Сенбі, 25 Тамыз 2018 20:28

Орайын келтіріп, оңай жолын тапсақ...

Сірә, бақытты болудың басы бардың қадіріне жету болса керек. Қазақтың ең бірінші бары – оның руханияты! Ал, Түркістан бүкіл ислам руханиятының, бүкіл қазақ руханиятының орталығы болып табылады. Арманы түзде туылып, Түркістанға қойылу болған бабаларымыз бізге осы түсініктері арқылы бардың қадіріне жетуді ишаралап кеткендей көрінеді. Мен бүгінгі тәуелсіздікті Құдайдың бабаларымызға сол бардың қадіріне жеткені үшін берген теңдессіз сыйлығы деп қабылдаймын! 

Өз Жарлығымен Түркістанды облыс орталығы етіп қайта құрған Елбасы да бізге бардың қадіріне жетуді ұғындырды. Эрмитаждағы тайқазанның қайтуымен қазақтың бір кездері басынан ұшқан бағы Тәуелсіздік болып қайта айналып келіп еді. Несін жасырайық, Елбасы Түркістанды облыс орталығы етіп қайта құрған күннен бастап Құдай қазаққа тағы бір жақсылығын сыйлайтындай жүрек шіркін атқақтайды да тұрады! Пенде жақсылыққа қашан тойып еді дейсіз?!

Сонымен, Түркістанға көш басталды! Бұл көшті Ұлы көш десек те, Ғасыр көші десек те жарасады! Қалай болғанда да осы көштің басталуы арқылы Түркістанның жаңа тарихы басталды! Елбасы осы бір жалқы шешімі арқылы-ақ ұлты алдындағы ұлы миссиясын орындап шықты, ендігі жерде бардың қадіріне жете алмасақ, Түркістандай құндылығымызды қастерлей алмасақ, бізге, бүгінгі ұрпаққа сын болады!

Білесіздер, көштің де түр-түрі болады. Бүкіл өн бойынан салтанат есіп тұрған көрікті де көңілді көш, жерінің отын ерте жеп қойып, үйін амалсыздан жыққан жадағай көш бар. Біз әрине, Түркістанның көшінің салтанатты да көрікті көш болғанын қалаймыз. Дегенмен, көш көрікті болу үшін көшке қосылғандар көңілді болуы керек. Ал, көңілді болу үшін адамдарда уайым болмауы керек. Әгәрәки, уайым бола қалса, оның түйінін қоғамдасып тарқатуымыз керек.

Турасын айтайық, көштің бетін Түркістанға түзегендердің біразында уайым бар. Ол қандай уайым?

Баршаға белгілі, Түркістанға қоныс аударатындардың түгелге жуығы мемлекеттік қызметшілер. Біздің бойымызда мәселеге кешенді түрде қарамайтын кешегі кеңес заманынан келе жатқан бір жаман әдет бар. «Түркістанға кім көшеді?» дегенде біздің көз алдымызға жалғыз мемлекеттік қызметші келгендей. Оны аз десеңіз мемлекеттік қызметшінің типтік образы соқа басты жалғыз адам болып елестегендей. Оу, оның отбасы мүшелерін қайда қоямыз? Бұлардың 90 пайызға жуығының балалары мектепке барады. Бала – ата- ана үшін басты капитал! Бұл принцип мемлекеттік қызметшіге де қатысты. Ол Шымкентте жүргенде бар беделін салып, бар мүмкіндігін пайдаланып, баласын үздік мектептерге беруге тырысты. Бұл үшін оны кінәлай алмайсыз. Баласы үшін адам бәріне барады. Түркістанға көшетін мемлекеттік қызметшінің баласы да енді бір жарым аптадан кейін көппен бірге мектепке баруы керек. Ол көшіп баратын Түркістанда оның баласы Шымкентте білім алған №№8,9 гимназиялармен, Пушкин атындағы №1 мектеппен, тағы басқа озық білім беру мекемелерімен шендесетін мектептер бар ма? Назарбаев зияткерлік мектептері туралы сөз қозғамай-ақ қоялық. Оның үстіне мемлекеттік қызметшілердің ішінде сауатсызы аз болады, ол биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша Шымкент қаласының орташа балы – 83,6, Түркістан қаласының орташа балы 78,2 балл болғанын көріп, біліп отыр. Ендеше, оның бала-шағасын, яғни болашағын уайымдауға негіз бар ма? Біздіңше, бар.

