Жексенбі, 28 Сәуір 2019 19:41

Төлеген ТЕЛҒАРАЕВ, Қазығұрт ауданының әкімі: «Аудан әкімі дегеніңіз бұйрық беріп қойып, отыра беретін лауазым емес»

«Менде «бизнесмен, коммерсант боламын» деген ой мүлде болған жоқ»

– Төлеген Тұртайұлы, әкім боп көктен түсе салмағаныңыз белгілі. Өмірбаяныңызға қарасақ, қазіргі инженер-механик, экономист-қаржыгер деген мамандықтарды игеруге баспалдақты Шымкент автокөлік кәсіпорнының құрылыс ауласының бетоншысы ретінде қалапсыз. Мектепті бітірген жылы оқу орнына түсуге мүмкіндік болмады ма? Сұхбатымызды өткен күндерге сәл шегініс жасап бастасақ

– «Алтын ұядан» түлеп ұшқан 1990 жылы алып-ұшып Алматыға барып, Ауыл шаруашылығы институтының Агрономия факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Өкінішке қарай, сол жылы конкурс өте жоғары болды да, мен 2-емтиханнан өтпей қалдым. Содан не істеймін? Ауылға оралып, бір жыл жұмыс істей тұруға тура келді. Ол уақытта кәсіпорындар, зауыттар көп болатын. Автопаркке барып, бетоншы боп еңбек еттім. Ауыр жұмыс. Екі шелек бетонды көтеру оңай емес. Тіс қағып қалған мамандар «Молодой, давай, давай!» деп мені жұмсайды. Цементті «раствордың» қалай әзірленетінін, бетонның қалай құйылатынын көрдім сол жерде. Алайда ұзақ аялдамадым, кейін Отырар ауданына барып, фотосалонда сурет шебері болдым. Ал келер жылы қайтадан Ауыл шаруашылығы институтын бетке алып, енді Механика факультетіне тапсырып, оқуға түстім.

– Ауыл шаруашылығы саласы өзіңіз қалаған мамандық па еді?

– Қайсымызға болсын, әкеміз үлгі ғой. Әкеміз – осы саланың маманы. Ауыл шаруашылығы институтының агрофагын тәмамдаған. Ол кезде ауыл шаруашылығы мамандары жоғары сұранысқа ие-тін. Мен мектеп бітірген жыл КСРО-ның ыдырауының алды еді ғой. Бірақ сонда да жұртшылықтың ұғымында агрономдар, инженерлер мәртебелі мамандық саналатын. «Әке жолын қуайын» деген ниет болды. Сөйтіп, 1991-1996 жылдар аралығында студент болдық. Қолға диплом тиген соң, туған жерім Түлкібас ауданына келіп, Амангелді колхозында әуелі бригадирдің көмекшісі, соңыра механик болып еңбек еттім. Жұмыс оңай емес: таңертең егіс алқабына кеткеннен кешкісін қараңғы түскенде бір-ақ қайтасың. Техника күні бойы тоқтамауы қажет. Комбайн, трактор бұзылса, керекті жабдықтарын алып келеміз, жөндейміз. Тракторшылар әдетте техника сәл сыр берсе болды, қулыққа басып, «болды, бітті, жүрмейді» деп, демалғысы кеп тұрады. Жас маманмын, әдепкіде «шынында да солай екен ғой» деп ойлайтынмын. Кейін біле бастадық қой, қулықпен жұмыс істегісі келмей, дем басқысы келетінін. Кейін оны біліп, өздеріне ақыл үйретіп, енжарлыққа жол бермейтін болдық. Өз басым бұл кезеңде мол тәжірибе жинадым.

– Әйткенмен Сіздің еңбекке араласуыңыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқыраумен тұспа-тұс келді ғой...

– Иә, колхоз-совхоздың барлығы тарап жатқан кезең-тін. Өндірістік кооперативтер құрылып жатты. Жалақы төлеу мәселесі қиын. Айырбас (бартер) дейтін нәрсе пайда болды. Айлықты малмен, шөппен, ұнмен, маймен беретін. Біраз колхоз-совхоздардың мүлкі осы айырбастың кесірінен талан-тараж боп кетті. Әйткенмен дүние-мүлкін сақтап қалған өндірістік кооперативтер де жоқ емес. Мысалы, Сайрам ауданындағылар. Ал Түлкібас ауданында жер пай үлестеріне бөлінді, мүліктер кооператив мүшелеріне берілді, сөйтіп, кооперативтердің біразы банкротқа ұшырады.

Бұл жаңадан шаңырақ көтерген кезіміз-тін. 1995 жылы студенттік шақта, 4-курсымда үйленгенмін. Үйдің тұңғышы болғасын әрі ата-анамыз «үй болатын уақытың келді» дегесін, отау құрдық. Содан 1997 жылы Шымкент қаласына көштік. Мемлекеттік қызметке бет бұрып, Оңтүстік Қазақстан облысы аумақтық жекешелендіру комитетіндегі мемлекеттік акция пакеттері және мемлекеттік қатысу үлесі бөлімінің бас маманы лауазымына орналастым. Ол кезде қазіргідей «тест тапсыру» деген талаптар жоқ-тын.       

– Мемлекеттік қызметке бет бұруыңызға кім себепші болды? Әлде өзіңіздің қалауыңыз ба еді?

– Әлгінде әкемізге қарап өскенімізді айттым ғой, ол кісі ауданның басқару құрылымдарында, облыстық мекемелерде жұмыс істеген. Партияның қызметкері-тін. Біз де сол жолға түсуге бекіндік. Әйтпесе сол жылдары жұртшылық коммерцияға ден қойып жатты ғой. Неге екенін қайдам, менде «бизнесмен, коммерсант боламын» деген ой мүлде болған жоқ. Тіпті ұмтылған да жоқпын. Әбден санада консерваторлық түйсік қалыптасып қалған. «Мемлекетке, елге қызмет жасаймыз» деп ниеттеніп жүргенбіз. Құдайға шүкір, сол ниетіміз бүгінде іске асып жатыр.

– Экономист-қаржыгер деген мамандықты кейін игердіңіз ғой...

– Оны Оңтүстік Қазақстан облысы аумақтық жекешелендіру комитетінде жұмыс істеп жүріп, 2002 жылы алдым. Себебі ол мамандықтың келешекте қажет екенін сезіп, біліп жүрдім.    

– Мемлекеттік қызметте кімді ұстаз тұтасыз?

– Бір ғана тұлғаны ұстаз тұтамын деп айта алмаймын. Әрине, мемлекеттік қызметтегілердің баршасы – Елбасының командасындағы азаматтар. Елбасы – біз үшін тұлға, үлгі. Жалпы, осы күнге дейін мемлекеттік қызметте тізе қоса еңбек еткен ағаларымыз көп. Мысалы, мені алғаш мемлекеттік қызметке қабылдаған – Нұржан Нұрмаханбетұлы Әжіметов. Осы ауданның азаматы. Кезінде әкім болды осында. Сол кісінің қолында еңбек еттім. Ол кісіден көп нәрсе үйрендік. Кейін мекемемізде құрылымдық өзгерістер орын алып, біріккен кезде Бердібек Шыныбайұлы Жаңабаев деген азамат басшылық жасады. Оның орынбасары Болатбек Құнанбаев біздің кураторымыз еді. Кез келген мәселемен соған баратынбыз. Хат жазудың тәртібі, мерзімі, сыпайылық, кішіпейілділік – барлығы сол жерде қалыптасты. Кейін Қаржы басқармасын басқарған Исмаилбек Шалабаев пен облыс әкімінің орынбасары болған Мұқан Сағындықовтан да үлгі алдық. Оңтүстік Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаменті еңбек рыногы және квоталау бөлімінің бастығы боп тұрғанымда Жеңісбек Мәуленқұловпен бірге жұмыс істедім, ол жерде бірақ 5-6 ай ғана аялдадым. Қайтып облыстық қаржы басқармасына ауыстым. Әлеуметтік салада жауапкершілік өте жоғары, ол салада жұмыс істеп жүргендердің еңбегі ерен дер едім.       

