Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024 12:53

Түркістан облысында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретін іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасы аясында «Этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді үйретудің тиімді жолдары: жаңа инновациялық әдістер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, ҚХА хатшылығының меңгерушісі Нұрсұлтан Сейтжанов модераторлық етті.

Келелі кеңеске Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшылығы, облыстық ҚХА жанындағы этномәдени бірлестік өкілдері және аудан, қалалардағы аралас мектеп мұғалімдері, аудан, қалалардағы тіл оқыту орталықтарында қазақ тілін үйрететін оқытушылар және этнос жастары қатысты. Басқосуда Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Дайындық орталығы қазақ, орыс тілдері бөлімінің басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ақбота Мырзаханова, облыстық білім басқармасы оқу бөлімінің бас маманы Зүбайра Алтаева өңірде этностар арасында мемлекеттік тілді насихаттау және дәріптеу бағытында сөз қозғап, тілді үйренудің тиімді жолдарын түсіндірді.

Сала мамандары жиында барлық салада іс-қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізу арқылы грамматикалық сауаттылықты арттыруға жол ашылатындығын атап өтті. Түркістан облыстық мәдениет басқармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы Гүлмира Исатайдың айтуынша, өңірдің барлық аудан, қалаларында Мәдениет басқармасына қарасты тіл орталықтары жұмыс істейді. Өткен жылы осы курстарға 4 мыңға жуық адам қамтылды. Жиында атап өтілгендей, қазіргі таңда Түркістан облысындағы Ассамблея құрылымдарының ұйытқы болуымен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретін іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінде «Достық үйінде» жексенбілік мектеп ашылған. Жалпы қазіргі таңда облыстағы этнос өкілдерінің 92 пайызы қазақ тілін жетік біледі.

Іс-шарада сөз алған «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева: «Мемлекеттік тілді меңгеру – Отанға, елге деген құрметтің белгісі әрі барлығымызды біріктіре түседі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында «Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз», деді. Сондықтан мемлекеттік тілді үйрену, оның қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосу – азаматтық парыз» дей келе, этнос өкілдерін мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, күнделікті қатынас құралы ретінде қолдануға шақырды. «Дөңгелек үстел» барысында қатысушылар мемлекеттік тілді ілгерілету бойынша ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты.

Бүгінде қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру аса маңызды. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан іргелі істер атқарылып жатыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталатын Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты азаматтардың өтініш тілектерін тиімді әрі жедел түрде қарастыратын тұжырымдамасын жүзеге асыру туралы нақты міндеттер қойған еді. Мемлекет басшысы аталған жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деген болатын. Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында да қазақ тілінің маңызына ерекше тоқтылған еді. Соның негізінде «Қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдау» атты арнайы тапсырма беріп, еліміздегі өзге этнос өкілдеріне қазақ тілінің маңыздылығын, оны іліміздегі ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру қажеттігін талқылап, шешу жолдарын ұсынуды мақсат еткен болатын.

Бір ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы бұзылу үшін сол ұлттың тілі бұзылса жетіп жатыр. Ал, ұлттың әдет-ғұрпы мен рузының бұзылуы дегеніңіз -ақиқат пен әділет жойылып, жалпы халықтың жоғалуына әкеліп соғады. Қысқасын айтқанда, ұлттың тілі бұзылса, сол ұлттың болашағы болмайды. Сондықтан мұндай қатерлі жағдай туындамас үшін оның алдын алудың маңызы зор. Сондықтан, еліміздің әрбір азаматы бұл сөздің тереңігін түсініп, сөздің маңызына бойлап, қазақ тілін үйренуге көшкені абзал. Қазақ тілі ғұмыр бәйгесінде өз жүлдесін алары сөзсіз.

Қазақстанда өзге барлық ұлттар мен этностардың өкілдеріне білім алу мүмкіндігі берілген және олар оны қолданып та жүр. Бұрынырақта мемлекеттік тілде сөйлейтін қазақ емес адамды табу проблема болатын. Қазір бұл мүлдем сирек кездесетін жайт емес. Еліміздегі барлық этностардың арасында мемлекеттік тілді жақсы білетіндер саны артып келе жатыр. Мемлекеттік тіл жалпы мойындалған азаматтық маркерге айналды және көршілеріміз де соған бара жатыр. Бұл тек мемлекетті құраушы ұлттың тіліне деген құрмет қана емес. Өйткені, тіл барлығын біріктіреді.

