ӨНДІРІСТЕГІ ҚҰЖАТТАРДЫҢ 99% ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫНЫҢ ОРЫНДАУЫНДА

Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша 141 жеке және 9 мемлекеттік сот орындаушы қызметтерін атқаруда.

2023 жылдың 6 айында Сот орындаушыларында болған 444 360 атқарушылық құжат бойынша өндірілуге жататын сомманың көлемі 2 трил. 212 млрд. теңгеден асып отыр. 

Оның ішінде 142 433 өндіріс 907 млрд. теңгеден астам сомаға аяқталған, 78 457-нің талаптары нақты орындалып, 7,2 млрд. теңгеден астам өндірілді.

Заңнамада мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының құзыреттері нақты белгіленгендіктен, өндірістердің басым бөлігі, яғни 99%-ы жеке сот орындаушыларының орындауына түскен.

Заңсыз салынған құрылыстарды бұзу, үйден (жайдан) мәжбүрлеп шығару, басқа да мүліктік емес сипаттағы жалпы 2 654 атқару құжаты орындауда болып, 1 139 бойынша өндірістер аяқталған, қалдықта 1 515 құжат орындалуға жатады.

Алимент өндіру санаттағы өндірістердің әлеуметтік маңыздылығы жоғары. Жыл басынан алимент өндіру талаптары бойынша сот орындаушыларда 14 685 іс орындауда болып, оның 2 032-сі бойынша өндірістер аяқталған болса, 12 653 құжат қалған.

Айта кетерлігі, осы санаттағы істермен айналысатын 6 жеке сот орындаушыларынан құралған арнайы кеңсе ашылған. Алименттік өндірістердің көбісі қазіргі таңда осы кеңседе жүргізілуде.

Орындау барысындағы істердің ішінен 50%, яғни, 5 864 құжат бойынша алимент борышкерлердің айлық жалақысынан ұсталып жатыр. Үш айдан асатын мерзім ішінде өндірілмей жатқан 543 «проблемалы» алименттік өндіріс бар. Олар бойынша жалпы 801 321 622 теңгеге қарыз қалыптасқан. Осы төлемдердің ұзақ мерзімде өндірілмеуінің негізгі себептерінің бірі – борышкердің тұрғылықты мекен жайының анықталмауы, яғни, борышкерлердің іздеуде болуы. Сот орындаушылардың қаулыларына сәйкес, 531 алимент борышкеріне қатысты іздеу жарияланып, істер уақытша тоқатылған.

Жалпы 159 алимент төлеуші борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ооның ішінде 84 азамат алимент төлеу міндеттерін орындамаған, 32 борышкер 5 тәулікке дейін қамаққа алынған болса, 52 борышкерге 5 АЕК мөлшерінде, яғни 17 250 теңге айппұл салынды.

 

 

 

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА 33 НОТАРИУС ПИЛОТТЫҚ ЖОБАҒА ҚОСЫЛҒАН

2023 жылғы 11 сәуірде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Цифрлық нотариат» пилоттық жобасын іске қосу туралы бірлескен бұйрығы бекітіліп, Республика аумағында сенімхаттарды онлайн куәландыру жұмысы іске қосылды. Осы бағытта мүлікке билік етуге байланысты сенімхаттарды қоспағанда, барлық сенімхаттарды цифрлық түрде куәландыруға болады.

Сенімхаттарды онлайн куәландыру бойынша Шымкент қаласында 33 нотариус Пилоттық жобаға қосылған. Бүгінде осы нотариустармен пилоттық жоба аясында 284 сенімхат куәландырылған.

«Цифрлық нотариат» пилоттық жобасының тиімділігі, ол Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында сенімхаттарды қашықтан жүргізуге мүмкіндік береді.

Цифрлық сенімхатты алу үшін мынадай қадамдарды орындау қажет:

Egov Mobile қосымшасына кіру => өтінішті толтырып, оған ЭЦҚ арқылы қол қою => мәліметтерді растау үшін қосымшадан нотариусқа бейнебайланыс арқылы қоңырау шалу => белгіленген тариф бойынша нотариус қызметін төлеу => «Цифрлық құжаттар» бөлімінде цифрлық сенімхатты алу.

