Сенбі, 17 Қыркүйек 2022 04:27

Түркістан қаласына атаулы әлеуметтік көмек беруге 2022 жылы 1 млрд 688 млн 52 мың теңге жоспарланған

2022 жылы Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек беруге Түркістан қаласына жалпы 1 688 052мың теңге жоспарланған. Оның 1 350 442 мың теңгесі республикалық бюджеттен, 337 610 мың теңгесі жергілікті бюджетттен қаралған.

2022 жылдың І тоқсанында Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген 2 463 отбасыға (13 403 адам)  392 521,0 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы төлем жүргізіліпті.   Оның ішінде шартты атаулы әлеуметтік көмек 1 879 отбасыға  (10 891 адам)  және шартсыз атаулы әлеуметтік көмек  583 отбасыға (2 512адам) берілген.

Түсінікті болуы үшін шартты және шартсыз ақшалай көмек дегеннің не екенін түсіндіре кетейік. Шартты ақшалай көмек дегеніміз бұл - жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына және (немесе) қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларына табысы аз адамдардың (отбасылардың) міндетті қатысуы шартымен оларға ай сайынғы және (немесе) біржолғы ақшалай төлем нысанында, оның ішінде электрондық ақшаның электрондық әмияндарына электрондық ақшамен көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі. Шартсыз ақшалай көмек бұл - жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі табысы аз адамдарға (отбасыларға) ай сайынғы ақшалай төлемдер нысанында, оның ішінде электрондық ақшаның электрондық әмияндарына электрондық ақшамен көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі.

Кепілдік берілген әлеуметтік топтама шартсыз немесе шартты ақшалай көмек алатындар қатарындағы: бір жастан алты жасқа дейінгі балалары, сондай-ақ орта білім беру ұйымдарында оқуға кіріспеген алты жасқа толған балалары бар табысы аз отбасыларға – атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезеңінде; алты жастан он сегіз жасқа дейінгі балалары, сондай-ақ орта білім беру ұйымдарында білім алатын, он сегіз жасқа толған балалары бар табысы аз отбасыларға тиісті оқу жылы ішінде беріледі.

Кепілдендірілген әлеуметтік топтама тағайындауға биылғы жылға республикалық бюджеттен 335 164,0 мың теңге жоспарланып,   2022 жылдың 1 наурызына  2514  балаға 27 930,0 мың теңге КӘТ-ның азық-түлік себеттері тағайындалып, берілген. Қалған 10 айдағы КӘТ-ны беру үшін мемлекеттік сатып алу порталы арқыла конкурс жарияланып, үміткер ретінде 4 жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысқан. Атап айтқанда: "Magnum Cash&Carry" ЖШС; "Ernaiza Group" ЖШС; "ЗКА Проект" ЖШС; "Барыс 2007" ЖШС. Конкурсқа өтінім берушілердің ішінде 2 серіктестік ("Magnum Cash&Carry" ЖШС, "Барыс 2007" ЖШС) біліктілік талаптарына сәйкес болмауына байланысты конкурсқа қатысудан бас тартылған. Мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытынды хаттамасына сәйкес,  өтінім берушілер арасынан "Ernaiza Group" ЖШС жеңімпаз болып танылған және "ЗКА Проект" ЖШС екінші орын алған.

Түркістан қаласында атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында бірқатар өзекті мәселелердің де кездескенін айта кеткен жөн. 2022 жылдың 1 тоқсанындағы АӘК өтініш берген отбасылардың мұқтаждығын зерделеу барысында комиссия мүшелерінің арасында бірқатар мәселелер орын алды, бұл өз кезегінде құжаттардың ұсыну мерзімінің бұзылуына әкеп соқты. Сондықтан, 2021ж. 1 қарашасында № 89/ө қала әкімінің өкімімен бектілген учаскелік комиссия құрамының мүшелеріне өзгеріс енгізу бойынша ұсыныс әзірленіп, Түркістан қаласының әкіміне ұсынылды. (Сектор басшыларының ұсынысын назарға алып жаңа комиссия құрамын қалыптастыру секторлардағы әлеуметтік мамандарды қосу). Сонымен қатар, қалаға қарасты 6 секторда мұқтаж отбасылардың тізімі жасақталған, «Қамқорлық»  бағдарламасы аясында 100 отбасы бектіліп, демеушілер есебінен «Наурыз» мерекесіне орай  азық-түлік себеттері берілген.

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті көрсету тәртібі ҚР 2001 жылғы 17 шілдедегі «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» N 246 Заңы, ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 30 желтоқсандағы «Кепілдік берілген әлеуметтік топтама шеңберінде ұсынылатын көмектің түрлері мен көлемдерін айқындау туралы» № 1032 қаулысы, ҚР Еңбек және халықты әлуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 қаңтардағы «Учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережені, сонымен қатар өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын айқындау өлшемшарттарын бекіту туралы» N 29-ө бұйрығы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудің ережесін бекіту туралы» N 237-ө бұйрығы, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы                       5 мамырдағы «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу және кепілдедік берілген әлеуметтік топтаманы ұсыну қағидаларын бекіту туралы» № 320 бұйрығының негізінде жүзеге асырылады. 

