Түркістан: «Мемлекеттен жәрдемақы шығарып беремін» деп тұрғындарды алдаған...

Түркістан ҚПБ-ға бірнеше жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғандығын жеткізді. Олардың айтуынша, сырттай таныс әйел «мемлекеттен қайтарымсыз жәрдемақы шығарып беремін» деп сенімге кіріп, әрқайсысынан 150 000 теңгеден алған. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық " бойынша тіркелді.

Хабар алысымен түркістандық полицейлер жедел әрекет етіп, тұрғындарды алдап, ақшасын алып кеткен күдіктіні қолға түсіру бағытында қарқынды іздестіру шараларын жүргізді. Алаяқтық қылмысын ашу мақсатында жәбірленушілерден нақты мәліметтер алды. Осылайша жедел жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде орта жастағы жергілікті тұрғын ұсталды.

Анықталғандай, күдікті әйел қайтарымсыз ақша алып беремін деп, 3 тұрғыннан 150 000 теңгеден алып, бас пайдасына жаратқан. Қазіргі таңда күдікті әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысы полицейлері мүмкіндігінше сақ болып, кез-келген адамға артық сенім білдірмеу керектігін айтады. Егер де, сіз, осындай қылмыстардың куәсі немесе құрбаны болсаңыз, онда міндетті түрде полицияның жедел желісіне хабарласыңыз.

Жетісайда жалған мүгедек болып, қайыр сұраған шымкенттік анықталды

Жетісай аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, заңсыздықтарға жол бермеу, орталық көшелердегі адамдар көп келетін орындар мен базар маңында қайыршылықпен айналысып жүргендерді анықтау мақсатында, бақылап, қадағалау жұмыстарын жүргізді.

Мәселен осындай кезекті тексеріс кезінде полиция майоры Еламан Абишев, қайыршылықпен айналысуды әдет еткен 3 тұрғынды анықтап, оларға ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабымен «Қоғамдық орындарда тиісу» хаттама толтырды. Аталған құқық бұзушы 3 ер адамның екеуі жергілікті, біреуі Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.

Олар орталық базарда қайыршылық жасап жүрген. Бұдан алдын тәртіп сақшыларымен ескерту де берілген. Сонымен қатар жұртқа алақан жайып, қайыр сұрап отырған шымкенттік ер адамның мүгедектер арбасында отырғаны жай көзбояушылық екені белгілі болды. Яғни тексеру кезінде оның өз аяғымен жүре алатыны анықталды.

Қоғамдық орында өзінің бас пайдасы үшін тәртіпсіздікке жол беріп, осындай заңсыз әрекеттерге баратындарға Заң бар. Қол-аяғы сау бола тұра, жеңіл жолмен ақша табуға әдеттенгендерге алданбаңыз. Сондықтан табысыңызды қайырымдылыққа аудармас бұрын, «кімге» аударып, ол ақшаның не мақсатта жұмсалғалы жатқанына мән беріңіз!

 

Түлкібас: Газ құю бекетінде қылмыс жасаған түркістандық тұрғын ұсталды

Түлкібас аудандық полиция бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны арызданды. «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тас жолындағы газ құю бекетінде жұмыс істейтін оны, таңғы сағат 04:30 шамасында өзіне таныс емес жас жігіт тонап кеткен. Яғни «Мерседес Бенц 124» маркалы көлік жүргізушісі газ құюға арналған 2 құрылғысын ашықтан-ашық тартып алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Аталған жайт ҚПР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша тіркеуге алынды.

Хабарлама алысымен орын алған қылмысты ашып, күдіктіні анықтау мақсатында жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты. Учаскелік полиция инспекторлары іздестіруге атсалысты. Полицейлер оқиға орнын тыңғылықты тексеріп, куәлардан сұрастырып, жақын аралықтағы аумақтарды көріп шықты. Жан-жақты, жүйелі жүргізілген шаралар нәтижесінде тәулік ішінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Полицияға жеткізілген Түркістан қаласының тұрғыны өз кінәсін мойындады.

Анықталғандай, жүргізуші газ құйдыруға келгенінде, жәбірленуші көліктің ақауы бар, күте тұрыңыз сәлден соң құятын боламын деп жеткізген. Алайда түсінбеушілікке бой алдырған жүргізуші құрылғының бір бөлігін тартып алып, кетіп қалған.

Жалпы айта кетер жайт, Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері түрлі қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында, әрбір ойын-сауық мекемелеріне, азық-түлік дүкендері мен жанармай құю бекеттеріне барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады.