Айта кетейік, 2023 жылдың 29 мамырынан бастап адвокаттық, нотариаттық және жеке сот орындаушысының қызметімен айналысуға үміткерлерді аттестаттаудан өткізу автоматтандырылған түрде жүзеге асыру туралы Ережесі бекітілді.

Осы Пилоттық жобаны іске асыру аясында Астана, Шымкент қалаларында және Түркістан облысында нотариустар, адвокаттар және Жеке сот орындаушысының қызметімен айналысуға үміткерлерді автоматтандырылған режимде аттестаттаудан өткізу жобасы іске қосылды.

Егер бұрын аттестаттау жергілікті Әділет департаменттерінде аттестаттау және әңгімелелесу түрінде өткізілсе, осы жоба шеңберінде екі кезең де тестілеу орталығында өткізіледі. Бұл жобаның тиімділігі адами факторды жояды, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін қысқартады және кандидаттарға ыңғайлы уақытта аттестаттаудан өтуге мүмкіндік береді.

Адвокаттық, нотариаттық және жеке сот орындаушысының қызметімен айналысу үшін автоматтандырылған режимде аттестаттаудан өтуге Шымкент қаласының аумағынан жалпы 48 үміткер қатысты. Оның ішінде нотариаттық қызметпен айналысуға 22 үміткер қатысып, оның 9 өтті, адвокаттық қызметпен айналысуға 26 үміткер өтініш берсе, оның тек 2-і ғана аттестаттаудан өтті, ал, жеке сот орындаушылар қызметіне 5 үміткер қатысып, 3 үміткер онлайн сынақтан өтті.

 

БИЫЛҒЫ ЖЫЛЫ ЖАЛПЫҒА БІРДЕЙ ДЕКЛАРАЦИЯЛАУДЫҢ ІІ КЕЗЕҢІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін қолданысқа енгізу туралы Заңына сәйкес 2021 жылдың 1–ші қаңтарынан бастап Салық кодексінің 71–тарауы «Жалпыға бірдей декларациялау» қолданысқа енгізілді.

2021 жылы декларация тапсырушылар қатарында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары, мемлекеттік функцияларды орындауға уәклеттік берілген адамдар мен олардың жұбайлары, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары, «ҚР сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңына және «Банктер және банк қызметі туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес декларацияны табыс ету міндеті жүктелген адамдар бар.

Қазіргі таңда, яғни 2023 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап Жалпыға бірдей декларациялаудың ІІ-ші кезеңі жүзеге асырылуда.

250.00-нысан активтері мен міндеттемелері туралы декларацияларын жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңінде Шымкент қаласы бойынша 392 мекемелерден барлығы 55 745 жеке тұлға күтіліп отыр.

Екінші кезеңде квазимемлекеттік сектордың, білім беру, мәденеиет спорт саласының мемлекеттік қызметкерлері тапсырады. Олар: балабақшалар, мектептер, ауруханалар. Квазимемлекеттік сектор дегеніміз бұл – құрылтайшысы және қатысушысы мемлекет болып табылатын мемлекеттік кәсіпорындар, ЖШС-тер, АҚ-дар, Ұлттық компаниялар және холдингтер.

Жалпыға бірдей декларацияны қағаз тасығышта ұсыну мерзімі 2023 жылдың 15 шілдесіне дейін. Ал 2023 жылдың 15 қыркүйегіне дейін кешіктірмей электронды түрде тапсыру міндетті. Сондай-ақ жеке тұлға декларацияны тұрғылықты жері бойынша тапсырады.

 

 

ШЫМКЕНТ: ҚР МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖЕДЕЛ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлының кезекті кездесуі Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығында өтті.