 

«Мектеп директорларын тағайындауға араласқан емеспін»

– 20 жылға жуық есеп-қисаптың ауылында еңбек еткен адамға ауданды басқару қиын соғып жатқан жоқ па? Оның үстіне әкімдік салада мүлдем еңбек етпепсіз. Аудан тізгіні бұйырғанға дейін бірінші басшы да болмаған екенсіз...  

– «Мемлекеттік қызметте жүрміз. Неге әкім болмасқа?! Бағымызды байқап көрейік, еңбек етейік» деген ойда жүретінмін. 2013 жылы заң қабылданып, мемлекеттік қызметте «А» корпусының кадрлық резерві қалыптасып жатты. Қарасам, сол кезде менің де еңбек өтілім талаптарға сай келіп тұр. Сөйтіп, 2015 жылы «А» корпусына өту үшін сынақ тапсырдым. Оның машақаты жеткілікті. Тесттен өту – бір басқа. Алдымен облыстық комиссияның алдынан өтесің. Төрағасы – облыстың әкімі. Асқар Мырзахметовтің сүзгісінен өту оңай емес. Одан кейін кең құрамдағы ұлттық комиссияға барасың. Ол жерден де сүрінбей өту – ерекше сынақ. Сөйтіп, «А» корпусына өткенбіз.

Бір жылдан соң Қазығұрт ауданының әкімі етіп тағайындады. Ол уақытта облыстың басшысы Бейбіт Атамқұлов-тын. Әрине, алғашқы жылдары қиындау болды. Бірінші басшы болу, оның үстіне ауданның бірінші басшысы болу оңай тірлік емес. Шеттен қараған жұрт «Әкім болған не деген керемет! Тамаша!» деп ойлайтын шығар. Алайда бұл бұйрық беріп қойып, отыра беретін лауазым емес. Зор жауапкершілік. Осыны игеріп алып кету үшін намысқа тырыстық. Абыройды ойладық. «Ең бірінші халыққа пайдамыз тисін» дедік. Аудан әкімі боп тағайындалғаным кеше сияқты еді, арада 3 жыл өте шығыпты.

– Аудан халқы, жергілікті мәслихат депутаттары қалай қабылдады өзіңізді?

– Әрине, келген кезде дұрыс қабылдады ғой. Бірақ көкейлерінде «Қалай болар екен, ауданның көшін сүйрей ала ма, жоқ па?» деген күмән болған шығар деп ойлаймын. Әйткенмен жергілікті бұқараға рахмет, маған деген көзқарастары, ниеттері басқаша. Ақсақалдардың батасының өзі қанаттандырып жібереді. Мәслихат депутаттарымен де алғашқы күннен бастап ынтымақ-бірлікпен жұмыс істесіп келеміз. Осы күнге шейін ешқандай келіспеушілік болмаған. Ұдайы қолдау көрсетіп отырады.

– Әне-міне дегенше, Қазығұрт ауданының тізгінін қолға алғаныңызға 3 жылдан асып барады. 3 жыл бұрын бастаған бастамаларыңыз жемісін бере бастаған болар?

– Әдетте алғаш келген кезде ауданда не көкейкесті екенін зерттейсің ғой. Ол проблеманы шешу үшін қанша қаражат жұмсалуы керек? Аудан бюджетінің қауқары қандай? Өз күшімізбен нені еңсере аламыз? Нені – облыстан, нені республикадан сұраймыз? Әуелі осыны жоспарладық. Ауданның даму жоспары болатын, соған түзетулер енгіздік. Өзімнің орынбасарларымды, бөлім басшыларын жинап, бірінші кезекте неге көңіл бөлуіміз қажеттігін зерделедік. Ауыл тұрғындары ең алдымен неге зәру? Әрине, инфрақұрылымға. Ауызсудың проблемасы бар екен. Әлі де біз оны толық шешкен жоқпыз. 64 елді мекеннің 42-сінде ғана су құбырлары бар, қалғанында жоқ-тын. Биыл 9 елді мекенге су құбырларын тартып жатырмыз.   

– «3 елді мекен бұлақтың суын ішіп отыр» деген ақпаратты да естіп едік...

– Иә, олар Өгем жақта ғой. Елді мекен деген аты болмаса, халық саны аз ол жақта.  

– Бұрындары Қазығұрт ауданының ауылдарынан ауызсуға байланысты шу жиі шығып тұратын. Мысалы, Амангелді сияқты ауылдар. Жаз айларында су тапшылығы әлі де байқалады екен. «64 елді мекеннің  42-сінде ауыз су құбырлары тартылған» дедіңіз ғой. Оның өзінде 24 сағат берілмейді екен. Кестемен берілетін көрінеді кейбірінде.

– Амангелді ауылының да су мәселесін қазір өз күшімізбен шешіп жатырмыз. Ол жерде жолдың жайы да қиын-тұғын. Ауылға баратын жол жоқ еді. Кеңес өкіметі кезінде төселген жол. Аяғы ауыр әйелдерді перзентханаға жеткізерде халық қиналатын. Халық барынша шыдап баққан. Бірақ проблема күннен-күнге ширыға түскен екен. Содан жол мәселесін шештік, енді ауызсуды реттеуге кірістік.

– Әнеугүнгі брифингіңізде «2021 жылға дейін 61 елді мекенді сапалы ауызсумен қамтимыз» дедіңіз. Лайым межеңіз дер уағында орындалсын! Әйтсе де бұған дейін халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге байланысты «Таза су», «Ақ бұлақ» деген мемлекеттік бағдарламалар болды емес пе?.. 

– Тиісті құжаты жасалмаған ғой. Жерасты сулары зерттелмеген, сөйтіп, уақытты жоғалтып алған.

– Алдыңғы әкімдер бұл тұрғыда қол қусырып отырған боп тұр ғой, демек?

– Олай деп айтуға болмайды. Алдыңғы әріптестерім біраз жұмыс атқарды ғой, бірақ бізден кейін де талай әкімге жүк болар шаруа жетерлік. Себебі барлық проблема бір мезетте түбегейлі шешіле салмайды. Мәселен, отбасымызда да атқарылар тірлікті рет-ретімен жоспарлаймыз ғой. Алдымен күйіп тұрған мәселеге ден қоямыз...

– 64 елді мекеннің 45-і табиғи газдың игілігін көреді екен...

– 2016 жылы мен бұл ауданға келгенде 64 елді мекеннің 12-сі ғана табиғи газ тұтынып отырған. Сонымен қатар біраз елді мекенге құбыры барғанымен, газ берілмеген екен. Қазір біз 47 елді мекенді газдандырып, газбен қамтуды 73 пайызға жеткіздік. Алайда бізде газ құбыры жеткізілгенімен, «көгілдір отын» берілмей отырған 1-2 ауыл бар. Тұрғын үйлерді газға қосудың машақаты көп екен.

– Үйлерді газға қосудың ақысы қанша?  

– Біз магистральді құбыр апарамыз, ішкі газ құбырларын әр елді мекен өздері жүргізеді. Бір жерде 50 мың, бір жерде 80 мың теңге деп естідім. Оны қалай келісетінін өздері біледі.

– 2021-ге қарай газбен қамту көрсеткішін 95,3 пайызға жеткізуді межелеп қойыпсыз. Ар жағындағы 4,7 пайыз таулы аймақтағы 3 елді мекенге тиесілі екен. Әйткенмен ол жаққа газ тарту тиімсіз, өйткені халық аз көрінеді.

– Алла сәтін салса, егер бәрі жоспарлы түрде жүзеге асса, солай деп межелеп отырмыз. Және сол бағытта еңбек етудеміз. Қазір Шанақ ауылында автоматты газ тарату стансасының (АГТС) құрылысы аяқталды. Енді сонда газ құбырын тартуымыз керек. Ол жерде 8 елді мекен қамтылады. Қақпақ ауылы бағытында АГТС бар, бірақ іске қосылмаған, ол – біраз жұмыс. Осы 2 нүкте болмаса, қалғандары түбегейлі шешімін тапты.  

– Бір сұхбатыңызда аудандық маңыздағы жолдардың 54 пайызы қанағаттанарлықсыз деңгейде екенін айтып қалдыңыз. Жуырда облыс әкімі Ө.Шөкеев «Аудандарды қолдау мақсатында алдағы үш жылда 1 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Бұл қаражатты дұрыс бағытта жұмсап, игерген ауданға кейінгі жылы 2 млрд. теңге берілсе, ал игере алмаған аудандардың қаражаты керісінше қысқарып отырады. Осы арқылы ауданда атқарылған жұмыс нәтижесін аңғаруға болады», – деді. Бәлкім, осы қаржының есебінен біраз тірлік тындыруға болатын шығар.

