Алқалы басқосуға Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Әбдішүкір Сапарбеков, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ілес Айтжан және аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, аудандағы мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Семинар-кездесу барысында облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбдішүкір Сапарбеков ұрпақ тәрбиесі және бұл бағытта Ардагерлер кеңесінің атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспары жайлы жан-жақты баяндама жасады. Жиналған көпшілікке бүгінгі өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие беретін ақыл-кеңестер айтылды. Өз кезегінде аудан зиялылары да жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктерге тоқталды. Жиналған көпшілік «осындай маңызды мәселе төңірегінде қоғам болып атсалысып, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетуіміз керек» деді.
Тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін тұғыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. Сондықтан да қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл азаматты тәрбиелеу маңызды. Міне, сондықтан Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы білім беру саласына қатысты бірқатар негізгі міндеттерге тоқталған болатын. «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздері енгізілді. былтыр оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған Біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылуда. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған.
Өскелең жас ұрпақты рухани-адамгершілік қасиетке баулу, тәрбиелеу – барлық кезеңде өзекті. Біздің келешегіміз – жас ұрпақ, ал ұрпақ тәрбиесі адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ел ертеңі болар бүгінгі балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу, әлеуметтік тұрғыдан барынша қамтамасыз ету, толыққанды білім алуына жағдай жасау, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау Қазақ елінің ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі.
Тәрбие мен оқыту өзара тығыз байланысты, бір бірінен бөліп алуға болмайтын біртұтас процесс. Білім беру ұйымдарындағы тәрбие пән мазмұны, сынып сағаттарының және мектептен, сыныптан тыс қосымша білім беру мазмұны арқылы жүзеге асады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы қасиетті Түркістан қаласы, Түркі елінің шаңырағында өткізілген «Әділетті Қазақстан - Адал азамат» атты ІІ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек, ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл үлкендердің кінәсі»- дей келе, Әділетті Қазақстанды құру үшін: бүкіл қоғам болып жұмылу керектігін: - ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажеттігін; - халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс екендігін; - әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер болатындығын нақты атап өтті.
Оқу мен тәрбие — егіз, оларды бір – бірінен бөліп қарауға болмайды. Ұлы данамыз Әл – Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» десе, ал В.Белинский: «Бала тәрбиесіне ерекше мән берілуі керек, тәрбиенің арқасында болашақ адамзат тағдырының негізгі мәселесі шешіледі», — деп білгірлікпен дөп басып айтқан.Бала тәрбиесі — өте күрделі процесс. Оның күрделігі бесіктен бастау алып, үнемі уақытпен, бала көңіл – күйімен, жеке қабілетімен, икемділігімен, тізгінді үнемі қадағалау қажеттігімен ұғындырылады. Ойлап қарасақ, тәрбие баланың бал дәуренінен бастап азамат болғанға дейін тәні мен жанына төрт – бес арнамен құйылады.
«Тәртіптің ең тамаша мектебі – отбасы», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», — дейді халқымыз. Иә, ұрпақтың тәрбиесі — қоғамның болашағы және оған аса зор жауапкершілікпен қарау – әрбір саналы азаматтың борышы. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»,- деп М.Әуезов көрегендікпен дәл айтты емес пе? Бала тәрбиесінің дұрыс жолға түсуі оны қоршаған ортаға, әсіресе отбасы мен ұстаздар қауымының парасаттылығына байланысты. Мемлекетімізде қазіргі таңда сапалы білім берумен қатар, болашақ жастарды рухани – адамгершілікке тәрбиелеудің де зор қажеттігі туындап отыр. Әлеуметтік жағдайлардың өзгеріске ұшырауы білім беру мекемелеріндегі тәрбие жұмыстарын тоқырауға әкелді. Қазіргі кезеңде тәрбиеге және тәрбие жұмыстарына деген жаңаша көзқарас қалыптасуда, олардың ізгілік мәні тереңірек ашылуда. Тәрбие даму ретінде қарастырылады, яғни ол педагогикалық қарым-қатынаста адамдық сапаларды сақтау және қалпына келтіру.
Тәрбие жұмысы — педагогтардың нақты міндеті, яғни шәкірт тұлғасын сомдау мәселесін саналы түрде шешуге бағытталған үйлесімді іс-әрекеті. Тәрбие және тәрбие жұмыстары әр баланы қайталанбас тұлға ретінде қарап, оның өзгеше қасиеттерін дамытуы қажет. Әрбір бала — тұлға, өзінше бір әлем, ал әр педагогтың міндеті әр тұлғаны көре білу, жүректеріне жол табу. В.А.Сухомлинский: «Әлемде адам тұлғасынан күрделі, одан бай ешнәрсе жоқ», — деп жазған. Бүгінгі күнде барлық ұстаздардың алдындағы мақсат — өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін тұлға тәрбиелеу болып табылады.
