Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024 09:52

Түркістан облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 200-ден астам жоба жүзеге асырылуда

Түркістан өңірінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы маңызды жобалар іске асырылып жатыр. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды. Өңір басшысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы қолға алынған жобалар сапалы атқарылуы тиіс екенін ескертті.

– Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жоспарланған және жүзеге асып жатқан жобалардың бәріне талдау жасау керек. Тек тиімділерін ғана қалдырып, әріптестікті жалғастырамыз. Жүктелген талаптарын орындамай жатқандарынан бас тартамыз. Әр басқарма басшысы өздері жетекшілік ететін салалар бойынша келісімшарттарды талдап, қайта пысықтап шықсын. Қаржыны тиімді пайдалану керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте басқарма басшыларының осы салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы есептері тыңдалды. Атап айтқанда, жалпы экономика, білім, денсаулық сақтау, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, спорт салалары және әлеуметтік бағыттағы жобалар туралы айтылды.

Облыста мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 2017-2024 жылдар аралығында жалпы 204 жоба бойынша әріптестермен келісімшарттар түзіліп, 247,3 млрд теңгеге мемлекеттік міндеттеме алынған. Білім саласы бойынша 28,8 млрд. теңгеге 126 жоба, денсаулық сақтау саласында 1,5 млрд теңгеге 17 жоба, спорт саласы бойынша 13,1 млрд теңгеге 32 жоба, әлеуметтік қамсыздандыру саласында 13,4 млрд теңгеге 2 жоба, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша 50,4 млрд теңгеге 21 жоба, көлік инфрақұрылым саласында 133,6 млрд теңгеге 2 жоба, цифрландыру саласы бойынша облыста 5,9 млрд теңгеге 1 жоба жүзеге асуда.

Бүгінгі таңда 69 жобаның мерзімі аяқталып, 169 млрд теңге міндеттемесі төленді. Жыл қорытындысымен қосымша 84 жобаның мерзімі аяқталады. Биыл жалпы 45,4 млрд теңгеге міндеттеме алынып, 130 жоба іске асырылды, оның ішінде 115 жоба мемлекеттік міндеттемесіз. Білім саласына 18 мектеп-интернаттың асханалары басқаруға берілді. Сондай-ақ мемлекеттік міндеттемесіз 113 жоба немесе 420 мектептің асханасы басқаруға берілді. Жеке инвестиция көлемі – 2,1 млрд теңге, конкурс қорытындысымен жеке әріптестер тарапынан 4 млрд теңгеге ұлғайтуға ұсыныс түскен. Нәтижесінде 227 305 оқушыны ыстық тамақпен қамтамасыз ету көзделген. Міндеттеме алған кәсіпкерлерге мектептердің асханасын мемлекеттік стандартқа сәйкестендіріп, материалдық-техникалық базасын жəне ас үй құралдарын жаңарту жүктелген.

Спорт саласы бойынша 5 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін басқару жобасы іске асырылды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша Түркістан қаласындағы 432 гектар аумақты абаттандыру және күтіп ұстау жобасы іске асырылуда.

Денсаулық сақтау саласы бойынша облыста бірінші кезекте қайта жаңғыртуды талап ететін нысандарға талдау жұмыстары жүргізіліп, 6 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету нысанын жаңғырту және пайдалану жобасы әзірленген болатын. Жобаға сәйкес жеке әріптес қазіргі мекеменің қызметкерлерін толықтай жұмысқа қабылдап, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізеді және жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді деп көзделген. Айта кетейік, Түркістан облысының денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) бағдарламасы аясында 2020-2023 жылдар аралығында 13 фельдшерлік-акушерлік пункттің (ФАП) құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген.

Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік мемлекеттік және жеке сектор арасындағы ынтымақтастықтың нысаны болып табылады. Жалпы алғанда, МЖӘ - бұл тиісті келісімдерде айқындалған тәуекелдер, жеңілдіктер мен шығындар, құқықтар мен міндеттемелердің теңдестірілген бөлінуі жағдайында дәстүрлі түрде мемлекеттік жауапкершілікпен байланысты салалардағы мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің өзара тиімді ынтымақтастығы.

Қазақстан Республикасы 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін табиғи және энергетикалық ресурстардың мол қорларына, өнеркәсіптік және көліктік әлеуетке ие болды. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінен мемлекеттік активтерді басқару элементі ретінде қарастырылған. Осы өзара қарым-қатынасты реттейтін негізгі нормативтік құқықтық актілері 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі, «Жекешелендіру туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 23 желтоқсандағы заңы, «Акционерлік қоғам туралы» Қазақстан Республикасының  2003 жылғы 13 мамырдағы заңы, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі заңы болып табылған. 

Қазақстандағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті реттеуші бірінші құқықтық негіз инвесторларға жалғыз құрал – концессияны ұсынған. Концессия бастапқы редакцияда заңды немесе жеке тұлғаға, яғни концессионерге мүлікті, жерді, табиғи ресурстарды жалға беруді қарастырған. Басқа сөзбен айтқанда, концессия жалға алу (мүліктік жалға алу) шартының призмасы арқылы анықталған, сонымен қатар концессиялық қатынаста мердігерлік, сақтандыру шарттарының, еңбек шартының элементтері қатысуы мүмкін еді. Қазіргі уақытта түрлі мемлекеттік объектілер мүліктік жалдауда (тұрғын емес қорды, жабдықты, жерді жалдау) немесе жасасқан шарттар негізінде сенімді басқаруда болып табылады. 

2006 жылы «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғаннан кейін концессия механизмін пайдаланып, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін құқық алаңы пайда болған. Бұдан басқа, концессия саласындағы заңнама үздік халықаралық тәжірибені ескеріп жетілдірілуде. Яғни 2008 және 2010 жылдары объектілерді концессияға тапсыру рәсімдері, мемлекеттік қолдау көрсету шараларын кеңейту және концессиялық жобалардың тартымдылығын арттыру, белгілі бір мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну кезінде инфрақұрылымдық облигацияларды шығару міндеттемесін жою мәселелері жөнінде концессия туралы заңнамаға бірқатар түзетулер енгізілген. 

Бүгінгі таңда МЖӘ зерделеу тәсілдемелері, әр елде оның даму деңгейлері мен бағыттары әр түрлі, әлемнің көптеген елдерінде әлі де МЖӘ механизмдерін қалыптастыру және еңгізу үдерісі жалғасуда. МЖӘ тетігін пайдалану арқылы мемлекет пен жеке сектор арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және экономиканы әртараптандыруға қажетті инфрақұрылымды жетілдіру мүмкін болады.

Қазіргі уақытта «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 31 қазандағы № 379-V Заңы мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің құқықтық жағдайларын, оның жүзеге асырылу тәсілдерін айқындайды және мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобасын дайындау мен іске асыру, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шартын жасасу, орындау және тоқтату процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жүзеге асырылу тәсілі бойынша институционалдық және келісімшарттық болып бөлінеді. Институционалдық мемлекеттiк- жеке меншік әрiптестiкті мемлекеттiк-жеке меншік әрiптестiк шартына сәйкес мемлекеттiк-жеке меншік әрiптестiк компаниясы iске асырады. Өзге жағдайларда мемлекеттiк-жеке меншік әрiптестiк келісімшарттық мемлекеттiк- жеке меншік әрiптестiк тәсілі бойынша жүзеге асырылады.

Нарықта жеке кәсіп өкілдері үкімет тапсырысы бойынша түрлі жобаларды іске асырып жатқанын көреміз. Біреуі тендер арқылы маңызды іс-шараны ұйымдастырса, енді біреуі әлеуметтік маңызы бар ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Бүгінгі мақалада осы жобалар жайлы не білеміз, үкіметтің тапсырысын орындау жеке бизнесте қандай рөл атқаратынын қарастыратын боламыз. Алдымен, мемлекеттік органдармен жұмыс жасаудың қандай түрлері барына тоқталайық.

Біріншісі – мемлекеттік жекешелік әріптестік (МЖӘ). Бұл инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырудағы мемлекет пен жеке бизнес арасындағы ынтымақтастық.

Екіншісі – мемлекеттік сатып алу. Үкімет мемлекеттік қажеттіліктерді қанағаттандыруы үшін жеке компаниялардан тауарлар мен қызметтерді сатып алуының дәстүрлі тәсілі.

Соңғысы – аукциондар мен тендерлердің нәтижесі бойынша жасалатын келісім-шарттар. Яғни мемлекет жеке компаниялар қатысатын белгілі бір жобаларды орындауға конкурстар өткізе алады.

Әрі қарай МЖӘ туралы егжей тегжейлі сөз қозғасақ. Қарапайым қара сөзбен айтқанда Қазақстандағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік — бұл мемлекет (яғни, үкімет немесе жергілікті билік) пен жеке компаниялардың (бизнес) ірі жобаларды жүзеге асыру үшін бірге жұмыс істеу тәсілі. Мысалы, бұл мектептер, ауруханалар, жолдар немесе басқа да маңызды нысандарды салу болуы мүмкін.