– Әкім боп тағайындалғалы бері жылда аудандық маңызы бар ішкі жолдарды жөндеуден өткізіп келеміз. Келген жылы ауданның орталығынан бастадық. 102 көшенің 28-і ғана асфальтталған екен, қазір түгел тәмамдадық. Енді ауыл округтерінің ішкі жолдарын, бірінші кезекте оқушылар жүретін көшелерді, адам көп жиналатын көшелерді асфальттап жатырмыз. Ауылдарға есеп беруге барғанда халықтың ә дегенде сұрайтыны да – жол. Одан кейін – көшелерді жарықтандыру. Ол жұмыстарды атқарып жатырмыз. Өткен жылы 12 көшені жарықтандырдық, биыл 14 көшені жарықтандырамыз. Аудан орталығындағы Қонаев көшесіне былтыр жөндеу басталған-ды. Өйткені қалған көшелер жөнделіп жатқанда, көліктің барлығы осы көшемен жүрді де, тозып кетті. Қазір ирригациялық арықтар (лоток), көше шамдары орнатылып, аяқжол төселіп жатыр. Осы жерден артылған бағаналарды басқа ауылдарға апарып, жарықтандыру мәселесін шешеміз.

Жалпы, бізде 49 шақырым республикалық жол бар, оның жағдайы жақсы. 274 шақырым – облыстық маңызға ие жол, ол да жөнделіп келеді. Биыл Шарапхана мен Жаңабазардың арасы жөнделеді деп күтілуде. Онда да жарықтандыру, аяқжол, ирригациялық арықтары қарастырылған. Соның арқасында ауылдардың барыс-келісі едәуір жақсармақ. Ал ішкі жолдарды жылда субвенция көлемінде жөндеп келеміз. Бір жылда шешіле қоймайды, алдағы 7-8 жылда толық қамтуға болады деп есептеймін. Бізге дейінгі де, бізден кейінгі де әкімдерге жұмыс бастан асады, қыруар жұмыс болған, бар, әлі де жетеді. Бірақ біз бірінші кезекте ең маңызды деген мәселеге назар аударамыз. Шымкент – мынау тұрған жер. Сондықтан ауылдың инфрақұрылымы (ауызсу, «көгілдір отын», жол) қаланыкінен кем болмауы керек қой. Ал мәдениет өзімізге байланысты. Сана-сезіміміз қандай болса, мәдениетіміз де сондай болады.

– Мәдениет демекші, аудан орталығындағы ретсіз сауда қатарларын жойдыңыздар ма?

– Арнайы қаулы қабылдаймыз, ережеміз бар. Негізі, біздің орталық базар ыңғайсыздау орналасқан. Осыны реттеу үшін артқы жағынан жер сатып алып, «ішке қарай көшіңіздер» деп жатырмыз. Ретсіз сауда көлік кептелісін тудырады. Қауын, қарбыз, шабдалы, қозықұйрық сияқты маусымдық өнімдер дайын болғанда, саудагерлер көшеге шығып кетеді. «Маусым біткенде, қайтадан кетеміз ғой» дейді. Олай болмайды. Бәрімізге ортақ тәртіп болуы керек және оған бағынуымыз шарт.

– Экономист-қаржыгер ең алдымен бюджет қоржынын қомпайтуға әрекет жасайтыны мәлім. Қазынаны арттыру жағы қалай? Ауданның өзі тапқан табысы бюджеттің қанша пайызын толықтырады?

– 2016 жылғы аудан бюджеті шамамен 16 миллиард теңгенің төңірегінде болатын. Ішкі кірістер бөлігі, яғни өзіміздің табысымыз 1 миллиард теңгеге жуық-тын. Ал жалпы өңірлік өнім көлемі 70 миллиард теңге еді, 2018 жылдың қорытындысында 107 миллиардқа жетті. Бүгінде аудан қазынасы – 22 миллиард 500 миллион теңге. Ішкі кірістеріміз – 1,6 миллиард. 1,6 миллиард теңге – өте төмен көрсеткіш. Себебі бюджетіміз ұлғайып жатыр, жаңа құрылыстар жүргізілуде, жаңа мектептер бой көтеруде. 2015 жылдан бері жыл сайын кемінде 5-6 мектептің құрылысы жүреді. Апатты, үш ауысымды мектептер жоқ. Алайда әлі бұл жеткіліксіз, біраз мектептің құрылысын жүргізуіміз қажет. Егер осы қарқыннан жаңылмасақ, 1-2 жылда толық шешімін таппақ.

Балабақшаларға келсек, ол жерде де проблема жоқ. Ол бәсекелестік ортаға берілген. Қазір кез келген кәсіпкер балабақша салып, мемлекеттен тапсырыс ала алады. Мемлекеттік –  13, жекеменшік 55 балабақша бар.

– Орайы келгенде, сұрай кетейікші, жекеменшік балабақшаға көзқарасыңыз қандай? Байқап жүрміз, жекеменшік балабақшалардың көбісі балалардың алдына ең арзан тамақты қояды. Оның өзін жарытпайды. Неліктен бұлай? Себебі тексеру жоқ. Әкімдік тапсырыс беріп отырғанымен, олардың тыныс-тіршілігінен бейхабар. Ондай жекеменшік балабақшаларды көбейте бергеннен гөрі сапалы дүниеге ұмтылған дұрыс па деп ойлаймыз... 

– Сіздің айтып отырғаныңыз дұрыс. Бірақ мемлекеттік 13 балабақшаны ұстап отыру, яғни қызметкерлердің жалақыларын беріп, балалардың ас-ауқатын, көрпе-төсегіне дейін әперу бізге оңай тимейді. Ал жекеменшік балабақшада ол мәселелерге бас қатырмаймыз. Кәсіпкер бәріне өзі жауапты. Иә, сіздің пікіріңізбен келісемін, онда бақылау болуы керек. Олардың ішінде бәсекелестік болып, нарыққа шыдайтындары қалуы керек. Шыдамайтындары бағытын ауыстырғаны жөн.

– Өкінішке қарай, қазір тізімде аты-жөні болғанымен, балабақша келмейтін балаларды жинап алған бақшалар көбейіп барады. Алайда Үкіметтің қаржысын алып отыр...

– Қазір бізде бір елді мекенде 2 балабақшадан бар. Яғни тұрғындарда таңдау бар. Халық тамағына, тәрбиешілеріне қарап таңдау жасайды. Осылай бірте-бірте мықтылары қалып, сапаға мән бермейтіндер біртіндеп көштен қала береді деп есептейін. Ол – нарықтың заңдылығы.

– Балабақшамен қамтуды биылғы 1-жартыжылдықта 100 пайызға жеткізбек көрінесіздер. Үлгересіздер ме?

– Құдай қаласа. Қаржымен қамтамасыз етсек болды ғой.

– 106 мыңнан астам халық мекендейтін ауданда 71 мектеп бар. «3 ауысымды, апатты мектептер жоқ» дедіңіз. Ыңғайластырылған мектептер ше?

– Ыңғайластырылғандары бар. Әсіресе, бастауыш мектептер көп екен. Соларды бір ретке келтіріп алсақ дейміз. Ал ұстаздар қауымына «Қараңыздар, қандай мектептер соғылып жатыр! Керемет жағдай жасалуда. Сұраған құрал-жабдықтарыңыздың барлығын әперіп жатырмыз. Оның қайтарымы болуы керек қой. Білім сапасын арттырыңыздар!» деп талап қоюдамыз. Білім сапасын бағалау әдістеріміз бар.

– ҰБТ қорытындысы арқылы ма?

– Ол – бөлек нәрсе. Біздің балаларымыз қандай жарыстарға барады? Оларда қандай жүлделі орындарға ие болады? Шет тілдерді, басқа пәндерді қалай игереді? Осылар бойынша көрсеткіштер шығады.

– ҰБТ-дан нешінші орындасыздар?

