Түркістан облысы Полиция Департаментінің нұсқауына сәйкес, 27-29 маусым аралығында тәртіп сақшылары «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық шарасын жүргізді. Шараның басты мақсаты - кәмелетке толмаған жасөспірімдердің мезгілсіз уақытта жүруін болдырмау, қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бермеу және жасөспірімдердің құқықтарының бұзылмауын қадағалау. Рейдтік шара барысында полицейлер жасөспірімдер жиналатын орындар, ойын-сауық кешендері, дүкендер мен саябақтар, көңіл көтеретін орындардың аумақтарын аралады.
Нәтижесінде Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері саябақта сағат 22:00-ден кейін жүрген 15 шақты жасөспірімді анықтады. Олардың заңды өкілдеріне ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігі «Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы» бойынша әкімшілік хаттама толтырып, тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Ескерте кетсек, елімізде заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22:00-ден кейін компьютерлік клубтарда, ойын-сауық орындарында болуға және 23:00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған. Сондай-ақ полиция қызметкерлері олардың қатысуында мейрамханалар қызмет жасаған болса, кәсіпкерлерге де заңды шара көрілетіндігін еске салады.
«AQ-QARA.KZ»- ақпарат