Бәсекеге қабілетті заманауи қазақ өнерін дамыту және қоғамның мәдени санасын арттыру, сонымен қатар дарынды, зияткер жастарға қолдау әрі тәлімгерлік көрсету мақсатында ұйымдастырылған шараға ҚР Парламенті сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Креативті индустриялар департаментінің басшысы Гүлісхан Нахбаева, «Қазпошта» АҚ Басқарушы директоры Ержан Қазанбаев қатысты. «ÓzgeEpic» креатив хабының Түркістанда ашылуы аймақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашып, мәдениет пен креативті индустрияның өркендеуіне серпін береді. Шара барысында облыс әкімінің орынбасары сөз сөйлеп, бүгінгі жиынның ел руханиятын өсіруге ықпалы мол екенін айтты.
– Қазір азаматтардың шығармашылық әлеуетіне, зияткерлік капиталына басымдық беретін кезең. Өйткені бұл – креативті индустрияның қайнар көзі. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда шығармашыл азаматтардың басын біріктіретін орталық құру маңызды деп атап өткен болатын. «ÓzgeEpic» креатив хабының әлемдік өре сайысында ұлттық құндылықтарымыздың, қазақ халқының зияткерлік әлеуеті танылуы үшін еңбек етері сөзсіз. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, креативті индустрия тұтас мемлекеттердің болмысын айқындайтын, ұштайтын бірегей салаға айналып келеді. Бүгінде барлық ел креатив салаларды даму стратегиясының маңызды бөлігі әрі экономикалық табыс көзі ретінде дамытып жатыр, – деді ол.
Өнер кеңістігінің ашылу салтанатында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова «ÓzgeEpic» креатив хабы мен университеттің бірлескен жобаларын таныстырды. Сондай-ақ ресми ашылу рәсімі аясында Canon компаниясы «ÓzgeEpic» креативті хабының қолдауымен көру қабілеті нашар адамдар мен көру қабілеті қалыпты адамдар арасындағы шекараны жоюға бағытталған «Көрінбейтін әлем» көрмесі ұйымдастырды. Бұл бастама инклюзивтілікке және заманауи өнер мен технологиялардың қабылдау айырмашылықтарына қарамастан адамдардың өнер аясында біріге алатындығын көрсететін маңызды қадам болмақ. Елімізде шамамен көру қабілеті нашар 160 мың адам бар. «ÓzgeEpic» креатив хабы 2019 жылы еліміздегі алғашқы әлеуметтік-мәдени кеңістік ретінде құрылған болатын. Түркістан қаласында 2022 жылдан бері тұрақты түрде жұмыс істеп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында креативті индустрияны экономиканы өркендететін, халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін бағыт ретінде атап көрсеткен еді. Кейінгі жылдары елімізде бұл салаға ерекше көңіл бөлініп келеді.Қазіргі таңда экономиканың басым бағыттарының біріне айналып отырған креативті индустрия – қаржының ерекше саласы. Ол біраз елдерде мемлекеттік қолдауға ие болып, нарықта ІЖӨ-ге қосқан үлесі 3%, ал кейбір дамыған елдерде 10-12%-ды құрайды.
«Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналды. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес. Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе», деген еді Қ.Тоқаев.
Осы орайда Президент Жолдауда бірқатар тапсырма берді. Мәселен, қазіргі таңда креативті индустрия орталықтары 3 ірі қалада (Астана, Алматы, Шымкент) шоғырланғанын, өңірлер назардан тыс қалып отырғанына тоқталды. Мемлекет басшысының пайымдауынша, дарынды азаматтарды өзіне тартатын орындар, яғни кретивті индустрия орталықтары барлық облыс орталығында болуға тиіс. Онда креативті адамдардың өз өнімін коммерцияландыруына көмек көрсетілуі керек.
«Креативті индустрия субъектілері өндіріс ерекшелігіне байланысты кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына толық қатыса алмайды, қаржылай көмек те ала алмайды. Оларға қолдау көрсетуге арналған шаралардың жеке топтамасын әзірлеу қажет деп санаймын», деді Қ.Тоқаев.Мемлекет басшысының креативті индустрияны дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қызу жұмыс басталды. Мәселен, Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірге кешенді шара қабылдады. Сала басшысы Аида Балаеваның айтуынша, негізгі мақсат – шығармашылық субъектілеріне салықты жеңілдету. Осы кешенді жұмыстың нәтижесінде Үкімет арнайы қаулы қабылдады. Құжатқа сәйкес, 40 қызмет түрі арнайы бөлшек салық режіміне өтті. Яғни бизнес КТС, жеке табыс салығы, ҚҚС төлеуден босатылды.