Атаулы әлеуметтік көмекке өтініш беру үшін «Е-GOV» порталы арқылы немесе халықтық кеңсеге барып ЭЦҚ ключпен өтініш береді. (өзімен бірге жеке басын растайтын құжатын, балаларының туу туралы куәліктерін, өтініш берушінің счет номерін және қажет болған жағдайда жұмыс орны бойынша растама құжаттары қажет). Өтініштер бір күн ішінде жұмыспен қамту орталығына (бұдан әрі-орталық) түсіп, учаскелік комиссия төрағасына жолданады және комиссия 7 жұмыс күні ішінде өтініш берушінің мұқтаж немесе мұқтаж еместігін анықтап, комиссия қорытындысымен жұмыспен қамту орталығына ұсынады. Орталық бір күн ішінде шешім жобасын қабылдап, уәкілетті органға құжаттарды хатпен жолдайды. Уәкілетті орган 3 жұмыс күні ішінде тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту және құжаттарды қайта қарауға жіберу туралы шешім қабылдайды.

Құжаттарды қайта қарауға мемлекеттік органдар мен ұйымдарға сұрау салу қажет болған жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға және (немесе) ұйымдарға сұрау салу жүзеге асырылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш иесіне жазбаша хабардар етіледі, сұрау салуға жауап алғанға дейін, бірақ күнтізбелік 30 күннен артық емес күнге дейін ұзартылады. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғаннан  шешімі негізінде уәкілетті орган бір жұмыс күні ішінде қазынашылық органдарына төлеуге шешім қабылдаған айдан кейінгі айдың 5-күніне қарай ай сайын тағайындалған сомаларды төлем ведомосына енгізуді қамтамасыз етеді. Атаулы әлеуметтік көмекті төлеу ай сайын атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылданған айдан кейінгі айдың 10-күніне қарай жүзеге асырылады.

2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстан бойынша 135,8 мың отбасындағы 699,1 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұл туралы таяуда еңбек министрлігі хабарлады. Биыл осы мақсатта бюджеттен 64,5 миллиард теңге бөлінді. АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% төмен азаматтарға тағайындалады. Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

2022 жылғы 1 қарашада АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 191,4 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды, — делінген хабарламада. Айта кетейік, биыл қаңтар айындағы ТЖ режиміне байланысты 2021 жылдың 4 тоқсанында АӘК алған азаматтарға төлемдер 2022 жылдың 1 тоқсанына автоматты түрде ұзартылды. Бұл ретте жаңа алушыларға электронды үкімет порталы арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш беру мүмкіндігі берілді. Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, сонымен қатар eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы бере алады.

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек-бұл шартсыз және шартты ақшалай көмек түрінде облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға  мемлекет тарапынан ақшалай нысандағы төлем.
Шартсыз ақшалай көмек келесі тұлғаларға көрсетіледі: 

1) Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу іс-шараларына қатысуға мүмкіндіктері шектеулі жалғыз басты және (немесе) жалғыз тұратын аз қамтылған тұлғаларға төмендегі себептер бойынша:
зейнеткерлік жасқа толуына; бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігіне;
екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін ауруының болуына байланысты.

2) құрамында еңбекке қабілетті адамдары жоқ немесе барлық еңбекке жарамды отбасы мүшелері бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер болып табылатын және (немесе) екі айдан астам уақытша еңбекке жарамсыздық мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар, және (немесе) келесілерге күтім жасауды жүзеге асыратын аз қамтылған отбасыларға: -үш жасқа дейінгі балаға; -мүгедек балаға; -бірінші немесе екінші топтағы мүгедекке; -қарттар; -бөгде адамның күтімі және көмегіне мұқтаж жалғызбасты және/немесе жалғыз тұратын аз қамтылған тұлғаларға, сондай-ақ құрамында еңбекке жарамды мүшесі (мүшелері) бар аз қамтылған отбасыларға, оның ішінде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға ол (олар) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және (немесе) қажет болған кезде әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысқан жағдайда көрсетіледі.

Кімге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады?

ҚР-да атаулы әлеуметтік көмекті жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын келесі санаттағы тұлғалар ала алады: -ҚР азаматтары; -оралмандар; -босқындар; -шетелдіктер; -ҚР-да тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар.
Кедейлік шегі - бұл атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін анықтау үшін критерий ретінде белгіленетін бір адамның ең төменгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті табыстардың шегі.

Кім әлеуметтік атаулы көмек ала алмайды ?