Мемлекет ақша немесе ресурстар бөлсе, ал бизнес өз қаражатын, тәжірибесін және технологияларын қосу арқылы қоғам үшін пайдалы нәрселерді бірге жүзеге асырады. Мұндай әріптестіктің басты ерекшелігі — мемлекет бәрін өзі істемейді, жеке бизнес өкілдерін тартып, жобаны тезірек, сапалырақ немесе арзан жасауға мүмкіндік беруінде.

Сонымен қатар бизнес бұл жағдайда пайда таба алады, мәселен, салынған нысаннан түсетін кіріс (ақылы жолдар немесе жалға берілетін орындар) немесе мемлекеттен басқа да жеңілдіктер алуы мүмкін.

Қазақстанда мемлекеттік жекешелік әріптестік (МЖӘ) мемлекеттік сатып алуларға тиімді балама ретінде танымал болып келе жатыр. Оның негізгі себебі екі тарапқа да, яғни мемлекет пен бизнеске үлкен икемділік пен ұзақ мерзімді пайда әкелуінде. Нақтырақ айтар болсақ:

1. Тәуекелдерді бөлу. МЖӘ шеңберінде тәуекелдер мемлекет пен жеке әріптес арасында бөлінеді. Бұл бюджет жүктемесін азайтады және жеке бизнестің өз міндеттемелерін сапалы орындауға деген ынтасын арттырады. Мемлекеттік сатып алу жағдайында жоба үшін барлық жауапкершілік көбінесе мемлекетке жүктеледі, бұл сәтсіздікке ұшыраған жағдайда бюджет шығындарының ықтималдығын арттырады.

2. Ұзақ мерзімді инвестициялар және жобалардың тұрақтылығы. МЖӘ жобалары әдетте ұзақ мерзімге (5 жылдан 30 жылға дейін немесе одан да көп) бағытталған, бұл жеке инвесторлар үшін тұрақты және сенімді жағдайларды қамтамасыз етеді. Мемлекеттік сатып алуларда келісімшарттар әдетте қысқа мерзімді болады, ал компаниялар атқарылған жұмыстарының ұзақ мерзімді бақылауына (яғни ілеспе жұмысқа) сирек инвестиция салады.

3. Инновация және қызмет сапасын арттыру. МЖӘ шеңберіндегі жеке бизнес мемлекеттік құрылымдарға қарағанда анағұрлым заманауи технологиялар мен басқару шешімдерін қолдана алады. Бұл халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік сатып алуларда инновациялық тәсілдер көбінесе стандартты Мемлекеттік рәсімдер шеңберімен шектеледі.

4. Басқару тиімділігі және шығындарды азайту. Жеке компаниялар процестерді оңтайландыруға және шығындарды азайтуға мүдделі, бұл МЖӘ жобаларын үнемді етеді. Мемлекеттік сатып алу аясында күрделі бюрократияға байланысты қаражатты мақсатсыз пайдалану және тиімділіктің төмендігі қаупі бар.

5. Жеке инвестицияларды тарту. МЖӘ жобаларға елеулі жеке инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді, бұл мемлекеттік бюджетке жүктемені азайтады. Мемлекеттік сатып алуларда барлық қаржыландыру бюджеттен алынады, бұл жобалардың ауқымы мен санын шектейді. Жекешелік әріптестер бюджетке инвестиция салумен ғана шектелмей, жобаның өзіндік құнын төмендетуге де ықпал етеді.

6. Ашықтық пен бақылау. Қазіргі заманғы МЖӘ жобалары МЖӘ веб-порталы сияқты цифрлық платформаны пайдалану арқылы ашықтықты арттыруды көздейді. Бұл сыбайлас жемқорлық ықтималдығын азайтады және жобаларға деген сенімділікті арттырады. Мемлекеттік сатып алуларда бақылау көбінесе ресми болады және әрдайым ашық бола бермейді.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік моделі мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді және сенімді серіктестікті қалыптастыра отырып, экономикалық дамуды ынталандырады. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесі зор, онымен бірге бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер мен нарықтық ресурстарды ашуға мүмкіндік туғызады. Сондықтан мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту Қазақстан экономикасының заманауи трендтеріне сәйкес келеді. Бұл бизнес үшін тиімді жұмыс шарттарын қалыптастырып қана қоймай, мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 33 рет