Сейсенбі, 07 Қараша 2023 19:10

Түркістан: облыс әкімі АҚШ-тың Қазақстандағы елшісімен кездесті

Түркістандық балалар ағылшын тілін тегін үйренеді. АҚШ Елшілігінің «English Access» бағдарламасы мұқтаж отбасылардан шыққан балаларды ағылшын тіліне, сондай-ақ жеке өсу, цифрлық сауаттылық, еріктілік дағдыларына үйретуге бағытталған. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Қазақстан Республикасындағы АҚШ-тың Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Натан Розенблум бастаған делегациямен кездесуі барысында айтылды.

Кездесуде тараптар экономикалық өркендеу, жасыл энергетика мүмкіндіктері, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті, білім беру, ауыл шаруашылығы бағытын дамыту мен қолдауға байланысты мәселелерді талқылады. Тараптар білім беру саласы бойынша ынтымақтастықты дамытудың мүмкіндіктері туралы да мәселе қозғады.

– Түркістан өңірі – еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі және орасан зор инвестициялық және туристік әлеуетке ие. Біздің өңірде өңдеу өнеркәсібі саласын дамытуға мүмкіндік бар. Түркістан облысы –климаттық жағдайына байланысты республикадағы мақта егетін жалғыз аймақ. Бүгінгі таңда өңірде жеміс-көкөніс, бақша дақылдары мен ет-сүт өнімдерін терең өңдеу басым бағытқа ие. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту, туризм мен білім саласына қатысты жаңа жобалаларды бастаймыз. Техникалық бағытта ІТ саласында бет бұруға күш салынған. Сондықтан жетекші шетелдік жоғары оқу орнының кампустарын ашу жоспарлануда,–деген Дархан Сатыбалды АҚШ-пен бірлескен кәсіпорындар құруға және шетелден инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға дайын екенін жеткізді.

– Дипломатиялық миссия аясында Қазақстанның барлық өңірлерін аралауға тырысамын. Өңірдегі жағдаймен танысу үшін Түркістан облысына араға 29 жыл салып, алғаш келуім екен. Әрине орасан зор өзгерістерге куә болдым. Біздің сапарымыздың алғашқы бағыты білім саласына байланысты. «English Access» бағдарламасы мұқтаж отбасылардан шыққан балалардың ағылшын тілін үйренуіне үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар, ауыл шауашылығы саласы да мыңызды. Фермерлерді саланы дамытудың қыр-сырын үйретуге арналған жобалар бар. Тағы бір бағыт – адам саудасымен күрес, – деп атап өтті Дэниел Розенблюм.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың өзара тиімді барлық бағыты бойынша байланыстарды белсенді түрде жалғастыруға дайын екендіктерін айтты.

2018 жылдан бастап Түркістан облысына 5,8 млрд. АҚШ. доллары көлемінде өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм, және логистика сияқты салаларға инвестиция бағытталды. 2027 жылға дейін өңір экономикасына шамамен 6,7 млрд. АҚШ доллары көлемінде жеке инвестициялар есебінен 200-ге жуық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру күтілуде. Облыста бірлескен жобаларды іске асыруға қазақстандық және америкалық компаниялар тартылуы мүмкін.

Жалпы айтқанда, Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық байланыс қарқын алып келеді. Биыл жарты жыл ішінде сауда саттық 2 миллиард долларға жуықтады. Яғни, былтырғы сәйкес кезеңінен үштен бірге көп. Бұл туралы таяуда АҚШ-тағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі Ержан Ашықбаев айтты. Екі жақты алыс берістің тұрақты өсуіне пандемияның сейілуімен қатар геосаяси жағдай да әсер етіп отырғаны анық. Көрші еліміз санкциялық қыспаққа түскелі екі жақтың қарым-қатынасы ширай түсті. «Оның ішінде Мемлекет басшысының былтырғы АҚШ сапары өзара сауда саттыққа едәуір серпін берді», - дейді сарапшылар. Себебі БҰҰ Бас Ассамблеясына келген кезде Қасым-Жомрат Тоқаев АҚШ-тың 50-ге жуық компаниясының басшыларымен кездескен еді. Нәтижесінде еліміздің бір ғана IT саладағы экспорты жарты млрдқа теңгеге жетті.

