Бейсенбі, 27 Қазан 2022 19:23

Сауран ауданында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Бүгін Сауран ауданындағы мәдениет үйінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің республика күніне орай, ұйымдастыруымен «Жаңа Қазақстан-Екінші Республиканы құрудағы мемлекеттік модельді және саяси мәдениетті жаңарту мәселелері» тақырыбындағы облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.

Конференцияның мақсаты облыс көлеміндегі сала мамандары мен ғалымдардан мемлекеттіміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері, саяси бағыттары мен даму белестерінің тарихын баяндай отырып, жаңа Қазақстанның мемлекеттік модельді және саяси мәдениетті жаңарту бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарларды зиялы қауым өкілдері мен көпшілікке кеңінен таныстыру және насихаттау болып табылады.

Конференцияда Сауран ауданының құрылған бір жылдығына орайластырып, «Сауран ауданының тарихи мәдени құндылықтары мен туристік әлеуеті және тілге қатысты кейбір мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға Сауран ауданының әкімі Ғ.Рысбеков, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Ж.Бекмұрзаев, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы Б.Бейсембаев, ауданның зиялы қауымы тағы да басқа қонақтар қатысты.

- 25 қазан республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. 1990 жылдың Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Сонымен қатар, бүгінгі шарада «Сауран ауданының тарихи мәдени құндылықтары мен туристік әлеуеті және тілге қатысты кейбір мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жинағының тұсауы кесіліп, өз оқырмандарына жол тартқалы отыр. Бұл жинаққа тарихшылар, өлкетанушылар, тіл, филология, шығыстану, мәдениеттану, туризм, музей және мәдениет саласының білікті қызметкерлерінің ғылыми мақалалары еніп отыр, - деді Сауран ауданының әкімі Ғани Құрмашұлы.

Бұдан соң шара «Жаңа Қазақстан-Екінші Республиканы құрудағы мемлекеттік модельді және саяси мәдениетті жаңарту мәселелері» тақырыбындағы облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жұмысымен жалғасты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды аза­мат­тық қоғамы қалыптасқан, тиімді мем­лекетке айналдырамыз» дегені жұрт­­шылықтың есінде. Тәуелсіз Қазақ­стан тарихында 1995 жылы жаңа Конституция бекіп, осы уақытқа дейін ­4 рет өзгертіліпті. Нәтижесінде, Прези­дент шексіз билікке ие болып, басқа тетік­тер тежеуші күш­тен айырылған. Бәрін тек Президент қана шешетін жағдайға жетті. Басқаны былай қойғанда, ауыл әкімінің ісіне дейін өзі араласып отыратын. Мұны суперпрезиденттік басқару жүйесі деп атайды. Ендігі уақытта бұл ескірді. Себебі елде әралуан көзқарастағы азаматтық қоғам қалыптастыруға құлшыныс пайда болды. Қазақ қоғамының талабы мен талғамы өзгерген. Не істеу керек? Бірінші сатыдан екінші сатыға өтпей болмайды. Әрине ол қадам дамудың жаңа сатысына, халықтың игілігіне жұмыс істеуге тиіс.

Сонымен Екінші Республика де­ген не? Бұл халықтық билікке құ­лаш ұру. Қа­зақ­станның 1993 жылғы тұң­­ғыш Конституциясы бойынша біз пар­­ла­менттік республикаға айналуымыз керек-ті. Бірақ биліктің ол моделі ара­да екі жарым жыл уақыт өткенде алынып тасталып, еліміз парламенттік бас­қару жүйесінен президенттік басқару жүйе­сіне ауысты. Мемлекет басшысы негізгі саяси тұлғаға айналып шыға келді. Осы кон­ституция арада 27 жыл өткенде түбе­гейлі өзгертілмекші. Онда биліктің негіз­гі қайнар көзі халыққа бұрылады.
Мұнда:

Суперпрезиденттік басқару жүйе­сінен президенттік республикаға көшу;

Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу;

Парламенттің рөлін күшейтіп, мәрте­бесін арттыру;

Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту;

Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру қарастырылған. Бұлардың бәрі бір жүйеге топтасқанда елде азаматтық қоғамның біртұтас мо­делі шыға келері сөзсіз. Яғни биліктің бұқа­раға бетбұрыс кезеңі басталады. Мәсе­лен, Президент билігі кезінде саяси пар­тияны басқармақ былай тұрсын, оған мүше де бола алмайды. Ол үшін Ата Заң­ның 43-бабына жаңадан тармақ қо­сы­лады. Президент қана емес, Жоғар­ғы сот пен Конституциялық соттың және өзге де соттардың судьялары мен төрағалары, Жоғары аудиторлық палата мен Орталық сайлау комиссиясының төрағалары және мүшелері партияға жоламайды.

Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға, тіпті квазимемлекеттік секторда бас­шылық лауазымды иеленуге тыйым салынады. Бұл да заңмен бекітіледі. Дипломатиялық әлем институтының сарапшысы Альберто Тюркстра «бұл жақсы жаңалық, тың өзгеріс. Себебі демократиясы дамыған Еуропа елдерінің өзінде мұндай демократиялық өзгеріс болған емес. Туған-туыстың билікке шоғырлануы Бельгияда белең алған. Мәселен, Бельгияның қазіргі премьер-министрі Александр Де Кроның әкесі кезінде парламенттің төрағасы болды. Сөйтіп, баласын билікке әкелді. Еуропалық кеңестің төрағасы Шарль Мишельдің отбасын алсақ, Луи Мишель, Метю Мишель, әкесі Бельгияның бұ­рынғы сыртқы істер министрінің орынбасары болды. Ұлы Шарль Мишель Бель­гияның премьер-министрі болып еді. Қазір Еуропалық кеңестің төрағасы. Оның інісі Метю Мишель елдің цифрлы технологияны дамыту жөніндегі бас хатшысы. Яғни мұндада Еуропа елдерінде кейбір шенеуніктер отбасы мүшелері­мен жоғары қызметте істейді. Мұндай тамыр-таныстық, туыстық қатаң сынға ұшырауда», дейді.

Алда қабылданбақ Ата Заң бойын­ша Жоғары сот кеңесі құрамының мү­ше­ле­рін және төрағасын Президент Сенат­пен келісіп қана қоя алады. Кон­ститу­циялық соттың төрағасы да Сенат­пен келі­сіледі. Бұрын мұның бәрін тек Пре­зидент қана тағайындап келген. Тіп­ті Конституциялық сот деген аты­мен бол­мағаны белгілі. Қысқасы, бұл былай, жаңа Конституцияның тала­бы бойынша президент мықты верти­кальді жүйенің сақталуына кепіл болып тұрған: партияның құрамынан шыға­ды. Екінші, жақын туыстары лауа­зым­ды билікке келе алмайды. Үшіншіден, Мем­лекет басшысының Сенаттағы квотасы үштен бірге азаяды. Төртіншіден, Жоғары сот кеңесін жасақтау құқынан айыры­лады. Бесіншіден, облыстар мен республикалық маңызы бар үш қаланың әкімдерін қоспағанда, қалған қала, аудан әкімдерін жұмыстан босата алмайды. Есесіне өкілді биліктің, яғни Парламент пен мәслихаттардың құзыры кеңейеді.

Мәселен, бұрын мынадай жағдайлар орын алып келген. Пандемия кезін­де 42 500 теңге үлестіру жырға айнал­ғаны белгілі. Заңдық нормалар ұзақ қабыл­данды. Үкіметтің төтенше жағдай­дағы іс-қимылы шектеулі екендігі көрін­ді. Тіп­ті Үкімет антивирустық дәрі-дәр­мек алып үлгере алмаған, маска дер уағын­да жетпей қалды. Оның зардабын ха­лық шекті. Демек бұдан былай Үкімет заң­дық күші бар акт қабылдап, қажетті шараларды жүзеге асыруға құқылы болады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 371 рет