Ширек ғасырдың ішінде Ассамблея нәтижелі консультациялық-кеңес органынан өзінің парламенттік өкілі бар жалпыхалықтық институтқа айналды. Ол азаматтық қоғамның әмбебап құрылымының барлық үздік сипаттамасын өзіне сіңіріп, достық, бейбітшілік, тыныштық пен сенім Қазақстанның қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы үшін маңызды үлес қосты. Дәл осы тәуелсіздігіміздің дамуы мен ұлттың қалыптасуы үшін бастапқы шарт болды. Бұл жетістік ең алдымен еліміздің барлық азаматтарының арқасында орын алғаны белгілі.

Қазақстанда этносаралық, конфессияаралық келісімді бұзатын кез келген әрекеттің Конституцияға сай еместігін нақтылайтын заң қабылданғанын атай кеткен жөн.Сол арқылы біз барлық азаматтарымыздың құқығын қорғаймыз. Бұл саладағы Қазақстан саясаты қабылданған барлық халықаралық стандарттарға жауап береді. БҰҰ, ЕҚЫҰ сынды ұйымдар біздің этносаралық қарым-қатынас моделімізге және ұлттар бірлігін нығайтуға бағытталған күш-жігерімізге жоғары баға беріп, жұмысымызды өзгелерге үлгі етіп отыр.

Осы орайда атап өтер жайт, еліміздегі барлық этностардың өздерінің ұлттық тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға деген ұмтылысын, ынтасын байқап, еліміз барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұдайы қолдап отырады. Елбасының елімізде нәсiлдiк, этникалық, тiлдiк, дiни және өзге де белгiлерiне байланысты кемсітуге жол бермеy туралы нақты ұстанымын да айта кеткен жөн. Бұл бағытта елімізде бірде бір заң жоқ. Яғни, еліміздегі барша ұлттың баласы теңдікте өмір сүріп жатыр деуге болады. 

Сонау аласапыран жылдары елімізге мыңдаған саяси тұтқындар келіп, қоныстанды. Бүгінде қазақ жерін мекен етіп отырған ұлттардың қай-қайсысы да кезінде елімізге жетіскеннен келмеген. Оларды сол кездегі саясат еркіне қарамай қоныс аудартты. Алайда, жарты бидайды бөліп жеген қонақжай қазақ халқының кең пейілінің арқасында олар естерін жинап, етектерін жапқан. Мұны сол кезде елімізге табан тіреген, көз көрген көнекөздердің барлығы да ашық айтады, алғысын жаудырып отырады. Қиыр Шығыс, Күнгей Кавказ, Солтүстік Кавказ, Қырым, Еділ арнасынан және өзге де елдерден жаппай жер аударулардың арқасында елімізге келген өзге ұлт өкілдері бүгінде өсіп, өніп отыр. Тіпті олардың бүгінгі ұрпақтары қазақ тілінде ана тіліндей сайрайды. Қазақстанның кең-байтақ жерін игеру, тың және тыңайған жерлерге түрен салуға қатысты ұрандатқан жылдары мыңдаған жастар Қазақстанда өз жаңа Отандарын тапты. Қандай мақсатта болмасын, елімізге табаны тиген өзге ұлт өкілдерін халқымыз ерекше жылылықпен және кең пейіл мінезімен қарсы алғандарын еске сала кету қажет.Мұны олардың өздері де сан қайтара айтып жүр.

Бүгінде Қазақстан – бірлігі жарасқан, мейманасы тасқан, атағы әлемге асқан мемлекет. Жүз отыз ұлт баласы қазақ шаңырағының астында жиналып, дүрдараз болмай, дүрлікпей, бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Татулық, бірлік, береке, ынтымақ әр елде бола бермейді. Оны әлемнің әр тарапынан ақпарат жеткізіп отырған көк сандықтан көріп отырмыз. Қазақ елі осындай игіліктерге толы жұрт. Кей кездері бір әулеттің балалары сөзге келіп, біріне-бірі өкпе артып жатады. Діні бөлек, ділі басқа халықтарды бір мемлекетте ұйытып отырудың өзі үлкен күш. Бір-бірімен тіл табыстырып, алакөз қылмай, достықты сақтап қалу үшін қазақ билігі талай ауқымды шараларды, беделді бастамаларды қолға алды. «Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Бүгінгі күні көпұлтты тәуелсіз Қазақ еліне дүниежүзіндегі көптеген елдер қызыға да қызғана қарауда. Себебі жүзден астам ұлт пен ұлыстардың береке-бірлігі мен ынтымағын жарастыра білген ел әлемде кемде-кем.

