Облыс әкімдігінің кезекті жиынында экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Даму бағдарламасы индикаторының орындалуы жайлы баяндама жасады. Әр салаға жеке тоқталған Арман Сәбитов атқарылып жатқан жұмыстардың артықшылықтары мен кеткен кемшіліктерін жіпке тізді. Оның сөзіне сенсек, өңірде өнеркәсіп өнімінің көлемі 0,2 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығы саласында да ілгерілеу байқалады. Дегенмен көрсеткішке кері әсерін тигізіп жатқандар да бар екен.
Арман СӘБИТОВ, ОҚО экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы:
– Ағымдағы жылдың қазан айында бюджетті нақтылау барысында кәсіпкерлік басқармасы тарапынан бөлінген қаржыдан 600 миллион теңгені қысқартуға өтініш түсті. Сөйтіп, қаржының дұрыс жоспарланбауынан облыс кәсіпкерлері мемлекеттің қолдауын алу мүмкіндігі азайды.
Өңірдің бас экономисі жасаған баяндамадан кейін Жансейіт Түймебаев жұмысын тиісті деңгейде атқара алмаған аудандарға шүйлікті. Әсіресе, жеке инвестиция тарта алмайтындар облыс әкімінің ашуын келтірді.
Ал, индустриялық аймақ мәселесі тіпті қиын. Кейбір аудан, қалалар жыл басында «бірнеше кәсіпорын саламыз» деп бөркін аспанға атқан. Бірақ жыл соңында жоспар орындалмай, статистика төмендеп кетіпті.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, ОҚО әкімі:
– Әр барған сайын «қосамыз» дейсіздер. Ал, нақты қосылған фабрика, зауыттардың саны жеткіліксіз. Мәселен, Түлкібас – жоспарланған жоқ. Қазығұрт – жетеу, қосылғаны – екеу. Оның да жұмыс істеп тұрғаны белгісіз.
Жылдық жоспардың орындалмай қалуына алаңдаған Жансейіт Түймебаев аудан әкімдерін сұрақтың астына алды. Дегенмен ешбірі өз кінәсін мойындай қойған жоқ. Керісінше, «белгіленген межеге жетеміз» деп облыс әкіміне уәде берді.
Осылайша, аймақ басшысы әліптің артын бағатын болды. Егер жыл соңында жоспар орындалмай қалса, жауаптыларды қатаң жазаламақ.
«Бірқатар аудан-қалаларда тіркелгенімен, әрекет етпейтін шағын және орта кәсіпкерлік нысандары көбейіп отыр. Мемлекет пен Үкімет тарапынан қаншама қолдаулар көрсетіліп отырған кезеңде шағын және орта кәсіпкерлікті тұралатуға болмайды. Мәселен, Шымкентте, Созақта, Төлебиде, Түлкібаста шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны азайған. Аудан, қала басшыларының осы реттегі жұмыстарына қанағаттанарлықсыз деген баға беруге болады. Бұдан бөлек бірқатар аудан-қала әкімдіктерінде тек бюджеттік инвестициялармен шектеліп, жеке инвестиция тарту бойынша жұмыстар төмен деңгейде жүргізілуде. Жыл соңына дейін осы олқылықтардың орнын толтыруды және апта сайын ақпарат беріп отыруды тапсырамын», - деді Жансейіт Түймебаев.