– Байқасам, аудан ҰБТ-да соңғы орындардан көрініп келе жатыр екен, біз 2017 жылы 4-орынға бір-ақ шықтық. Алайда өткен жылы қайтадан 10-орынға түстік. Ол жақсы емес. Көрсеткіш тұрақты болуы үшін, ол бір орында болуы керек қой. Мысалы, Кентау қаласы ұзақ жылдар бойына 1-орында келеді. Біз де соған ұмтылуымыз керек. Тәжірибе алмасып, мұғалімдердің білімін жетілдіре түсуіміз қажет. Одан кейін қарап отырсаңыз, мектеп ұстаздарының көбісі ЖОО-ны сырттай бітірген. Ол да білім сапасына өзінің кері әсерін тигізеді. Біздің ең құнды депозитіміз білім ғой. Бала-шағамыз қандай білім алады, сол білімімен елді басқарады. Бізді алға сүйрейтін солар ғой.     

Жалпы, білім саласында кейінгі жылдары көптеген реформа жүріп жатыр ғой. Меніңше, бұл салада эксперимент жасаудың қажеті жоқ. Тұрақтылық болуы керек. Стандарт болуы керек.

– Мектеп директорларын сізбен ақылдасып тағайындай ма?

– Жоқ. Қазір «Sitcen» деген бағдарлама бар, конкурс арқылы тағайындайды.

– Аудандық комиссия бар шығар.

– Әрине, аудандық комиссия болады. Әуелі тестті облыс орталығына барып тапсырады. Сол жерде тесттен өткендер осында аудандық комиссиядан өтеді. Төрағасы – ауданның білім бөлімінің басшысы. Құрамында қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар. Ол жерде әңгімелесуден өтіп, сұрақтарға жауап беріп, іріктеледі. Бұл – сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында атқарылып жатқан шаруа. Өз басым мектеп директорларын тағайындауға араласқан емеспін, араласпаймын да. Бірақ қоятын талабым – кадр білікті болуы керек.

Біз мектепте оқығанда директорды немесе ұстазды көрсек, шетке тұрып жол беріп, қатты құрметтейтінбіз. Мұғалімнің айтқаны заң болатын. Ал директордың кабинетіне кіру министрдің кабинетіне кіргенмен тең еді. Қазір оқушыға сәл қатты сөйлеп қалсаңыз, ата-ана мұғалім мен директордың үстінен арыздануға даяр тұрады. Мұғалім біреуден баласына қараптан-қарап дауыс көтермейді ғой, адам болсын дейді.

– «Ескі мектептердің жер телімін кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға береміз» деп едіңіздер. Ол жұмыстар нәтижелі ме?

– Беріп жатырмыз. Ол жұмыстар жүйеленіп қалды. Мен жекшелендіру комитетінде жұмыс істегенмін ғой, коммуналдық меншікті басқару саласында біраз тер төктім. Оның тиімділігі бар. Біздің мемлекеттің саясаты сондай: көп нысанды мемлекет өз меншігінде ұстап отырмауы керек. Бәсекелестік ортаға беруі шарт. Әлгі жер телімін сенімгерлік басқаруға алғандарға қойылатын талап: жерді сатып алып, өз білгеніңді жасамайсың, жергілікті биліктің айтқанын орындайсың. Мысалы, дәмхана емес, не балабақша ашасың, не мәдени-спорттық нысан ашасың. Конкурсқа шығарғанда міндетті түрде соны жазамыз. Бірінші талап – осы. Екінші талап – жұмыс орындарын сақтап қалу. Меншік иесі ауысқанымен, жұмысшылар зиян шекпеуі керек. Үшіншіден, «Мына жерге осынша инвестиция құясың» дейміз. Өйткені оған қанша қаржы жұмсалатынан алдын ала жобалаймыз. Егер талабымызды орындамаса, нысан мемлекетке қайтады. Қанша шығындалса да. Келісімшартта осылай көрсетілген.

– Қазір мұндай қанша нысан бар?

– Біз алтауын бердік. Бір жағынан, бюджетке ақша түсіп жатыр. Иә, бұрын ол жерде апатты мектеп болғасын жаңасын басқа аумақтан соқтық. Ескісі қалып кетті. Ал мұнда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдардың бәрі тұр ғой. Электр энергиясы, ауызсу, газ – бәрі дайын. Кәсіпкерлерге бұл – таптырмас мүмкіндік. Ескі ғимаратты бұзады да, біз айтқан нысанды салады. Одан пайда табуға болады. Белгілі бір мерзім өткесін ол жер телімін басыбайлы өзіне береміз.    

 

«Жалпы өңірлік өнім көлемі 107 миллиард теңге болса, соның ішіндегі 50 миллиарды – шағын және орта бизнестің үлесі»

– Аудандағы жалпы өнім көлемін қалыптастыруда шағын және орта кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы салаларының шешуші рөлге ие екенін білеміз. Оларға аудан билігі тарапынан қандай қолдау бар? Әлде халық нарық заманының қағидаларын меңгеріп, өздері ілгері жылжып бара ма?

– Ауданның басты даму бағыты – ауыл шаруашылығы. Жалпы өңірлік өнім көлемі 107 миллиард теңге болса, соның ішіндегі 35 миллиарды – ауыл шаруашылығының үлесі. Ауыл шаруашылығы өсімдік және мал шаруашылығы боп екіге бөлінеді. Негізінен Қазығұртта мал шаруашылығы жақсы дамыған. 24 миллиард теңге – солардың үлесі, 11 миллиард – өсімдік шаруашылығының өнімі. Біздің ауданның шаруаларына ең басты көмек – кедергі жасамау. Олар өз бағытын айқындап алған. Одан бөлек мемлекет тарапынан қолдау бар. Қаржыландыру механизмі қарастырылған. Бағасы жеңілдетілген жанар-жағармай, тыңайтқыштар беріліп отыр. Яғни жұмыс істеуге құлшынысы бар адамға барлық жағдай жасалған. Осының нәтижесінде Қазығұрт ауданында үлгілі шаруалар да жеткілікті. Мал шаруашылығы бойынша, мысалы, Сырым Ертаевты кім танымайды?! Бүкіл Қазақстанға мәшһүр. Кәсібін азғантай шаруашылықтан бастаған. Мал бордақылау алаңын ашқан. Қазір Қазығұрт ауданында 5 мың бастық мал бордақылау алаңы бар. Басқа аудандарда ет комбинаттары бар.

Интенсивті бау бойынша Нұрлан Құраловтың шаруашылығын айтуға болады. Индустриялық аймағымызда да біраз жоба қолға алынды. Ірі инвесторлар қызығушылық танытуда. Непалдық инвесторлар. Әлемге танымал миллионерлер. 2016 жылы Астана күні қарсаңында Елбасының қатысуымен өтетін дәстүрлі тікелей эфирдегі телекөпірде тез әзірленетін кеспе өнімдерін шығаратын кәсіпорын ашылған еді ғой. Соның меншік иесі ауысып, непалдық инвесторларға сатты. Олар 1 жылдай жұмыс істеді де, тауарды нарыққа шығаруда мәселе туындады. Әлгі шетелдік инвестормен өзім жолықтым. «Менде «сбыт» бойынша проблема жоқ. Қайта жабдықтап жатырмын» дейді. Өндірістік қуаттылығын арттырмақшы. Жұмыс орындарын көбейтпек. Онда жергілікті халық – Майлыошақ пен Шарапхана ауылдарының тұрғындары еңбек етпек. Жалпы, жобаға 6,8 миллиард теңге қаржы жұмсамақшы. Керемет емес пе?! Мұндай бір ғана нысанға осынша қаражат салған жоба ауданда бұрын-соңды болмаған. Биылдың өзінде 1,1 миллиард теңге салмақ. Сондықтан ондай инвесторлармен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдай туғызуымыз керек.

Жалпы өңірлік өнім көлемі 107 миллиард теңге болса, соның ішіндегі 50 миллиарды – шағын және орта бизнестің үлесі. Елбасы олардың үлесін 20 пайызға жеткізу қажеттігі турасында айтқан-ды.

– Демек, Қазығұрт ауданы Елбасы тапсырмасын асыра орындаған болып тұр ғой.

