Жұма, 11 Тамыз 2017 15:12

ӨСЕРБАЕВ КӨРСЕТКІШТІ ӨСІРЕ МЕ, ӨШІРЕ МЕ?

Әлемде бір ғана туризм саласының арқасында қазынасын қампайтып отырған елдер бар. Халқының қомақты бөлігі сол туристерден түсетін ақшамен күн көріп отыр. Түркия, Испания, Италия, Франция сияқты мемлекеттерге жылына 50-60 миллион турист келеді екен, ал кейбір елдердің бюджетінің 20-30 пайыздайын туризмнен түскен табыс толтырады дегенді естігенде тіпті жағаңды ұстайсың. Бізде ше? Бізге қарап, біреу-міреу жаға ұстамай-ақ, құрығанда шөп сындырар ма екен?

Шөп сындырғанын қайдам, туристер ең көп барады делінетін атақты шаһарымыз Түркістанның өзі туризм саласындағы жетістіктерімен соншалықты мақтана алмай отыр. Таяуда ғана аталмыш қаланың әкімі Әліпбек Өсербаевпен сұхбаттасқанымызда туризм саласының өңірлік өнімдегі үлесі 5 пайызға жетер-жетпес екенін айтып қалды. Осыдан екі жыл бұрын өткен баспасөз брифингінде бұл көрсеткіш тіпті 1 пайыздан зорға асады деген болатын. Сондағысы 2 жылда 3-4 пайызға жоғарылапты. Зор мүмкіндігі бар тарихи қала үшін осы да көрсеткіш пе? Тәуелсіздік алғалы 26 жылға жуықтады. Сол 26 жылда ең құрығанда 10-15 пайызға жеткізу соншалықты қиын шаруа ма еді?

Шынтуайтына келгенде, сонау 2000 жылы өткізілген шаһардың 1500 жылдық мерейтойы тұсында ғана Түркістанның реңі кіріп қалған еді. Қазына қоржыны басыңа тартсаң – аяғыңа, аяғыңа тартсаң басыңа жетпейтін тақыл-тұқыл сол кезеңнің өзінде жаңа қонақүйлер салынып, жолдар кеңейтіліп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңайы жөнделді. Талай ғимараттар бой көтеріп, бірталайына косметикалық әрлеу жасалды. Былайша айтқанда, «базарный» қаладан өркениетті қалаға айнала бастаған. Елдің бәрі «Түркістан енді адам танымастай болып өзгереді» деп ойлады. Бірақ, қарқынды басталған жұмыстар той өтісімен саябырсып, кейін мүлдем тоқырап қалды. Одан бері, міне, 17 жыл өтіпті. Кіреберісте мемлекеттік бағдарламалар бойынша бой көтеріп жатқан үйлерді айтпағанда, Түркістан дәл сол 17 жыл бұрынғы кейпінде тұр.

Түркістанды 2000 жылдан бері 5-6 адам басқарды. Жай жүрген 5-6 адам емес, 5-6 тұлға. Тұлға дейтініміз, кейбірі Парламент депутаттығына, партия көсшбасшысына дейін өсті. Енді бірі сұмдық бизнесмен боп кетті. Істі болғаны да бар. Жә, айтайын дегеніміз ол емес, айтқымыз келгені, сол тұлғалардың кезінде шаһардың туризм саласы неге тұралаған күйі тұралап келді? Неге туризмнің өңірлік өнімдегі үлесін 1 пайыздан асыра алмаған? «Басы жетпеді, ақылы, білімі аздау болған шығар» дейін десең, олай емес. Бәрі ақылды, бәрі білімді. Ешқайсысы аттан түскен жоқ. Бәрі шенеунік, бәрі бизнесмен. Ол ол ма, қаланың қазіргі әкімі Әліпбек Өсербаевтың өзі Түркістанды бір емес, екінші мәрте басқарып отыр. Бірақ нәтиже қайда? Өсербаевтың нәтижесі қаланы бір емес, екі рет басқарғанда, 1 пайызды 5 пайыз қылғаны ма?   