ҚР «Мемлекеттік әлеуметтік атаулы көмек туралы» заңына сәйкес төмендегілердің әлеуметтік атаулы көмек алуға құқығы жоқ: -табысы аз болып табылмайтын адамдарға (отбасыларға); -еңбекке қабілетті мүшесі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқан отбасыға – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқан күннен бастап 6 ай бойы; -алушының кінәсі бойынша бұрын жасалған әлеуметтік келісімшарт бұзылған және (немесе) әлеуметтік келісімшартта көзделген -міндеттемелер орындалмаған жағдайларда, адамға (отбасыға) – атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға өтініш жасаудың алдындағы 6 ай бойы; -атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін көрінеу жалған мәліметтер және (немесе) анық емес құжаттар берген адамдарға (отбасыларға) – оларды ұсынған күннен бастап 6 ай бойы; -материалдық жағдайын зерттеп-қарау нәтижелері бойынша дайындалған учаскелік комиссияның қорытындысына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек беруге мұқтаж емес адамдарға (отбасыларға) тағайындалмайды. Атаулы әлеуметтік көмек мөлшері «Мемлекеттік әлеуметтік атаулы көмек туралы» заңына сәйкес бір адамға немесе отбасына атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін отбасының әрбір мүшесі есебінен орташа жан басына шаққандағы табыс және облыстарда белгіліенген кедейлік шегі арасындағы айырмасы түрінде уәкілетті орган есептейді. Отбасының құрамы және табыстар өзгерген жағдайда тағайындалған атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері қайтадан есептеледі. Ал өтініш беруші 10 жұмыс күні ішінде уәкілетті органға атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін өзгерту үшін негіз болуы мүмкін мән-жайлар туралы хабарлауға міндетті.

Жан басына шаққандағы орташа табыс қалай есептеледі?

Атаулы әлеуметтік көмекті алуға үміткер тұлғаның жиынтық табысын анықтау атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасалған кезде ұсынылатын құжаттардың және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтердің негізінде жүргізіледі.
Отбасының жиынтық табысына белгіленген уақыт кезеңі ішінде ақшалай немесе заттай нысанда алынған тұрғын үй көмегі мен атаулы әлеуметтік көмегінен, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді іс-шараларына қатысу шеңберінде мемлекеттік қолдау іс-шараларынан басқа табыстың барлық түрлері қосылады. Әкімдіктер өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып келесілерді кіріс бермейді деп айқындауға құқылы: үй малы, құсы, жер учаскесі. Жан басына шаққандағы орташа табыс әлеуметтік көмек тағайындау үшін өтінішті берген тоқсанның алдындағы тоқсанда алынған жиынтық табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу арқылы есептеледі.

Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек кімге беріледі?

Ең төменгі күнкөріс деңгейі және кедейлік шегі. Атаулы әлеуметтік көмек әрбір отбасы мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-інен төмен адамдарға тағайындалады: бұл мән (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-і) «кедейлік шегі» деп аталады. 2021 жылы Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңге болса, 2022 жылы ол 36 018 теңгені құрайды. Сондықтан кедейлік шегі 2021 жылы 24 011 теңге болса, 2022 жылы бір адамға айына 25 212 теңге төленеді. Егер 2022 жылы отбасы табысы бір адамға шаққанда айына 25 212 теңгеден аз болса, онда мұндай отбасы осы отбасының барлық мүшесі үшін атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш бере алады. Отбасының орташа табысын есептеу кезінде мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы есепке алынбайды.

Қазақстанда АӘК көлемі қандай болады?

Атаулы әлеуметтік көмек көлемін әр адамға қатысты жеке есептейді. АӘК мөлшері кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы арасындағы айырмашылықты құрайды, яғни 25 212 теңгеден отбасының бір адамға шаққандағы орташа табысын шегеру қажет. Кейде отбасының әрбір мүшесіне 1000 теңге немесе 20 теңге, тіпті 1 теңге атаулы әлееуметтік көмек тиесілі болуы мүмкін.

АӘК-тен неге бас тартуға болмайды?

Егер отбасы аз да болса атаулы әлеуметтік көмек алса, онда бұл отбасының балалары үшін еңбек министрлігінен (егер балалар 1-6 жас аралығында болса) немесе білім министрлігінен (6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін) көмек беріледі.

АӘК алатын отбасындағы 1-6 жас аралығындағы балаларға не тиесілі?

Мұндай балаларға ай сайын азық-түлік және гигиеналық заттар жинағы беріледі. Онымен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрылымдары қамтамасыз етуге тиіс.
-1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ай сайынғы азық-түлік жинағына мыналар кіреді: -жеміс және (немесе) көкөніс гипоаллергенді езбесі – кемінде 1200 грамм; -балаларға арналған гипоаллергенді сәбилер ботқасы – кемінде 320 грамм; -қаптамадағы жүгері жармасы – кемінде 400 грамм; -қаптамадағы сұлы қауыздары – кемінде 800 грамм; -балаларға арналған печенье – кемінде 180 грамм; -пастерленген немесе ультрапастерленген сүт – кемінде екі литр.

3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған ай сайынғы азық-түлік жинағына мыналар кіреді: -пастерленген сүт – кемінде екі литр; -қатты бидайдан дайындалған макарон, сұлы қауыздары, арпа жармасы, шағылған асбұршақ – барлығы кемінде 800 грамм; -ұнтақ жармасы – кемінде 700 грамм; -қарақұмық немесе күріш жармасы – кемінде 1,6 кг; -күнбағыс майы – кемінде 0,8 литр; -гематоген – кемінде 240 грамм; -құрамында бүтін астық дақылдар бар таңғы асқа арналған сүтке қосатын тағам – кемінде 250 грамм; -балаларға арналған печенье – кемінде 400 грамм; -таза бал – кемінде 200 грамм.
1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған тұрмыстық химия құралдарының ай сайынғы жинағына тіс пастасы, тіс щеткасы, гипоаллергенді сабын, сусабын, жақпамай, кір сабын және кір жуғыш ұнтақ кіреді.

