ШЫМКЕНТ: БЕСІНШІ АУДАН «ТҰРАН» АТАЛМАҚ

Бұл туралы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс он тоғызыншы сессиясында айтылды. Сондай-ақ,  күн тәртібіне сәйкес, қала бюджетіне өзгерістер енгізу мәселесі  де қаралды.

Шымкент қаласындағы бесінші ауданға атау беру туралы қала әкімі аппаратының басшысы Г. Мауленкулов баяндады. Ол қоғамдық тыңдау өткізіліп, жаңа ауданға «Алаш», «Жібек жолы», «Тұран», «Бадам», «Мәртөбе», «Яссы», «Құрлық» атаулары мен Ш.Қалдаяқов, А.Асқаров, Ж.Тәшенов есімдерін беру бойынша ұсыныс пікірлер түскенін, көпшілік «Тұран» атауын қолдағанын, одан бөлек жергілікті қоғамдастық өкілдері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдардың ұсынымдары да ескерілгенін атап өтті. Нәтижесінде сессия отырысында ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына «Тұран» атауын беру бойынша ұсынысты халық қалаулылары бір ауыздан қолдады.

Сессияда маңызды тарихи шешім қабылданғанын айтқан қала әкімі бесінші аудан құру – уақыт талабы екенін жеткізді.

-           Қаламызда халық саны жыл сайын артып, демографиялық өсім жоғарылап келеді. Сондықтан қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастырып, басқару деңгейін және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруымыз қажет. Қаладағы аудандардың шекараларын бөлу қаланың Бас жоспары негізінде әзірленді. Сонымен қатар, 2022 жылға арналған қала бюджет нақтыланды. Қосымша қаржы құрылыс жұмыстарын аяқтауға, қаланың инженерлік-инфрақұрылымын дамытуға бағытталатын болды,- деп сөзін қорытындылады М.Әйтенов.

Жаңадан құрылатын ауданның аумағы 36,3 мың га (қала аумағының 32%), халық саны – 220,7 мың адамды құрайды. Қаланың Бас жоспарына сәйкес аудан аумағында, 2035 жылға дейін 1 175 гектарға 2 325 мың шаршы метр жаңа көпқабатты тұрғын үй құрылысы жоспарлануда.

Түркістан: Зауытқа 4 000 000 теңгеге жуық шығын келтірген қоймашы ұсталды

Түркістан ҚПБ-ға құрылыс зауыттарының бірінен хабарлама келіп түскен. Онда аталған зауытқа тиесілі тауарлардың бірқатары жымқырылғаны көрсетілген. Келтірілген жалпы шығын көлемі 4 000 000 теңгеге жуық.

Істің толық мән-жайын анықтау мақсатында тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары аталған қылмысқа қатысты күдіктіні ұстауға бағытталған жұмыстарды жүргізді. Нәтижесінде күдікті азамат осы зауыттың қоймашысы болып шықты.Ол тұрғылықты мекенжайынан ұсталды.

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 189-бабы, яғни «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркелді.

Белгілі болғандай, күдікті ер азамат өзінің қызметін асыра пайдалана отырып, зауытқа тиесілі техникалар мен тауарларды сатып жіберген. Ал ақшаны бас пайдасының қажеттілігіне жұмсаған. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде полиция қызметкерлері тұрғындарға барынша қырағы болып, өздерінің бағалы мал-мүліктерін кез келген таныс емес адамдарға сеніп тапсыруға болмайтынын ескертеді.

Түркістан облысында заңсыз балық аулағандар ұсталды

Түркістан облысы ПД ЖПҚ Табиғатты қорғау тобының инспекторлары заңсыз аңшылық, балық аулау, сиреп бара жатқан өсімдіктер мен жан-жануарларды жоюдың алдын алу, болдырмау бағытында облыстың әр түкпірінде тұрақты тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады.

Осындай кезекті рейдтік-профилактикалық іс-шара жүргізу кезінде Шардара аудандық полиция бөлімінің табиғатты қорғау тобының инспекторлары мен су қорықшылары бірлесіп, Арнасай шығанағының аймағында «гарпун» құралын пайдаланып, заңсыз балық аулаған браконьерлерді ұстады.

Хабарлама алысымен бірден оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобының қызметкерлері заңсыз балық аулаған жергілікті тұрғындардан айғақты зат ретінде 3 дана гарпун құралы, 2 дана суда жүзуге арналған киімдер жинағы мен 100 келіге тарта ақбалық балығын тәркілеп алды. Полиция қызметкерлері күдіктілерді істің барлық мән-жайын анықтау үшін аудандық полиция бөліміне жеткізді.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігі “Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау" бойынша тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңсыз балық аулауға болмайтындығын ескертеді. Сондай-ақ Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктерді жоюдың соңы, заң алдында жауап беруге әкеліп соғатынын ұмытпаңыз.

 

Түркістандық полицейлер жоғалған 10 жастағы жасөспірімді тапты

Түркістан ҚПБ-ға күндізгі сағат 10:30 шамасында жергілікті тұрғын әйел 102 сымтетігі арқылы хабарласқан. Оның айтуынша 10 жасар баласы үйден белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмаған. Сондай-ақ анасының өз баласын іздеп жүргеніне 3 тәулік болған. Алайда еш нәтиже шықпаған соң, полицейлердің көмегіне жүгінген.

Түркістан ҚПБ қызметкерлері хабарлама түсе салысымен тез арада әрекет етіп, оқиға орнына жетті. Жоғалған баланы табу мақсатында қажетті деп танылған барлық жедел-іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды. Қала көшелерін тексеріп, көрген-білген тұрғындардан сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде полицейлер тәулік ішінде баланы Түркістан қаласында досымен бірге жүрген жерінен тапты.

Белгілі болғандай, жоғалған бала отбасындағы жанжалға байланысты үйінен кетіп қалған. Қазіргі таңда жоғалып кеткен бала үйіне қайтарылды. Ұлымен аман есен қауышқан ана, баланы іздестіруде шапшаңдықпен әрекет еткен полиция қызметкерлеріне алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

«Баламның із-түзсіз жоғалып кеткеніне 3 күн болды.

Өзіміз іздеп, таппаған соң полицейлерге хабарластық. Ал полицейлер баламды дер кезінде тауып берді. Түркістан қаласының полиция қызметкерлеріне үлкен рақметімді айтамын»!

Түркістан: Бас полицей саптық жиын өткізді

18 шілде яғни бүгін сағат 08:00-де Түркістан қалалық Полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Бауыржан Жанаев жеке құрамның дайындығы мен даярлығын тексеру мақсатында саптық жиын өткізді.

Іс-шара ең алдымен мемлекеттік ән ұранмен басталды. Шараға Түркістан қалалық Полиция басқармасының жеке құрамы қызметкерлері қатысты.

Саптық жиын барысында тергеу бөлімінің, патрульдік полиция ротасының және жеке құрам қызметкерлеріне нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, қызметкерлердің азаматтармен әдепті сөйлесуі, халықпен дұрыс қарым-қатынас орнату, сервистік полиция жұмысын жандандыру,қызметтік форма тазалығы, киім кию үлгісі, тәртіпке қатысты ескертулерге баса назар аудару керек екені айтылды.

Жетісайлық полицей егде жастағы әйелді өрттен алып шықты

Жетісайлық полицей Аян Рысбеков өрт ішінен егде жастағы әйелді алып шығып, ерлік жасады. Нақтырақ айтсақ, полицей Аян өзінің отбасымен бірге Шымкенттен көлікпен келе жатып, сусын алу үшін Қазығұрт ауданына қарасты күре жолдың бойындағы дүкені бар жазғы тамақтану орнына тоқтайды.

Осы сәтте көліктен түскен полицейге сол жердегі жас қыз жүгіріп келіп, өрт болып жатқанын, ғимарат ішінде апасы қалып қойғанын айтып, көмектесуін сұрайды. Мұны естіген полицей бір сәтте ойланбастан, өрт болып жатқан аймаққа қарай жүгіреді. Бар ойы іштегі адамды аман алып шығу. Содан алдынан тағы бір ер адам шығып, ішке кіре алмай тұрғанын, іштегі адамды құтқару керектігін айтады.

Содан екеулеп отырып, қызыл жалынған оранған қоймалардағы өртті сөндіруге кіріседі. Айналада су жоқтығын көріп, жерді қазып топырақпен сөндіруге әрекет етеді. Осылайша полицей іште екі қойманың ортасында жалын ортасында тұрған апаны шығару үшін, жерді қазып алған топырақпен жол жасай отырып, апаны өрттен аман алып шығады.

