Түркістан облысында "Ішімдіксіз ауыл" бастамасы аясында алкоголь өнімдері мүлдем сатылмайтын ауылдар саны жыл сайын артып келеді. Былтырдың өзінде ішімдіксіз ауылдар саны 30-ға жеткен. Оның ішінде, Ордабасы мен Мақтарал аудандарынан 5 ауыл, Келес ауданында – 4, Сайрам ауданында – 3, Қазығұрт, Төлеби және Сауран аудандарында – 2, Отырар, Жетісай және Арыс аудандарында түгелдей бір ауыл тұрғындары спирттік ішімдіктерді сатудан бас тартқан.
Ал, биыл ішімдіксіз ауылдар саны 66-ға жектен. Солардың бірі - Түлкібас ауданындағы Еңбек ауылы. Жалпы 131 үйі, 1 мыңнан аса тұрғыны бар елді мекенде соңғы 3 жылда алкоголь өнімдері мүлдем сатылмайды, ал соңғы 2 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Отбасылық береке мен тыныштықты нығайту — ауыл тұрғындарының басты ұстанымына айналған. Түркістан облысында мектептерде, мешіттер мен мәдениет үйлерінде «Салауатты өмір – жарқын болашақ кепілі» атты кездесулер өткізіліп, жастарға алкогольдің зияны жан-жақты түсіндірілуде. Бүгінде ауыл тұрғындары той-мерекелерді де ішімдіксіз өткізуді дәстүрге айналдырып, қоғамға үлгі боларлық орта қалыптастырған.
Бұл қатарға былтыр Сайрам ауданындағы Ханқорған ауылы да қосылған болатын. Игі бастама ауыл ақсақалдары мен ел ағаларының бастамаларымен қолға алынған еді. Сайрам ауданы әкімінің орынбасары М.Әліпов Ханқорған ауылының тұрғындарымен кездесіп, ауыл жастарының салауатты өмір салтына деген қызығушылығы артқанын айтты. Жалпы Сайрам ауданы бойынша ішімдіксіз ауыл саны 10-ға жетіп отыр. Олардың қатарында Шіркін, Ошақты, Құрлық, Таскешу, Әсіларық, Сарыарық, Тоған, Теспе, Ханқорған, Құтарыс ауылдары бар.
Бұдан бөлек, Арыс қаласындағы - Дермене, Теміржолшы, Орманды, 40-разъезд, Бәйдібек ауданындағы - Түйетас, Жетісай ауданындағы - Алмалы, Келес ауданындағы – Шұқырсай, Мақташы, ал Мақтаарал ауданындағы – Табысты, Ордабасы ауданындағы - Аққойлы, Жусансай, Төреарық және Көлтоған ауылдары, сондай-ақ Отырар ауданындағы – Қарғалы, Сауран ауданындағы – Жүйнек, Шекербұлақ, Төлеби ауданындағы - Алғабас, Оңтүстік және Диханкөл, Қазығұрт ауданындағы – Шарбұлақ ауылы ішімдіксіз ауылдардың қатарына қосылған.
Қазіргі қоғамда салауатты өмір салтын ұстану ұлт болашағын ойлаған әрбір азамат үшін маңызды мәселеге айналып отыр. Әсіресе ауылдық жерлерде ішімдікке салыну, оның салдарынан отбасылық кикілжіңдер, жұмыссыздық пен қылмыс деңгейінің артуы сынды әлеуметтік проблемалар жиі кездесетіні жасырын емес. Осындай түйткілді жою жолында ел ішінде түрлі игі бастамалар қолға алынып келеді. Соның бірі – ішімдіктен өз еркімен бас тартқан ауылдар қозғалысы.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама тек моральдық емес, экономикалық және демографиялық тұрғыда да пайда әкеледі. Әлеуметтанушы Жанат Әлиевтің пікірінше ішімдіктен бас тартқан ауылдарда жастар арасындағы қылмыс, ерте жүктілік, жұмыссыздық сияқты әлеуметтік мәселелер азая бастайды. Бұған қоса, тұрғындардың отбасылық бірлігі, еңбек өнімділігі де арта түседі. Бұл – қоғамның өзін-өзі жаңғыртуының бір көрінісі. Мұндай үлгілі бастамаларды кеңінен тарату үшін ақпараттық қолдау қажет. БАҚ арқылы сәтті мысалдар насихатталса, өзге ауылдар да бұл қадамға батылырақ бара алады. Мемлекеттік ынталандыру тетіктері болуы тиіс. Ішімдіктен бас тартқан ауылдарға қосымша инфрақұрылым, спорт нысандары, мәдениет үйлері салынса, бұл жастар үшін тартымды болар еді. Үлгілі ауылдарды марапаттау немесе грант бөлу арқылы мотивацияны арттыруға болады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат