Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024 15:55

Түркістанға Жамбыл облысынан «Достық керуені» келді

Түркістандағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық керуені» жобасы аясында «Таразым – Тұмарым, Түркістаным – Тұраным» атты салтанатты іс-шара өтті. Аталған шара Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ мен Жамбыл облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылды.

Жиынның мақсаты – өңірлердегі қоғамдық келісімді нығайту бағытында тәжірибе алмасу, ҚХА этномәдени бірлестік мүшелерінің халықпен кездесулерін өткізу және коммуникациялар қалыптастыру, биылғы XXXІІІ сессия тапсырмасына сәйкес ҚХА жобаларын ілгерілету, «Cалауатты сана» жобасын кеңінен насихаттау. Алдымен жамбылдық делегация Түркістан төрінде жаңадан бой көтерген «Достық үйін» аралап көрді және этномәдени бірлестіктердің көрмесімен танысты. Делегация құрамында этномәдени бірлестік жетекшілері, Ақсақалдар, Аналар кеңесінің төрағасы, орынбасары, ардагерлер, «Ассамблея жастары» жетекшісі, мүшелері, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері, облыстық Кенен Әзірбаев атындағы филармония әншілері, БАҚ өкілдері болды.

«Достық үйінде» өткен салтанатты іс-шараға өңірдегі ҚХА жанындағы Ақсақалдар, Аналар кеңестерінің төрағалары мен төрайымдары, мүшелері және этномәдени бірлестіктер жетекшілері мен өкілдері қатысты. Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов «Достық керуені» жобасының ел ынтымағы мен жалпыұлттық бірлікті арттыруда маңызы жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ іс-шарада Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева және Жамбыл облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сейілхан Асқарбек қоғамдағы бірлік пен келісімді ілгерілету, жастарды позитивті этносаралық қарым-қатынас мәдениетіне тәрбиелеу жайында келелі әңгіме, салиқалы сөз қозғады.

Бірлікті бекемдеген басқосуда Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жинақбаева сөз сөйлеп, іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Бұдан соң салтанатты шара Жамбыл облыстық филормониясының концерттік бағдарламасына ұласты. Шара барысында көршілес қос өңір арасындағы әріптестік, достық байланысты және этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар ҚХА мүшелері Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаевтың атынан Алғыс хаттармен марапатталды.

Тәуелсіз Қазақстанның 33 жыл ішінде қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі қазіргі заманғы қазақ қоғамында ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық болып табылады. Бұған негіз болған 30 жыл бойына 18-қазан күні аталып өтілетін Рухани келісім күні! Егемендік алғаннан бері бұл күнді ерекше атап өтудегі мақсат -  еліміздегі 17 конфессия мен 130-дан астам ұлт өкілдіренің басын біріктіру, тұрақтылық пен тыныштық орнату. Бүгінгі таңда рухани келісім көптеген елдер үшін бірінші кезектегі міндетке айналды. Осы жағдайда Қазақстан ұлттық бірлігіне негізделген тұрақтылықты көрсетіп отыр. Елімізде өмір сүретін этностардың ауызбірлігі мен төзімділігі қазақстандықтар үшін егемендік құру жолындағы күрделі кезеңдерден өтуге жәрдемдесті және әлі күнге дейін ел дамуына үлкен күш-қуат беріп отыр. Көпұлтты еліміз үшін бұл күннің маңызы зор. 1992 жылдың қазанында Алматыда сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен тұңғыш рет Дүниежүзілік рухани келісім конгресі өткен болатын. Аллa Тағаланың рахымымен, халқымыздың талпынысымен Ислам діні Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Нәтижесінде мешітке келушілер мен намазға жығылушылар саны күн сайын артуда.

Біз біртұтас ел болып қуатты қоғамға айналдық, бейбіт өмір, қоғамдағы көпұлтты қазақстандықтардың ұлтаралық татулығы мен ынтымағының арқасында бой көтерді. Дегенмен, сын қатерлер аз емес, жаңа белестерді бағындырып бірегей құрылым артында ел бірлігін тағы да нығайтуымыз қажет. Еліміздегі бірлік пен ынтымақты дәріптейтін бір ғана конституциялық статусқа ие болған патриоттық қоғамдық институт яғни, бұл Қазақстан халқы Ассамблеясы.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХI сессиясында Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің 3 негіз құраушы басымдығын айқындап берді. Біріншісі – саяси реформаларды жүзеге асыру ісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін күшейту. Екінші – ақпараттық жұмыстарды күшейту және Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы әлеуетін арттыру. Үшінші басымдық – құқық қорғау қызметін күшейту. Өңірде этностық теңсіздікке жол бермеуге, мәдени және тілдік оқшаулануды болдырмауға назар аударылып келеді.