Кездесуге «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Б.Төлегенов, Әл-Фараби ауданының әкімі Р.Мыңбаев, Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Б.Ержаппар, полиция департаментінің басшылық құрамы мен қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Миллионнан астам халқы бар үшінші мегаполис тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі басты назарды талап етеді. Шымкент қаласында қылмыс деңгейі мен төтенше жағдайлар қауіпін төмендету бойынша ауқымды шаралар атқарылуда. Осы орайда, «Қауіпсіз қала» бағдарламасы қолға алынған. Бұл бағдарлама ең алдымен қаланың орталық көшелерінде жүзеге асырылып, кейіннен елді мекендер мен ішкі орамдық жолдарда жалғасын тапты. Қоғамдық тәртіп пен көлік қозғалысын реттеуде бейнебақылау камераларының көмегі айтарлықтай нәтиже көрсетіп келеді.

Бүгінде Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығына жалпы 11 211 бейнебақылау камерасы біріктірілген. Қаланың көше қиылыстары мен тұрғын үйлердің аулаларына орнатылған бейнебақылау камералары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді және жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін автоматты түрде тіркеуге көмектеседі. «Қауіпсіз мектеп» бағдарламасы аясында 186 мемлекеттік және жекеменшік мектептерде 3318 бейнебақылау камерасы орнатылса, «Қауіпсіз аула» қағидасы бойынша «Қазақтелеком» АҚ-ның 2 430 бейнебақылау камерасы ҚПД ЖБО-на біріктірілді. Сонымен қатар, жерасты өткелерінде, денсаулық сақтау нысандарында, сауда орталықтары, базарлар және дүкендерде 262 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. 2023 жылдың 7 айында бейнебақылау камераның көмегімен 293 қылмыс ашылып, 33 602 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Дегенмен, Мәжіліс депутаты Полиция департаменті Жедел басқару орталығының жұмысына біршама сын-пікірлер айтып, ол мәселелерді жүйелі шешу бойынша ұсыныстарын жолдады. Атап айтқанда, мопедтер мен электр скутерлерінің жол қозғалысына тигізіп жатқан зардаптарын алға тартып, ҚПД ЖБО тарапынан осы бағытта шараларды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, қаладағы коммуналдық мекеме жұмысшыларының жүк тасымалдайтын көліктермен қатынауына қатаң тиым салып, еңбек адамдарының қауіпсіздігін қадағалау керектігін айтты. Бөлініп жатқан қаржыны тиімді пайдаланып, жұмыс сапасын көтеруді міндеттеді.

– Жедел басқару орталығын қаланың көзі, құлағы десек те болады. Мен қаланың тұрғыны ретінде біршама кемшіліктерді алға тарттым. Қалада бейнебақылау камералары, дабыл бастырмасы жұмыс істейді. Алайда бұл мәселеде камералардың саны емес, сапасы мен төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге дайындығы маңызды және халықпен профилактикалық жұмыстардың жүйелі жасалынуында,– дейді Болатбек Нажметдинұлы.

Сондай-ақ, Шымкент қаласының Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Александр Попов айтылған сын-ескертпе бойынша шаралар жасалатынын, жұмыс тиімділігін арттыру үшін әлі де қызметкерлердің жетіспейтінін алға тартты.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 2023 жылы 1500 дана бейнекамера орнату көзделген. Орнатылатын бір жарым мың камераның 500-і жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Сонымен қатар, 2024 жылға 2000 дана бейнебақылау камераларын орнату жоспарлануда.

ҚАЛА ӘКІМІ ҮШІНШІ МЕГАПОЛИС ЖОЛДАРЫН ҚАУІПСІЗ ЕТУДЕ ЖАҢА ЖОБАЛАР ҰСЫНУДЫ ТАПСЫРДЫ

Деп xабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі. Баспасөз қызметінің мәліметінше,  қала әкімі М. Әйтеновтің қатысуымен өткен арнайы жиында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Бүгінде қала аумағында жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ретсіз орналасқан базарлардың айналасында автотұрақ, аяқжол, жол белгілері және жол таңбалары, темір жол қоршаулары орнатылып ретке келтірілді.