Халықтың болашағы — ұрпағы, ұрпақтың тәрбиесі – ұстазда. Ұстаздың мұраты — жетілген, толыққанды азамат тәрбиелеу. Ал толыққанды азамат қалыптасу үшін – ақыл-ой тәрбиесі, имандылық, еңбек, эстетикалық, тілдік қатынас, дене тәрбиесі, сонымен қатар экологиялық, экономикалық, жыныстық, патриоттық тәрбие берілуі тиіс. Тәрбиенің қалыптасуы – ұстаз, бала, ата-ана еңбегімен байланысты екендігі айқын. Демек, бұлар береке–бірлікпен жұмыс істеп, бұзылмайтын, айнымайтын темір тәртіпке бас игенде ғана іс оң нәтиже таппақ. Бұл ұлдың еркіндігіне, қыздың шіркіндігіне қойылытын жоғары талап. Сондықтан да осы үш негіз бірлесе отырып жұмыс жасаса өкінбейтініміз анық.
Тәрбие мәселесін тек мектеп пен ұстаздар қауымының мойнына арта салумен іс бітпейді. Оның нәтижелі болуы ата-аналар мен қоғамдық ортаның тәрбие ісінен шет қалмай белсене араласуына, адам тәрбиелеудегі жауапкершілікті бірлесе қөтеріп, жұмыла істеуге тікелей байланысты. Ол жөнінде Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заң жобасында «Ата-аналар балалардың өмірі мен оқуы үшін олардың денсаулықтарын, рухани әрі дене қуатының қауіпсіз дамуын, адамгершілігі жағынан дұрыс қамтамасыз етуге міндетті» делінген.
Қазіргі таңда тәрбиенің теориясымен практикасының өзекті мәселелерінің бірі – білім-тәрбие жүйесінің мақсатын белгілей білу. Мәселен, «мен оқушыларымның бойынан қандай қасиеттерді көргім келеді немесе болашақта қандай азамат болып өссе екен деп ойлаймын», осындай сауалдарға жауап іздеу барысында оқушыларға тәлім – тәрбие берудегі басты – басты мақсаттарды анықтап алуға болады. Жаңа заман адамдарын тәрбиелеуде ұстаз қауымына өмірдің өзі осыны талап етіп отыр. Ал ұстаздардың осы талап тұрғысынан табылуы, олардың адам тәрбиесіне өнер деп қарап, үнемі шығармашылықпен іздене жүргізуіне, мектеп басшыларының күнделікті бақылау басшылығына, әр ұстаздың бойындағы жақсы қасиетті, өнегелі істі танып көре білуіне, оны үлгі-өнеге етуіне байланысты.
Егеменді еліміздің ертеңі өткен тарихымызбен тығыз сабақтасып келеді. «Жаста берген тәрбие – жас шыбықты игендей», — деп Ы. Алтынсарин айтқандай, халқымыздың сан ғасырлық тарихынан өзек тартатын рухани мұрасын ұрпақ бойына сіңіргенде ғана еліміздің жұлдызы жанып, әлемдік мәдениетке ұмтылары айқын. Ел басшысынан бастап даладағы еңбекшіге дейін мектеп босағасынан өтіп, тәрбие алып шығатыны белгілі. Болашақ – жастардікі, тәуелсіз Қазақстанның тірегі — бүгінгі мектеп партасында отырғандар деп айтатынымыз рас. Бұл жас жеткіншектер арасындағы тәрбие жұмыстарын жоғары деңгейге көтеруге меңзейді. Ұлтымыздың асыл қасиеттерін саналарына сіңірген ұлтжанды жастар ғана еліміздің ертеңі, мектебіміздің, отбасымыздың тірегі бола алады.
Тәрбие үрдісінде ұстаздың білім өресі мен әдіскерлік шеберлігі, жеке басының үлгісі, шешуші роль атқаратынын ұмытуға болмайды. Шәкірттер өз ұстаздарының жүріс-тұрысына, мінез–құлқына, іс-әрекетіне, дүниетану көзқарасына еліктемей тұра алмайды. Орыстың ұлы педагогы К.Ушинский: «Тәрбиенің қайнар көзі тек адамның жеке басының өнегесіне негізделген. Ешқандай жарғы да, бағдарлама да, ешқандай орынның жасанды әрекеті де оның орнын баса алмайды» деп текке айтпаған.
Оқушы жастардың жүрегін тебірентіп, ой-сезіміне әсер ету үшін біріншіден, тәрбиеші ұстаздың саяси сауатты, жан–жақты энциклопедиялық мол білімі болуы шарт, екіншіден, тәлімгер ұстаз өз бойындағы білімді оқушы жүрегіне еркін ұялата аларлықтай әдіскерлік шеберлігі қажет, үшіншіден, мұғалім оқу–тәрбие үрдісін жүргізу кезінде оқушының психологиялық ой-өрісінің өсу, даму дәрежесін бақылай, тамыршыдай тап басып білетіндей сезімтал психолог болуы керек. Яғни А.Н.Толстойша айтқанда «Мұғалім өн бойына өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса ғана ол нағыз ұстаз».
