Дүйсенбі, 14 Қазан 2019 13:47

Шымкентте Жолдауы аясында қала тұрғындарымен 125 кездесу өткізілді

Бұл туралы Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді. Басқарма басшысы Жолдау аясында салада атқарылған жұмыстар туралы баяндады. 

– Ел Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауы аясында қала тұрғындарымен 125 кездесу өткізіліп, оған 20 мыңға жуық адам қатысты. Басқарма қалада жұмыс істеп отырған 6 саяси партия филиалдары, жалпы тіркелген 400-ден астам үкіметтік ұйымның ішіндегі белсенді жұмыс атқарып отырған 90-нан астам қоғамдық ұйыммен 8 бағыт бойынша тығыз байланыс жүргізуде, – деді Ж.Бектаева. Оның айтуынша, мемлекеттік рәміздерді қолдану, талаптарға сәйкестендіру жұмыстары атқарылуда. Сондай-аққала әкімдігінің «Shymkent.gov.kz» ресми сайтында әкімнің «Виртуалды қабылдау» блогы іске қосылып, БАҚ-та жарияланған резонансты материалдар бойынша «кері байланыс» жүйесі қолға алынған. Қазіргі таңда қаладағы 155 БАҚ қызметіне мониторинг жүргізіліп, тиісті заң талаптары бұзылған 7 факт бойынша шаралар қабылданып, заңның орындалуы қалпына келтірілген.

Шымкент қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасы «Ақпараттық коммуникациялық орталық», «Дін мәселелерін зерттеу орталығы», «Шымкент ақпарат орталығы», «Рухани жаңғыру кеңсесінің» жұмыстарын үйлестіріп отыр.

Ж.Бектаева алдағы уақытта басқарма тарапынан атқарылатын бірқатар жұмыстарды таныстырды.

– Қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру және азаматтық институттарды дамытуда «Шырайлы Шымкент: Береке басы – бірлік», «Қазақстанның дамуындағы дәстүрлі исламның рөлі», «Шымкент – мәдениет пен өркениеттің орталығы» форумдарын өткізу, «Рухани жаңғыру» қалалық кеңсесіне арнайы ғимарат бөлу, «Мегаполистегі ақпараттың рөлі» семинар-тимбилдингін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру іс-шараларын өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді басқарма басшысы. Жанар Бектаева Байланыс және ақпарат қызметкерлері арасында өтетін «Үздік номинациялар – 2019» байқауының ережесі мен БАҚ өкілдері арасында болатын спорт жарысы жөнінде де тоқталды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 870 рет