– Солайы солай ғой. Енді соны тұрақты ұстап отырған жөн. Түспеу кетпеу қажет. Бұл ретте де оларға кедергі жасамасақ болды. Қазығұрттағы кәсіпкерге бірінші кезекте не керек? Қаржы, сосын – жер. Әсіресе, суармалы жерге сұраныс жоғары. Алайда ондай жер бәріне бірдей жете бермейді. Сондықтан бар байлығымызды тиімді пайдаланғанымыз абзал. Ауданға керекті жобаларды іске асыруымыз керек. Мысалы, балық шаруашылығын, құс шаруашылығын дамытуымыз қажет. Осы екі шаруашылық бізде өзге аудандармен салыстырғанда кенжелеп тұр. Сондықтан осы 2 саланы қолға алатын кәсіпкерлерге құлаққағыс жасап жатырмыз. Жерін береміз.

– Егін мен мал шаруашылықтары бойынша ауданның көрсеткіштері тәп-тәуір екенін білеміз...

– Егістіктен жылда бірінші орын аламыз. Интенсивті бауларымыз жеткілікті. Жыл сайын ауқымы артып келеді. Жеміс-жидек пен көкөніс жағынан да ұятты емеспіз. Жылыжайларымыз баршылық, олардың да алқабы жылма-жыл 25-30 гектарға кеңейіп келеді. Жылыжайлардан өткен жылы 39 мың тонна өнім алдық. Экспорттық әлеуетіміз артуда.  Былтыр 1840 тонна ет өнімдерін сыртқа шығардық. Жалпы, ауданнан 4280 тоннадай ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда мың жарым тоннаға артық. Одан ары қарай ілгерілеуге ауданның әлеуеті жетеді, оны шаруалардың өздері айтып отыр.

Май өндіретін цехымыз бар. «Сапа-2002» ЖШС май сығып, Қытайға жібереді.   

– Ірі өнеркәсіптік жылыжайлар бар ма?

– Шағын-шағын. Қарапайым. Себебі ірі жылыжай салу үшін қомақты көлемде қаржы керек. Ондай қаржы шаруаларда жоқ.

– Көбінесе үйіргелік секілді ғой?

– Қайта осы тиімді. Тауарын өткізуде проблема жоқ. Осы жерден алып кетеді.

– Қазығұртта халықаралық автожолдың бойында индустриялық аймақ құрылғанын білеміз. Жаңылмасақ, аумағы 40 гектар ғой деймін. Әзірге соның 13 гектарын игеруге қам-қарекет бар көрінеді. Онда «1,9 млрд. теңгені құрайтын 7 жобаға жер телімі берілген. 2016-2017 жылдары 3 жоба іске асырылса, 2018 жылы 589 млн. теңгелік табиғи шырын сусын өндіретін «Көрік ШҚ» ЖШС-і жұмысын бастады. Ал 3 жобаны 2019 жылы іске қосу жоспарланған» дедіңіз соңғы брифингіңізде. Алғашқы 4 жоба толық қуатымен жұмыс істеп тұр ма? Биылға жоспарланған 3 жобаның жай-жапсары қалай?

– Төрт жоба жүзеге асып, нысандар пайдалануға берілді. Бірақ құрылыс саласына маманданған цехтар маусымдық тәртіппен, яғни сұраныс кезінде ғана жұмыс істейді. Ал былтыр желтоқсан айында іске қосылған алкогольсіз сусын өндіретін кәсіпорын жергілікті халықтың алма-алмұртын алып, сусын шығарады. Қазір тоқтап тұр. Өйткені шикізат жоқ. Қоймалары дайын өнімге толы. Оның өнімдерін Шымкенттің супермаркеттерінен көріп, сатып алдым талай рет. Сапасы жақсы, сұранысқа ие.

Ал биылға жоспарланған жобаларға келсек, 2 жылдан бері өзім айтып келе жатқан, өкінішке қарай, бірқатар себептерге байланысты іске қосылмаған «Асыл бастау.КZ» ЖШС-нің майсыздандырылған құрғақ сүт және сары май шығаратын жобасы жақында іске қосылады. Егер бұл кәсіпорын ашылса, сүтімізді Төлеби ауданындағы «Компания ФудМастер-Шымкент» ЖШС-не тапсырып әуреленбейміз. Өз ауданымыз жаңа зауытты сүтпен қамтуға толық қауқарлы, өз кезегінде зауыт та ауданның сұранысын қанағаттандырады. Қазір кәсіпорындағы құрал-жабдықтар монтаждалып қойды. Тек газға қосу мәселесі қалды. Осы жобаның іске қосылу уақытын асыға күтудеміз. Жобаны іске асырушы – осы ауданның азаматы.

Лайым жыл бойына тоқтамай жұмыс істейтін өндіріс ошағына айналсын. Әлгінде өзіңіз айтқан құрылыс материалдары мен шырын шығаратын зауыттардың тек маусымдық тәртіппен жұмыс істеуі ондағы еңбек ететін жұмысшылардың отбасыларының әл-ауқатына кереғар әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті.

Өкінішке қарай, жыл он екі ай жұмыс істейтін кәсіпорын жоқ бізде. Бәрі маусымдық тәртіппен жұмыс істейді.

Ондағы жұмысшылардың жалақылары өсті ме?

– 60 мың теңге айлық алып жүргендердікін 70 мыңға көтердік. 80 мың алып жүргендер 100 мың алып жатыр. Бұл мәселені кәсіпорын иелерімен келісіп жатырмыз. Өткенде шетелдік инвестормен кездескенде де осыны тілге тиек еттім. «Инвестиция салғаныңыз құптарлық. Бірақ халық соны сезіну үшін бірінші кезекте жалақысын көбейтіңіз, бізге сол керек» дедім.

– Непалдық инвестор жайлы айтып өттіңіз. Тағы қандай сыртқы инвестиция бар?

– Сыртқы инвестиция бойынша жыл сайын әр ауданға меже бекітіп береді. Оны біз артығымен орындап келеміз. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің құрылысы жүріп жатқанда, сыртқы инвестиция жақсы түсті. Өткен жылы ол көрсеткіш төмендеп қалды. Бірақ инвестиция көлемі кеміген жоқ, асыра орындалуда. Аудандардың арасында – алдыңғы қатардамыз. Бізге сыртқы инвестицияны ұлғайту мақсат емес, ең бастысы өзіміздің ішкі инвестицияны көбейту қажет.

– Қазығұрт ауданындағы жұмыссыздық деңгейі хақында айтыңызшы.

– Ол салыстырмалы түрде қарағанда, төмендеу. 106 мыңнан астам халықтың экономикалық тұрғыдан белсендісі – 49 мың. Соның 5 пайызы жұмыссыз. Жастар жұмыссыздығы – 2,1-2,2 пайыз. Жастарды кәсіпке бейімдеуге қатты күш салып жатырмыз. Жалпы, көпбалалы аналардың проблемасы неден туындайтынын білесіз бе? Көбісінің мамандығы жоқ. Күйеуінің не жұмыс істейтінін сұрасаң, вахталық немесе маусымдық жұмыспен нәпақа табатынын айтады. Есейіп қалған балалары болады, бірақ өздерінің үй-жайлары жоқ. Тұрақты жұмыстары жоқ. Бұл – проблема. Мұндай отбасылар көп болса, ұрпағына қандай тәрбие береді? Сондықтан жастарға «Сен әлі жассың, мүмкіндік барда, мамандық игеріп ал» дегенді құлақтарына құйып жатырмыз. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бар. Осыған Үкімет тарапынан қаржы бөлініп жатыр. 1, 2, 3 айлық курстардан өтесің, стипендия аласың, одан кейін несие алуға да мүмкіндік беріледі» деп, жастарға бір кәсіпті меңгертуге тырысып жатырмыз.    

– Бұл бағдарлама бойынша оқығандарға мемлекет жұмыс тауып беруге міндетті ме?