Біз біртұтас ел болып қуатты қоғамға айналдық, бейбіт өмір, қоғамдағы көпұлтты қазақстандықтардың ұлтаралық татулығы мен ынтымағының арқасында бой көтерді. Дегенмен, сын қатерлер аз емес, жаңа белестерді бағындырып бірегей құрылым артында ел бірлігін тағы да нығайтуымыз қажет. Еліміздегі бірлік пен ынтымақты дәріптейтін бір ғана конституциялық статусқа ие болған патриоттық қоғамдық институт яғни, бұл Қазақстан халқы Ассамблеясы.

Қазақ халқы – мемлекетіміздің өзегі, тірегі, негізі және қоғамдық келісімнің қалыптасуында маңызды тарихи рөл атқарады. Сондықтан қазақ тілінің этносаралық коммуникация тілі ретіндегі шоғырландырушы әлеуетін іске асыру – басты міндетіміздің бірі. Елдегі бейбітшілікті, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы жауапкершілікті сезіне отырып, Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құрудағы жүйелі бастамаларын жүзеге асыруымыз қажет. Бұл ретте Түркістан облысын қоғамдық келісімнің, бірліктің үлгісі ретінде дамыту– баршаға ортақ шаруа.

Бірлік пен ынтымақ мемлекетіміздің тұрақты дамуына жол бастайды. Бірліктің арқасында еліміз әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрақтылыққа қол жеткізе білді. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 6 жыл толып отыр. Осы қысқа ғана уақытта облысты4 жаңа дәуірі басталды. Жүздеген нысан бой көтеріп, жаңара түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беруді тапсырмасы аясында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Түркістан облысында 11 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде. Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІ сессиясында Мемлекет Басшысы «Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Бұл – табиғи үрдіс» - деді.

Қазақстан –  небір қиындықты бастан кешірген мемлекет. Бірақ әрдайым ғасырлар көшінде жасап, гүлденіп, тағдырдың тартысымен арпалысып келеді. Соның нәтижесінде, тәуелсіздігін алып, бейбітшілікке қол жеткізді. Ал, оның негізі, түп-тамыры – xалықтың бірлігінде, татулығында, біртұтастығында.

Қазақ елінде татулығы жарасқан 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Олардың барлығының жүрегінде бір ел, бір арман, бір сенім және барлығы да Қазақстанмен байланысқан. Еліміздің шаңырағында алаңсыз өмір сүруіміз бірінші Жаратушының, екінші xалқымыздың еңбегінің жемісі.  Арманы мен мақсаты қиылысқан, кемел келешекке бір көзбен қараған, ынтымағы мен  бірлігі ұштасқан ұлттар болмаса, республикамыз мұнша жасамас еді. Әлем елдері қызғана да, қызыға да қарайтын мемлекетіміз көк аспанның астындағы бейбіт өмірінің тұғырын биік ұстауда.

Еліміз  тәуелсіздік алған тұста, мемлекетіміз үшін ең жауапты кезең  болды. Бүгінде тұрақтылықтың тұтқасына, бірлігіміздің бастауына, ұлттар арасындағы достықтың «алтын көпіріне» айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміз үшін маңызы зор. Тағдырдың жазуымен, ұлан-байтақ жерімізге  көптеген ұлт өкілдері жер аударып келіп, қоныстанды. Бүгінде олар қаны бөлек болғанымен, қазақ халқымен жаны бір, ұлты басқа болғанымен,  халқымызбен арманы ортақ біртұтас елге айналып отыр.

