Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласына жұмыс сапары аясында қалалық аурухананың жай-күйімен танысты. Жауапты сала басшыларына бірқатар міндеттер жүктеп, құрылыс барысын пысықтады. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарына қатысты мәселелерді толық шешуді, сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қадағалауды тапсырды. – Облысымызда өзге өңірлерге қарағанда тұрғын саны көп. Халықтың денсаулығын жақсарту және оларға сапалы медициналық қызметтер көрсетету үшін заманауи денсаулық мекемелері аса қажет. Біз медицина саласының инфрақұрылымын жақсарта отырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауымыз керек, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты бұл мекемеде 514 қызметкер жұмыс істейді. 1984 жылы соғылған ғимараттың жалпы ауданы – 9695,33 шаршы метр. Ал жалпы аумағы 35 637 шаршы метрді құрайды. Аурухана қызметіне Кентау қаласы мен оған іргелес елді мекендердің 100 мыңға жуық тұрғыны жүгіне алады. Кентау орталық қалалық ауруханасы жылына 13-14 мың науқасқа сапалы жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуде. Өткен жылдың мамыр айында нысан аккредитациядан өткізіліп, «Ұлттық аккредиттеудің 1-ші санаты» алынды. 313 төсек орынға арналған мамандандырылған медициналық ұйым 12 бөлімшеден құралған.
Айта кетейік, Кентау қаласындағы денсаулық нысанынан бөлек, Келес аудандық «Абай» ауруханасы мен Сайрам аудандық «Қарабұлақ» ауруханасы және Бәйдібек аудандық орталық ауруханасына қарасты «Боралдай» медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін орын ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұдан бөлек Түркістан облысында 49 медициналық санитарлық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік және 6 медициналық пункт қамтылған. Сонымен қатар 42 нысанды инженерлік желілермен қамтуға жергілікті бюджеттен қаржы қаралған болатын.
Бүгінде халықтың медициналық қызметке жүгіну көрсеткіші өсіп отыр. Медицина қызметіне жүгінген халыққа сапалы көмек көрсету қажет. Қазіргі таңда аталған сала бойынша келіп түсетін шағымдар саны артқан. Жекеменшік медициналық мекемелермен тығыз байланыс орнатылып, алгоритм жүйесін өзгертіп, қайта жаңарту керек. Жалпы облыста 2023 жылдың қорытындысымен 2 046 668 тұрғынның ішінде МӘМС жүйесіне сақтандырылғандар саны – 1 606 145, сақтандырылмағандар саны – 414 869. МӘМС жүйесін түсіндіру, тіркеу және осы жүйе арқылы сапалы медициналық көмек көрсету жұмыстарын жандандыру қажеттігі туындап отырғаны жасырын емес.
Түркістан облысында 2023 жылдың қорытындысымен ішкі медициналық көрсеткіштерді жақсарту, медициналық қызмет сапасын көтеру, адами және материалдық ресурстар тиімді және қарапайым пайдалану бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдары тіркелген халыққа қажетті медициналық көмек көрсету және жыл басынан бастап қойылған жұмыстың нысаналы индикаторларына қол жеткізу бойынша тиісті жұмыс жүргізілді.
Өткен жылы өңірде 17 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында іске асырылды. Құрлысы 2023 жылдан 2024 жылға өтпелі 7 нысан бар.«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық Ұлттық жобасы аясында облыста 4 аудандық орталық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған. 2023 жылы 9,3 млрд. теңгеге 712 дана, оның ішінде ауыр – 32 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Медициналық ұйымдарға үнемделген қаржы есебінен 75 дана 4 санаттағы жедел-жәрдем автокөлігі және 716 дана компьютер берілді. Облыс бойынша медициналық техникамен жабдықтау пайызы – 84 % болса, 2024 жылы 89 %-ға көтеру жоспарлануда. Жалпы Түркістан облысында 45 мекеме 756 медициналық ұйымдар жұмыс істейді.
Осы тұста айта кетсек, биылғы жылдың басында Түркістан облысының денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы талқыға түскен жиын өткені белгілі. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжіліс отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев маңызды саланы жетілдірудің негізгі бағыттары туралы баяндаған болатын.
Түркістан облысында медицина саласы бойынша 45 мемлекеттік мекеме, 700-ден астам ұйым және 130 жеке меншік мекемелер, оның ішінде 36 емхана бар. Медициналық ұйымдарда 35 мыңнан астам дәрігер мен орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Жылына облыс халқына 3 миллионнан астам клиникалық-диагностикалық қызметтер, 900 мыңнан астам жедел жәрдем шақыртулары, 3,5 мыңға жуық санавиация шақыртулары жүргізіледі. 2023 жылы облыс халқы 14 млннан астам амбулаторлы қабылдауға жүгінген. Стационарлы көмек 2 млн-ға жуық көрсетілген, оның ішінде 547 291 емделушіге ота жасалған.
Өңірде бірнеше медициналық нысан құрылысы қолға алынған. Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қарастырылған.- Бұдан бөлек, 73 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету нысандарға қажеттілік бар. Аталған мәселені шешу үшін инвесторлар тартылуда. Биыл 8 аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу басталады. Ұлттық жобаға сәйкес 4 аудандық аурухана көпбейінді аудан аралық аурухана болып бейінделеді. Осы аталған ауруханаларда таза аймақтың болуы міндеттелген. Осыған сәйкес, Жетісай, Ордабасы, Сайрам аудандарында және облыстық клиникалық ауруханасында және Кентау қалалық ауруханасында таза аймақ құратын боламыз. Сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сервистік моделін енгізуді ұсынамыз. Сервистік модель пациентке бағытталған болады. Яғни, қызмет көрсету сапасын және пациенттердің қауіпсіздігін жақсарту, Этика және деонтологияны жақсарту, Халықпен коммуникацияны арттыру және Технологияларды жетілдіру бойынша ісшаралар жүргізілетін болады, - деді басқарма басшысы.
Материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесі қарастырылуда. Тозығы жеткен техниканы жаңартуға байланысты нақты керек техниканы анықтау үшін сараптама жүргізілді. Кадрлардың біліктілікті арттыру үшін тиісті шаралар қолға алынуда. Ол үшін облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы базасында симуляциялық оқу орталығын құру жоспарланған. Серіктес-стратег шетелдік клиникалармен серіктестікті дамыту бағытында жұмыс жүргізілуде.Отырыста тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде облыстың практикалық денсаулық сақтау саласына жаңа технологиялар мен медициналық қызметтер, халық денсаулығының индексін ұлғайта отырып, профилактикалық медицина мен ерте диагностиканы дамыту және маңызды көрсеткіштерді жақсарту, Денсаулық сақтау басқармасының инновациялық медициналық жүйесін құруға қол жеткізуге болатыны жайлы айтылды.
Расын айту керек, бүгінгі таңда облыс көлемінде 245 бейінді дәрігерлерге тапшылық туындап отыр. Оның 100-ге жуығы құрылысы аяқталуға жоспарланған 570 төсек-орындық облыстық көпбейінді ауруханаға қажет. Әсіресе, анестезиолог-реаниматолог, неонатолог, акушер-гинеколог, ангиохирург, онколог, патологоанатом, радиолог, травматолог, реабилитолог, эндокринолог, дермотолог, ЧЛХ, гематолог, гастроэнтеролог және тағы басқа да мамандар бар. Облыс аумағындағы дәрігерлерге деген тапшылықты жою мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылу үстінде. Өткен жылы 43 дәрігер шет елдерде біліктілігін арттырды. Атап айтсақ, Мәскеуде — 30, Санкт-Петербургте — 6, Стамбулда 7 неонатолог, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, балалар кардиохирургы мен балалар травматологы қосымша білім алып, тәжірибе жинады.
Өңірдегі тапшы мамандықтағы дәрігерлерді тарту мақсатында Түркістан облысының жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысына жыл сайын грант бөлініп келеді. 2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 60 грант бөлініп, 40 үміткер өтінім білдірген. Қазіргі таңда 37 үміткер медицина саласы бойынша білімін жетілдіріп жатыр. Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 139 грант бөлу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, облыс аумағында жалпы 24 681 медицина маманы қызмет атқарады. Оның 5 534-і — дәрігер, 19 147-сі — орта буынды медицина қызметкері. Облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 5 сәуірінде «Түркістан облысының ауылдық жеріне жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесі туралы» №37/391-VI шешіміне сәйкес, 2023 жылы облыс аумағындағы ауылдық жерлер үшiн жекелеген мамандықтар бойынша медицина кадрларына деген сұранысқа ие тапшы мамандықтағы 27 жас маманға 1,5 миллион теңге көлеміндегі әлеуметтік қолдау жәрдемақы көрсетілді.
Еске сала өтейік, Ғылым және жоғары білім министрінің биылғы 18 наурыздағы бұйрығымен республикалық бюджеттен қаржыландырылатын білім беру ұйымдарында жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған 2024-2025,2025-2026,2026-2027ж арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бекітілді.
Жалпы, 2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Жобаның аясында 3 міндет іске асырылуда:
655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу;
Жұмыс істеп тұрған аудандық ауруханаларды жаңғырту және оларды жарақтандыру арқылы 32 заманауи ауданаралық көпбейінді орталық аурухананы ұйымдастыруды қамтитын ауыл халқына шұғыл медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру;
Ауылдағы денсаулық сақтау нысандарын медициналық кадрлармен қамтамасыз ету.
«Осы міндет бойынша 1 100 медицина қызметкерін даярлау жоспарланып отыр», — дейді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу мерзімдері мен құнын оңтайландыру мақсатында медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының бірыңғай оңтайлы параметрлерін сақтай отырып, жобалауға біріздендірілген тәсіл көзделген. Бірыңғай жобалаушы жергілікті атқарушы органдар қайта қолдану үшін өңірлердің климаттық және сейсмикалық ерекшеліктерін ескере отырып, нысандардың 3 түрі бойынша 16 эталондық жобаны әзірледі.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмектің барлық нысанында компьютерлік техникасы бар телемедицина кабинеттері көзделген, алайда құрылыс аясында телемедициналық консультациялар өткізу үшін медициналық жабдықтармен жарақтандыруға қаражат көзделмеген. Осыған байланысты ауыл халқының сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдардан аталған нысандарды интернет желісіне қосу және тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету сұралады.