АӘК алатын отбасындағы 6-18 жас аралығындағы балаларға не тиесілі?

Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік және тұрмыстық химия жинақтары берілмейді. Бірақ білім және ғылым министрлігінің басқармалары мен бөлімдері оларды мектепке қажетті барлық жабдықпен қамтамасыз етеді. Біріншіден, бұл балалар мектепте күнделікті тегін тамақтануға құқылы болса, екіншіден, олардың қоғамдық көлікте жүру құнының 50 проценті өтеледі.
Сонымен қатар балаларға мектеп формасы және мектепке қажетті құралдар беріледі (жылына бір рет). Ұл балалар пиджак, желетке, шалбар, жейде немесе водолазка және аяқ киіммен қамтамасыз етіледі. Қыздарға пиджак, желетке, белдемше немесе сарафан (немесе шалбар), жейде немесе водолазка және аяқ киім беріледі. Бұл жинаққа сондай-ақ спорт костюмі мен спорт аяқ киімі кіреді. Кеңсе заттарының жинағына рюкзак, сонымен қатар дәптер, қаламсауыт, қарындаш, қаламсап, сызғыш, өшіргіш, жоғары сыныпта оқитындарға – циркуль, ал төменгі сыныптағыларға сурет салуға арналған альбом мен бояу кіреді.

АӘК қашан беріледі?

АӘК өтініш берген күнге қарамастан азамат жүгінген күннен бастап тағайындалады. Мысалы, егер өтініш 20 қаңтарда немесе айдың соңғы күнінде жолданса, онда төлем бүкіл айға толық төленеді.

АӘК кімге берілмеуі мүмкін?

Атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз ақшалай көмек түрінде тағайындалады. Шартты ақшалай көмек отбасында еңбекке жарамды адам болған жағдайда тағайындалады.
Алты ай ішінде жұмысқа тұрудан бас тартқан жағдайда барлық отбасы мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек беру тоқтатылады. Ол тұрмысы төмен отбасыға жатпайтын, көрінеу жалған ақпарат берген адамдарға, учаскелік комиссияға сәйкес атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж емес адамдарға тағайындалмайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы халыққа Жол­дауында АӘК алу жү­йесін ашық, әділ және ең бастысы еңбек­ке жұмылдыруға ықпал ететін жүйеде құру­ды тапсырған болатын. Сонымен бірге аз қамтыл­ған отбасылардың балалары­на ар­нал­ған кепілдендірілген әлеу­меттік пакет енгізуді де жүктеді. Осыған орай Пар­ла­мент депутаттары атаулы әлеуметтік көмекті та­ға­йын­даудың жаңа ережесін де бекіткен болатын. Соның негізінде төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға жеке жәрдемақы беріле бастады. Ескерерлігі, бұл са­наттағы отбасылардың балалары кәме­лет жасына толмаған немесе 23 жас­қа дейінгі күндізгі оқу бөлімінің студенті болуы шарт. Бұл жәрдемақы отбасының кіріс деңгейіне қарамастан беріледі.Атап айтқанда, төрт балаға – 42 496 теңге, бес балаға – 53 127 теңге, алты балаға – 63 757 теңге, жеті және одан да көп баласы бар отбасыларға 74 388 теңге жәрдемақы тағайындалды. Сондай-ақ Батыр ана, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен немесе «Ана даңқы» орденімен марапатталғандарға ай сайын 16 967 теңге төленеді.

Сонымен бірге атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалады. Бұл атаулы әлеуметтік көмек кірісі отбасының әр мүшесіне шаққанда күнкөріс минимумының 70 пайызынан төмен болған жағдайда беріледі. Яғни, биыл күнкөріс минимумы 31 183 теңге болып белгіленгенін ескерсек, аталған соманың 70 пайызы 21 828 теңге болуы тиіс. Атаулы әлеуметтік көмек табысы төмен барлық отбасына таға­йын­далады. Яғни, аталған санаттағы көп балалы отбасылар балалардың жәр­дем­ақы­сымен бірге АӘК те ала алады. АӘК алатын отбасылардың балалары кепілдік берілген әлеуметтік топтамаға ие болады. Айталық, 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасылардың балалары азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімдерімен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ олардың мектепке дейінгі жол жүру шығындары өте­леді.

