Super User

Super User

Полицейлер тұрғынның көлігінен газды тапанша тәркіледі

Түлкібас АПБ-ның полиция қызметкерлері қылмыстың алдын алу мақсатында, күнделікті рейдтік іс-шараларды жүргізіп отырады. Осындай кезекті рейдте Шақпақбаба ауылы мен Ақбиік ауылдары арасында орналасқан тас жол бойында күдік тудырған автокөлікті тоқтатты.

Полицейлер көлікті тексеру кезінде орындығының астынан «ПМ49» маркалы газды тапаншаны тапты. Тәртіп сақшылары жүргізушіден айғақты зат ретінде қаруды тәркілеп алып, ПБ-ға жеткізді. Ол Алматы облысының тұрғыны болып шықты.

Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркеді. Қазіргі таңда аталған жайтқа қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Күнделікті жүргізілетін мұндай жедел-профилактикалық іс-шаралар түрлі қылмыстардың төмендеуіне септігін тигізеді. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстар одан әрі де өз жалғасын табатын болады.

Бассейнге демалуға барып ұялы телефон ұрлаған күдікті ұсталды

Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, аудандағы бассейндердің бірінде оның «OPPO A31» маркалы ұялы телефонын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 80 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Тәжірибелі тәртіп сақшылары хабар алған бойда оқиға орнына келді. Олар қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, аталған қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Полицейлер күдікті жас жігітті Полиция басқармасына жеткізді.

Белгілі болғандай, күдікті бассейнге демалу үшін барған. Ол киім ілетін жерде тұрған жәбірленушінің шалбарының қалтасындағы ұялы телефонды ешкімнің байқамай тұрғанын пайдаланып, қолды етіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Ұрлаған бөтеннің мүлкін сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұрлықтың құрбаны болмас үшін, өздеріңіздің бағалы заттарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді. 

ТҮРКІСТАНДА ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІНЕН ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРУДЕ

Түркістан облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізген сұхбат өткізілді.

Түркістан облысы Полиция департаментінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында брифинг өткізілуде. Онда ПД-нің әрбір салалық құрылым басшылары тікелей эфирге шығып, өздерінің басқарма, бөлім қызметкерлерімен атқарылған жұмыстары мен алдағы жоспарларын ашық, әрі нақты айтып өтуде. Мәселен, күні кеше «Жол қауіпсіздігі – басты орында» тақырыбында сұхбат өрбіп, спикер ретінде Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков қатысты.

Іс-шара кезінде облыс тұрғындарына жол қозғалысы ережесін сақтау басты талапттардың бірі екендігі түсіндірілді. Өйткені жыл сайын еліміздің қаншама тұрғындары жолдарда жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы салдарынан қаза табуда. Полиция полковнигі А. Тастанбеков өз сөзінде: «Ағымдағы жылдың шілде айының 19-ы мен тамыз айының 18-і аралығында 1 айға жоспарланған республикалық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл автоапаттылықтың алдын алу, жол-көлік оқиғаларын болдырмау, жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуді одан ары жандандыру мақсатында өткізілуде.

Тәртіп сақшыларымен ескерту де берілуде, қажет болса заңға сәйкес айыппұл да салынуда. Осы сәтті пайдалана отырып, жол қозғалысы ережесін сақтап, жылдамдықты асырмай, жол ережесін бұзбауды ескертемін!»,-деп атап өтті. Тікелей эфир барысында желі қолданушыларынан жолға қатысты көптеген сұрақтар келіп, полиция тарапынан нақты жауап берілді.

Мәлімет ретінде айтар болсақ, аталған «Қауіпсіз жол» іс-шарасының 24 тәулігінде облыс бойынша 29 000-ға тарта әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде мас халде көлік басқарған 121 жүргізуші, қозғалыстың қарсы бағытына шыққан 69 жүргізуші жауапқа тартылды. Авариялық жағдай туғызған 157 жайт белгілі болып, әкімшілік шарасы көрілді. Жалған және қолдан жасалған мемлекеттік нөмірмен көлік құралын басқарған 19 жүргізуші анықталды. Ал заңсыз жолаушы тасымалдаған 31 көлік тізгіндеуші анықталып,хаттама толтырылды.

Полицейлер Түркістанда жоғалған Шымкенттік тұрғынды отбасына қайтарды

Ордабасы аудандық полиция бөлімінің 102 пультіне тұрғындардың бірінен хабарлама келіп түсті. Оның айтуынша, Шұбар ауылынан 20 шақырым жердегі егістік алқапта тұрғындардан қорқып, қашып жүрген ер адам туралы хабар айтқан.

Хабарлама келіп түскен бойда полицейлер жылдам іске кірісіп, ер адамды тапты. Одан сұрастыру жұмыстарын жүргізгенде сөйлей алмайтын, денсаулығында ақауы бар ер азамат екені белгілі болды. Полиция қызметкерлері орта жастағы ер адамды бірден полиция бөліміне жеткізді. Жеке басын анықтау үшін, Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы әріптестеріне фотосуретін жіберіп, таратты. Нәтижесінде, оның жүйке жүйесімен ауыратын Шымкент қаласының тұрғыны екендігі белгілі болды.

Оның туыстары полиция бөліміне келіп, жоғалған азаматты алып кетті. Полиция қызметкерлерінің жұмысына дән риза болған табылған ер азаматтың туысы ерекше алғысын білдірді. Ол: «Қазіргі уақытта неше түрлі жағдайлар орын алып жатыр. Осы тұрғыда ағам үшін алаңдаған едім. Сіздердің жүйелі жұмыстарыңыздың арқасында, ағам аман-есен табылды. Жұмыстарыңызға табыс, дендеріңізге саулық тілеймін. Отбасыларыңыз аман болсын!» - деп атап өтті.

Осы RSS каналға жазылу