ШЫМКЕНТ: 11 АДАМНАН ТҰРАТЫН ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОПҚА ҮКІМ ШЫҚТЫ

 

Шымкентте таныстары мен туыстарын 340 миллионға сан соқтырған қылмыстық топ сотталды. Бұл жайында Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз орталығы хабарлады.

Шымкент полициясына ұқсас мазмұнды арыз-шағыммен 235 адам жүгінді. Олар жалған тендрмен айналысатын алаяқтардың құрбаны болғанын айтып, тәртіп сақшыларынан көмек сұрады.

Жәбірленушілердің сөзінше, өз таныстары « тендрмен айналысатын бастығына» көмек қажеттігін алға тартып, несие рәсімдеуге үгіттеген. Жасаған жақсылығы үшін тиесілі үлесін беруге және банк алдындағы қарызды толық өтеуге уәде еткен.

Көбінесе олар несиені тауарлай рәсімдетіп, алынған қымбат техниканы қайта сатып, шыққан соманың 10-12% пайызын сыйақы ретінде беріп отырған. Алайда, ай сайынғы төлем уақыты келгенде, қаскүнемдер қоңырауға жауап бермей ізін суытқан. Нәтижесінде, несие өсімі көбейіп, азаматтар қарызға белшесінен батқан.

11 адамнан тұратын қылмыстық топтың құрбандары Түркістан облысының және Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты.

Аталған жайтты тергеушілер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді.

Белгілі болғандай, алаяқтар тобы 23- 43 жас аралығындағы, 4 әйел және 7 ер адамнан тұрған. Оның ішінде екі банк менеджері бар.

Олардың әрқайсысының өз міндеттері болған; кейбірі несие алатын адамдарды табумен, тағы екеуі оны рәсімдеумен, қалғандары сатып алынған тауарларды алып-сатумен айналысқан.

Келтірілген жалпы шығын көлемі 340 миллион теңгеге жуық. Арызданушылар әртүрлі банктерден 250 мың теңгеден 6 000 000 теңгеге дейін қарыз алған.

Тәртіп сақшылары жинақталған іс-құжаттарды айыптау актісімен сотқа жолдады. Айыпталушылардың әрқайсысы жасаған қылмысы үшін 5 жылға дейін сотталды.

 

 

 

 

ШЫМКЕНТ: БАСҚАРМАДА СЫБАЙЛАСТЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУДА ІШКІ ТАЛДАУ ЖҮРГІЗІЛДІ

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін және қызмет көрсету ауқымы кең бірден-бір басқарма. Әлеуметтік салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жолын кесу мақсатында таяуда ішкі талдау жұмыстары жүргізілді. Қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылық пен мүдделер қақтығысы фактілері анықталған жоқ.

Бұл туралы бүгін ішкі талдау нәтижелері бойынша арнайы ұйымдастырылған жиналыс барысында мәлім болды. Жиынға қатысқан «Зияткер-Ұстаз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлы бірінші кезекте әлеуметтік сала мамандарына азаматтармен жұмыс жүргізгенде барынша кішіпейілділік танытып, жылы қарым-қатынас орнату керектігін атап өтті.

–Әлеуметтік саланың жұмысы ауыр екендігін түсінеміз. Бірақ, осы саланы таңдаған соң қиындығына шыдап, жоғары деңгейде қызмет көрсету басты міндеттеріңіз. Мамандар алдына келген әр адамға жылы сөйлеп, дұрыс бағыт-бағдар берулерін бақылауға алсаңыздар, – деді қоғам белсендісі.

Жиында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жолын кесуге қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды. Басқарма басшысының орынбасары Көпжан Тұрлыбеков барлық ұсыныстар назарға алынып, алдағы уақытта артық құжаттарды талап ету немесе қызмет көрсетуде дәлелсіз бас тарту сынды түрлі құқық бұзушылық және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу жұмыстары қатаң бақылауда болатындығын атап өтті. Жалпы, әлеуметтік саланың қызмет көрсету ауқымы өте кең. Басқармаға қарасты жалпы 16 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, басқарманың өзінде халықпен етене жұмыс істейтін бөлімдер мен әр ауданда «Еңбек мобильділігі» орталығының «Мансаптық» орталықтары халыққа қызмет көрсетеді.