Екінші, мемлекеттік қызметшілердің бәрінің бірдей әйелдері де мемлекеттік қызметші емес. Біреуінің әйелі мұғалім болса, енді біреулерінің әйелдері ауруханада, қаладағы жылу орталықтарының бірінде, вокзалда, әуежайда бухгалтер, оператор, дәрігер болып жұмыс істеуі мүмкін. Олар әрең кірген жұмыстарын тастап, күйеулерімен бірге Түркістанға бара алады ма? Барса, дәл осындай немесе осы деңгейлес жұмысты Түркістанда оған кім дайындап отыр? Мұны ойланған кім бар? Ал, біз мемлекеттік қызметшіге тұрғын үй салып берсек, сонымен бар проблема шешілетіндей көреміз.

Сосын мемлекеттік қызметшілердің бәрі бірдей ер-азаматтар емес қой. Олардың басым көпшілігі қыз-келіншектер... Оларды күйеулері, ата-енелері «ал, шырағым, бара ғой» деп жүген-шылбырын сыпырып, жібере салады ма? Күйеуі, ата-енесі жіберген күнде де ол мектептегі немесе балабақшадағы баласын уайымдап ішкені ірің, жегені желім болмай ма? Ондай қызметкерден қандай сапалы жұмыс күтуге болады?

Абай атамыз айтпақшы, бұдан мағлұм болғаны бар проблема тұрғын үй салумен ғана шешілмейді екен. Сіз басына екі үй салып берсеңіз де мемлекеттік қызметші Шымкентке, отбасына алаңдайды да тұрады. Көңілінде алаңы бар адамның жұмысынан береке қашады. Енді ол күнде Түркістан мен Шымкенттің арасын жол қылады. Мың теңге әрі, мың теңге бері күнде шағын автобустың қожайынының қалтасына ақша салып беріп отырады. Әйтпесе төрт-бесеуі бірігіп, ортадан ақша шығарып, біреуінің көлігіне бензин құяды. Күнде 320 шақырым жол жүре берген соң рульдегі адам да шаршайды. Айтқан жерден аулақ...

Елдің ішінде жүрген соң көптің әңгімесіне де құлақ түрмей жүре алмайсыз. «Ойбай, несін айтасың, бол-болдың астына алып, көшті асықтырып жатқан себебі бар екен. Жағдайсыз көшке ілесе алмағандардың, екі ойлы болып отырғандардың орнына бастықтар өз адамдарын тығып жібереді екен» деген сөздің де шыққанына біраз болды. Бұл әңгімені ауылдың шаруа баққан адамы шығарып отырған жоқ. Не болса да мемлекеттік қызметшілердің өздерінің аузынан шыққан сөз болуы мүмкін. Ал, олар интрига тудыратын әңгімелерде сирек қателеседі... Біздіңше, алдағы уақытта осы әңгімені расқа айналдыратын басшылар табылып жатса, олар қатаң жазалануы тиіс. Көп жүрген жыланның аяғын көрсетіп тынатынын бәріміз де жақсы білеміз.

Амалын тапқандар жылы орнын суытпай, Шымкентте қалуға тырысады. Демек, алдағы уақытта қалай болғанда да кадр тапшылығы туындауы мүмкін.