Әсіресе учаскелік полицейлермен адамдар көп келетін ғимараттарда қауіпсіздік шарасын қатаң ұстану керектігі айтылады. Кәсіпкерлерге кеңес беріліп, ғимараттарына бейнебақылау камераларын орнатып, терезелеріне темір тор қойдыру қажеттігі ескертіледі. Осындай профилактикалық шаралардың нәтижесінде жоғарыда орын алған қылмыс тез арада бейнебақылау камерасының көмегімен ашылып отыр.

Осы ретте Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз бағалы заттарыңызға, қол сөмкелеріңізге сақ болыңыздар деп ескертеді. Тонау, ұрлық, қарақшылық жайттары орын ала қалса, тез арада полицияның «102» телефонына хабар беріңіздер. Уақытында берілген ақпарат қылмыстың «ізін суытпай ашуға» толық мүмкіндік береді.

ШЫМҚАЛА КӨШЕЛЕРІНДЕГІ ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫН АЛҒАН

Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаһардағы құрылысы жүріп жатқан бірнеше нысанды аралады. Бірінші кезекте қала әкімі Қаратау ауданындағы Шығыс айналма жолының құрылысын тексерді.

Бүгінде айналма жолдың құрылыс жұмыстары қарқынды. Нысанның құрылысы 2021 жылы басталған. 1-кезеңі №1 автожолынан Әл-Фараби көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Айналма жолдың ұзындығы - 3,9 шақырым, 4 жолақты және ені - 60 метр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 28% орындалды.

Шаһар басшысы жұмыстардың межеленген мерзімде және жоғары сапада орындалуын тапсырды.

11 ШАҚЫРЫМ ЖОЛҒА АСФАЛЬТ ТӨСЕЛДІ

Одан соң қала әкімі М.Әйтенов Базарқақпа тұрғын алабына барып, жөндеуден өткен жолдардың сапасын көрді.

Еңбекші ауданы аумағындағы Базарқақпа тұрғын алабының көшелері толығымен орташа жөндеуден өтті. Атап айтқанда: Шахайдаров, Тельман, Жастар, Ақшенгел, Нарынкөл, Қорғамқұм, Ақыртасі, Таңыртау, Абдалиев және  Жалпақтал көшелері. Аталмыш көшелердің орташа жөндеу жұмыстары сәуір айында басталып, өндірістік кестеге сәйкес, маусым айының соңында толығымен аяқталды.

Тұрғын алаптағы осы жылы жөнделген көшелердің жалпы ұзындығы 11 шақырымды құрайды. Барлық көшелерге қалыңдығы 10 см асфальт төселді.

2022 жылы жоспарланған 308 көшенің бүгінгі таңда 77 нысан болатын 190 көшесінде жұмыстар толығымен аяқталды. Ал, қалған көшелерді жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланған.

ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА 132 КӨШЕ ЖӨНДЕЛУДЕ

Еңбекші ауданындағы 702 көшенің 15-і магистралдық, 596-сы ішкі орамдық көшелер. Оның ішінде 437 көше асфальт, 158-і тас жол, 16-сы топырақ жол. Өткен жылы 57 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 132 көше жөнделеді.

2025 жылға дейін ұзындығы 200 шақырымды құрайтын 174 көше орташа жөндеуден өтеді. Осы жылы сапалы жолмен қамту көрсеткіші 76 пайызға жетеді.

 

ҚАЙНАРБҰЛАҚ ПЕН БОЗАРЫҚ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ӘКІМ НАЗАРЫНДА

Бүгін Шымкент қаласының әкімі  Қайнарбұлақ тұрғын алабына арнайы барып, инфрақұрылыммен қамту, атап айтқанда  ауыз су тарту жұмыстарын тексерді.

Құрылыс толығымен келер жылдың соңына дейін аяқталмақ. Ал, табиғи газ жүйесінің құрылысы биыл басталады. Қазір мердігерді анықтау мақсатында конкурс өткізілуде.

Биыл мемлекеттік - жекеменшік әріптестік аясында Степная, Бөлешов, №125 мектеп көшелері жарықтандырылады. 

Қала әкімі құрылыс жұмыстарындағы кемшіліктерді дер кезінде түзетіп, жұмыс сапасын үнемі бақылап отыруды аудан әкіміне жүктеді.