ШЫМКЕНТ: ЕСІРТІГЕ ҚАТЫСТЫ АНЫҚТАЛҒАН ҚЫЛМЫС САНЫ ӨТКЕН ЖЫЛМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА 20%-ҒА АРТТЫ

Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығының алаңында Шымкент қаласы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының бастығы Досанов Жандос Есенжанұлы және Шымкент қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқарма бастығының орынбасары Сакенов Сабыржан Жарылқасынұлының қатысуымен қаладағы есірткі қылмыстарының алдын алу және онымен күресу төңірегінде өткен баспасөз брифингте мәлім болды.

«Шымкентте есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2023 жылдың 7 айында қаламызда есірткіге қатысты жалпы 330 қылмыс анықталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Атап айтқанда биыл есірткіні өткізу мақсатын көздемей заңсыз сақтаудың және тасымалдаудың – 250 фактісі (ҚК-тің 296-бабы), есірткіні сатудың – 54 фактісі (ҚК-тің 297-бабы), есірткіні жарнамалаудың – 1 фактісі (ҚК-тің 299-1-бабы), есірткіні заңсыз өсірудің – 25 фактісі (ҚК-тің 300-бабы) анықталды. Есірткі қылмыстарының анықталуының жоғарылағаны, осы санаттағы істердің сотқа жолдану көрсеткішінің де артуына алып келді. Ал есірткімен байланысты 259 іс сотқа жолданып өткен жылға қарағанда 17%-ға өсіп отыр», - деді Жандос Досанов.

Есірткіні кәсіп көзіне айналдырып, қылмыстық қудалау органдарымен ұсталған адамдардың арасында осы жылдың 7 айында қылмыстарды жасағаны үшін 4 кәмелетке толмаған бала ұсталса, бұрын сотты болған – 47 адам, ал пробациялық қадағалауда жүрген - 7 адам құрықталды.

Сонымен қатар алдын қылмыс жасамаған – 250 адам ұсталды. Бұрын сотты болмағандармен жасау өткен жылмен салыстырғанда жеті есеге артты. Оның ішінде 22 қылмыстық құқық бұзушылық жасаған әйелдер анықталды. Ал қалғандарды ер адамдар.

Есірткі қылмысын жасағандардың жас шамалары: 16-17 жас – 3, 18-20 – 23, 21-30 жас – 109, 30-39 жас – 102, 40-49 жас – 85, 50-59 – 26, 60-тан жоғары - 6.

Бұл сандық көрсеткіштер – есірткіні жастардың соңғы кездері кәсіп көзіне айналдырып жатқаның дәлелі болып отыр.

 

ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ ЕСІРТКІМЕН КҮРЕС НӘТИЖЕСІНДЕ 200 КИЛОГРАМНАН АСТАМ ЕСІРТКІ ЖӘНЕ ПСИХОТРОПТЫ ЗАТ ТӘРКІЛЕНДІ

Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығының алаңында Шымкент қаласы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының бастығы Досанов Жандос Есенжанұлы және Шымкент қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқарма бастығының орынбасары Сакенов Сабыржан Жарылқасынұлының қатысуымен қаладағы есірткі қылмыстарының алдын алу және онымен күресу төңірегінде өткен баспасөз брифингте мәлім болды.

Шымкетте осы жылдың 7 айында есіркімен күрес жұмыстарының нәтижесінде заңсыз айналымнан 200 кг-нан астам есірткі және психотропты заттар мен 117 түп сора тәркіленді.

Қылмыстық қудалау органдардың негізгі күштері героин, марихуана, гашиштан бөлек, қазіргі таңда қарқынды таралып жатқан қоғамдағы ең өзекті және аса қауіп төндіретін синтетикалық есірткіні жеткізу, тарату және заңсыз дайындау арналарының жолын кесуге бағытталуда.

Биыл 140 кг-нан астам синтетикалық есірткі заңсыз айналымнан тәркіленіп, жойылды. Синтетикалық есіртікінің жасаушы заттар, яғни химиялық тұздар қол жетімдігі жоғары. Олар бірігіп дайындалмағанша ешқандай қылмысты құрамайды. Сондықтан елімізде оны өңдейтін зертханалар ашылуда. Биылға 1 синтетикалық ескірті заттарын өндеу зертханасы мен 1 сора өсімдіктерін өсіру үшін фитозертханасы анықталды.