ҚР АҚШ Төтенше және өкілетті елшісі Ержан Ашықбаевтың айтуынша, релокация үрдісі аясында Microsoft, InDrive сияқты ірі-ірі компаниялар өзінің аймақтық офистерін, орталықтарын Қазақстанға көшірді. Бұнің бәрі сайып келгенде IT саласындағы қызметтердің экспортына өз үлесін қосып отыр. АҚШ-тың ірі компанияларының бизнестерін Қазақстанға ауыстыру процесі мұнымен тоқтамайды. Биылдың өзінде бірнеше кәсіпорын негізгі кеңселерін біздің елге әкелуді жоспарлап отыр. Жалпы Қазақстанда америкалық капиталмен 607 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Бір жыл ішінде олардың саны 8,4% өскен. Азық-түлік өнімдерін шығару, машина жасау өндірісі болсын сүбелі жобалар бар.

Биыл АҚШ Қазақстан экономикасына инвестиция салған екінші ең ірі инвесторға айналды. Тікелей тартылған қаржы 2022 жылы 82 пайызға артып, 6 млрд долларға жақындады. Америкалық бизнес қауымдастық әдеттегідей мұнай-газбен ғана шектелмей өңдеу өнеркәсібі, тау-кен, фармацевтика, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда да бірлескен жобаларды жүзеге асыруға пейілді. Жалпы былтырғы екі жақты сауда байланысы 3 миллиард доллардан асты. Осы аптада БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы аясында да Мемлекет басшысы бірқатар маңызды кездесу өткізеді деп жоспарланған. Бұл сайып келгенде екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне сеп болмақ.

Дамушы елдер қатарына енетін Қазақстан үшін АҚШ сынды нарықтағы беделі жоғары елмен қарым-қатынаста болу өте маңызды. Екі ел арасындағы байланыс 1991 жылы 25 желтоқсанда – АҚШ Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін таныған кезден бастау алады. Ал 1997 жылы Қазақстан мен АҚШ арасында экономикалық әріптестік бағдарлама жасалған болатын. Одан кейінгі байланысты нығайтуға бағытталған ресми кездесулер ортақ сауда және экономикалық шешімдердің нәтижесін берді. Мысалы, 1999 жылы қол қойылған екі ел арасындағы келісімде АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты ары қарай дамыту, еліміздің демократиялық және экономикалық өркендеуіне қолдау көрсету сынды шаралар қарастырылған.

Сонымен қатар, АҚШ Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі тарапынан қолға алынған "Болашақ" бағдарламасы аясында ел азаматтарының Нью-Йорк, Вашингтон, Бостон және Сан-Франциско сынды қалаларында білім алуларына мүмкіндік туғызды. Бұл – еліміздің болашағы үшін қажет білікті мамандарды даярлау бойынша үлкен қолдау. Қазіргі кезде, Қазақстан өзінің әлеуметтік жағдайы мен әлемдік экономикаға кірігу мүмкіндігін нығайту мақсатында АҚШ-пен саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірдің барлық салаларында тең серіктестік қатынастарын белсенді дамытуға тырысуда.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, екі ел арасындағы ресми байланыс 1991 жылдан бастау алды. АҚШ сол кезеңде енді ғана өз тәуелсіздігін алып, дербестігін таныта бастаған Қазақстанмен қарым-қатынасын дамытуға қызығушылық білдіріп, алғашқылардың бірі ретінде елшілік қатынастарын ұсынған. Алғашқы күндерден бастап, Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы ортақ байланыс үлкен қарқын алып, бүгінге дейін жоғары деңгейде сақталып келеді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 1273 рет