Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024 09:51

ШЫМКЕНТТЕГІ МЕТАЛЛУРГТЕР САЯБАҒЫНА 100 ТҮП КӨШЕТ ЕГІЛДІ

"Таза Қазақстан" акциясының "Жасыл аймақ" апталығының бір күні Металлургтер саябағында ағаш көшеттерін отырғызу шарасымен жалғасты. Акцияға «Тұран» коммуналдық мекемесімен қатар, Тұран ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, Шымкент қаласының Цифрландыру басқармасы мен Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының ұжымдары, еріктілер қатысып, саябаққа 100-ден аса қаратал көшеттерін екті.

«Таза Қазақстан» науқандық жұмыс болып қалмай, әрі қарай жалғасады. Айналамыздың тазалығы мен көркіне бәріміз жауаптымыз. Осы уақытқа дейін аудан көлемінде 1000 тал ектік. Ал, бүгін саябақтың ашық жерлеріне100 түп көшет отырғыздық,— дейді Тұран ауданының әкімі Берік Әшірбеков.

Саябаққа, сондай-ақ, Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының әртістері де келіп, қолдарына күрек алып, тал екті.

«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген қазақпыз. Жұтатын ауамыздың тазалығы маңызды. Осы саябақтардағы талдарды да біздің әкелеріміз бен ағаларымыз еккен ғой, сол сияқты біз де парызымыз деп санап, осы науқанға атсалысуға келдік. Елімізді, қаламызды таза ұстау міндетіміз, — дейді әзілкештер.

Тілге тиек етейік, бүгінгі таңда мегаполисте 8 саябақ, 39 гүлзар бар. Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасының мамандарының айтуынша, 30 жыл ішінде экология саласында көп жұмыс атқарылды. Статистикаға сәйкес, еуропа елдерінде әр адамға 24 шаршы метр жасыл желек келеді. Шымкентте әзірге 5-6 шаршы метр. Жан басына шаққандағы жалпы стандарт бойынша жасыл желектер кемінде 10 шаршы метр болуы керек. Қала әкімдігі қызметкерлерінің жоспарлары бойынша, қаланы көгалдандыруға және абаттандыруға байланысты әзірленген арнайы бағдарламаға сәйкес, 2025 жылға қарай қосымша 23 гүлзар, 4 саябақ салынады.

Оқылды 136 рет