– Жоқ. Мамандықты игереді, болды. Әйткенмен жұмыс ұсынып жатқан кәсіпкерлер табылады арамыздан. Мәселен, біздің аудандағы Нұрлан Құраловтың шаруашылығы жиын-терім басталғанда, маусымдық жұмысқа адамдарды шақырады. «Маған келсін, қабылдайын. Бір мезгіл тамақ береміз. Жатақханамен қамтамасыз етеміз» дейді. Өкінішке қарай, ауыл тұрғындары барғысы келмейді. Бүгінде Н.Құралов мырзаның 530 гектар алма бауы және оны сақтайтын қоймасы бар. Экспортқа жіберуге қауқарлы, алайда оның өнімдері Қазақстаннан-ақ артылмай жатыр. 

2010-2014 жылдары үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, соның жалғасы ретінде Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Қазығұрт ауданының дамуына қандай нақты серпін берді?

– Бұл бағдарлама бойынша біраз жоспарлар құрылған-ды. Индустрияландыру картасы бекітілді. Оған жоба енгізілді. Ниет білдіргендер көп болды, бірақ көбісі бәсекелестікке төтеп бере алмай, жарты жолда қалып кетті. Біреулер іске асырды, біреулердікі іске асып жатқан жоқ. Әлгі жобаларды іріктейтін облыстық комиссия – өңірлік үйлестіру кеңесі болғаны естеріңізде шығар. Ол жерде де комиссия құрамы өзгеріп жатты. Сондай себептерге байланысты жобаларымыз аяқсыз қалып кетті.  

– Аудандағы кәсіпорындардың денінің тыныс-тіршілігі ауыл шаруашылығымен байланысты. Солардың ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындар бар ма?

– Индустриялық аймақта тамақ өндірісі бойынша 3 жоба бар. Бірі – тез әзірленетін кеспелер, екіншісі – сусын шығаратын кәсіпорын, үшіншісі – енді іске қосылатын май сығатын зауыт. Содан кейін бүкіл Қазақстанға әйгілі бренд – «Нәрлен» шұжықтары. Олардың 60 жуық өнім түрлері бар. Қазы да шығарады. Барлығы жоғары сұранысқа ие. Ауданда осындай кәсіпорындардың қатарын көбейтуге мүмкіндігіміз жеткілікті.    

– Ауыл шаруашылығындағы кооперациялар құру бәсеңсіп қалған жоқ па?

– Бұл 2016-2017 жылдары әжептәуір қарқын алған еді. Біздің ауданның өзінде 20-дан астам кооператив құрылған. Олар бірігіп, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» несие алды. Қазіргі саясат басқа арнаға ауды: зәкірлік жобаларды іске асыру қолға алынуда. Яғни ірі кәсіпорындардың аясында ұсақ шаруашылықтар топтасуы керек.

– Оның тиімді жағы бар ма екен?

– Енді сезінетін боламыз. Бұл ретте Ордабасыдағы біраз шаруашылықтарды үлгі ретінде көрсетіп жатыр.

 

«Түркістанды облыстың орталығына айналдыруының өзі туризмге мән берудің көрінісі деп ойлаймын»

– Қазығұрт ауданында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының жүзеге асу барысы қалай?

– Бұл бағдарлама ауданда қарқынды жүзеге асуда. Жыл сайын бөлінген қаржы толық игеріледі. Көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие уақтылы берілуде. Бұл мақсатқа қаржы облыстан бөлінеді. Былтыр 22 адамға бюджеттік несие берілген. Ниет білдірушілер жеткілікті. Сұраныс көбеюде. Мәселен, биылғы жоспарға сәйкес, 100 маманға көтерме жәрдемақы мен 40 маманға бюджеттік несие беріледі. Биыл әзірге бюджеттік несие алуға 56 адам комиссияның қарауына өтініш тапсырды. Көтерме жәрдемақыға 160 адам өтініш тапсырды. Бір жылда бәрін қамтып үлгере алмаймыз, қалып кеткендеріне келесі жылы береміз.   

– Аудан көлеміндегі тұрғын үй кезегі мен баспана салу үшін жер телімі кезегінде тұрғандардың мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Бұл – күрделі мәселе. Өткен жылғы мәлімет бойынша тұрғын үй кезегінде бізде 400-ге жуық азамат тұр. Көпқабатты 4 үй пайдалануға беріліп, соның 64-ін былтыр қамтамасыз еттік. Оның ішінде 38-і – әлеуметтік жағынан аз қамтамсыз етілгендер, көпбалалы аналар, жетім балалар, мүгедектер. Қалғаны бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін, баспанасы жоқ азаматтарға бұйырды. Қазір көпқабатты тағы 2 үйдің құрылысы жүруде. Негізі, біз көпқабатты емес, екі отбасыға арналған бір қабатты үйлер салуға көшеміз-ау. Себебі бізде канализация мәселесі шешілмеген. Атап өтерлігі, 64 адамға баспана берген едік, артынша одан 2 есе адам кезекке тұрды.

Ал жерге келсек, дайын 1000 гектар жер бар. Соның 250 гектарына «Шығыс» шағынауданын салу мақсатында жоба дайындау үстіндеміз. Жол, электр желісі, су сияқты қажетті инфрақұрылымды жеткізуге байланысты жобалау-сметалық құжаттамасы биыл көктемде бітеді. Сараптау қорытындысын күтіп отырмыз. Қымбат жоба: инфрақұрылым жүргізудің өзіне 1,3 миллиард теңгені қажет етеді шамамен. Бұл қаржыны республикадан сұраймыз. Ертерек бере қойса игі. Егер қаржы түссе, инфрақұрылым жеткізу бір жыл уақытты алады.

Бүгінде жер телімінің кезегінде 7 мың азамат тұр. Ауылдық елді мекендерде де халық саны өсуде. Ол жақта жер телімін беру аса қиын шаруа емес. Одан кейін жаңа жерге қоныстанған тұрғындар жарық, су, жол сұрайды. Күнделікті өмір осы ғой. Бір ауылдың инфрақұрылым мәселесін шештік дегенімізбен, артынан әлгі жаңа жер телімдеріне баспана тұрғызған халықтың мәселесі күтіп тұрады.

– Жер демекші, қайбір жылы Алтынтөбе ауылдық округінде жер теліміне байланысты дау туып еді. Бүгінгі ахуал қандай?

– 2016 жылы бұл өте күрделі мәселе-тін. Себебі колхоз, совхоздар тарағанда ауыл тұрғындары өздерінің пай үлестерін алып еді ғой. Тек Алтынтөбе мен Қарабұлақ ауыл округтерінде пай үлестері берілмеген екен. Өйткені аталмыш ауылдардың жері республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың теңгерімінде болыпты. Сөйтіп, ауыл тұрғындары жерден қағылған. Ал Алтынтөбенің тұрғындары «Біз осында тұрып жеріміз болмай ма?» деп талап қойды. Бұл жерлер – қазір ӘКК-нің теңгерімінде. Содан олармен келіссөздер жүргіздік, біраз дауластық, ақыры әлгі жерлерді халыққа жалға беретін болды. Алтынтөбе ауылдық округінде 5 ауылдық кооператив құрылды. 2017 жылы ӘКК-мен келісімшартқа тұрып, жер 12 жылға жалға берілді. 15-16 гектар жер бөлінді. Тек содан кейін ғана тұрғындар тынышталып, өз шаруаларымен айналысуда.      

– Қарабұлақ ауыл округінде асыл тұқымды мал шаруашылығы жанданады деген-тін.

– Ол шаруашылық жұмыс істеп тұр. Алайда ондағы халықтың жер үлестері жоқ. 4 жарым гектар жер бар, кезінде «Мына шаруашылықтың қаржы-шаруашылық жағдайы қиындау, болашағы бұлыңғыр. Егер банкрот болса, жерін басқа біреуге сатпай, халыққа таратып берейік. Осы мәселеге көңіл бөлулеріңізді сұраймыз. Егер мүмкіндік болса, аудандық қорға өткізіп беріңіздер» деп, Ауыл шаруашылығы министріне хат жазғанбыз. Ол жақтан «Бұл шаруашылықтың болашағы бар. Біз оны ары қарай дамытамыз. Жерді бөліп беруге мүмкіндігіміз жоқ» деп жауап келді. Алайда бұлар да пайдаланбай жатқан суармалы жерлерін жалға беріп отыр.  

– «Картаға енбей қалған» деп шулаған ауылдағы әлеуметтік мәселелер шешімін тауып жатыр ма? «Жарық, су, жол мәселелері  2020 жылға қарай шешіледі» деп едіңіз.