Сонымен қатар қауіпсіздікті қамту үшін көшелерде 2235 жол белгісі орнатылып, 302 жол белгісі қайта қалпына келтірілді. 48 көшеге пластикалық жол таңбасы және 24 көшеге бояудан жол таңбасы сызылды. Мектептер маңында 146 орында жаяу жүргіншілер өткелдерін жаңарту жұмыстары атқарылуда.

Жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында Абай, Тұран, Әл-Фараби, Еңбекші ауданы, Қаратау аудандарында шұңқыр жолдар жамалды. №45 мектеп маңына және көше қиылыстарында бағдаршам орнатылды. Жыл соңына дейін жоспарға сәйкес Шығыс айналма жолына 2 бағдаршам және А-2 айналма жолына 3 бағдаршам орнатылады.

М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға халық көп шоғырланатын аумақтардағы жол қауіпсіздігін арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ «Колос» базары аумағындағы қолайсыздықтарды жойып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін күшейту бойынша нақты ұсыныстар дайындау қажеттігін ескертті. Сондай-ақ сала мамандарына қала аумағында жолдардың қауіпсіздігіне талдау жасап, әрқайсысының ерекшелігін ескере отырып, жеке жобалар ұсыну бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Нәтижесінде мегаполис жолдарын жүргізушілерге де жаяу жүргіншілерге қауіпсіз ету көзделуде.

ШЫМКЕНТ: 11 АДАМНАН ТҰРАТЫН ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОПҚА ҮКІМ ШЫҚТЫ

 

Шымкентте таныстары мен туыстарын 340 миллионға сан соқтырған қылмыстық топ сотталды. Бұл жайында Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз орталығы хабарлады.

Шымкент полициясына ұқсас мазмұнды арыз-шағыммен 235 адам жүгінді. Олар жалған тендрмен айналысатын алаяқтардың құрбаны болғанын айтып, тәртіп сақшыларынан көмек сұрады.

Жәбірленушілердің сөзінше, өз таныстары « тендрмен айналысатын бастығына» көмек қажеттігін алға тартып, несие рәсімдеуге үгіттеген. Жасаған жақсылығы үшін тиесілі үлесін беруге және банк алдындағы қарызды толық өтеуге уәде еткен.

Көбінесе олар несиені тауарлай рәсімдетіп, алынған қымбат техниканы қайта сатып, шыққан соманың 10-12% пайызын сыйақы ретінде беріп отырған. Алайда, ай сайынғы төлем уақыты келгенде, қаскүнемдер қоңырауға жауап бермей ізін суытқан. Нәтижесінде, несие өсімі көбейіп, азаматтар қарызға белшесінен батқан.

11 адамнан тұратын қылмыстық топтың құрбандары Түркістан облысының және Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты.

Аталған жайтты тергеушілер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді.

Белгілі болғандай, алаяқтар тобы 23- 43 жас аралығындағы, 4 әйел және 7 ер адамнан тұрған. Оның ішінде екі банк менеджері бар.

Олардың әрқайсысының өз міндеттері болған; кейбірі несие алатын адамдарды табумен, тағы екеуі оны рәсімдеумен, қалғандары сатып алынған тауарларды алып-сатумен айналысқан.

Келтірілген жалпы шығын көлемі 340 миллион теңгеге жуық. Арызданушылар әртүрлі банктерден 250 мың теңгеден 6 000 000 теңгеге дейін қарыз алған.

Тәртіп сақшылары жинақталған іс-құжаттарды айыптау актісімен сотқа жолдады. Айыпталушылардың әрқайсысы жасаған қылмысы үшін 5 жылға дейін сотталды.

 

 

 

 

ШЫМКЕНТ: БАСҚАРМАДА СЫБАЙЛАСТЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУДА ІШКІ ТАЛДАУ ЖҮРГІЗІЛДІ

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін және қызмет көрсету ауқымы кең бірден-бір басқарма. Әлеуметтік салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жолын кесу мақсатында таяуда ішкі талдау жұмыстары жүргізілді. Қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылық пен мүдделер қақтығысы фактілері анықталған жоқ.

