Сейсенбі, 27 Тамыз 2019 17:55

Түркістан облысы: Арыс қаласындағы 1-сектордың құрылысына атсалысқан белсенділер марапатталды

Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары 17 секторға бөлініп, облыс пен аудандарға тапсырылған болатын. Соның бірі – Атырау облысы мен Жетісай ауданына қарасты №1 сектор. 

Қазіргі таңда аталған аумақта құрылыс әрі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Осыған орай, бүгін Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстарына белсене араласқан құрылысшылар, еріктілер, сондай-ақ Атырау облысы мен Жетісай ауданы әкімдігінің қызметкерлері арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Сектор аумағында тұратын арыстық жергілікті тұрғындарға арналып мерекелік концерт ұйымдастырылып, дастарқан жайылды.

Айта кетерлігі, №1 сектор «Көктем» шағынауданында орналасқан. Аумаққа қарасты 571 үйдің 468-і жөндеуден өткен. Оның ішінде 55 үй толықтай басынан тұрғызылып отыр. Бұдан бөлек 11 кәсіпкерлік нысан жөнделген. Құрылысты барлығы 13 мердігер компания жүргізді. Жалпы, құрылысқа 700-ге жуық құрылысшы мен 12 техника жұмылдырылған.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 1528 рет