Super User

Super User

Өзіне жақын таныс әйелді тонаған ер адам қамауға алынды

Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оны жақын танысы тонап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 120 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша бірден тіркеп, жедел-іздестіру шараларын бастап кетті.

Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары қылмысты ашу үшін қажетті жұмыстарды жасады. Сондай-ақ бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықты. Нәтижесінде қылмысқа қатысы бар, бұрын сотты болған ер адам анықталып, ұсталды. Ол жұмыссыз, жергілікті тұрғын.

Белгілі болғандай, жәбірленуші әйел дәмханаға тамақтануға барған. Осы сәтте оны сыртынан көрген жақын танысы дәмханаға кіріп, әйелді ұрып-соғып, «VIVO» маркалы ұялы телефонын тартып алып, қашып кеткен. Анықталғандай жәбірленуші әйел мен күдікті ер адам осыған дейін жақын таныс болған. Әйел сезіктімен байланысын үзген соң, ер азамат ашуланып, тонау қылмысына барған.

Ер адамнан айғақты зат ретінде ұялы телефон алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда күдікті қамауда. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз бағалы заттарыңызға, қол сөмкелеріңізге сақ болыңыздар деп ескертеді. Тонау, ұрлық, қарақшылық жайттары орын ала қалса, тез арада полицияның «102» телефонына хабар беріңіз.

ҚАЗЫҒҰРТ: БІРЕУДІҢ КӨЛІГІН САТЫП ЖІБЕРГЕН

Сыныптасының көлігін сатып жіберген тұрғын анықталды.

Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, ол өзінің танысына «Daewoo Nexia» маркалы автокөлігін уақытша айдауға берген. Алайда, танысы оның автокөлігін сатып жібергенін айтқан. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін, жәбірленуші полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тіркеуге алды. Тәжірибелі тәртіп сақшылары хабарлама келіп түскен бойда бірден іске кірісті. Олар қылмысты ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды.

Полицейлердің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ер адам анықталды. Ол жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғын болып шықты.

Анықталғандай күдікті мен жәбірленуші өзара сыныптастар болып шықты. Олардың өзара келісімдері бойынша күдікті автокөлікті Нұр-Сұлтан қаласына жұмыстарын бітіріп келу мақсатында, айдап кеткен. Алайда сезікті өзінің қарыздарын жабу үшін осындай әрекетке барып, көлікті 480 000 теңгеге сатып, ақшасын жаратып жіберген.

Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға жеке мүліктеріңізге сақ болуды ескертеді. Сонымен қатар біреуге затыңызды тапсырардан алдын, оның сенімді адам екендігіне толық көз жеткізу керектігіне кеңес береді.

КЕНТАУ: ҰРЛЫҚ ЖАСАҒАН БОЙЖЕТКЕН ҰСТАЛДЫ

Көршісінің үйіне ұрлыққа түскен бойжеткен анықталды.

Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, белгісіз біреу оның үйіне заңсыз кіріп, жатын бөлмеде орналасқан шкафтың ішінен 2 дана алтын жүзігі мен 2 дана алтын сырғасын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын 400 000 теңге.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды.

Ақпарат алысымен кентаулық қырағы полицейлерден құрылған жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты. Куәлардан жауап алынды. Бейнебақылау камералары мұқият қаралды.

Нәтижесінде жедел ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы анықталды. Ол жәбірленуші әйелдің көршісі, бойжеткен қыз болып шықты.

Яғни күндізгі уақытта үйде ешкім болмайтынын білген көрші қыз, үйдің пластик терезесін арнайы құрал арқылы ашып, заңсыз кірген. Содан кейін қолына ілінген бағалы заттарды алып, оқиға орнынан бой тасалаған.

Ал ұрланған алтын бұйымдарды ломбардқа өткізіп, ақшасын өз пайдасына жаратқан. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және өз үйлерін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Үйден шықсаңыз, тіпті аз уақытқа болсын сыртқы есіктер мен терезелерін сенімді жауып жүріңіз.

 

САРЫАҒАШ: ИТТІҢ КӨМЕГІМЕН ЕСІРТКІ ТАБЫЛДЫ...

«Джайла» атты қызметтік ит шекарадан есірткі алып өтпек болған шетелдікті ұстады.

Сарыағаш АПБ-ға «Жібек жолы» шекара бақылау бекетінен хабарлама келіп түсті.

Онда «Джайла» атты қызметтік ит Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына жаяу өтіп бара жатқан жүргіншіні көріп, үріп белгі береді.

Содан полицейлер күдік тудырған азаматты байқап, бірден тексереді. Нәтижесінде күдікті азаматтың шалбарының оң жақ қалтасынан есірткіге ұқсас зат табылады.

Алынған заттың «гашиш» есірткісі екені расталды.

Сондай-ақ орта жастағы азаматтың Өзбекстан елінің тұрғыны екені анықталды. Қазіргі таңда күдікті ер адам қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткіні заңсыз тасымалдағанға қатаң жаза көзделгенін ескертеді.

Осы RSS каналға жазылу