Дүйсенбі, 14 Қазан 2019 21:32

Ерлан Айтаханов жапон халқын Шымкенттің тарихи-мәдени мұрасын тамашалауға шақырды

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Касаи Тацухикомен кездесуінде айтты. Жүздесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. 

«Шымкент қаласы 2018 жылы республикалық қала мәртебесін алған миллионды қалаға айналды. Сондай-ақ Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып белгіленді. Осының аясында көптеген іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Бұдан бөлек Қазақстанда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өтеміз. Осы орайда саяхаттауды жақсы көретін жапондықтарды аталған іс-шараларға қатысуға және қаламыздың тарихи-мәдени мұрасын тамашалауға шақырамын»,-деді Е.Айтаханов.

Әкім қаланың әлеуметтік- экономикалық ахуалы мен өндірістік-аграрлық саланың даму қарқынын баяндап, еліміздің үшінші мегаполисінде шетелдік инвесторлар үшін барлық қолайлы жағдайлар қарастырылғанын да атап, жапондық кәсіпкерлерді қонақ үй мен мейрамхана бизнесіне және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы мен машина құрастыру саласына инвестиция салуға шақырды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 765 рет