Мәселені қиындатпай, оңай да оңтайлы шешудің жолы бар ма? Біздіңше, бар. Ол қашан Түркістанды заман талабына сай игеріп болғанша, мемлекеттік қызметшілерді «бол-болдың» астына алмай, Шымкент пен Түркістан арасында қатынап істей тұруына жағдай жасау. Ол үшін бәлкім Түркістан облысы әкімдігі мен «Қазақстан теміржолы ҰК» АҚ арасында үкіметтік деңгейде меморандум түзілуі керек шығар. Осы меморандум негізінде Шымкент пен Түркістан арасында жүрдек экспресс жүргізуге шешім қабылданса, біраз нәрседен ұтқан болар едік. Ол үшін жаңадан теміржол салудың түкке де қажеті жоқ, ол бұрыннан бар. Таңертең сағат 7.00-де Шымкенттен шыққан экспресс еш жерге аялдамаса Түркістанға 8.30 болмай келіп қалады. Мемлекеттік қызметші сағат 9.00-де жұмысында отырады. Кешкі 19.00-де Түркістаннан шықса, 20.30-да Шымкентке келіп, сағат тоғыздарда бала-шағасының ортасында отырады. Баласының сабағын да тексере алады, үйінің жағдайын да біле алады. Жасыратын несі бар, мемлекеттік қызметшілердің басым көпшілігі таңертеңгі тоғызда жұмысқа келіп, түнгі тоғыз, онға дейін сылпылдап жұмыста жүреді де қояды. Үйіне қайтқысы келсе, енді асығады, жұмысын ширатады. Алда-жалда үлгере алмай қалғандай болса, бір күн жатақханада қала тұруына болады.

Ең бастысы, ең қауіпсіз көлік түрі ол – теміржол көлігі. Әзірге ең арзан көлік те теміржол көлігі.

Мұның бәрі, әрине, Түркістанды заман талабына сай түлеткенге дейін атқарылса дұрыс болар еді деген шаралар. Екі жыл, әрі кетсе үш жылдан кейін мұның қажеті де болмай қалады. Түркістан түлейді. Түлегеннен кейін ең мықты мектептер, ең мықты ауруханалар Түркістанға салынады. Ең мықты мұғалімдер, ең мықты дәрігерлер, ең мықты инженерлер Түркістанда жұмыс істейтін болады. Адамдар баласын мектепке берерде ешнәрседен уайымдамайды. Бірақ, сол екі-үш жылға дейін адамдардың көңіліне уайым салмау керек. Көңіліне уайым түскен адамның аяғымен емес, аузымен жүретінін білу үшін анау айтқан ақылды болудың қажеті жоқ. Аузымен жүрген адам бүкіл қоғамның көңіл-күйіне әсер етеді. Ал, бұл өз кезегінде Түркістанды ең басты құндылығым деп түсінген кешегі бабалардың руханиятына көлеңке түсіру, Елбасының Түркістанды түлетемін деген тамаша идеясына кедергі келтіру болып шықпай ма?!

Біздің бұл сөзімізді қайтсем көрініп қаламын деп алқымы ісіп отырған адамның сөзі көрмей, азды-көпті проблеманы қайтсек оңай шешуге болады деп ойланып отырған адамның сөзі деп қабылдарсыз, құрметті оқырман! Біздің сөзіміз Құранның сөзі емес. Қателесуіміз бек мүмкін. Қателескен жерімізді өзіңіз түзетіп, реті келсе, ой қосарсыз. Ал, тіпті келіспей жатсаңыз, оған да өкпе жоқ, ұлы хәкім Абай атамыз айтпақшы, онда өз сөзіміз өзіміздікі. Әйтеуір «қайтсе елге дұрыс болады?» деген ниеттен шыққан лепес қой, біздікі...

Абай БАЛАЖАН,

«Оңтүстік Қазақстан» газеті. 23 тамыз 2018 жыл.

(http://okg.kz/article/?id=13907&slug=orajyn-keltirip-o-aj-zholyn-tapsak)

Оқылды 2647 рет