Тілсіз жаудан егде жастағы әйелді құтқарған ержүрек адам бұл - Жетісай аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі бөлімшесінің бастығы полиция капитаны Хайруллаев Аян Рысбекұлы еді. Бейбіт күннің батыры өз сөзінде: «Ойланып тұруға уақыт болмады, содан бірден отқа оранып жатқан жерге кіріп кеттім де, апаны сыртқа алып шықтым. Қайғылы жағдайдың алдын алуыма қызмет барысында оқып-үйренген өрт қауіпсіздігі туралы ережесінің пайдасы тиді.

Біз үшін тұрғындардың амандығы, әрі тыныштығынан асқан бақыт жоқ!»-деп атап өтті. Осылайша полицей өрт сөндірушілер келемін дегенше, лаулаған өртті топырақ шашып ауыздықтады. Аталған жайт Қазығұрт АПБ-ға ҚР ҚК-нің 202-бабымен (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) тіркеліп, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Полиция капитаны Аян Хайруллаев, 2011 жылдан бері ішкі істер саласында қызмет етіп келеді. Алғашқы еңбек жолдарында Нұр-Сұлтан (бұрынғы Астана қаласында) жылдам қиылдайтын арнайы жасақ қызметкері болған. Қазіргі таңда Жетісай қаласында көші-қон қызметінде полицей.

 

ШЫМКЕНТТЕ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ ӘЗІРГЕ ТҰРАҚТЫ

Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңда Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Қошқарұлы  мәлімдеді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Сансызбайқызының қатысуымен өткен брифингте қаладағы эпидемиологиялық ахуал мен коронавирус инфекциясына қарсы жүргізіліп жатқан вакцинация, ревакцинация жұмыстары да айтылды.

– Жыл басынан бері коронавирус жұқтырған 7 744  науқас анықталды. Емделіп шыққан науқастардың саны 6 991. Ал соңғы 10 күнде COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 686 жағдайы (31 стационарлық ем қабылдауда, 655 амбулаторлық бақылауда) тіркелді. Соңғы тәуілікте 66 жағдай (51 симптоммен, 15 симптомсыз), - деді Әбдіманап Төлебаев.

Спикердің сөзінше, вакцинация бойынша қалада 45 екпе нысаны бар. 1-ші компонентпен 619 490 адам, 2-ші компонентпен 607 859 азаматқа егілді. Бүгінгі күні тиісті контингенттің (596205 адам) 1-ші компонентпен 105%, 2-компонентпен 101% вакцинацияланды.

Шымкент қаласының тұрғындарына вакцинаның үшінші дозасымен бүгінге 354 719 адам (59%) ревакцинацияланды (жоспар 596 205), төртінші дозасымен 15 032 адам (94%) қайта ревакцинацияланды (жоспар 15 928).

Сонымен қатар, бастапқы медициналық көмек бойынша 43 емханада 76 мобилді бригада жасақталған және 137 мобилді бригада резервте.

Соңғы тәулікте 101 науқасқа үйде медициналық көмек көрсетіліп, 1376-ы науқасқа қонырау соғылды. Олар: КВИ, ОРВИ, пневмониямен ауратын және коронавирустық инфекцияны жұқтырған адаммен байланыста болған азаматтар.

Қалалық жұқпалы аурулар ауруханада 100 төсек-орын жасақталып тұр. Қазіргі таңда 31 азамат стационарлық емделуде. Төсек-орын толымдылығы 31% құрайды, 69 төсек орын бос. Жансақтау бөлімінде 15 төсек орын бар. Қазіргі таңда 3 науқас ем қабылдауда, 12 төсек орын бос.

ШЫМКЕНТ: ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА 17 КӨШЕ ЖӨНДЕУДЕН ӨТТІ

Шымкентте Қаратау ауданы аумағында жоспарланған 48 көшенің бүгінде 17-інде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.

Атап айтқанда, Қызылсу тұрғын алабы аумағындағы Гүлистанның 8 көшесінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Аталмыш көшелердің жалпы ұзындығы 6,7 шақырымды құрайды. Сонымен қатар, орташа жөндеуден өткен Жаңақұрылыс    № 2,3 көшелерінің ұзындығы - 1,3 шақырым.

Сонымен бірге, Сайрам тұрғын алабындағы Сыдыхан ата, Мүслім төбе, Тектұрмас, Тиллаходжаев көшелерінде асфальтбетон қабатын төсеу жұмыстары аяқталды.

Асар-2 шағынауданындағы №1,2 көшелері орташа жөндеуден өтіп, бүгінде ел игілігіне пайдалануға берілді.

Өтеміс шағын ауданы аумағындағы Д.Қонааев және Өжен көшесінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.

Достық тұрғын алабындағы Ынтымақ көшесі, Омарташы көшесінің жалғасы, тұйығы және Абдиров көшелерінің жолдары жөнделді.

Ұзындығы 1,4 шақырымды құрайтын Ақжайық шағын ауданының аумағындағы Қамбар батыр көшесінің орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.

Қайнар бұлақ тұрғын алабының Русские березки көшесінің жол құрылыс жұмыстары аяқталды, ұзындығы 2 шақырымды құрайды.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2022 жылы жоспарланған 308 көшенің бүгінгі таңда 155 шақырым болатын 190 көшесінде жұмыстар толығымен аяқталды. Ал, қалған көшелерді 2022 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған.

Бұдан бөлек, шаһардағы 2 нысан жолайрықтың құрылысы, 13 нысан жаңа жолдардың құрылысы, 5 нысанда қайта құру жұмыстары, 3 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қаланың магистралды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары 308 көшеге жүргізілуде. Қалада осы жылы 300 шақырым жол жөнделіп, асфальт жол үлесі 67,4 пайызға жетеді деген болатын. Ал 2021 жылы автомобиль жолдары саласында 137 нысанда (189,7 шқ) жөндеу жұмыстары аяқталған.

ТҮРКІСТАН: «Жастар және діни экстремизм»

Қазір әлемде діни жағдай күрделеніп барады. Халықтың тұтастығы мен дін тұтастығы және мемлекет тұтастығы арасында бірегей қатынас немесе байланыс бар деседе болады. Осындай оңтайлы сәтті пайдаланған, жымысқы әрекеттерімен ел ішінде өзара бүлік салып, қарапайым халықтың оңы мен солын тануға мүмкіндік бермей жатқандар қаншама. Олардың енді біреуі ұлттық діндер атын жамылып жүрген теріс ағымдар болса келесісі өз саясаты үшін дінді пайдалып, өз кәсібін тұрпайы жолмен алып жүргендер. Түркістан облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы маманы

Жансая Байгерей осы тақырыпта жастарға баяндама жасады.

Басқа халықты, ұлтты қойғанда қазақ халқының санасына қырық руға емес, қырық дінге бөлуге атсалысып жүргендер қаншама?! Өмірлік бағдарын әлі айқындай қоймаған жастар осындай ойындардың құрбаны болуға оңтайлы сәт. Діни экстремизм мен терроризмнің таралуының өсіп келе жатқан сын-қатерлері халықаралық қоғамдастықтың алаңдаушылығын тудырады. Діни экстремизм кең таралған әлеуметтік-саяси құбылыс ретінде қоғам өмірінің әр саласына өзінің кері әсерін тигізеді. ХХІ ғасырда интернет желісі экстремистік топтардың ең негізгі ақпараттық алаңына айналды. Экстремистік топтар тарапынан жаңа жақтастарды өздеріне тарту үшін барлық қол жетімді мүмкіндіктер қолданылады: әлеуметтік желілер, мессенджерлер, онлайн ойындар, белгілі бір бағдарламалар және т.б. Бұл ұйымдардың негізгі мақсаты – саяси идеологиялық көзқарастары толық қалыптастапаған жастарды өздеріне тарту. Қазіргі кезде осындай діни экстремистік топтарға қарсы тұруға көп әдістер қолданып жатыр. Интернет желісіндегі экстремистік ақпарат көздерін анықтап, бұғаттайтын бағдарламалар құрылуда және де интернетте ақпараттық сауаттылықты арттыру. Ақпараттық-сауаттылықты арттыру жастардың ойын өзгертіп, экстремистік идеяларының алдын алуға септігін тигізеді. Жалпы бұндай ұйымдармен күресті тек мемлекет емес, әрбір қазақстандық азамат жүргізуі тиіс. Жастардың санасын қорғау мен сауатын ашу қоғамдық жауапкершілікке айналуы қажет.