Қаратау ауданына қарасты Қайнарбұлақ тұрғын алабында 1540 үй бар. Оның 279-ы ғана ауыз су және сапалы электр жарығымен қамтылған. Қалған бөлігі ауыз суды тасып ішіп, жарықты жекеменшік трансформатордан алады. Сапалы электр жарығын жеткізу бойынша жұмыстар 2021 жылы басталған еді. Жоба 2023 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал табиғи газбен қамту үшін «МПК проект» жобалаушы мекеме тарапынан ішкі жүйелердің жобасы жасалуда.
Қайнарбұлақта жалпы саны 47 көше бар. Оның 3-і асфальтталған, 39 көшеге шағал тас төселген. 2023 жылы ұзындығы 10,6 шақырымды құрайтын 16 көше, 2024 жылы 13 көше, 2025 жылы 15 көше жөнделіп, асфальт төселеді. Аталған түйткілдердің түйіні ағытылса, инфрақұрылым мәселесі айтарлықтай шешілмек.

Одан соң қала әкімі «Бозарық» индустриалды аймақтың инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстарын тексерді.

Мемлекет Басшысы геосаяси жағдайдың күрделенуіне байланысты еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі және бағаны тұрақтандыру мәселесіне байланысты нақты тапсырмалар берген-ді.  Бұл бағытта қаламыздың ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту арқылы қолға алу көзделген. Бүгінгі таңда аумағы 133 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде.

Мұнда қазір 15 шақырымдық суаққының құрылысы жүруде. Жұмыстың 46 пайызы орындалды. Сонымен бірге, электр жүйесін тарту жұмыстары қарқын алған. Индустриалды аймақты инженерлік-инфрақұрылыммен қамту толығымен 2023 жыл соңына дейін аяқталады.

Ішкі және сыртқы жолдар үшін конкурс өткізілуде.

«ЖАСЫЛ ЕЛ» ЖАСАҚТАРЫ ҚАЛА КӨШЕЛЕРІН ТАЗАЛАП ЖАТЫР

 «Жасыл Ел»  еңбек жасақтары 14-29 жас аралығындағы жастардың жазғы демалыс кезеңінде студенттік отрядтарда әр түрлі бағыттар бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді: құрылыс, елді мекендерді көгалдандыру яғни, ағаш отырғызу, отау, ормандарды, су қоймаларын санитарлық тазарту және т.б. өз қаласын абаттандыру жұмыстарымен айналысады.

«Жасыл ел» еңбек жасақтары қаламызда Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарында өз жұмыстарын жалғастыруда.

Жұмыс уақыты аптасына 2 рет, сағат 9:00 - 14:00 уақыт аралығын қамтиды. Жалпы айына 8 рет жұмысқа шығады. Айлық көрсеткіші 60 мың теңгені құрайды.

Қазіргі таңда, «Жасыл ел»  еңбек жасақтары Абай ауданы бойынша 8 мөлтек ауданы, Әл-Фараби ауданы бойынша төменгі Отырар, Спортивный мөлтек ауданындарында Қаратау ауданы бойынша Нұрсәт мөлтек ауданына және Нұрсәт 2 абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, биыл «Жасыл ел» бағдарламасының жүзеге асып жатқанына 27 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында бұл бағдарлама жастарға жігер берген өміршең бағдарламаға айналды.

Еліміздің әр аймағынан республикалық штабтың бөлімшелері ашылып, олар күні бүгінге дейін жұмысын жалғастырып келеді. «Жасыл ел» еңбек жасақтары қала­дағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімімен бірлесіп сенбіліктер өткізеді.  Құрылыс нысандарында еңбек етеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын береді. Ұйымдастырушылар  бұл жоба  жас ұрпақты еңбекті бағалауға үйретеді дейді.

– Әрқайсымыз қоршаған орта, туған жеріміз үшін жауап­кер­шілігі­мізді сезінуіміз қажет, бұл – біздің үйіміз, дейді «жасылелдіктер». Ұйымдастырушылар, бұл жобаға жастардың қызығушылығы артып отырғанын айтады. Оған осында келуге ниет білдіргендердің саныннын артып отырғаны дәліл ола алады екен.

ШЫМКЕНТТІК ЖАСТАРҒА "ОТБАСЫДАҒЫ ТӘРБИЕНІҢ РӨЛІ" АЙТЫЛДЫ

Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен  жастар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың,  зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Мақсат -жастар мен жасөспірімдер арасында отбасындағы зорлық-зомбылықтың, девиантты мінез-құлықтың өз-өзіне қол жұмсау деңгейін азайту. Күйзелістік жағдайлардың  алдын-алу және жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру.

