Жексенбі, 16 Наурыз 2025 19:36

ЕСКЕК ЕСУДЕН ТҮРКІСТАНДА 2026 ЖЫЛЫ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ ӨТЕДІ

Әлемнің Олимпиадалық астанасы – Лозанна қаласында (Швейцария) 13-16 наурыз аралығында Халықаралық ескек есу федерациясының (FISA) Дүниежүзілік конгресі өтті. Съезд жұмысына FISA федерациясының президенті Жан-Кристоф Ролланның шақыруымен Түркістан облысы және Шымкент қаласы ескек есу және желкен спорты қауымдастығының төрағасы, Түркістан облыстық су спорты түрлерінен олимпиадалық спорт мектебінің директоры Денис Жәрменов қатысты.

Д.Жәрменов 62 елдің халықаралық федерация басшыларына Түркістан қаласында олимпиадалық стандарттағы жаңа ескек есу арнасын таныстырды. Халықаралық федерация президенті Жан-Кристоф Ролланмен, сондай-ақ Азия федерациясының президенті Чен Чанчинмен келіссөздер нәтижесінде 2026 жылы Түркістан қаласында ескек есуден Азия чемпионатын өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.

Қазақстанда ескек есу спортының даму тарихында алғаш рет осындай халықаралық деңгейдегі жарыстар өтеді. Байрақты додада 17 елден 300-ден астам спортшы 4 күн бойы әртүрлі бағдарламалар бойынша чемпион атағын сарапқа салады. Азия чемпионатының сәтті өтуі Түркістанда жоғары деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға мүмкіндіктер ашады. Ескек есу элиталық спорт түрі болып табылады. Құрлықтық және халықаралық жарыстарды өткізу Қазақстанның әлемдік спорт аренасында имиджін нығайтады және есу спорты мен туризмді дамытуға серпін береді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» – ақпарат

Оқылды 19 рет