Қазақ халқы – мемлекетіміздің өзегі, тірегі, негізі және қоғамдық келісімнің қалыптасуында маңызды тарихи рөл атқарады. Сондықтан қазақ тілінің этносаралық коммуникация тілі ретіндегі шоғырландырушы әлеуетін іске асыру – басты міндетіміздің бірі. Елдегі бейбітшілікті, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы жауапкершілікті сезіне отырып, Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құрудағы жүйелі бастамаларын жүзеге асыруымыз қажет. Бұл ретте Түркістан облысын қоғамдық келісімнің, бірліктің үлгісі ретінде дамыту– баршаға ортақ шаруа.

Бірлік пен ынтымақ мемлекетіміздің тұрақты дамуына жол бастайды. Бірліктің арқасында еліміз әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрақтылыққа қол жеткізе білді. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 6 жыл толып отыр. Осы қысқа ғана уақытта облысты4 жаңа дәуірі басталды. Жүздеген нысан бой көтеріп, жаңара түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беруді тапсырмасы аясында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Түркістан облысында 11 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде. Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІ сессиясында Мемлекет Басшысы «Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Бұл – табиғи үрдіс» - деді.

Қазақстан –  небір қиындықты бастан кешірген мемлекет. Бірақ әрдайым ғасырлар көшінде жасап, гүлденіп, тағдырдың тартысымен арпалысып келеді. Соның нәтижесінде, тәуелсіздігін алып, бейбітшілікке қол жеткізді. Ал, оның негізі, түп-тамыры – xалықтың бірлігінде, татулығында, біртұтастығында.Еліміздің этносаясатын күшейту, ел бірлігін нығайту бағытындағы елеулі қадам 2008 жылы жасалды деуге болады. Осы жылы қабылданған Қазақстанның ел бірлігі доктринасы көп мәселелердің шешілуіне түрткі болды. Аталмыш маңызды құжатта еліміздегі барлық этнос өкілдерін біріктірудің маңызды негізгі мақсаттары мен ұлттық бірлікке жету міндеті қойылған. Тұтастай алғанда, этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімге қатысты мемлекеттік саясатты жүргізудің нәтижесінде бұл салада саяси-құқықтық үлгі қалыптасты. Бұл үлгіде жергілікті халықтар, яғни, қазақтар мәдени-тарихи өркениетті өзек ретінде көрініп, мемлекет құраушы негізгі ұлт ретінде танылған.

Сан түрлі ұлттың әртүрлі сенімде болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан, ел бірлігіне қоса діни көзқараста да тұтастық қажет екенін мемлекет басшысы түсініп, бұл мәселені де қолға алды. Осы орайда соңғы жылдары еліміз дін саласында біршама мәселелерді шешіп, діни жаңғыруды бастан өткізіп жатқанын айта кету керек. Шын мәнінде, солақай саясаттың кесірінен бір кездері атеистік көзқарасқа ие болған еліміздің елеулі бөлігі дінге сенушілердің қатарына өте бастады. Уақыт өте «Ұлтаралық және дінаралық келісімнің Қазақстандық моделін жаңғырту жөніндегі 2006-2008-жылдарға арналған бағдарлама» қабылданып, ол табысты жүзеге асырылды. Күрмеуі түйінделген талай мәселені осы бағдарлама айқындап берді. Ал, 2011 жылы елімізде Дін істері агенттігі құрылды. Өмірге жаңадан келген агенттік осы саладағы түйткілдердің шешілуіне мұрындық болды. Және сол жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң қабылданды, жаңа заңның талабына сәйкес діни ұйымдарды қайта тіркеу жүзеге асты. Бұл елімізде сол жылдары қаптап кеткен түрлі діни бірлестіктерді сүзгіден өткізіп, олардың жауапкершілігін көтерді.