АӘК есептеу кезінде қандай кірістер есепке алынбақ? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің АӘК алуға өтінім берген кезде қарайтын кіріс­терінің ішінде еңбекақы, зейнетақы, мүге­дектік және асыраушысынан айырыл­ған­дарға берілетін жәрдемақы, көп балалы аналарға берілетін жаңа жәрдемақы, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, еңбек жағдайының аса ауыр және зиянды, ашық тау-кен және жерасты кәсіпорындарында жұмыс істеушілерге арнаулы жәрдем­ақы, әлеуметтік сақтандыру қоры­нан әлеу­меттік төлемдер, бір жасқа де­йін­гі бала бағуға берілетін жәрдем­ақы, үй­де оқитын мүгедек балаларды оқы­ту шы­ғынын өтеу, ата-ана қамқор­лы­­ғын­сыз қалған балалар мен жетім­дерді өсіру үшін қамқоршыларға берілген жәр­дем­­ақы, патронаттық тәрбиеге тап­сы­рыл­ған балаларды өсіруге арналған жәр­дем­ақы, мүгедек бала тәрбиелеп отыр­­­ған қамқоршылар мен асырап алу­шы­ларға арналған жәрдемақы, жұмыс беру­шілер қаржысының есебінен әлеу­мет­тік қамтамасыз ету бойынша жәр­дем­ақы, қалалық қоғамдық көліктегі жолақыға материалдық көмек, көмектің нақты түлерінің бағасы, сонымен бірге оның орнына төленген сома, төлем­ақы­ның барлық түріне қосымша төлем­ақы, алимент, кәсіпкерлік кірісі, жалға беру­ден немесе сатудан (жылжымайтын мүлік, көлік) түсетін табыс, құнды қағаз­­дар кірісі, мүлікті сыйға немесе мұра­ға алу, несие мен шағын несие, қай­тарым­­сыз қаражат алу, қаржылай салым мен депо­зиттің сыйақысы, ақшалай ауда­рым­­дар, сондай-ақ байқауда, жарыста, олим­­пиа­­дада, фестивалде, лотореяда және тағы басқа ұтыстар қаралып, есепке алынады. Егер Жұмыспен қамту орталығы отбасы­ның еңбекке қабілетті мүшесіне жұмыс ұсынса, ал аталған ұсыныс қа­был­данбаса онда отбасының барлық мүшесіне АӘК төленбейді.

Атаулы әлеуметтік көмек – бұл аз қамтылған азаматтарға және табыстары төмен деңгейдегі отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем. Төменде біз жиі қойылатын 10 сұрақ пен олардың жауаптарын келтірдік.

1) Атаулы әлеуметтік көмектің жаңартылған форматына өтініштерді қабылдау қашан басталады? Қай жерге жүгіну қажет?

Жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге өтініштерді қабылдау 2019 жылғы 1 сәуірден басталады. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына немесе халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет.

Егер отбасы ауылдық жерде тұрса – кент, ауыл, ауылдық округтердің әкімдеріне жүгінеді.

2) Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін қаңдай құжаттар қажет?

Өтініш беру және сәйкестендіру үшін тек жеке куәлікті ұсыну қажет. Басқа құжаттар қажет емес.

3) Жәрдемақыны толық мөлшерде алу үшін құжаттарды айдың басынан беру қажет пе?

Жоқ, міндетті емес. Атаулы әлеуметтік көмек өтініш білдірген айдан бастап тағайындалады және өтініш берген күнге байланысты емес. Мысалы, егер сіз құжаттарды уәкілетті органға 20 сәуірде тапсырсаңыз, онда төлемді де толық көлемде бір ай үшін аласыз.

4) АӘК алу үшін тұрғылықты мекенжай бойынша прописка болу қажет пе?

Ия, қажет. АӘК тағайындау үшін тұрғылықты мекенжай бойынша тұрақты немесе уақытша прописка болу қажет.

5) Жәрдемақыны есептеген кезде бірге тұратын туыстардың барлық табыстары есепке алынатыны рас па? Бұл норма қайта қаралады ма?

Атаулы әлеуметтік көмекті 2019 жылғы 1 сәуірге дейін тағайындаған кезде отбасының бірге тұратын, ортақ шаруашылық жүргізетін барлық мүшелері есепке алынады.

Алайда, Министрлік «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» ҚР Заңына отбасы құрамын нақтылау бөлігінде толықтырулар енгізуде.

Осылайша, 2019 жылғы 1 сәуірден бастап отбасының құрамында тек жақын туыстар, яғни ата-ана, балалар, бала асырап алушылар, асырап алынған бала, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек бауырлар мен апа-қарындастар,ата,әже, немерелер есепке алынады.

6) Жәрдемақы алу үшін отбасының бір мүшесінде қандай табыс болуға тиіс? Және жәрдемақының мөлшері қандай?

Егер отбасының бір адамға шаққандағы айлық табысы 20 789 теңгеден аспаса, отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Бұл ретте кәмелетке толмаған балаларға 20 789 теңге мөлшерінде, ал ересектерге отбасының жан басына шаққандағы табысы мен АӘК критерийлерінің мөлшері арасындағы айырма төленеді.

Мысал ретінде екі ересек ата-ана мен алты кәмелет жасқа толмаған баладан тұратын отбасын алайық.

Ай сайынғы табысы:

Әкесінің жалақысы – 150 000 тг. құрайды;

Көп балалы отбасыға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы – 10 504 тг;

«Күміс алқа» алқасымен марапатталған көп балалы анаға берілетін мемлекеттік жәрдемақы – 16 160 тг.

Отбасының ай сайынғы табысы – 176 664 теңге.

Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде көп балалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мен «Күміс алқа» жәрдемақысы алып тасталды. Отбасы мүшелерінің жан басына шаққандағы орташа табысы келесідей есептеледі: 150 000 теңге 8 адамға бөлінеді = 18 750 тг. Тиісінше, отбасы АӘК көрсету критерийлеріне сәйкес келеді.

