"Түркістан - Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің жетекшісі Нұржахан Абуова Төлеби ауданына қарасты бірқатар ауылдарда болып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет бойынша түсіндіру шараларын жүргізді. Елдің дамуы мен әлеуметтік-экономикалық ілгерілеу жолындағы маңызды қадамдардың бірі – сыбайлас жемқорлықты жеңу. Бұл проблемаға бүкіл әлемде үлкен көңіл бөлінетіні кездейсоқ емес.
БҰҰ Бас хатшысы Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күніне арналған жолдауында: «Сыбайлас жемқорлық елдің даму процесіне апатты әсерін тигізеді, өйткені мектептерге, ауруханаларға және басқа да өмірлік маңызды мемлекеттік құрылымдарға арналған қаражат тиісті жерлерге жіберілудің орнына қылмыскерлердің немесе арам шенеуніктердің қолына түседі. Сыбайлас жемқорлық зорлық пен тұрақсыздықты арттырады. Бұл мемлекеттік институттар мен тұтастай үкіметтің көңілін қалдыруы, халықтың ашуын келтіруі және тәртіпсіздікке әкелуі мүмкін» деген.Еске салсақ, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арналға Жолдауға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жалғасатын болады. Негізгі міндеттер ретінде келесілер анықталды:
1) көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясындағы мемлекеттік қызметшілердің халықпен тікелей байланысын азайту. Жалпы, 2019 жылы мемлекеттік қызметтердің 80%-ы электронды форматқа, ал 2020 жылы – кемінде 90% мемлекеттік қызметке ауыстырылуы керек;
2) өздеріне бағынысты адамдармен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін арттыру;
3) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы өңірлер» жобалары аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыруда астананың тәжірибесін тарату.
Сандарды сөйлетсек, Қазақстан жүйелі реформалардың арқасында 10 жылдың ішінде Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіндегі жағдайын айтарлықтай жақсартып, 133-орыннан 94-орынға көтерілді. Ал Халықаралық заң үстемдігі индексінде біздің еліміз 128 мемлекеттің ішінде 62-орында тұр. Осы ретте бұдан 10 жыл бұрын аталған тізімде 74-орында болғанымызды айта кеткен жөн. Жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасында тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа назар аударылғандығы, әлеуметтік зерттеу нәтижелері бойынша парақорлықтың үлкен үлесі тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен байланысты екенін де атап өтіп, халық арасында пара беру жолының азаймағандығы туралы кеңінен сөз қозғап, ерекше тоқталды. Студенттерге бопсалау немесе қандай да бір заңсыз төлемдерді ұсыну қажет болған жағдайда, еліміздің әрбір азаматы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке колл-орталықтың 1424 телефон нөмірі бойынша жүгініп, өзінің азаматтық борышын орындай алатындықтарын ескертті. Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді тетіктерді қалыптастыру бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатқандығын жеткізді.
- Қоғамдық тәртіпке қайшы, адамдық ұстанымға жат бұл құбылысқа етіміз үйреніп кеткені соншалық, біз үшін бұл қатардағы жай құбылысқа айналып барады. Ашып айтсақ, бұл қылмыстың мәні, біріншіден, мемлекеттің халықаралық беделіне нұқсан келтіріп, оның экономикалық және әлеуметтік үдерістерін реттеудегі орнын төмендетеді, екіншіден, қоғамда жалпы қылмыстың орын алуына түрткі болады, үшіншіден, соның салдарынан адамның бойында билікке, билік өкілдеріне, өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау қабілетіне деген сенімді жоғалтады. Оған қарсы іс-қимыл жасау кез келген өркениетті ел үшін маңызды мәселелердің біріне айналып, мемлекет саясатының басым бағытын құрайтыны да сондықтан.«Пара беру, пара алу және параға делдал болу – жемқорлықтың өте кең тараған түрі. Заңға жүгінсек, пара алу – мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адамның пара берушiнiң немесе оның өкiлi болған адамдардың пайдасына жасаған әрекеті не әрекетсiздiгi. Ақша, бағалы қағаздар, өзге мүлiк, мүлiкке құқық немесе мүлiк сипатындағы пайда түрiнде жеке өзi немесе делдал арқылы пара алуы. Пара беру де осы қатарда, заңның қасаң тілімен айтсақ: мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға, сол сияқты шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның лауазымды адамына жеке өзіне немесе делдал арқылы пара беру, парақорлыққа делдал болу, яғни, пара алушыға және пара берушiге олардың арасындағы пара алу және беру туралы келісімге қол жеткiзуге немесе оны iске асыруға ықпал ету қылмыстары санатына жатады. Заң бойынша барлық бекітілген және заңмен қорғалатын қоғамдық және шаруашылық қатынастар жемқорлық нысаны болып саналады. Осыған қарамастан, парақорлық тергеу жөнінен ашылуы қиын қылмыстардың біріне саналады. Өйткені, мұндай қылмыс, біріншіден, куәгерлер болмаған жағдайда жасалады. Екіншіден, барлық қылмысқа қатысушы тұлғалар (пара беруші, пара алушы және делдал) қылмыстың жасалуына және қылмыстық іздерді жасыруға барлық шараларды қолдануына мүдделі. Үшіншіден, олар дұрыс айғақтар бермей, істеген қылмысты мойнына алмаудың қамын істеп, тергеу амалдарын жүргізу барысында өзара кепіл шеңберін құрып үлгереді. Төртіншіден, парақорлық жағдайлары мәдени-этикалық саламызда да кездесіп қалатынын жасырмауымыз қажет. Пара алу мен жемқорлықты сөз қылғанда, оның ұлтымыз үшін өте нәзік тұстары бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Өйткені ол төл менталитетімізбен тікелей астасып жатыр»,-деді жиналғандар.
Соның ішінде, Алатау ауылдық округінде арнайы болған Н.Абуова елдің бәсекелестік қабілетін бәсеңдетуге қауқарлы індеттің салдары мен зардабын баса атап өтіп, жемқорлыққа қарсы күрестегі соңғы жаңашылдықтарды ортаға салды. Жиын соңында қойылған сауалдарға жауап беріліп, Заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар түсіндірілді.