Негізгі мақсат - сындарлы диалог құру және кеңейтілген ақпараттық іс-шаралар арқылы парасаттылық қағидаттарын дамыту.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды көздеген Штаб мүшелері қоғамдық санаға серпіліс жасау арқылы жемқорлықты жоюға болатындығын айтты. Сананы өзгертіп, жемқорлыққа қарсы мәдениет пен берік иммунитет қалыптастыру турасында айтылды.
Өз кезегінде, Агенттіктің Парасаттылық департаментінің директоры Ғ.Асанұлы ақпаратқа қолжетімділікті оңтайландырып, мемлекеттік билікке деген сенімдерін арттыру және билік пен азаматтық қоғам арасындағы байланыстың тікелей арнасын құру мақсатында құрылған «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасымен таныстырды.
«Көрсеткіш қуып, статистика үшін жұмыс жасауға болмайды. Осы орайда заң талаптарына өзгерістер енгізу қажет-ақ. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметкерлер қорқады. Өз беттерінше шешім қабылдай алмайды. Өйткені қыспақ күшті. Мысалы ауылдарда әкім болудан ел қашады, ешкім барғысы келмейді. Сондықтан негізсіз қудалауды азайту қажет. Заңды өзгертпей тәртіп болмайды», - деді отырыста сөз алған Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев.
Жемқорлықты жою үшін Түркістан обылысында көптеген қанатқақты жобалар жүзеге асуда. Соның бірі - білім саласында енгізілген JUMYS.SITCEN.KZ жүйесі. ҚР Президенті Әкімшілігімен республикада ең үздік жүйе ретінде таңдалып, басқа өнірлерге таратылуда. Сол арқылы жалпы орта білім беру ұйымдары педагогтарын жұмысқа қабылдау және мектеп директорларын конкурстық тағайындау барысы автоматтандырылған.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат