Сәрсенбі, 22 Қараша 2023 20:25

Түркістан: «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 21 млрд. теңгені құрайтын 4060 жобаға өтініш түскен

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылды. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына іссапарында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Бұл бағыттағы ізденістерді жалғастыруды, тұрғындарға қолдау көрсетуді тапсырды. Жобаны сапалы жүзеге асырып, бәсекеге қабілетті өнім шығару керектігін айтты. Жергілікті әкімдік пен жауапты басқармаға жобаға қолдау көрсетуді тапсырды.– «Ауыл аманаты» жобасы – ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Аудан, ауыл әкімдері, жауапты басқарма басшылары осы жобаның тиімділігін елге түсіндіріп, өз істерін бастауға қолдау көрсетіңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.

Бүгінде «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ - на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 21 млрд. теңгені құрайтын 4 060 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті органмен 3690 жоба қаралып, жалпы соммасы 17,6 млрд. теңгені құрайтын 2954 жоба мақұлданды. 13,3 млрд. теңге көлеміндегі 2 236 жоба қаржыландырылды.Ал Сауран ауданында 4 ауылдық округ таңдалған. Ауданда 260 жоба бойынша өтініш түскен. 1108,63 млн. теңге көлемінде 174 жоба мақұлданған.Облыс аумағында жобаны іске асыру нәтижесінде, 3220 жоба қаржыландырылып, 3400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады және тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарлануда.

Өңір басшысы Сауран ауданы, Ескі Иқан елді мекенінде болды. Осында орналасқан ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде «Сауран сүт» сүт өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. Жобаның құны – 400 млн. теңге. Мұнда жылына 3,6 мың тонна сүт өнімдері шығады деп жоспарланған. 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Кәсіпкерлер өнімдерін Түркістан және Қызылорда облыстарына өткізуді межелеп отыр.Өңір басшысы Ескі Иқандағы М.Юлдашев атындағы спорт мектебінде болды. Жас спортшылармен кездесіп, үстел теннисін ойнады. Бүгінде аталған спорт мектебі жанынан 200 орындық жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. Инвестор бұл жобаға 350 млн. теңге жұмсамақ.

Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы «Авиценна» емханасында болды. Жекеменшік емхана бір ауысымда 500 адамды қабылдауға қауқарлы. Медициналық орталық 100 адамды жұмыспен қамтиды. Заманауи орталық соңғы үлгідегі қондырғылармен қамтылған.Аталған нысандарды аралаған Дархан Сатыбалды ауылды өркендетуге үлес қосатын инвесторларға қолдау көрсетуді жалғастыруды, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің тиімді тұстарын қолдану керектігін айтты. Аудан әкіміне елді мекендерді дамыту жөнінде тапсырма берді.

Ал енді, тақырыпқа өзек болған «Ауыл аманаты» жобасы туралы оқырмандарға азды-көпті мағлұмат бере кетсек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың 26 қарашасында бекіткен №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен 11 миллиард теңге қаржы бөлінген. Қосымша 14 миллиард теңге бөлу жөнінде ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне өтінім берілген.

Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, сонымен қатар өзін өзі қамтушыларды заңдастыру. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына тоқталатын болсақ, ең бірінші кезекте жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатыр.

Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген болжам бар. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ.

Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез-келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған. Бұл ретте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі жобаларды сүйемелдейді, бизнес жоспар дайындап береді, құжаттарды жинақтауға көмек береді.

«Несие алушы ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне кіруіне кеңес береміз. Неге десеңіз, бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды арзан бағамен пайдалануға мүмкіндік береді. Қысқасы, кооперативке бірігудің пайдасы көп. Бірінші кезекте сату мәселесі шешіледі. Мәселен, кооперация мүшесі 8,6 миллион, ал төрағасы 27 миллион теңге ала алады», — дейді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының ауылшаруашылық кешені бойынша орынбасары Нұрбол Рысбеков.

Аталған жоба арқылы Түркістан облысында 3220 тұрғынға несие беріп, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жұмыстар нәтижесінде орташа айлық кіріс 1,5 есеге, сүт өнімін өндіру 40,6 пайызға, ет өндіру 63,2 пайызға, жылыжай өнімі 26,2 пайызға, құс еті 2,4 пайызға, балық өнімі 2 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 3,6 мдрд. теңгенің жобалары мақұлданған.

Бастапқыда бекітілген құжаттардың тізбесі 16 болып бекітілген. Жоба аясында қағазбастылықты жою мақсатында қажетті құжаттар тізімі жұмысшы топпен қайта қаралып, құжаттар саны 8-ге дейін қысқартылды. Бұл ауыл тұрғындарына қолайлы. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан 50 бизнес жоспар әзірленіп, тұрғындарға ұсынылған. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу бағытында да жұмыстар жалғасады. Жоспарды орындамаған және төмен нәтиже көрсеткен басшыларға шара көрілмек.

Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған дейтін сауалға жауап беретін болсақ, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. – несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін; – несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады; – номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік. «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесі хатшылығының басшысы Нұркен Шарбиевтің айтуынша, ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі болып саналады

 «Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Біз ауыл тұрғындарына мамандануға көмектесеміз. Айталық, барлық жерде бірдей қызылша өсіру немесе ірі қара мал жаю мүмкін емес. Жамбыл өңірінде тұрғындардың 68 %-ы атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатынан шықты. АӘК алуды жалғастыру немесе осы бағдарлама арқылы ақша таба бастау.  Тұрғындар осындай таңдау жасап жатыр», – деді партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектесетін болады. Осы ретте «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ауылдық округ әкімдеріне және «AMANAT»-тың аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларына арнайы курстар өткізді. Халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласында 2 346 адам курстан өтіп, білімін жетілдірді.

 «AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 127 рет