– 2017 жылдың желтоқсан айында бұл мәселе бой көрсетті. Ол жерлер 2008 жылы берілген екен. Айнатас елді мекеніне қарасты аумақтан жерлер берілген де, үй соққандары соққан, соқпағандары қалып кеткен. 6 көшенің 2-не ғана электр бағаналары қойылған, ауызсу жоқ екен. Ол ауылдың проблемасымен әлі танысып үлгерген жоқ едім. Содан тездетіп ақша бөліп, алты көшесіне де шағал төсеп бердік. Оның атауы жоқ емес, елді мекенге қарайтын ауыл ғой. 100 орындық мектебіне жер телімін беріп, ЖСҚ әзірлеп қойдық. Құрастырмалы-қаңқалы модульдік конструкция әдісімен 1 айда соғылатын, құны 30 миллион теңге тұратын медициналық тірек соғып бердік. Биыл электр бағаналары орнатылмаған көшелерге жарық апару үшін облыс бюджетінен қаралған 130 миллион теңгенің 80 миллионы бөлінгелі отыр. Ауызсу тарту мақсатында жерасты сулары зерттелінді. Ол жерге каналдың суы келеді, халық содан ішіп отыр. Қолынан келгендер құдық қазып алған.

– Қазығұрт ауданынан сайланған облыс мәслихаты депутаттарының аудан дамуына үлесі қандай?

– Біз облыс мәлихаты депутаттарымен тығыз байланыстамыз. Қазығұрт ауданынан сайланған 2 депутат бар. Екеуімен де жұмыс барысында іскерлік қарым-қатынас орнатып, сөйлесіп тұрамыз. Кей кезде депутаттар араласуы тиіс күрделі мәселелер туындайды. Сонда «Мына мәселені жеделдетіп шешіп алмасақ, болмайды. Сессияға ұсыныңыздаршы, комиссия отырыстарында айтыңыздаршы!» деп өтініш жасаймыз. Оны күн тәртібіне шығарып, облыс әкімдігінің назарын аударады. Оның өзі – үлкен қолдау. Одан бөлек ауданда қайырымдылық секілді түрлі іс-шаралар өтеді, соларға белсенді қатысады, атсалысады. Материалдық көмек көрсетеді.     

– Ауданда туризмге сұранып тұрған нысандар баршылық. Бұл бағытта қандай шаруалар атқарылуда? Өзі туризмді дамыту үшін әуелі туристерге жағдай туғызу қажет қой. Жолдар ыңғайлы, жатын және ас-ауқат ішетін орын болуы керек дегендей...

– Туризмге мемлекет тарапынан мән беріліп, 2 жыл бұрын 5 туристік бағыт белгіленген. Олар бойынша жолдарын, аяқжолдарын, жарықтандыру мәселесін шешу үшін біраз шаруа атқардық. Мәселен, Ақбура кесенесіне бұрын халық бара алмайтын. 6,9 шақырым жол салынды. Біз жол төсеп берсек, соның бойында демалыс орындарын ашу жөнінде жергілікті кәсіпкерлермен меморандум болатын. Қонақүй, дәмханасы соның ішінде қамтылады делінген. Бірақ жоба әлі іске асқан жоқ. Енді соған қайта қозғау салуымыз керек боп тұр.

Одан бөлек былтыр Қазығұрт тауының басында «Наурыз Қазығұрттан басталады» атты облыстық іс-шара өтті. Сол тұста осында үлкен туристік кешен салынатыны айтылған. Ол – өте қымбат жоба. Оған облыстық құрылыс басқармасы тарапынан жобалық-сметалық құжаттамасына қаржы қаралып, жұмыс істеп жатқан болатын. Жоба жасалып бітсе, соған сай әрекет етер едік. Өздігімізше бірдеңе жасағанымыз дұрыс болмайды. Әзірге бізге берілген тапсырмаға сәйкес, 4 гектар жерді белгілеп қойғанбыз.    

Ал «Кемеқалған» монументін мен ауданға әкім боп тағайындалғанға дейін 2016 жылы осы ауданның тумасы, академик Ақаев деген азаматқа сенімгерлік басқаруға беріп қойған екен. Оның айналасы тозып кетіпті. Сол себепті ол кісімен тілдестім. «Келушілерге қандай жағдай жасалған? Жай ғана дәретхананың өзі жоқ. Жарықтандыру мәселесі шешілмеген. Кеменің өзі тозып кеткен, үстіне антенна іліп қойыпты. Қалай етеміз?..» деп монументті жаңғырту жайын ақылдастым. Ол кісі: «Балам, бұған менің шамам жетпейді, тапсырайын өздеріңе» - деді де, бізге өткізді. Ол – біздің коммуналдық шаруашылықтың теңгерімінде. Біз оған қаржы жұмсап, кішігірім жөндеуден өткіздік. Баспалдақтарын ауыстырып, жарықтандыру жүргіздік. Кеменің астындағы тастарын алып тастап, плита жапсырдық. Кеменің өзін де лактап, сырладық. Дәретхана орнаттық. Келушілерге естелік бұйымдар сататын дүңіршек қойдық. Су тарту үшін 200 метрге шейін құдық қазып едік, су шықпады. Су шықса, сол маңайды көгалдандырсақ деп едік. Сол жерде су таситын көліктің бөшкесі тұр, амал жоқ, енді соны толтырып, суғарамыз. Кешке қарай тұсынан өтсеңіздер байқайсыздар, ол маңай жарқырап тұрады. Кеменің астынан прожектор жанып тұр.

– Туризмнен аудан бюджетіне қаржы түсіруге бола ма?

– Туризм саласынан бірден мол қаржы түседі деп айта алмаймыз. Бізде негізінен дамып жатқаны – ішкі туризм. 1 жылда 30 мыңға жуық турист келсе, оның 1-2 мыңы ғана – шеттен келген турист, қалғаны – өзіміз.

– Демек, бізге жарнама жетіспейді-ау. Мысалы, былтыр қазанда Самарқанда болдық. Римде шетелдіктер қалай аралайды, тура солай жүр ғой.

– Мен де байқадым. Қонақүйлері шетелдік қонақтарға толы. Бізде туризм басқармасы бар ғой, бәлкім, әр ауданға бөлек-бөлек емес, үйлестірілген ортақ бағдарлама жасаса құп болар еді-ау деген ой келді.

– Бізде туристік жақсы нысандар бар, бірақ өзіміз паш ете алмаймыз. Мына «Euronews» телеарнасын көріңіз, Өзбекстанды үнемі жарнамалайды. Өзбектер аталмыш арнаның мамандарын арнайы шақыртып, туристік нысандарын түсіртеді екен. Ақшаны аямайды.

– Түркістанды облыстың орталығына айналдыруының өзі туризмге мән берудің көрінісі деп ойлаймын. Біздің көне қаламызда, рухани астанамызда қазір жаңа құрылыстар жүріп жатыр. Шетелдіктер Түркістанға барса, Арыстанбабқа, Сайрамға, Қазығұртқа келді деген сөз. Арыстанбаб кешенін қазір қаржы жұмсап, дамытып жатыр.

Тұрбатта Смайыл ата кесенесі бар. Оның да тарихы терең. Оны да біз ақпараттық тұрғыдан насихаттап жіберсек, нақты маршрутқа қойсақ деп отырмыз. Инфрақұрылым керек. Жол, қонақүй, дәмхана болса. Адамдар Моңғолияға да барып жатыр ғой. Не үшін қызығады? Ондағы дала табиғи қалпында сақталып қалған.

– Туризм туралы айтып қалдық қой, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларына байланысты қандай жұмыстар атқарылды?  

– Бізде жолдың бойында әншейін төбе боп тұратын жер бар-тын. «Кіші туған жер» бағдарламасы аясында бүгінде сол маңай адам танымастай өзгерді. Қазығұрт ауданының тумасы саналатын Бекет Тұрғараев деген ағамыз бар. Қайбір жылы «Мына аумақтан маған жер беріңіз. Мен осы жерге тал-дарақ егіп, саябақ жасаймын» деді. Бердік. Саябақ жасады. «Бабалар рухына тағзым» дейтін кешен салды. Екі батырдың ескерткіші тұрған жер кезінде басқа біреуге сатылып кеткен  екен. Соны өзі сатып алып, Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына орай Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрге ескерткіш тұрғызды. Мықты ескерткіш, өте қымбат жоба. Қаншама халық жиналып, былтыр ашылу салтанаты өтті. Түсінетін адамға Қазақ елі үшін мән-маңызы зор кешен. Бұл – рухани жаңғыру аясында жүзеге асқан жоба. Жыл сайын мамыр айында Жеңіс мерекесіне орай сол жерде іс-шара өтеді. Ұлы Отан соғысына қатысқан біздің ата-бабаларымыздың тізімі жазылған тақта бар. Ар жағында «Ұлы шаңырақ» атты мейрамхана тұр. Ағамыз биыл тағы жер сұрады. «Менің меншігім болмай-ақ қойсын, сол жерге ағаш егемін» дейді. Тағы 2 гектар жер бердік. Ол жерге де қымбат ағаш көшеттерін отырғызып қойды. Қоршады. Суландыру мәселесін біз шештік. Келес өзенінен сусорғымен су тартып бердік. Бір ғана азамат осыншама игі іс атқарып жатыр. Кеше ғана қазақтың үш биіне еңселі ескерткіш орнатты. Мұның барлығы – болашақ ұрпаққа үлкен өнеге.

Мұндай көлемде болмаса да, басқа ауыл округтерінде біздің ардагерлеріміз ағаш егіп, елді мекендерді көгалдандыруға үлес қосуда.  

– Ағаш демекші, Түймебаевтың тұсында «Шатқал» бағдарламасы аясында аудандар даму концепциясын әзірлеп еді. Ол жұмыстар жалғасып жатыр ма? Түймебаев облыс әкімі лауазымынан кеткен соң, тоқтап қалмады ма?

– Жоқ, «Шатқал» бағдарламасы тоқтамады. Біздің ауданымызда тұқымбақ бар. Сонда өсірілген көшеттерді Шымкент қаласына, Түркістанға алып кетеді. Біз де соны пайдаланамыз.

– Павлония ектіңіздер ме?

– Биыл ектік.

– Өсіп, жерсініп кетеді деп ойлайсыз ба?

– Үлкен үмітіміз бар. Уақыт көрсетер. Әйтеуір, Түркістанда отырғызылғандары жапырақ ашып жатыр. Ол – қымбат ағаш. Аудан орталығына 300 түп отырғыздық. Қалғандарын елді мекендерге бердік. Жарнамасы жақсы, «1 жылда 5 метрге өседі» дейді. Зерттеп көрдім, суыққа шыдай бермейтін сияқты.

– Біреудің бизнесі емес пе осы?

– Олай деп ойламаймын. Меніңше, біздің топыраққа қандай ағаш бейімделген, баяғыдан қандай ағаш өсімтал, соны егуіміз керек. Бір жылдары декоративті ағашқа қатты назар аударып, бәріміз жаппай шырша егіп кеттік. Оның аяғы не болды? Қурап қалды.

Қазығұрт ауданында көбіне-көп боз арша егіледі. Айлант деген ағашымыз бар. Мал жақындай бермейді. Суға да шыдамды. Мен «соны көбірек егейік» деп айтып отырмын. Жыл сайын пәленбай түп отырғызамыз, арасында суарылмай, қурап қалатыны бар. Ол шығын ғой. Сондықтан осындай қателіктерді қайталамас үшін, қай ағаш жақсы өседі, соны өсіруге күш салып жатырмыз. Биылдың өзінде 13 мыңға жуық ағаш көшетін отырғыздық. Әлі тағы егеміз. 13 мың деген бер жағы ғой, бір жылдары 30 мыңнан асырғанбыз.

– Оны күтіп, баптау жағы қалай?

– Кім отырғызады, күтіміне сол жауапты. Әр ауылдық округтің әкімдігі, әр мекеме. Онсыз болмайды. Қазығұрт ауданының климаты тал-дарақтың өсуіне қолайлы. Топырағы құнарлы. Тек уақтылы суарып, қарап тұрса, болды.

– Және малдан аман сақтаса...

– Ол жағы бізді де ойландырады. Себебі тұрғындар аудан орталығының өзінде малдарын көшеге емін-еркін жіберіп қояды. Мұндай немқұрайдылықтан еткен еңбектің бәрі зая кетпей ме?! Малын апарып қаматып қойсаң, тағы шулайды. Айыппұл саласың. Малды қараусыз жіберуге болмайтынын енді-енді үйретіп келе жатырмыз. Бірақ әлі де... Әлгінде Өзбекстанды айттық қой. Ол жақта мал жоқ дейсіздер ме? Бар. Бірақ көшеден мал түгіл, малағын көрмейсің. Халықтың мал ұстау, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәдениеті дамыған. Біртіндеп жөнге келеміз ғой. Қалай болғанда да, осы елдің патриоты болуымыз керек.

– Шымкенттің іші де кешеге дейін ығы-жығы боп, «Көл» базарының маңайы шашылып жататын. Қазір жайнап тұр. Сол сияқты ақырындап Шымкентке жақын ауданның халқы тазалық мәдениетін сақтауды үйренер. Төке, сұхбатымыздың соңында туып-өскен ортаңыз һәм отбасыңыз жайлы білсек.

– Атақонысымыз – Түлкібас ауданы, сонда Балықшы дейтін ауыл бар. Кіндік қаным тамған жер – сол тұстағы аудан орталығы – Ванновка, қазіргі Тұрар Рысқұлов ауылы. Құдайға шүкір, 3 қыз, 1 ұлым бар. Үлкен қызымнан немере сүйіп, ата атанып отырмын. Жұбайым қызметте емес, балалардың тәрбиесімен айналысады. «Екеуміздің біреуіміз жұмыс істейік» деп келіскенбіз. Екінші қызым – студент, Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуразия Ұлттық университетінде оқиды. Одан кейінгі ұлым мен қызым – мектеп қабырғасында.   

– Отбасыңызды Қазығұрт ауданына көшіріп әкелдіңіз бе?

– Осында біраз тұрдық, бірақ кішкентай қызым аурушаң болған соң, 1 жыл болды, Шымкентке қайтты. Бұл жерде – өзім ғана.             

– Үйдің тұңғышымын деп қалдыңыз, қанша ағайындысыздар?

– Екі ағайындымыз, інім бар. Ол – ауылда, әке-шешеміздің қолында. Ата-анамыз – зейнеткер. Қайда жүрсек те, біздің тілеуімізді тілеп отырады.

– Отбасылық бизнесіңіз бар шығар?          

– Жұбайым желілік маркетингпен айналысып тұрады. Былайша өзіміздің бизнесіміз жоқ. Үлкен қызымның сауда-саттық дүкені бар. 

– Зейнетке шықсаңыз, немен айналысуыңыз мүмкін?

– Оған шейін әлі уақыт бар ғой. Шынымды айтсам, әлі оны ойланған жоқпын.              

– Кәсіпкерлікке мүлде қырыңыз жоқ па?

– Оны мүлде ойламаппын. Қызықпаппын да. Ол кез келген адамның қолынан келе бермейді. Тәуекелге бел буу дегені бар. Ұлым анда-санда үйде «Мен кәсіпкер боламын» деп айтып отырады. «Неге бизнесмен боласың?» деймін ғой. «Ешкімге тәуелді болмайсың. Өз ісіңді өзің жүргізесің» дейді. Жарайды. Әлі кішкентай ғой. Бұйыртса, көрерміз.

– Перзенттеріңізді кім бол деп тәрбиелеп жатырсыз?

– Мен балаларыма «Сен мына салаға бар, мына мамандықты таңда» деп айтқан емеспін. Өздері қарым-қабілетін қарай қалаған мамандығын таңдайды. Үлкен қызым туризм саласын қалап, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ды бітірді. Екінші қызым ер азаматтардың мамандығын таңдады. Радиотехника жағы.

– Перзенттеріңіздің рахатын көріңіз! Төлеген Тұртайұлы, уақыт тауып, емін-еркін сұхбат құрғаныңыз үшін рахмет! Ісіңіз ілгері, ауданның көркеюіне қосар үлесіңіз мол болсын!

Сұхбаттасқандар: Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ.

 

Оқылды 4838 рет