Бұл туралы бүгін ішкі талдау нәтижелері бойынша арнайы ұйымдастырылған жиналыс барысында мәлім болды. Жиынға қатысқан «Зияткер-Ұстаз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлы бірінші кезекте әлеуметтік сала мамандарына азаматтармен жұмыс жүргізгенде барынша кішіпейілділік танытып, жылы қарым-қатынас орнату керектігін атап өтті.

–Әлеуметтік саланың жұмысы ауыр екендігін түсінеміз. Бірақ, осы саланы таңдаған соң қиындығына шыдап, жоғары деңгейде қызмет көрсету басты міндеттеріңіз. Мамандар алдына келген әр адамға жылы сөйлеп, дұрыс бағыт-бағдар берулерін бақылауға алсаңыздар, – деді қоғам белсендісі.

Жиында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жолын кесуге қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды. Басқарма басшысының орынбасары Көпжан Тұрлыбеков барлық ұсыныстар назарға алынып, алдағы уақытта артық құжаттарды талап ету немесе қызмет көрсетуде дәлелсіз бас тарту сынды түрлі құқық бұзушылық және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу жұмыстары қатаң бақылауда болатындығын атап өтті. Жалпы, әлеуметтік саланың қызмет көрсету ауқымы өте кең. Басқармаға қарасты жалпы 16 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, басқарманың өзінде халықпен етене жұмыс істейтін бөлімдер мен әр ауданда «Еңбек мобильділігі» орталығының «Мансаптық» орталықтары халыққа қызмет көрсетеді.

ШЫМКЕНТ: ЕСІРТІГЕ ҚАТЫСТЫ АНЫҚТАЛҒАН ҚЫЛМЫС САНЫ ӨТКЕН ЖЫЛМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА 20%-ҒА АРТТЫ

Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығының алаңында Шымкент қаласы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының бастығы Досанов Жандос Есенжанұлы және Шымкент қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқарма бастығының орынбасары Сакенов Сабыржан Жарылқасынұлының қатысуымен қаладағы есірткі қылмыстарының алдын алу және онымен күресу төңірегінде өткен баспасөз брифингте мәлім болды.

«Шымкентте есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2023 жылдың 7 айында қаламызда есірткіге қатысты жалпы 330 қылмыс анықталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Атап айтқанда биыл есірткіні өткізу мақсатын көздемей заңсыз сақтаудың және тасымалдаудың – 250 фактісі (ҚК-тің 296-бабы), есірткіні сатудың – 54 фактісі (ҚК-тің 297-бабы), есірткіні жарнамалаудың – 1 фактісі (ҚК-тің 299-1-бабы), есірткіні заңсыз өсірудің – 25 фактісі (ҚК-тің 300-бабы) анықталды. Есірткі қылмыстарының анықталуының жоғарылағаны, осы санаттағы істердің сотқа жолдану көрсеткішінің де артуына алып келді. Ал есірткімен байланысты 259 іс сотқа жолданып өткен жылға қарағанда 17%-ға өсіп отыр», - деді Жандос Досанов.

Есірткіні кәсіп көзіне айналдырып, қылмыстық қудалау органдарымен ұсталған адамдардың арасында осы жылдың 7 айында қылмыстарды жасағаны үшін 4 кәмелетке толмаған бала ұсталса, бұрын сотты болған – 47 адам, ал пробациялық қадағалауда жүрген - 7 адам құрықталды.

Сонымен қатар алдын қылмыс жасамаған – 250 адам ұсталды. Бұрын сотты болмағандармен жасау өткен жылмен салыстырғанда жеті есеге артты. Оның ішінде 22 қылмыстық құқық бұзушылық жасаған әйелдер анықталды. Ал қалғандарды ер адамдар.

Есірткі қылмысын жасағандардың жас шамалары: 16-17 жас – 3, 18-20 – 23, 21-30 жас – 109, 30-39 жас – 102, 40-49 жас – 85, 50-59 – 26, 60-тан жоғары - 6.

Бұл сандық көрсеткіштер – есірткіні жастардың соңғы кездері кәсіп көзіне айналдырып жатқаның дәлелі болып отыр.