Обалы не керек, Түркістанды туризм Меккесіне айналдыру үшін біраз жобалар жасалудай-ақ жасалынған екен. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қарсы беттегі 129 үйді мемлекеттік мұқтаждық үшін сатып алып, сүріп, орнына шаһардың ескі келбетін қалпына келтіру көзделіпті. «Бұл қашан көтерілген бастама?» дейсіздер ғой? Сол баяғы 2000 жылдары. Содан бері өткен 17 жылда бірде-бір әкім осы мәселені шеше алмаған. Әлі де шеше алмай келеді. Қаланың қазіргі әкімі Өсербаевтың сөзіне сенсек, инвесторларды шақырып, сол жерге құрылыс жүргізу туралы әңгіме қозғаса, әлгі, мәселесі шешілмеген 129 үйдің сүрілмегенін көріп, кетіп қалады екен. 17 жыл бойы бір ғана мәселенің шешілмей келе жатқанын көрген соң, кетіп қалмағанда не істесін?! Енді мүлде келмей қалмаса... Сондықтан дәл осы жайт қисынын тауып, орайын келтіріп, ел басқаруы тиіс Ә.Өсербаевқа әжептәуір сын.

Бүгінде Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени орталық ретінде дамыту үшін «Көне Түркістан» концепциясы әзірленіпті. Соған сай, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы бірнеше ондаған гектар жерге этносаябақ, этноауыл салып, көне Түркістанның бейнесін қалпына келтірмекші. Бірақ бұл жобаның қашан басталып, қашан аяқталатыны белгісіз. Себебі шешілмеген мәселелері бастан асады. Қаржы дейсіз бе, инвестор дейсіз бе, бәрі шешімін күтіп тұр.

Түркістан қаласында туристерге, зиярат етіп келушілерге қызмет көрсету жағы да қатты ақсап жатқанын айта кеткен жөн. Мұны өткендегі сұхбатымызда қаланың әкімі де растаған болатын. Бірінші кезекте – асхана, туристерді тамақтандыру жағы. Кесене маңында тамақтанатын орындар өте аз. Барының өзі сервисімен мақтана алмайды. Даяшылары шет тілдерінен мүлдем дерлік хабарсыз. Қонақ үйлердің де сиқы онша емес. Бір кездері Елбасының өзі қонақ болған «Түркістан» қонақүйі туралы неше түрлі жағымсыз, алыпқашпа әңгімелерді де естіп жүрміз. Өкінішке қарай, осындай-осындай факторлар да туризмнің аяғына тұсау болып тұр.

Қорыта айтқанда, Түркістанның басшылығы дәл қазір «бізде туризм сұмдық дамып жатыр» деп мақтана алмайды. Мақтану былай тұрсын, өңірлік өнімдегі үлесі 5 пайыздан асса, қала басшылығы шәпкілерін аспанға атайын деп отырған сияқты. Міне, сан ғасырлық керемет тарихы, аспанмен тірескен жәдігері бар, тоғыз жолдың торабындағы ең танымал шаһарымыздағы ахуал осындай. Әкімдер келіп-кетіп жатыр, бірақ «аһ» дегізетіндей нәтижеге бірде-біреуі жетпеген. Ендігі жерде бұл мәселеге Елбасының өзі тікелей араласпаса, әкімқарадан соншалықты үміт күтпейтін де болып барамыз.

P.S. Әліпбек Шәріпбекұлы таяуда бізге берген сұхбатында «бар мақсатымыз – туристерді барынша көптеп тарту» деп еді. Түркістанды екінші мәрте басқарып отырған Өсербаев ендігі жерде туризмдегі көрсеткішті өсірер ме екен, өшірер ме екен?..

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оқылды 2454 рет