«Аталған қызмет түрлерімен айналысатын субъектілер енді бірыңғай салықты ғана төлейді. Бұл жеке кәсіпкерлер үшін 2 пайыздан 4 пайызға дейін, ЖШС үшін 8 пайызға дейін болады. Тек компанияның жылдық айналымы 2,2 миллиард теңгеден аспауы, ал штатта 200 адамнан көп болмауы қажет. Салықты жеңілдету кино, бейнеконтент пен телебағдарламаларды өндіруге және одан кейінгі өндіріске, музыкалық шығармаларға дыбыс жазу мен басып шығаруға, театр және музей өнеріне, сәулет және дизайнға, қолөнер бұйымдарына, халық шығармашылығына және кәдесыйлар өндірісіне әсер етеді. Осы қолдау шарасын әзірлеу барысында халықаралық тәжірибені мұқият талдағанымызды атап өткім келеді. Ең озық елдердің (Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея) тәжірибесі креативті индустрияны дамыту үшін салықты жеңілдетуге ерекше мән беру керектігін көрсетеді. Аталған жұмыс – саланы ауқымды дамытуға бағытталған алғашқы қадамдардың бірі. Бұл осы саладағы игілікті бастамалардың бірі деп білеміз», дейді Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева.
Креативті индустрияға елімізде енді-енді ден қойылып келеді. Әзірге бұл саланы экономиканың драйвері деп атау қиын. Дамыған елдердегідей Қазақстан қомақты пайда тауып отырмағаны да түсінікті. Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков мұның бірнеше себебін айтады. Біріншіден, ел тұрғындары көз көріп жүрген бизнес түрлерінен өзгесіне бет бұра бермейді.
Мәселен, жұмыспен қамту орталықтарына ұсынылған бизнес-идеяларды қарасақ, тігін тігу, торт пісіруден аспайды. Әрине, бұл бағытта жұмыс істеп, табыс тапқанына қарсы емеспіз, қайта қуанамыз. Бірақ екінің бірі айналысуға қолжетімді болғандықтан, бәсеке жоғары, қажырлы еңбекті талап етеді. Сондықтан креативті индустрияның мүмкіндіктерін халыққа жан-жақты түсіндіру жолға қойылғаны дұрыс. Жалпы бізде ұлттық экономиканы дамытуда өзіндік үлесі бар креативті индустрияның сәулет, сән, өнер, музыка, дизайн, кино, IT-технологиялар мен халық қолөнері секілді шығармашылық бағыттары жұмыс істейді. Бұған дейін аталған экономиканың нақты анықтамасы мен тізбесі болмаған. Тек Үкіметтің өткен жылғы 6 маусымдағы №448 қаулысымен осы қызмет түрлерінің тізбесі бекітілді. Оған 43 экономикалық қызметтің жалпы жіктемесі енгізіліп, 32 мың кәсіпкерлік субъектісінде 300 мыңға тарта адам жұмыс істейді. Негізгі капиталға салынған инвестиция 35 млрд теңгеге жуық болса, ел экономикасына қосқан үлесі – шамамен 2,7%.
Жалпы келер жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында жаңа жұмыс орындарын құрып, креативті де білімді жастарды жұмыспен қамту міндеттері көзделген еді. Оған қоса, Ұлттық экономика министрлігі креативті индустрияны дамытуда ІЖӨ-ге салымды 3%-ға, жұмыспен қамтылғандардың үлесін 4%-ға дейін ұлғайтып, шағын және орта бизнес санын 80 мың бірлікке дейін жеткізуге, сонымен қатар өнім экспортын 200 млн долларға арттыруға мүмкіндік беруге тиіс деген болжам жасайды. Қалай десек те алдымыздағы жылы креативті индустрияның Қазақстан экономикасына қосқан үлесі 5%-ға жетуі керек.