-        -  Суицидтік белсенділік 14-15 жастан бастап жасөспірімдер арасында күрт артады. Ал 16-19 жас аралығында барынша жиі орын алады,-дейді мамандар.

-          «Жасөспірімдер арасында өз өзіне қол жұмсау тыйылмай тұр. Оған апаратын жолдарды біз ата-ананың баламен арасындағы қарым-қатынасынан іздеп көруіміз керек. Қазір ата-ана басқа әлемде, бала басқа әлемде жүреді. Арада байланыс жоқ. Міне, осыдан келіп бала өзін қоғамнан алшақтап, жалғыз қалдым деп ойлайды. Мектептер мен жоғары оқу орындарында да мұғалім мен баланың арасында ресми байланыс қана бар. Осыны көрген балада «теңсіздік», «әділетсіздік» деген ой қалыптасады. Өзінің ойын толық жеткізе білмеген бала уақыт өте келе, оқшаулана береді»,-деген психологтар жастарды ата-анасына жақын болуға шақырды.

Қас қосуда кибербуллинг туралы да сөз болды. Кибербуллинг — интернет, әлеуметтік желі, түрлі сайт арқылы қоқан-лоқы көрсету. Жәбірлеуші телефонмен хабарласып немесе әлеуметтік желіде жазып, адамды қорқыта алады. Кибербуллинг жасаушы ауызша немесе белгілі бір фото, видео жариялап, қорлауы мүмкін. Сонымен қатар құрбанға зиян тигізу мақсатында ойластырылған арнайы тапсырыс аясында кибербуллинг белгілері байқалуы мүмкін. Ата-ана балаға агрессия көрсетсе, оны шектен тыс мұқатып, ұрып-соқса, бұл да буллинг болып есептеледі. Тіпті кей психолог ата-ана баласының өзгені қорқытып жүргенін байқаса, кінәні өзінен, үйден іздеуге кеңес береді. Агрессия көріп өскен бала оны басқаға бағыттауы мүмкін.

Түсіндірме жұмыстары аудан жастарының қатысуымен өткізілді.

ШЫМКЕНТ: МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АЗАМАТТАР ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРГЕ ПОРТАЛ АРҚЫЛЫ ТАПСЫРЫС БЕРЕ АЛАДЫ

Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Полатқызының қатысуымен  халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту іс-шараларының жүзеге асырылуы туралы өткен баспасөз брифингте мәлім болды.

– 2020 жылы іске қосылған әлеуметтік қызметтер порталы арқылы  мүгедектігі бар азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс бере алады. Яғни, бұл санаттағы азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерді өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс беруге қол жеткізе алады.

Жыл басынан бері протездік-ортопедиялық құралдарға мүгедектігі бар азаматтардан 4 921 құралға өтініш қабылданып, 1 818 құрал қамтылды. Сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдарға 10 566 құралға өтініш қабылданып, 9 215 құралмен қамтылды.

Мүгедектерге арналған қол арба құралдарына 876 өтініш қабылданып, 339 құралмен қамтылды. Жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметіне 2 449 азамат мұқтаж болса, 2 228 азаматқа қызмет көрсетілді, 8 438 азаматтан шипажай орындарына емделу үшін жолдамаға өтініштер қабылданып, 1 368 азамат қамтылды. Мүгедектерге арнайы жабдықталған «Инватакси» 18 көлікке  437 азаматтардан өтініш қабылданып, 18 387  өтінімге қызмет көрсетілді.

Ұлы Отан соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне, жүріп-тұруы қиын 1-2-ші топтағы мүгедектерге емдеу мекемелеріне және қоғамдық орындарға бару үшін арналған «Әлеуметтік такси» 58 автокөлікке 886 азаматтан өтініш қабылданып, 15 428 өтінімге қызмет көрсетілуде. Үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге  2022 жылы 100 жолдама берілді, - деді Б.Нарбекова.

Айта кетсек, қазіргі таңда Шымкент қаласында 37 901 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның ішінде  бірінші топтағы мүгедектер – 3 534, екінші топтағы мүгедектер – 14 863 , үшінші топтағы мүгедектер – 12 459, 18 жасқа дейінгі 7 045 мүгедек бала тіркелген.

ШЫМКЕНТТЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАНДАР 10 МЫҢНАН АСТЫ

Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингі барысында Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова мәлімдеді. Басқарма басшысы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы шеңберінде биылғы жылға 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланса, жыл басынан бері 10 395 азамат жұмыспен қамтылғаны туралы айтты.