Қазіргі күні халықаралық терроризм өзінің қатыгездігімен, зұлымдығымен және ауқымдылығымен әлемдік қауіп-қатерге айналғаны белгілі. Түптеп келгенде терроризм идеологтары өз әрекеттері арқылы мәдениеттер мен діндердің арасына ғана емес, сонымен қатар мемлекеттер мен түрлі халықтар арасына да өшпенділік орнатуда. Ең өкініштісі – дін негіздерін жаңадан таныған, өмірлік тәжірибесі жоқ жастардың санасын улап, дінимсауаттылықтың жеткілікті деңгейде болмауына байланысты экстремистік ұйымдардың арбауына түсіп қалуы. Сондықтан да жастардың дін¬и және құқықтық сауа¬тын көтеру, олардың бойына адамгершілік құндылықтарын сіңіру және теріс идео¬логияларға қарсы тұра алатын иммунитет қалыптастыру – ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Менің ойымша, бұндай ұйымдармен күрестің бір жолы – өскелең ұрпаққа кішкентай кезінен ата-анасы ұлттық тәрбиені, танымды, сананы бойына сіңіріп тәрбиелесе, осындай ұйымдарға алданып қалмайды деп ойлаймын. Жалпы, енді ер жетіп келе жатқан балаларға ұлттық дәстүр түсіндіріліп, ата-бабаларымыздан қалған мұраларды, ақындар мен жыраулардың еңбектерін дәріптеп түсіндірілсе, ұлттық әдептілік қағидаттары үйретілсе, отбасылық құндылықтар насихатталып, дұрыс жолға сілтеу алатын болса енді дамып келе жатқан жастар арасында мұндай мәселелер кеңінен таралмас деп сенемін.

Экстремизм қатерлі ісікке ұқсас, егер алдын алу шаралары уақтылы жүргізілмесе, уақыт өте келе өсіп, терең тамыр алады. Сондықтан халықтың діни сауаттылығы өте маңызды және қажет. Ал діни сауаттылық – оқыту, ағарту және әдебиет арқылы алынған білім. Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбаев қара сөзінде: «Адам – өз заманының баласы. Егер ол жаман болса, оның замандастары да кінәлі». Қазіргі кезде мемлекет үшін жастарды тәрбиелеуге, физикалық және рухани түрде сау және толыққанды жастар ортасын қалыптастыру үшін қолайлы жағдайлар жасау маңызды мәселе деп ойлаймын.

Жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу мәселесі ең алдымен әр отбасының, қоғамның, мемлекеттің жауапкершілігі. Қоғамның мемлекетпен бірлесе отырып, бұл бағытта жұмыс атқаруы маңызды жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Жастардың сауатты, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуы да үлкен септігін тигізеді деген ойдамын,-дейді Ж. Байгерей.

Сарыағаштық тұрғынның ауласынан 30 келіге жуық сора есірткісі тәркіленді

Жыл басынан бері облыс полицейлері есірткі еккендер, тасымалдағандар мен сатқандарға қарсы іс-қимыл шараларын күшейтті. Облысқа қарасты барлық қала, аудандарда полицейлер рейдтік-профилактикалық шараларды жүргізуде. Мәселен, Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғын үйінің ауласында есірткі тектес сора өсімдігін өсірген ер азаматты ұстады.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 300-бабы бойынша «Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру» қылмыстық іс қозғалды.

Жедел құрылған полицейлер тобы күдіктінің ауласындағы бау-бақшасынан сора өсімдігін тауып, айғақты зат ретінде тәркілеп алды. Сараптама тағайындалды. Қорытындыға сәйкес алынған түптер 30 келіге жуық «сора» есірткісі болып шықты.

Қазіргі таңда тексеру амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары тұрғынның сора есірткісін өзінің ауласында не себепті өсіргенін анықтауда.

Түркістан облысының тәртіп сақшылары тыйым салынған өсімдіктерді өсіру, заңсыз есірткі саудасымен айналысу, жалпы есірткіге қатысы бар жайттар заң алдында қатаң жазаға тартылатынын ескертеді.