Балаларға АӘК мөлшерін есептеу: 20 789 теңге*6 бала = 124 734 тг.

Ата-аналар үшін АӘК мөлшерін есептеу: 20 789 тг. – 18 750 тг. =
2 039 тг; 2 039*2 = 4 078 тг.

АӘК жиынтық мөлшері 124 734 тг. + 4 078 тг = 128 812 тг.

Егер бұрын отбасы АӘК көрсету критерийіне сәйкес келмесе, онда 2019 жылғы 1 сәуірден бастап отбасы 128 812 тг. мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы.

Осылайша, жаңа атаулы әлеуметтік көмекті ескере отырып, отбасының жалпы табысы: 176 664 тг. + 128 812 тг. = 305 476 тг. болады.

7) Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде жеке қосалқы шаруашылықтан түскен табыс есепке алынады ма?

Иә, отбасының жиынтық табысын анықтаған кезде жеке қосалқы шаруашылық ескеріледі. Жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табыс Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237-ө бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу қағидаларына сәйкес есептеледі. Қағидаларда ел өңірлерінің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табысты есептеу нормалары айқындалған.

Бұл ретте, жергілікті атқарушы органдар жеке қосалқы шаруашылықты табыс көзіне жатпайды деп айқындай алады. Яғни, әкімдіктер өз қалауы бойынша жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табысты ескермеуге құқылы.

8) 1 сәуірден бастап отбасының жалпы табысын есептеу кезінде қандай табыс алынып тасталады?

АӘК тағайындау үшін отбасының жиынтық табысын есептеген кезде мыналар есепке алынбайды:

1. 4 және одан да көп баласы бар көп балалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;

2. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы;

3. баланың мүгедектігі бойынша жәрдемақы;

4. студенттердің стипендиясы;

5. жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын біржолғы төлемдер.

9) Көп балалы отбасыларды қолдау бойынша тағы қандай шаралар бар? Олар бойынша толық және дұрыс ақпаратты қайдан ала алады?

«Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға ай сайын 16 160 теңге (6,4 АЕК) мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бүгінде 235 мың ана осындай құрметті атаққа ие.

Сондай-ақ, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар:

- көлік құралдарына салынатын салықты және жер салығын;

- тұрғылықты мекенжайын тіркеу, паспорт және жеке куәлік алу кезінде жасалатын нотариаттық және заң тұрғысынан маңызды әрекеттер үшін мемлекеттік баж салығын және т.б. төлеуден босатылады.

Сонымен қатар, 5 және одан да көп бала туып, оларды 8 жасқа толғанға дейін тәрбиелеп отырған аналар 53 жасында зейнетке шығуға құқылы.

Бұдан басқа, Министрлік азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып, әлеуметтік көмек пен қызметтердің бірыңғай пакетін әзірледі, оны АӘК алушыларға жергілікті атқарушы органдар көрсетеді. Әлеуметтік пакетке жергілікті атқарушы органдар есебінен көрсетілетін 11 әлеуметтік қолдау және әлеуметтік қызмет шарасы кіреді, оның ішінде 1-4-сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру, балалар лагерлерінде тегін демалу, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы тұрғын үй жағдайларын жақсарту, мектеп формасымен, оқулықтармен және оқу керек-жарақтарымен қамтамасыз ету және т.б. бар.

Бірыңғай әлеуметтік пакетті енгізу елдің барлық өңірлерінде мұқтаж азаматтарға бірдей әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және басқа да жеңілдіктер мен жәрдемақылар туралы толық ақпаратты жұмыспен қамту орталықтарынан, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларынан, ауылдық әкімдіктерден, сондай-ақ 111 call-орталығы арқылы алуға болады.

10) Қандай жастағы балалар АӘК ала алады?

Жаңа механизм бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы немесе 20 789 теңге мөлшеріндегі кепілді төлем 18 жасқа дейінгі балаларға, ал орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқыған жағдайда, білім беру ұйымын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) төленетін болады.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңында атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау бойынша қандай тәртіптер белгіленгенін, негізгі ұғымдарға не жататынын біле жүргеннің зияны жоқ. Біз төменде аталған Заңда келтіріліген нормаларды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

      1. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындауды атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге арналған тиісті бюджетте көзделген сомалар шегінде уәкілетті орган жүзеге асырады. Атаулы әлеуметтік көмек отбасының оны алуға құқығы бар әрбір мүшесіне тағайындалады.

      Осы Заңның мақсаттары үшін отбасы құрамына:

      1) мемлекеттің толық қамтамасыз етуіндегі;

      2) мерзімді әскери қызметтегі;

      3) бас бостандығынан айыру орындарындағы, мәжбүрлі емдеудегі адамдарды қоспағанда, некеден (ерлі-зайыптылықтан), туыстықтан, жекжаттықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге нысанынан туындайтын мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтармен және міндеттермен байланысқан, бірге тұратын отбасы мүшелері, сондай-ақ шын мәнінде бірге тұратын, бірақ некеде тұрмайтын адамдар енгізіледі.