Аталмыш Заңды қабылдар алдында елімізде 50-ге жуық конфессия мен деноминацияларды білдіретін 4500-ден астам діни қауымдастық бар болатын. Қайта тіркеу нәтижесінде он жеті конфессияны білдіретін 3100-ден аса діни бірлестіктер қалғаны белгілі болып отыр. Бұл да болса дер кезінде ушыққан мәселені қолға алып, шешілуіне түрткі болған жайт. Өйткені, осынау статистикаға қарап-ақ заңның қоғам жауапкершілігін қалай көтергенін байқаймыз. Шын мәнінде бір республиканың астында он жеті конфессияны насихаттайтын үш мыңнан астам діни бірлестік пен жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілін тату-тәтті ұстап тұру үлкен күш-жігерді қажет етері сөзсіз. Алайда, елімізде тиімді жүргізілген саясаттың арқасында бұл мүмкін бола алып отыр. Негізінен, халқымыздың этно-демографиялық құрамына орай ислам дінін ұстанатындардың көп болуына орай Қазақстан ислам дінді елдер қатарына жатқызылады. Өйткені, халықтың 70 пайыздан астамы мұсылман дінін ұстанады. Алайда, ислам дінінің басымдық етуі басқа діндердің іс-әрекетіне ешқандай кедергі келтірмейтінін байқап отырмыз.

Тәуелсіздігімізге түрлі діни конфессиялардың артуы да еш көлеңке түсіре алмайтынын бір кездері анық дәлелдедік. Елімізде мұсылмандық емес конфессиялардың күрт артқан кездері де болған. Алайда, олардың арасында діни сенім қайшылығы орын алмауын ел саясаты қамтамасыз етті. 2006 жылы елімізде өмір сүріп жатқан негізгі діндер — ислам және христиан мерекелері — демалыс күндері болып жарияланды. Елімізде салынып жатқан мешіттер мен шіркеулердің саны арты түсті. Халықтың діни сауатын арттыру мақсатында дінтанушылар шекара асып, діни білімдерін жетілдіріп келді. Мұның өзі дінге қатысты құрметті арттыра түсіп, азаматтардың діни сеніміне қатысты құрметті арттыра түсті. Ел ішінде дінге бет бұрған азаматтардың қатары арта түскені осының дәлелі бола алады.

Қазақстанда ұлтаралық жағдайлардың дұрыс шешілуінің арқасында ұлтаралық жанжалдар мен қақтығыстар жоқтың қасы. Осының арқасында Қазақстан әлемнің басқа мемлекеттері үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақты дамудың үлгісі бола алды. Осынау береке-бірлігімізді мақтанышпен айтып, ұлттар мен диаспоралары осындай келісімде, түсіністікте өмір сүріп жатқан бірде бір ел жоқ деп айта аламыз. Сонымен қатар, дүниежүзіне этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін паш ету, мемлекет пен саяси элитаны біріктірген Ассамблея құру, ел ауызбірлігі үшін ең қажетті құндылықтарды қалыптастыру еліміздің дамуының негізі болып табылады. Ұлтаралық келісім де үнемі мемлекеттік саясатымыздың негізі болып келеді.

Ассамблеяның бір жұмыс істеу бағыты медиация болуы тегіннен тегін емес. Өйткені, бірлі-жарым ондай оқиғаларды өз мүддесіне жұмыс істеткісі келгендер қай уақытта та болады. Сондықтан, шиеленісті жағдайға жеткізбей, мәселені дер кезінде ауыздықтап отыру бүгінде медиациялық кабинеттердің міндеті десек те болады. Бүгінде бұл шешімнің дұрыс болғанын уақыт дәлелдеп келеді. Осы орайда айта кетер жайт, еліміздің аумағындағы түрлі ұлт пен ұлыстардың ұзақ уақыт бойы түсіністікте өмір сүруі, үлкен қақтығыстарға бармауы, қоян-қолтық тіршілік кешіп, мамыражай өмір сүруіне бұл мемлекеттің түпкі иесі — қазақ халқының қанында бар кеңпейілділігі мен сабырлы-салиқалылығы себеп болып отырғанын елдің даму тарихына жіті қарап отырған кез келген сарапшы жоққа шығармайды. Сондықтан, халықаралық сарапшылар мұны керісінше, жоғары бағалап отыр.

