Сәрсенбі, 22 Сәуір 2026 14:46

Созақ ауданындағы Жартытөбе ауыл округінде кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді

Бүгінде Жартытөбе ауылдық округінде шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып, 10-нан астам кәсіп түрі жолға қойылды. Бұл бастамалар ауыл тұрғындарының табысын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ауылға арнайы барып, жүзеге асып жатқан жобалардың барысымен танысты. Бұған дейін аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес округ әкімі Дания Жүсіпов көршілес елдер мен өзге өңірлердің озық тәжірибелерін зерделеп, тиімді тұстарын жергілікті жағдайға бейімдеп енгізген. Нәтижесінде, кәсіп түрлері ауыл азаматтары тарапынан қолдау тауып, нақты іске айналуда.

Бүгінде ауыл кәсіпкерлері кооператив құруға дайындалып, «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз кәсіптерін одан әрі кеңейтуді көздеуде. Сонымен қатар, алдағы уақытта отандық өнімдерді саудалауға арналған күре жол бойынан арнайы базар ашу жоспарланып отыр. Аудан басшысы шағын және орта бизнесті дамыту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. – «Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру жөнінде нақты міндеттер жүктеп отыр. Сондықтан округ әкімдері тек бюджетті игерумен шектелмей, ауыл тұрғындарының табысын арттыратын жобаларды қолға алуы тиіс. Жартытөбедегі бастамалар – осы бағыттағы тиімді жұмыстың жемісі. Мұндай жобалар алдағы уақытта өзге ауылдарда да кеңінен енгізілетін болады, – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

Жартытөбеде өндіріс пен қызмет көрсету салаларын қатар қамтыған жобалар ауыл экономикасын әртараптандыруға серпін беруде. Мәселен, «JARTYTOBE broiler» өндірісі табиғи азықпен өсірілген, жоғары сапалы бройлер тауық етін нарыққа ұсына бастаған. Сонымен қатар, бөдене еті мен жұмыртқасын өндіру де жолға қойылып, экологиялық таза өнім ретінде сұраныс алып отыр. Сондай-ақ қолға алынған жаңа жобалардың бірі – «Хикол» қоян шаруашылығы. «Хикол» тұқымы – ет бағытында өсірілетін жоғары өнімді қояндардың бірі. Бұл тұқым тез өсіп, сапалы әрі нәзік ет берумен ерекшеленеді. Қоян еті диеталық өнім ретінде бағаланып, адам ағзасына жеңіл сіңеді.

Мал шаруашылығы бағытында «Амангелді» шаруа қожалығы бұған дейін қымыз өндірісімен айналысса, ендігі кезекте шұбат өндірісін дамытып келеді. Табиғи шикізаттан дайындалған ұлттық өнімдер өзінің емдік қасиетімен ерекшеленеді. Ал «Бибарыс» шаруа қожалығы балық шаруашылығын дамытып, табиғи әрі сапалы өнім түрлерін ұсынуда. Өңдеу саласында да ілгерілеу бар. ЖК «Гаухар» жартылай фабрикат өнімдерін өндіруді жолға қойса, ЖК «Дамир» нан және макарон өнімдерін шығарып, ауылды күнделікті тұтыну тауарларымен қамтамасыз етуде. Инфрақұрылым саласында ZHOMART мекемесі көше жарығын күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізіп, ауылдың жарықтандыру жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуде. Ал құрылыс бағытында ЖК «Майусов» термопанель өндірісін қолға алып, заманауи әрі үнемді құрылыс материалдарын ұсынып отыр. Сапар барысында аудан әкімі кәсіпкерлермен пікір алмасып, алдағы жоспарларды пысықтады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 15 рет