Жексенбі, 14 Сәуір 2024 12:04

Түркістан облысында орман шаруашылығы жанданады

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында ел аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд. және қалалар мен елді мекендер аумағына 15 млн. ағаш көшеттерін отырғызу керек екені айтылған. Осыған сәйкес, Түркістан облысында 110 210 гектар жерге 170 млн. ағаш көшеттері отырғызылады.

Облыс әкімдігі мен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бірлескен «Кешенді жоспар» аясында тиісті жұмыстар жүргізіліп, ауқымды шара 5 жылда жүзеге асады. Осы бағытта облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев және басқарма басшысының орынбасары Болысбек Шәріпбеков кешенді жоспардың орындалу барысын қадағалау үшін Шардара, Созақ аудандарындағы орман шаруашылығы мекемелеріне барып, аталған жоспар бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, облыс аумағында заманауи тұқымбақтар ашу және орман шаруашылығы тұқымбақтарында өндірілетін көшеттердің сапасын жақсарту мақсатында басқарма тарапынан Шардара және Созақ орман шаруашылығы мекемелерінің теңгеріміндегі тақымбақтардың жұмысымен танысып, алдағы уақытта дамыту мәселелері талқыланды.

Басқарма басшысы облыс әкімінің тапсырмасы аясында елді мекендерде заманауи тұқымбақ ашып, жергілікті тұрғындарды ағаш егуге ынталандыру қажеттігін жеткізіп, орман қорын молайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар бақылауында болатынын айтты.

Бұдан өзге Қайрат Абдуалиев Шардара ауданындағы балық өсіруші және балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлермен бас қосып, саланың болашағын талқылады. Кездесуде балық шаруашылығын дамытуда мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтіліп жатқанын айтып, балық шаруашылығын одан әрі дамыту қажеттігін жеткізді. Ауданға арнайы іссапармен барған басқарма басшысы Ақалтын ауыл округіндегі «Болашақ» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Шаруа қожалығында бүгінде 200 тоннаға жуық балық өндіріліп, оның 140 тоннасы сатылған. Кәсіпкер мемлекет тарапынан несие алып, шаруашылыққа қарасты балық өңдеу зауыты мен тоғанды балық шаруашылығын ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Одан соң Тұрысбеков ауылдық округіне қарасты Қызылқұм каналының бойына барды. Онда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында балық шаруашылығын дамытуға ниет білдіруші азаматтарға тоғанды дайындап беру жұмыстарымен танысты. Қазіргі уақытта облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Тұран су» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің арнайы техникасы жеткізіліп, тоғанды қазу жұмыстары жүргізілуде.

Облыстың орман тұқымбақтарының көлемі екі есеге ұлғайып, онда әр жылы 35-40 млн әртүрлі ағаш көшеттері өсіріледі. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылған «Сексеуілді сақтайық» республикалық ақпараттық науқанның аясында бұдан біраз бұрын Түркістанда арт-инсталляция ашылғанын да болатын. Құмды шөлдің қорғаны, «шөл даланың падишасы» атанған сексеуілді қорғау, сақтау, оны пайдалануға тыйым салу төңірегіндегі мәселелелер осыдан бірнеше жыл бұрын Түркістан облысы әкімінің сол кездегі орынбасары Ұлан Тәжібаев пен БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш қатысқан басқосуда да көтерілген-ді.

Шөлейтті дала құм көшкінін «кісендеп» ұстайтын, ұлан-ғайыр адырлардың топырағын эрозиядан сақтап, дауылдардан қорғайтын сексеуілдің басым бөлігі Отырар, Созақ, Шардара аудандарында өседі. Сексеуіл алқаптарын ұлғайту мақсатында әр жылы 11 400 га, оның ішінде 900 га сексеуілді көшеттерімен егу және 10500 га тұқымынан себу арқылы мәдени екпе алқаптарын құру жұмыстары жоспарланып, мерзімінде атқарылуда.

Түркістан облысында 3 млн 131 мың гектар орман қоры жерлері бар, оның 50 % -дан астамы орманмен көмкерілген. Өткен жылы орманды молайту шаралары бойынша 11 610 гектар жерге мәдени орман екпелерін жүргізу жоспарланып, толығымен орындалды. ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында Республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған болатын. Осыған орай биыл Түркістан облысында 30 млн дана тал егіледі деп жоспарланып отыр.

Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту және тұрақтандыру мақсатында қала айналасынан 2019-2023 жылдары 7700 гектар аумаққа «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, қазіргі таңда 4 жылға жоспарланған меже артығымен орындалды. Дәл осы тұста әр талды егіп, баптаудың оңай соқпайтынын атап өткен жөн. Түркістан облысының климатына байланысты көшеттердің жерсінуі 50 % -дан аспайды. Өзге өңірлерде 70% төңірегінде. Су тапшылығы кезең-кезеңмен шешілуде. Әр тал жеке-жеке суарылады. Алда облыс орталығының айналысындағы 20 мың гектар аумаққа жасыл белдеу қалыптасатын болады.

Облыс көлемінде 5 жылда 110 210 гектар жерге 170 млн. ағаш көшеттерін отырғызу бойынша Кешенді жоспар бекітіліп, жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Облыс әкімдігіне қарасты орман шаруашылығы мекемелеріндегі 21 питомникте бүгінде 8,6 млн. аса әртүрлі ағаш көшеттері өсірілуде. Олардың санын 30 млн-нан асыру жоспарланған.

Еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағындағы сексеуіл екпелерінде ағаш кесудің барлық түріне 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін тыйым салынған болатын. Осыған байланысты, сексеуілді заңсыз кесу оқиғаларын тоқтату мен сауда орындарында сатылуының алдын алу барысында орман шаруашылығы мекемелері, аумақтық инспекция, Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мен облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің табиғат қорғау полиция қызметкерлерімен халық арасында түсіндірме жұмыстары мен қатар рейдтік шаралар ұйымдастырып, тұрақты түрде жұмыстар атқарылғанын айта кетейік.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 37 рет