Бұдан өзге, 2023 жылыдың 31-ші наурызында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қалалық департаменті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында қала тұрғындарының топ болып, сөз байласып, Түркістан облысы, Түлкібас ауданында арнайы зертхананы жабдықтап, синтетикалық есірткіні өткізу мақсатында заңсыз дайындау фактінің жолын кесті. Бұл бойынша аса ауыр санаттына жататын іс тіркеліп, қазіргі таңда тергеп-тексеру жүргізілуде. сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттерін бастаған. Тергеу барысында анықталғаны 2 адам Түлкібас ауданында орналасқан үйді сатып алып, әр түрлі көлемдегі пластикалық құтыларға құйылған сұйықтықтарды, ақ түсті ұнтақ түріндегі шикізаттарды және әр түрлі формадағы көптеген шыны колбаларды алып, зертхананы ұйымдастырған. Тінту барысында 20 кг-нан астам есірткі тәркіленді. Одан бөлек, тергеу барысында олардың алдын ала синтетикалық есірткіні жасырған бірнеше орындарынан жалпы 11-кг-нан астам (11 339 грамм) есірткі қосымша тәркіленді.

Қазіргі таңда күдіктілер қамауда. Істің өндірісі қала прокуратурасының қатаң бақылауында.

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ ШЫМКЕНТТЕ ЖҮР

Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Шымкентке іс сапармен келді. Уәкіл қаладағы  бірқатар әлеуметтік мекемелерді аралады. Алдымен №78 түзеу мекемесінде болған ол ондағы жазасын өтеп жатқан әйелдердің жағдайымен танысып, мұң мұқтажын тыңдады. Әйелдердің басым көпшілігі түзету мекемесіндегі жағдайға көңілі толатынын айтып, қызметкерлер тарапынан ешқандай қысым көрсетілмейтінін жеткізді. Десе де, кейбір айыпталушылар медициналық қызметтің қол жетімсіздігіне шағымданды. Бұл мәселе жөнінде А.Ластаев шағымданған әйелдерге жеке қабылдау өткізді.

Мұнан кейін, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы балалардың жай-күйімен танысты. ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі сапар барысында ерекше балалардың құқықтарының қадағалануы мен қызмет сапасына айрықша назар аударды. Аталған орталықта 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауруы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Мамандар жүйке жүйелерінің ауруы, «Эпилепсия» диагноздары бойынша тірек-қимыл жүйесі бұзылған балалардың қимыл-қозғалысын оңалту қызметін көрсетеді.

Емдік шаралар барысында ROBACTIV Локомотив жүйесі, модульдік баспалдақ «STEP» түрі мен басқа да заманауи медициналық құрал-жабдықтарын қолдануда.

Орталық директоры Камила Ауанасованың айтуынша, 2024 жылы мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қалалық мәслихат қарауына ұсынылмақ. Арнайы уәкіл тағы бірнеше мекемелерді аралап,ондағы маңызды мәселелердің оң шешім табатынын, жіті қадағалауда болатындығын айтып өтті.

 

ШЫМКЕНТ: АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАТЫЛДЫ

Өзара ынтымақтастық және ҚР Адам құқықтарын қорғау мәселесі туралы кеңінен талқыланды.  

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің қатысуымен өткен арнайы жиында адам құқықтарын қорғау мәселелері мен азаптауға және басқа да келеңсіздіктерге қарсы іс-қимыл шаралары талқыланды. Басқосуға қалаға жұмыс сапарымен келген ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, сондай-ақ прокуратура, полиция, қылмыстық-атқару жүйесі органдарының басшылары қатысты. Кеңейтілген мәжілістің күн тәртібінде адам құқықтарын қорғаудағы нәтижелі жұмыстар талқыланып, тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу мәселелері қарастырылды. Омбудсмен Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын дамытудың бірнеше негізгі бағыттарын атап өтті. Сондай-ақ, әр адам жасы мен жынысына қарамастан зорлық-зомбылықсыз және кемсітусіз өмір сүруге құқылы екеніне баса назар аударды.

– Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты өте маңызды. Біз адам құқықтарын қорғаудың басқа шаралары тиімсіз болған кезде әрекет етеміз. Сонымен қатар, біз басқа атқарушы немесе құқық қорғау органдарының құзыретін алмастыруға емес, толықтыруға және көмектесуге атсалысамыз, – деп атап өтті Артур Ластаев. 

М.Дүйсенбекұлы барлық құзырлы мекеме басшыларын Конституция талаптарын қатаң сақтауға және осы бағыттағы шараларды бірлесе атқаруға шақырды.