Еліміздің болашағы жас жеткіншектердің білім дәрежесінің тереңдігімен өлшенеді. Қазіргі заманғы білім беру – әлеуметтік құрылымның маңызды элементтерінің біріне айналды. Қазіргі жастар арасында ойы ұшқыр, болашаққа деген үміті зор, ұлт тағдырына бей-жай қарамайтын азамат көп. Сондықтан санасы тұнық, жан-жақты, бәсекеге қабілетті, креативті ойлайтын, ертеңгі күні қоғамда өз орнын табатын жеке тұлғаны тәрбиелеп шығару бүгінгі күнде аса маңызды мәселе. Ал «креативтілік» дегенімізге тез ойлап табу, жаңалық ашу, терең сезім, толғаныс, интеллектуалдық биіктік, ұшқыр ойлылық деп анықтама беріледі. Креативтілік – еліміздің өркендеуіне, дамуына дем береді, белгілі деңгейдегі нәтижеге жетуге жол ашады. Адами капиталды дамыту – креативтік қоғам құруды және білімдер экономикасына өтуді қамтитын түрлендірулер. Бұл жердегі міндет халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру.Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында креативті индустрия – медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру және ақпарттық технологиялар саласын қамтитын және жұмыспен қамтуға ықпал ететін экономика сектоы ретінде айқындалған.
Бүгінде әлем елдері зияткерлік, инновация және шығармашылыққа негізделген экономиканы дамытуға назар аударып, оған басымдық бере бастады. Креативті индустрия барша мемлекеттерде экономиканың қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі саналады. Креативті индустрияның негізгі сипаттамалары шығармашылық қызметтің түрлі салаларында көрінеді. Мәселен, инновациялық технологиялардың орны ерекше: ойындарды әзірлеген кезде, бағдарламалық өнімдердің сан түрінде, виртуалды немесе шынайы өнімдерде, музыка, өнер, жарнама, сәулет, кинемотография, анимация, дизайн және шығармашылық қызметпен тікелей немесе жанама түрде байланыста болуы. Қазіргі жаhандану дәуірінде көпшілік креативті индустрияны жаңа экономикалық дамуға бастайтынын қадам ретінде көреді. Дегенмен, әзірге шығармашылық салалардың жалпыға бірдей қабылданған анықтамасы жоқ. Әлемде алғаш рет 2000 жылдары креативті индустрия жайлы айтыла бастады. Креативті экономикада өркендеген елдердің тәжірбиесі көрсеткендей, бастапқы кезеңде идеяны шындыққа айналдыру жолында мемлекеттің қолдауы маңызды. 2004 жылы БҰҰ-ның сауда және даму жөніндегі конференциясы өнер, мәдениет, бизнес және технологияларды тоғыстырған экономика секторын «креативті индустрия» деп атады.
Дамыған елдер ондаған жылдар бойы креативті индустрияны қалыптастыруға баса назар аударып келеді. Бүгінгі таңда бұл сала жылына шамамен 2,3 трлн доллар табуда. Креативті индустрияның жаhандық экспорты 250 млрд долларға тең. Жаhандық инновациялық индекске сәйкес, биыл креативті экономика бойынша 132 елдің ішінде Швейцария, Швеция, АҚШ, Ұлыбритания және Сингапур көш бастады. Қазіргі зерттеушілер креативті индустрияны мынандай үш модельге бөліп қарастырады: америкалық, скандинавиялық және шығыс-азиялық. Бізде креативті индустрия мәслелері «Мәдениет туралы» ҚР Заңымен және 2021-2025 жылдарға арналған креативті индустияны дамыту тұжырымдамасымен реттеледі.
Креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы ҚР 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын іске асыру үшін әзірленді. Креативті индустрияларға шикізаты қиял, шығармашылық және зияткерлік капитал болып табылатын экономика секторлары жатады. Мәдениет пен өнердегі классикалық түсінікпен байланысты экономиканың дәстүрлі секторларынан басқа, креативті индустрияларға цифрлық секторды, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметті, ақпарат пен байланыс секторын жатқызуға болады.
Бүгінде дамыған мемлекеттермен бірге біздің еліміз де креативті индустрия арқылы туризм, сауда, білім беру секілді салаларды да қатар дамытып келеді. Иә, креативті индустрия ел үшін маңызды экономикалық артықшылықтың бірі екені рас. Әлемде бұл нағыз инклюзивті экономиканың даму көзі болып тұр. Азаматтардың шығармашылық әлеуеті мен зияткерлік капиталына негізделген «шығармашылық өндіріс» болашақта экономиканың ең маңызды саласына айналуы әбден мүмкін. Қорыта айтқанда, креативті индустрияны дамыту экономикаға тың серпін беретіні анық. Кейінгі жылдары қазақ тілінде контент жасаушылардың да, көрермендердің де артқанын ескерсек, бұл саланың мүмкіндігі мол. Құзыретті мекемелер аталған саланы заңнамалық тұрғыда нақтылауға күш салып жатыр, ендігі міндет – жұмысты жетесіне жеткізіп орындау.
«AQ-QARA.KZ»- ақпарат