Егеменді ел болып, етек-жеңімізді енді ғана жинап болған қазіргі шақта халқымыздың тәлім–тәрбиесін игерген, рухани бай, ел болашағын ойлайтын, парасатты да саналы азамат тәрбиелеу-біздің, ұстаздардың басты міндеті. Білім мен тәрбиені сабақ барысында ұштастырып, бірлікте оқыту — әрбір ұстаздың басты шарты болса, сынып жетекшілері тек сабақта ғана емес, сабақтан тыс уақытта да іздене жүріп, оқушылардың бойына тәрбиенің, соның ішінде ұлттық тәрбиенің, ең ізгісін, ең асылын сіңіре білуі керек.
Тәрбие жолы — қиын жол. Өмірді өрнектейтін адам –ұстаз шәкірт алдындағы парызын ешуақытта ұмытпайды. Мүлт етсе үлкен қателік жіберіп алатынын біледі. Ал тәрбиеде кеткен қателікті түзеу оңай іс емес. Мектептегі әр ұстаз ізденуді, білім беруді, баулуды, тәрбиелеуді, шығармашылықпен еңбек етуді абыройлы міндет, айбынды мақсаты деп біледі . Жас ұрпақты білімді, жан- жақты етіп өсіруге әрбір ата-ана, мектеп және бүкіл жұртшылық болып қатысу керек. Сондықтан да ұстаздар қауымы сапалы білім бере отырып, еліміздің болашақ жастарын ұлағаттылыққа тәрбиелеуі маңызды.
Қазіргі таңда елімізде енгізілген жаңарған білім беру бағдарламасы аясында үш тілді қатар оқыту мәселесі жолға қойылғандығын ата-аналар мен ұстаздар оңынан қабылдады деп айтуға болады. Жалпы айта кетерлік мәселе, мұғалімдердің сабақтағы әдістемесін өзгерту, оқулықтарды қайта шығару оңай дүние емес. Әрбір істе, әсіресе бастапқы кезеңде қиыншылықтардың болуы заңдылық. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша енгізіліп жатқан оқу-құрал әдістемелері ұстаздардың өздеріне де, оқушыларға да өте қолайлы екен.
Оқу бағдарламасы мұғалім шығармашылығына еркіндік беретінін атап өту керек. Мұнда ұстаз да, оқушы да басты рөл атқарып, ұстаз оқушыны өз бетінше ізденіп, көбірек мәлімет жинауға ынталандыратыны қуантты. Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалауда да үлкен ерекшелік бар. «Бес саусақ бірдей емес» демекші, бағдарламаны толық меңгере алмайтын оқушылармен қосымша жұмыс істеу де жаңа бағдарламада қарастырылған екен.
Баланы тәрбиелеу - баршаның ісі. Адамгершілік асыл қасиеттер адамды арман мұратына жеткізсе, ал жаман қылық жат әрекеттердің зияны тиіп, жаманшылыққа ұшыратып жатады. Қазақтың ұлттық педагогикасындағы мол қазына деп әдеп, бірлік, сыйластық тәрбиесін айтуға болады. «Әдепті бала» оқу іс-әрекетінде, әдеп тәрбиесі балаларға ізеттілікке, сыпайлыққа инабаттылыққа тәрбиелейді.
Балаларды адалдыққа, әділеттікке, ерлікке, әсемдікке, достыққа үйретуіміз керек, жамандықтан, өтіріктен, зұлымдықтан аулақ болуға тәрбиелеуіміз керек. Осының барлығы баланы табиғи ортаны қорғау, өмір сүру қабілетін қалыптастыру, халықтың салт-сана, дәстүр, әдет-ғұрпын білуге үйрету арқылы, болашақта ары таза, рухани байлығы мол, ізетті, инабатты, сегіз қырлы бір сырлы тұлға тәрбиелеуге бағытталған. Болашақ азаматтарымыз, біріншіден саяси өмірге белсене араласатын, өзіндік ойы, талғамы бар, жауапкершілігі мол болуы керек.
Екіншіден, өз халқының мәдени-тарихи байлығын, жалпы адамзаттың мәдени мұрасымен ұштастыра білу керек. Үшіншіден, өздері дұрыс шешім қабылдай алатын, өз құқығын білетін болуы керек. Төртіншіден, өз ойын еркін жеткізе алатын, шығармашылығы дамыған адам болуы керек. Педагог баланың келешегіне, мақсатына жетуіне, қиындықтарын жеңе білуіне әсер ете білуі қажет.
Бала тәрбиесіндегі педагогтың рөлі зор. Баланың қабілеті мен қажеттіліктерінің қалыптасуына мүмкінлігі мол, ол әлеуметтік орта және тәрбиемен тығыз байланысты. Сапалы білім саналы тәрбиемен ұштасқанда ғана қоғам өзінің рухани дамуында нәтижеге жетеді. Бала жүйелі білім алып, алған білімін есте сақтап және сол білімді тәжірибеде пайдалана білгені ғана жеке тұлға ретінде қалыптасады. Бала ұлттың болашағы дегім келеді. Педагогпен пен ата-ананың тәрбиелік тұрғыдан мақсатына жетуіне көмектеседі. Сондықтан ата-ана, педагогтар болып, жас ұрпаққа жан-жақты тәрбие беру тәжірбиесін назарда ұстағанымыз абзал.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат