Бұрындары парақорлықпен қолға түскен шенеуніктерге жұрт жиіркенішпен қарайтын. Бүгінде аяушылық білдіретін болды. Бейне бір бойын дерт дендеген сырқат қоғамның құрбандығы деп қарайтындай. Әуелгілер «ала жіпті аттама», «біреудің ақысын жеме» дегенді жиі айтатын болса, бүгінгілер «бара бергенше пара бер» дейтін болды. «Пара алып ұсталып, пара беріп құтылып кетіпті» дегенді де әзілге балап, әжуалап айтатын болдық. Дерттің дендеп кеткенінің белгісі бұл.
Бірақ, бір қызығы парақорлық та борсық сияқты: ұрған сайын «семіріп» барады. Баланы бақтың-қақтың, оқыттың-шоқыттың, жол көрсетіп, жұмысқа тұрғыздың... Бір баланың жетіліп-жетісуі үшін қаншама тер төгілді, пейнет кетті. Енді қызығын көремін дегеніңде жемсауына шоқ түскір жемқор қоғамның құрбандығына айналды да кете барды. Тереңірек үңіліп қарайтын болсаң, бүгінгі сыбайластықпен сотты болып жатқан да, жемқорлықпен жалалы болып жүрген де, парақорлық деген пәлекеттің құрбандығына шалынып жатқан да бөтен емес, осы елдің бір баласы, осы қоғамның бір мүшесі. Сайып келгенде тұла бойын жемқорлық деген індет жайлаған қоғамның кесірінен қаншама жастар жалалы болып, түрмеге жабылып жатыр. Елде жүргізілген әлеуметтік зерттеу бойынша, Қазақстан азаматтарының үштен бірі пара алады екен. Ал, енді елімізде жемқорлық қай салада көбірек кездесетініне келсек, параның көлемі жағынан көш басында мемлекеттік құрылымдар мен жергілікті басқару органдары тұр. Және олардың кейбірі әрбір іс-әрекеті үшін қомақты сыйақы дәмететін көрінеді. Одан кейінгі орында мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыратындар тіркелген. Олардың да «қаламақысы» алдыңғы екеуінен аз түспейді екен. Сондай-ақ, істі оңтайлы шешіп беру үшін сот, тергеу сияқты органдарда да пара дәметіп, істі болатындар жиі тіркеледі. Ал, медицина, жол полициясы сияқты мекемелерде жұмыс істейтіндер жиі пара дәметкенімен, олардың «ставкасы» анау айтқандай көп емес. «Сыйақыларының» көлемі онша көп болмаса да алу жиілігі жағынан көш басын ешкімге бермейтін көрінеді. Респонденттердің басым бөлігі «Мемлекеттік шенеуніктердің жартысынан астамы пара алады» деген тұжырым жасаған болса, оның ішінде мемлекет қазынасына қол салғандар саны көп. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанда жемқорлықтың «мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсау» деген негізгі түрі кейінгі кезде ең көп тіркелгендігімен ерекшеленеді. Сонымен бірге, сауалнамаға қатысқандардың 19 пайызы – «бұл мемлекет қызметін пайдаланудың жалғыз жолы» десе, 33 пайызы – «істі тезірек бітіру үшін», 8 пайызы – «арзандату үшін», 39 пайызы «алғыс ретінде» беретінін айтады.
Жоғарыда айттық, үлкенді-кішілі шенеуніктердің үштен екісі пара алады деп. Яғни, жемқорлық жайлаған қоғамда жоғары лауазымды қызмет істеу де қауіпті болып тұр. Бірақ, сонысына қарамай, кейінгі жастардың арасынан шіренген шенеунік болғысы келетіндер көп. Неге?
Елімізде жүргізілген әлеуметтік зерттеулер қазақ жастарының 63 пайызы шенеунік, әкім, депутат болғысы келетінін дәлелдеген. Өйткені, біздің жастар баюдың төте жолы – мемлекеттік қызмет деп біледі. Жеткіншектердің санасында қалыптасқан осы психологияға, осы тенденция бізді қайда апарады? Рас, жақсы өмір сүрудің жолын басқадан іздейтіндер де жоқ емес, дегенмен жеке кәсіпкерлердің өзі бизнесін өркендету үшін билік өкілдерімен бірлесе жұмыс істеген жөн екенін біледі. Бизнес арқылы билікке барғысы келетіндер де, есесіне билік арқылы бизнесін өркендеткісі келетіндер де бар. Бірақ, ешкім ғарышкер болғысы келмейді. Өйткені ғарыш айлағын игеру қазақ үшін – мифология сияқты. Аңызбен арбалып, ертегіге еліту нарықтық қоғамда мүмкін емес. Содан болар, жастарымыздың дені болашақтың үміт жібін мемлекеттік қызметтің мойнына байлағысы келеді. Бұл арман екінің бірінің басына қона салмасы тағы белгілі. Сондықтан да күн санап жұмыссыз жастардың саны артып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, біріншіден, еліміздегі 3 млн халық өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр екен. Сол 3 миллионның 700 мыңы - жастар. Яғни 700 мың жасымыз такси айдап, әрбір жерде жалданып, түрлі бейресми жұмыс жасап жүр деген сөз. Екіншіден, мұның сыртында 30 мың жұмыссыз ұл-қызымыз бар. Үшіншіден, елімізде жыл сайын 60-70 мыңдай түлек ЖОО-ын бітіріп шығады. Оның бәрі жұмыспен қамтылып жатпағанын ескерсек, жұмыссыздар саны еселене түсетінін тағы рас.
Міне, осындай жұмыссыздық пен жемқорлық жайлаған қоғамда жастардың бірден мемлекеттік қызметке ұмтылуының да бірнеше себебі бар. Біріншіден, қазір кез келген азаматтың карьералық тұрғыдан өсуі, яғни әлеуметтік сатыға көтерілуі тек қана шенеуніктіктің аясында қалыптасып отыр. Екіншіден, қазір еліміздегі кез келген өндірістік саладағы тұрақтылық деңгейі төмен. Жастарымыз әр өндірістік сала біреудің жекеменшігі екенін біледі. Ал, біреудің бизнесіне барып басшы болу – екінің біріне бұйыра бермейтіні және рас. Сол себепті, мемлекеттік органдарды қанша жерден жемқорлық жайлап алғанымен, олар өсу үшін, өздерінің карьерасын қалыптастыру үшін қалайда мемқызметке қол жеткізіп алуды көздейді. Әрине, жастардың жүйрік қиялына, алаулаған арманына шек қоюға болмас, дегенмен, осындай жалын жүрек жастарымызды қоғамның жегір құрты – жемқорлықтың жез тырнағы тіліп түсірмесе екен дейсің.
Айдын СӘТЖАН