 Сонымен қатар, ұлттық жоба шеңберінде 1 632 жұмыссыз азаматтар жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес білім беру ұйымдарында  қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына жолдануда. Аталған ақысыз оқу мерзімі 3 ай. Білім алушыларға ай сайын 20 948 теңге шамасында шәкіртақы төленеді.

– Кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша ағымдағы жылы 1 150 адамға өтеусіз негізде мемлекеттік грант берілу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 226 азаматқа 400 АЕК көлемінде грант берілді. Ал, мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 4 819 адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетіледі.

Бүгінгі күнге  әлеуметтік жұмыс орындарына – 123,  жастар практикасына – 1 295, ақылы қоғамдық жұмыстарына – 2 221, «Алғашқы жұмыс орны жобасына – 214, «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына – 6, ал «Күміс жас» жобасымен нақты – 7 адам жұмысқа орналасқан, - деді спикер.

Жыл соңына дейін 23 239 адамды бос және жаңа жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру көзделсе, қазіргі уақытқа дейін 5700 адам тұрақты жұмысқа орналасып отыр.

Жиын барысында басқарма басшысы, Шымкенттегі 700-ден аса зейнеткердің санаторлық-емдеу курорттырына жолданғанын да айтты.

– Қалалық маслихаттың шешіміне сәйкес, биылғы жылы зейнет жасындағы азаматтарды санаторлық-емдеумен қамтамасыз ету мақсатында 9 238 ардагерлер мен зейнеткерлерді 3 санаторлық-емдеу (Ақсу-Жабағылы, Денсаулық, Айша бибі, Арыс) курорттарымен келісім шарттар түзіліп, қазіргі уақытқа дейін сегіз мыңнан аса өтініш қабылданып, 736 зейнеткерге санаторлық-емдеу курорттарына жолдама берілді, - деді басқарма басшысы.

Спикердің сөзінше, Шымкентте 84 034 зейнеткер тұрады. Оның ішінде ҰОС ардагерлері – 7, тыл еңбеккерлері – 2 514 . Ал, көп балалы аналар саны – 55 814, оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталғандар –  11 224.

«ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОРЫ МЕН ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ АРАСЫНДА МЕМОРАНДУМ ТҮЗІЛДІ

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басшысының  орынбасары Лаззат Шыңғысбаева іс-сапармен Шымкентке келді. Қонақ Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанмен бірге үкіметтік емес ұйым өкілдерімен, кәсіпкерлермен кездесті.

Кіріспе сөз алған қала әкімінің бірінші орынбасары Қордың маңыздылығына тоқталып, кәсіпкерлердің қолдау көрсететініне сенім білдірді.

–«Қазақстан халқына» Қоры құрылғалы үкіметтік емес ұйымдарының жұмысы жандана түспек. Әсіресе шалғай елді мекендерде қоғамдық бірлестіктердің атсалысуымен жеке меншік мектептердің құрылысы қарқын ала түседі деген үміттемін, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.  

Жиын барысында Л.Шыңғысбаева Қордың атқаратын жұмысы мен негізгі бағыттары жөнінде жиналған көпшілікке түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, Қор жанынан 4 сарапшылық комитет құрылған. Қор негізінен денсаулық сақтау, білім әлеуметтік салалар бойынша күрмеуі қиын мәселелердің жүйесін табуға, оларды шешуге көбірек назар аудармақ.     

–«Қазақстан халқына» Қоры 2022 жылғы қыркүйек айында Қор қызметінің нысаналы бағыттарын айқындау мақсатында Ұлттық қайырымдылық конференциясын өткізуді жоспарлап отыр. Конференция мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің, ҮЕҰ, бизнес және БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтеді. Конференцияда Қордың жаңа Тұжырымдамасы және Қордың қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларының проспектісі қабылданады. Қазір бағдарламалық құжаттарды әзірлеу және жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмысқа коммерциялық емес сектор өкілдері, мәслихат депутаттары, Қордың қайырымдылық жасаушылары - бизнес өкілдері, сарапшылар мен салалық мамандар тартылып жатыр, - деді Ләззат Алтынбекқызы.

Кездесу барысында «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры мен Шымкент қалалық әкімдігі арасында өзара түсіністік жөнінде екі жақты меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар, жиында Қор басшысының орынбасары Шымкенттегі үкіметтік емес ұйым өкілдерінің ұсыныстарын тыңдап, қойған сұрақтарына жауап берді.