      Бірге тұру фактісі:

      отбасының тұрғылықты жерінен тыс жерде еңбек қызметін жүзеге асыратын еңбекке қабілетті отбасы мүшелеріне;

      мемлекеттің толық қамтамасыз етуіндегілерден басқа, интернат ұйымдарында білім алатын, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балаларға талап етілмейді.

      Ескертпе. Осы Заңның мақсаттары үшін, отбасында тұратын және отбасының тұрғылықты жері бойынша осындай деңгейдегі білім беру ұйымының болмауына байланысты орта білім беру ұйымдарында оқитын жері бойынша басқа елді мекенде тіркелген балалар отбасы құрамына қосылады.

      2. Халықты жұмыспен қамту орталығы немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімі атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға арналған өтінішті тіркейді және өтініш берушіге өтініштің қабылданғаны туралы растама береді.

      Халықты жұмыспен қамту орталығы немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімі өтінішті қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде оны қорытынды дайындау үшін учаскелік комиссияларға береді.

      Кент, ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның қорытындысын алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей құжаттар топтамасын халықты жұмыспен қамту орталығына береді.

      3. Халықты жұмыспен қамту орталығы:

      1) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) немесе өңірлік комиссияның қызметін қамтамасыз етеді;

      2) жеке жоспар іс-шараларының іске асырылу барысына мониторингті жүзеге асырады және әлеуметтік келісімшарттың іске асырылу тиімділігін бағалайды;

      3) әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттар мен ассистенттер арқылы атаулы әлеуметтік көмекті алушыларға жеке жоспарды іске асыруына және олардың әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындауына жәрдем көрсетеді.

      4. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға арналған өтінішті қабылдау процесінде өтініш берушімен және (немесе) оның отбасы мүшелерімен әңгімелесу жүргізіледі, оның барысында мыналар:

      1) шартсыз немесе шартты ақшалай көмекті алуға негіздер;

      2) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына мұқтаждық;

      3) "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабында айқындалған мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту шараларын қамтитын әлеуметтік бейімдеу шаралары, "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен көрсетілетін өзге де мемлекеттік қолдау шаралары айқындалады.

      5. Өтініш беруші және (немесе) оның отбасы мүшелері жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және (немесе) әлеуметтік бейімдеу жөніндегі шараларға мұқтаж болған жағдайда, оны ұсыну туралы шешім уәкілетті органның құзыреті шегінен шықса, халықты жұмыспен қамту орталығы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін ақпараттық жүйелерден, жазбаша нысанда тиісті мемлекеттік органдардан және (немесе) ұйымдардан алынған мәліметтер, сондай-ақ мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелерінде мәліметтердің болмауына байланысты өтініш беруші ұсынған құжаттар қоса берілген өтінішті халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) немесе өңірлік комиссияның қарауына жібереді.

      Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) және өңірлік комиссиялардың міндеттеріне:

      атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде мүдделі органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіру;

      жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік бейімдеу жөніндегі шараларды ұсыну туралы ұсынымдар әзірлеу;

      шартты ақшалай көмектің біржолғы төлемін ұсыну туралы мәселелерді қарау;

      жасалған әлеуметтік келісімшарттардың іске асырылу барысын мониторингтеу кіреді.

      6. Халықты жұмыспен қамту орталығы учаскелік комиссияның қорытындысын немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен учаскелік комиссияның қорытындысы бар құжаттарды, сондай-ақ қажет болған жағдайда халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) немесе өңірлік комиссияның ұсынымын алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жеке жоспар жасайды, онда отбасын (адамды) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік бейімдеу жөніндегі іс-шаралардың тізбесі көрсетіледі және өтініш берушімен әлеуметтік келісімшарт жасасады.

      Әлеуметтік келісімшарттың, жеке жоспардың нысандарын және отбасын (адамды) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік бейімдеу жөніндегі іс-шаралардың үлгілік тізбесін орталық атқарушы орган бекітеді.

      7. Халықты жұмыспен қамту орталығы әлеуметтік келісімшартты жасасқан күннен бастап бір жұмыс күні ішінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін ақпараттық жүйелерден, жазбаша нысанда тиісті мемлекеттік органдардан және (немесе) ұйымдардан алынған мәліметтер, сондай-ақ мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелерінде мәліметтердің болмауына байланысты өтініш беруші ұсынған құжаттар қоса берілген өтінішті, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешімнің жобасын және тараптар қол қойған әлеуметтік келісімшартты атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін уәкілетті органға жібереді.

      8. Уәкілетті орган осы баптың 6-тармағында көрсетілген құжаттарды алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындау немесе оны тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды, бұл туралы халықты жұмыспен қамту орталығы немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімі арқылы – өтініш берушіге, бас тартқан жағдайда оның себептерін көрсете отырып жазбаша хабарлайды.

      9. Уәкілетті орган тиісті органдардан атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді сұратуға құқылы.

      10. Шартты ақшалай көмек алушылармен әлеуметтік келісімшарт шартты ақшалай көмек тағайындау кезеңіне жасалады.

      10-1. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу шарттары және (немесе) әлеуметтік бейімдеу шараларын көрсету шарттары өзгерген жағдайда, әлеуметтік келісімшартқа тараптардың келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар әлеуметтік келісімшартқа қосымша келісімге қол қою арқылы енгізіледі.

