Жұма, 21 Қазан 2022 20:08

Жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеген жігіт 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды

Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында күнделікті рейд жүргізуде. Осы тұрғыда Төлеби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері түңгі сағат 22:30 шамасында «Опель-Вектра» маркалы автокөлікті тоқтатты. Оны тексеру кезінде, ер адамның көлік құралын басқару құқығы жоқ екендігі анықталды. Сонымен қатар полицейлер оның масаң күйде екендігіне күдіктеніп, сараптама тағайындады.

Сараптама қорытындысына сәйкес жүргізушінің алкогольді мас күйде екендігі белгілі болды. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеді.

Жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданды. Нәтижесінде, мас халде көлік тізгіндеген жүргізуші 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, көлік айыптұраққа қойылды. Түркістан облысының полицейлері көлік басқару құқығы жоқ жүргізушілерге көлік айдамауға кеңес береді.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 608-бапта «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру»:

 

1. Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру – 
он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 
2. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер – 
жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 
3-1. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – 
жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 
3-2. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – 
жиырма бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және тоғыз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 
4. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
5. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
6. Осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде көзделген, көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адамдар жасаған әрекеттер – 
жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. 
7. Осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған, осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әрекеттер – 
отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.  
8. Осы баптың алтыншы және жетінші бөліктерінде көзделген, осы Кодекстің 50-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттер – 
екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады деп жазылған
.

 

Оқылды 233 рет