Омбудсмен адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының, әсіресе оның өңірлік өкілдіктерінің жергілікті деңгейде адам құқықтарын қалпына келтірудегі маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Ұлттық превентивтік тетіктің рөлін арттыруда, азаптауларды болдырмау және олардың алдын алу мәселелерінде жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесе тығыз жұмыс жүргізуге сенім білдірді.

Мәжіліс соңында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, аталған бағыттарда бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.

 

 

 

 

ШЫМКЕНТТЕ 18 КӘСІПОРЫН «ХАЛЫҚТЫҚ БАҚЫЛАУ» ЖОБАСЫНА ҚОСЫЛДЫ

Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына жыл басынан бері азаматтардан 500-ге жуық өтініш түскен. Нәтижесінде 98 құқық бұзушылық анықталып, жалпы көлемі 5,1 млн. теңге айыппұл салынған. Оның ішінде 2,8 млн.теңге көлеміндегі 17 айыппұл өндірілген.

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігін және қорғалуын бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған «Халықтық бақылау» жобасын ірі кәсіпорындарда енгізу туралы тапсырма берген болатын. Бүгінгі таңда Шымкентте 18 кәсіпорын «Халықтық бақылау» жобасын енгізді. Сондай-ақ, Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы және Қазақстанның атқарушы органдары арасында «Vision Zero - Нөлдік жарақат» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде тұжырымдамаға 70 кәсіпорын қосылды.

Қалада кәсіпорындар мен мекемелерде еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отырады. Жүргізілген мониторинг қорытындысына сүйенсек, бүгінгі күнге қаладағы 1 452 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңестер жұмыс істейді, 1009 жұмыс орындарына зиянды және қауіпті еңбек қауіпсіздігі бойынша аттестациялау жүргізілді. Сондай-ақ, 144 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттар енгізілген. Осыған байланысты өңірдегі 4 кәсіпорынның қызметі декларацияланып, «Сенім сертификаты» тапсырылған. Ал сақтандыру мәселесі бойынша Шымкент қаласындағы 7558 компанияның 2538-і ғана сақтандыру келісімшартын жасаған.

Бүгінгі күні, қалада 3 848 кәсіпорын белсенді жұмыс істейді, оның ішінде 1 728 кәсіпорында жалпы түзілген ұжымдық шарттар 44,8 пайызды құрады.

 

ШЫМКЕНТТЕ «ҚАУІПСІЗ ЖОЛ» ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ ӨТУДЕ

Шымкентте жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қауіпсіздігінен сақтау мақсатында «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Еңбекші ауданы әкімдігі, Еңбекші ауданы прокуратурасы мен аудандық полиция басқармасы ұйымдастырған акция барысында қаладағы жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге жол ережелері туралы жаднама таратылып, мамандармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

–Іс-шараның басты мақсаты – көлік жүргізушілерін мас күйінде рөлге отырмауға, қорғаныс белдігін тағуға үндеу. Қарапайым ережелердің адам өмірін сақтауға кепіл екенін түсіндіру. Тек жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге де арнайы белгіленген орындардан ғана өтудің маңыздылығын түсіндіріп жатырмыз,– деді Еңбекші ауданыны әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев.

Еңбекші ауданы бойынша кейінгі алты айда 84 жүргізуші масаң күйде ұсталып, жол апатынан 23 адам зардап шекен. Мұндай іс-шаралар жол қауіпсіздік ережесін ұстауға өз септігін тигізеді дейді мамандар.

–Жалпы Еңбекші ауданы бойынша былтыр 72 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, құқықтық-әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Қазіргі таңда патрульдік полиция қызметкерлері және учаскелік полиция инспекторлары күнделікті анықталған құқық бұзушылықтары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Былтырғы жылмен салыстырғанда көлік апаты төмендеді. Дегенмен мұндай іс-шараларды тоқтатпай тұрақты ұйымдастырамыз. Мұндай рейдтік шаралар қауіп-қатерді төмендетуге септігін тигізуде,– дейді Еңбекші ауданы полиция басқармасының жеркілікті полиция қызметінің бастығы подполковник Алмасбек Базарбекұлы.

Айта кетейік, алдағы уақытта аталмыш іс-шараны ай сайын өткізіп отыру жоспарлануда. Шара қаладағы басқа да аудандарда жалғасын табады.