Бүгінгі таңда әлем бойынша түрлі қақтығыстар мен тұрақсыздықтардың барлығы дерлік ұлттар мен діндер өкілдерінің арасындағы қарама-қайшылықтардан, өзара түсіністіктің жоқтығынан туындап жатқанын ескерсек, еліміздегі ауызбіршіліктің маңызы зор екенін түсінеміз. Кезінде талай сарапшылардың елімізді «көп ұзамай-ақ өзара түсініспей, мемлекетті құлатып тынады» деп, «ұлттар лабораториясы» атандырып, ертеңімізге күмәнді болжам айтқанымен, ел бола алатынымызды дәлелдедік. Тіпті, бүгінгі күні еліміздің өз бірлігін сақтап қана қоймай, әлем халқына тұрақтылықты, бейбітшілікті насихаттап, бірнеше жыл қатарынан саяси маңызды халықаралық жиындар өткізуге мұрындық болып, діндер мен ұлттар арасында түсіністіктің қалыптасуына ықпал еткен бірегей тәжірибелі, елге айналуымыз талай елдің ерекше қызығушылығын тудырып отыр.

Ел ішінде қалыптасқан осындай ахуалдың арқасында еліміз ұдайы даму үстінде. Жыл сайын ішкі жалпы өнімнің үлесі артып, зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылар еселеніп көбейіп, халықтың өмір сүру көрсеткіші артып келеді. Бұл, ең алдымен, еліміздегі тұрақтылықтың арқасы екені даусыз. Алдағы уақытта одан әрі дамуды мақсат еткен еліміз бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылуды мақсат етіп отыр. Әрқашан ел ішінде ғана емес, әлемде бейбітшілікті, ауызбіршілікті қолдаған елдің ертеңі жарқын болары сөзсіз. Этносаралық мәселелерді әрқашан әділетті түрде шешіп, еліміздегі барша ұлт пен ұлыстың көңілін табу арқылы, ел егемендігін сақтап, еліміздің дамуына тиімді жағдай жасай алдық. Бүгінгі күні бұл ұстанымымыздың дұрыс болғанын көріп отырмыз. Ең бастысы да — осы!

Қазақстанда өзге барлық ұлттар мен этностардың өкілдеріне білім алу мүмкіндігі берілген және олар оны қолданып та жүр. Бұрынырақта мемлекеттік тілде сөйлейтін қазақ емес адамды табу проблема болатын. Қазір бұл мүлдем сирек кездесетін жайт емес. Еліміздегі барлық этностардың арасында мемлекеттік тілді жақсы білетіндер саны артып келе жатыр. Мемлекеттік тіл жалпы мойындалған азаматтық маркерге айналды және көршілеріміз де соған бара жатыр. Бұл тек мемлекетті құраушы ұлттың тіліне деген құрмет қана емес. Өйткені, тіл барлығын біріктіреді.

Ширек ғасырдың ішінде Ассамблея нәтижелі консультациялық-кеңес органынан өзінің парламенттік өкілі бар жалпыхалықтық институтқа айналды. Ол азаматтық қоғамның әмбебап құрылымының барлық үздік сипаттамасын өзіне сіңіріп, достық, бейбітшілік, тыныштық пен сенім Қазақстанның қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы үшін маңызды үлес қосты. Дәл осы тәуелсіздігіміздің дамуы мен ұлттың қалыптасуы үшін бастапқы шарт болды. Бұл жетістік ең алдымен еліміздің барлық азаматтарының арқасында орын алғаны белгілі.

Қазақстанда этносаралық, конфессияаралық келісімді бұзатын кез келген әрекеттің Конституцияға сай еместігін нақтылайтын заң қабылданғанын атай кеткен жөн.Сол арқылы біз барлық азаматтарымыздың құқығын қорғаймыз. Бұл саладағы Қазақстан саясаты қабылданған барлық халықаралық стандарттарға жауап береді. БҰҰ, ЕҚЫҰ сынды ұйымдар біздің этносаралық қарым-қатынас моделімізге және ұлттар бірлігін нығайтуға бағытталған күш-жігерімізге жоғары баға беріп, жұмысымызды өзгелерге үлгі етіп отыр.

Оқылды 30 рет