БАЛАБАҚШАЛАРДЫ ЛИЦЕНЗИЯЛАУ 2024 ЖЫЛЫ БАСТАЛАДЫ

«Мектепке дейінгі білім ұйымдарын лицензиялау жұмыстары тиісті құжаттар қабылданған соң, 2024 жылы бастау алуы мүмкін. Лицензиялау ешқандай кәсіпкерліктің, яғни меншік иесінің құқығын шектемейді». Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз  ету департаментінің басшысы Нұргүл Шәмшиева Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифинг барысында осылай деді.

— Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында балабақшаларды лицензиялауды тапсырған-ды. Демография мен республикаішілік урбанизацияға байланысты елімізде бүлдіршіндерді  мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету мүмкіндігі азайған кезеңде, яғни 2011 жылы «Балапан» бағдарламасы бастау алып, жекеменшік балабақшаларды дамытуға мүмкіндік берілген-ді. Алдағы уақытта балалардың қауіпсіздігі үшін лицензиялау жұмысы қолға алынып отыр. Мұндай іс-шара мемлекеттік құжатқа негізделіп жүргізіледі. Ол үшін, әуелі, лицензиялаудың негізгі талаптары айқындалады. Екінші, қоғамдық талқылау өтеді. Сонан соң ғана тиісті шешім негізінде жұмыс басталады. Яғни, лицензиялау жұмыстары шамамен 2024 жылы бастау алуы мүмкін, - деді Н.Шәмшиева.

Мамандардың айтуынша, лицензиялау жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылады. Бірінші кезекте жаңадан ашылған балабақшалар, екінші алғашқы мемлекеттік аттестациялаудан өтпеген мектепке дейінгі ұйымдар, үшінші жұмыс істеп тұрған барлық балабақшалар өтеді. 

Еске сала кетейік, Шымкентте 505 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 72-сі мемлекеттік.

— Балабақшаларды лицензиялау жұмысы туралы ақпаратты дұрыс түсінбей отырған ұйымдар да баршылық. Алайда, балаға қауіпсіз орта қалыптастырып, жертөледе немесе жарықсыз ғимаратта балабақша ашып отырғандардың жұмысын шектеп, сапаны арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, биыл елордада балабақшаларды ваучерлік жүйе арқылы қаржыландыру бойынша пилоттық жоба енгізілді. Мұнда ата-аналарға баласына сапалы білім беретін балабақша таңдау құқығы беріліп отыр. Шымкентте қыркүйек айынан бастап 10 балабақшаға ваучерлік қызметті енгізу жоспарланған, - деді Жанат Арысбекқызы.