Бір шаңырақ астында ұлттың ұйытқысына себеп болып отырған, саясатымыз бен ата заңымыздың арқасында атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі екендігі белгілі. Біздің елімізде әрбір ұлтқа деген қамқорлық шексіз. 18-ге толған азаматтар – тегіне, нәсіліне, ұлтына, тіліне қарамай сайлауға қатыса алады. Ата Заңымызда атап көрсетілгендей кез келген ұлт өкілдерінің құқықтары тең. Ата Заңымыздың бірінші бабының өзінде басты құндылық ретінде адам, оның өмірі мен еркіндігі атап көрсетілді. Адамды басты орынға қойған мемлекетімізде, адамға қамқорлық жасауда игілікті шаралардың жүзеге асырылып жатқанына куә болып жүрміз.

Көп ұлтты қоғамдағы диалогтың табысы кешенді шаралар мен идеологиялық конструкцияларды әзірлеу мен енгізуді қамтамасыз етеді. Осыған байланысты қоғамдық келісімнің моделі мемлекеттің республиканың барлық этностарымен қарым-қатынасын анықтайтын және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеудің, ұлттық мүдделерді қорғаудың, әріптестік қарым-қатынастың демократиялық принциптеріне негізделуімен анықталады.

Қоғамдық келісімді жасанды түрде сақтауға болмайтыны түсінікті. Қоғамның өзі бұл процеске мемлекет пен азаматтық институттардың өзара әрекеттестігі негізінде қатысуы керек. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттық масштабта азаматтық сектормен, халықаралық ұйымдармен, мемлекеттік органдармен, ғылыми және шығармашылық интеллигенциямен, бұқаралық ақпарат құралдарымен белсенді түрде өзара әрекет жасайды. Осылайша этносаяси және этномәдени құзыреттіліктердің қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз етеді.

Қызмет аясы кеңейіп, қойылған міндеттер жүйелі түрде жүзеге асқанда, ҚХА жергілікті деңгейдегі қоғамдық бақылау, қайырымдылық, делдалдық және т.б сияқты жұмыстың жаңа институционалды бағыттарын дамытады. Барлық аймақтарда ҚХА қамқорлығымен 3 мыңнан астам қоғамдық келісім кеңестері мен облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейдегі 1793 аналар кеңестері, сондай-ақ ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. Қоғамдық кеңестер құрудың негізгі мақсаты азаматтық институттардың, саяси және басқа да бірлестіктердің қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті нығайтудағы күш-жігерін шоғырландыру болды.

Қазақстанның теңдестірілген этносаралық саясаты демократияның тұжырымдамалық негіздерін құрайды. Бірақ демократия, біз білетіндей, басқаша. Бұл жағдайда қазақстандық демократия этносаралық қатынастардағы принциптерді бөлу парадигмасынан интеграциялық қатынастарды біріктіру принциптеріне айналды. Біз тәуелсіз ел атанған соң бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісі заңнамаға, мемлекеттік және азаматтық бастамаларға, сондай -ақ азаматтық қоғам институттары мен мемлекет арасындағы сындарлы диалог негізінде қалай байып, дамығанын көрдік. Сонымен қатар, осы салыстырмалы қысқа уақыт ішінде, іс жүзінде, мүмкін болатын іске асыру тұрғысынан оларды шешуді және талдауды қажет ететін көптеген мәселелер жинақталды.

Этносаралық және конфессияаралық қатынастардың саласы өте күрделі. Мұнда кез келген жағымсыз фактор үлкен шиеленіс немесе күрделі мәселе тудыруы мүмкін. Жаһандық үдерістерге тән экономикалық дағдарыс, әлеуметтік әділеттілік принциптерінің бұзылуы, адамгершіліктен айырылу этникалық топтардың агрессивтілік, әлеуметтік қашықтықтың ұлғаюы, алыстау сияқты қорғаныс реакцияларын туғызады, бұл түптеп келгенде ұлтаралық шиеленістің күшеюіне әкеледі. Бұл елдің имиджіне де, одан әрі дамуына да әсер етері сөзсіз. Жалпы алғанда, кез-келген мемлекет үшін қоғамдық келісімді сақтау мен нығайтудың маңызы жоғары болып қала береді, өйткені ол тұрақтылық пен ұлттық бірліктің нығаюының кепілі, олар мемлекеттің даму саясатының негізгі принциптері ретінде берік бекітілген.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 27 рет