      11. Шартсыз ақшалай көмек өтініш жасалған айдан бастап ағымдағы тоқсанға тағайындалады және ай сайын төленеді.

      Шартты ақшалай көмек өтініш жасалған айдан бастап ағымдағы тоқсанға тағайындалады және әлеуметтік келісімшартта белгіленген кезеңге ай сайын немесе біржолға төленеді.

      Шартты ақшалай көмектің біржолғы төлем сомасы тек қана әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты іс-шараларға, жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға (малды, құсты сатып алу және басқа), дара кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға (алдыңғы қарыздарды өтеуге, тұрғын үй сатып алуға арналған шығындардан басқа) пайдаланылады.

      12. Шартты ақшалай көмек алушылармен әлеуметтік келісімшарт табысы аз адам (отбасы) әлеуметтік келісімшарттың талаптарын және жеке жоспардың іс-шараларын, оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу және жұмысқа орналастыру жөніндегі іс-шараларды толық көлемде орындамаған, сондай-ақ, шартты ақшалай көмекті заңсыз тағайындауға және (немесе) төлеуге әкеп соққан жалған мәліметтер және (немесе) анық емес құжаттар ұсынған кезде бұзылады.

      Әлеуметтік келісімшартты бұзу адамға (отбасыға) шартты ақшалай көмектің төленуін тоқтатуға негіз болып табылады.

      13. Өтініш берушінің және алушының кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және уәкілетті орган мен оның лауазымды адамдарының шешімдеріне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқығы бар.

      14. Уәкілетті органның және халықты жұмыспен қамту орталығының лауазымды адамдары атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуының дұрыстығы және оны төлеуді ұйымдастыру үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      15. Уәкілетті орган және халықты жұмыспен қамту орталығы халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәртібі мен шарттары туралы хабарлап отыруға міндетті.

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ассистент – халықты жұмыспен қамту орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультантқа және кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне консультациялар, әңгімелесулер өткізуге, сондай-ақ, әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізуге жәрдемдесу жөніндегі функцияларды орындайтын жұмыскері;

      1-1) әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультант – халықты жұмыспен қамту орталығының атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға және табысы аз адамға (отбасыға) оның (олардың) кедейлік шегінде болуымен байланысты жағдайдан шығуына жәрдемдесуді жүзеге асыратын жұмыскері;

      1-2) әлеуметтік келісімшарт – жұмыссыздар, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттары, сондай-ақ "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда өзге адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматы не қандас мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы, ал "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын ұйымдастыруға тартылған жеке және заңды тұлғалармен тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу туралы, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету туралы келісім;

      1-3) әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы – әлеуметтік-еңбек саласының ақпараттық жүйесі, ол халықтың жекелеген санаттарына осы Заңға және "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің құнын өтеуі шарттарымен оларды сатып алу мүмкіндігін беретін ақпарттандыру объектісін білдіреді;

      1-4) еңбекке қабілетті адам (отбасының еңбекке қабілетті мүшесі) – бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды және (немесе) екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар адамдарды қоспағанда, он алты жастан бастап "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында көзделген жасқа дейінгі адам немесе отбасы мүшесі;

      2) жан басына шаққандағы орташа табыс – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      3) жиынтық табыс – атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде ескерілетін табыс түрлерінің сомасы;

      3-1) кедейлiк шегi – атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін айқындау үшін өлшемшарт ретінде белгiленетiн, бір адамға шаққандағы ақшалай кірістің шекті ең төмен шамасы;

      3-2) кепілдік берілген әлеуметтік топтама – бір жастан он сегіз жасқа дейінгі балалары бар табысы аз отбасыларға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын түрлерде және көлемдерде көрсетілетін көмек;

      4) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – атаулы әлеуметтік көмек) – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке адамдарға (отбасыларға) мемлекет беретін көмек;

      5) орталық атқарушы орган – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      5-1) адамға (отбасыға) көмектің жеке жоспары (бұдан әрі – жеке жоспар) – халықты жұмыспен қамту орталығы атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге жүгінген адаммен және (немесе) оның отбасы мүшелерімен бірлесіп жасаған жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және (немесе) әлеуметтік бейімдеу жөніндегі іс-шаралар жоспары;

      5-2) табысы аз адамдар (отбасылар) – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен адамдар (отбасылар);

      6) уәкілетті орган – республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың атаулы әлеуметтiк көмек тағайындауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;

      7) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнайы комиссия;

      8) халықты жұмыспен қамту орталығы – ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында құратын заңды тұлға.

      9) шартсыз ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі табысы аз адамдарға (отбасыларға) ай сайынғы ақшалай төлемдер нысанында, оның ішінде электрондық ақшаның электрондық әмияндарына электрондық ақшамен көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі;

      10) шартты ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына және (немесе) қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларына табысы аз адамдардың (отбасылардың) міндетті қатысуы шартымен оларға ай сайынғы және (немесе) біржолғы ақшалай төлем нысанында, оның ішінде электрондық ақшаның электрондық әмияндарына электрондық ақшамен көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі.

 

Оқылды 273 рет