Денсаулық сақтау министрінің сөзінше, медициналық және медициналық емес бұйымдарды таңдау кезінде отандық тауар өндірушілердің өнімдеріне басымдық берілді. Жалпы пайыздық көрсеткіш 71%-ды құрады. Ұлттық жобаның бірінші міндетінің аясында барлығы 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу жоспарлануда, оның ішінде 2023 жылы 92 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанының құрылысы аяқталды, 7 жоба мерзімдері бұзылып, биыл аяқталады деп күтілуде. 2024 жылы 556 нысан пайдалануға берілмек.
«Бүгінгі таңда 239 жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, 317 жоба сараптамадан өтуде. Қорытынды алудың күтілетін мерзімі – осы жылдың сәуір айы. Сол кезде біз толығымен сараптамадан өткізіп аяқтаймыз», — деген-ді министр.
Бүгінгі таңда әкімдіктер конкурстарды өткізіп, нысандардың құрылысына 109 шарт жасалынып отыр, оның ішінде 99 нысанға жергілікті атқарушы органдардың қоса қаржыландыруы көзделген, бұл ретте республикалық бюджеттен 58 нысан қаржыландырумен қамтамасыз етілген. Жалпы 2024 жылға арналған қосымша қаржыландыру қажеттілігі 498 нысан салуға 99,6 млрд теңгені құрады. Биыл нысандардың құрылысын аяқтаудың жоспарланған мерзімдері: 7 нысан – биылғы маусым; 10 нысан – қазан; 226 нысан – қараша; ал желтоқсанда 120 нысан берілді.
Ұлттық жобаның екінші міндеті аясында 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 12 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттама бар, оның ішінде 9 жоба республикалық бюджеттен қаржыландырумен қамтамасыз етілген. 9 жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде, 14 жоба – әзірлеу сатысында.Ұлттық жоба аясында 32 көпбейінді аудандық орталық аурухананы материалдық-техникалық жарақтандыруға 33,6 миллиард теңге мөлшерінде шығыстар көзделген. 2023 жылы жалпы сомасы 10,5 миллиард теңгеге 1 800 медициналық техника сатып алынды. 2024-2025 жылдары 23 миллиард теңге сомасына 9 ангиограф, 17 МРТ, 6 КТ сатып алу жоспарланған.
«Сонымен қатар бүгінде болжамды тиімділік тұрғысынан медициналық техникамен жарақтандыру жоспарына ревизия жүргізілуде, осыған байланысты бұл сандар түзетілетін болады. Ұлттық жобаның денсаулық сақтау нысандарын медициналық кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі үшінші мінде аясында министрлік өңірлермен бірлесіп талдау жүргізді», — дейді Ақмарал Әлназарова.
655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны үшін кадрларға жалпы қажеттілік 254 медицина қызметкерін құрайды. 32 көпбейінді аудандық орталық аурухана үшін 898 медицина қызметкері қажет. 2023 жылы медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанына 39 жас маман және көпбейінді аудандық орталық ауруханаға 89 жас маман жұмысқа орналастырылды. Биыл осы бағыт бойынша жұмыс істеу үшін 215 грант иегерін жіберу жоспарланып отыр.
«2024-2025 жылдары ұлттық жобаның 2 бағыты бойынша өңірлер 486 дәрігермен және 323 орта медицина қызметкерімен қамтамасыз етілетін болады. Әлеуметтік пакеттер өңір қаражатының есебінен көзделетін болады. Осы мәселені әкімдердің қолдауы қажет. Ұлттық жобаны іске асыру бойынша жұмыс жалғасуда және министрліктің ерекше бақылауында», — дейді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде дәрігерлерге деген тапшылықты жою мақсатында түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Түркістан облыстық мәслихатының 2019 жылғы 5 сәуірінде «Түркістан облысының ауылдық жеріне жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесі туралы» №37/391-VI шешіміне сәйкес, 2023 жылы облыс аумағындағы ауылдық жерлер үшiн жекелеген мамандықтар бойынша медицина кадрларына деген сұранысқа ие әрі тапшы мамандықтағы 75 жас маманға 1,5 миллион теңге көлеміндегі әлеуметтік қолдау көрсету жоспарланып, бүгінде 27 жас маманға әлеуметтік жәрдемақы берілген.
Маңызды шешім – Түркістан облысындағы тапшы мамандықтағы дәрігерлерді тарту мақсатында Түркістан облысының жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысына жыл сайын грант бөлінуде. 2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 60 грант бөлініп, 40 үміткер өтінім білдірген. Қазіргі таңда 37 үміткер медицина саласы бойынша білімін жетілдіруде. Ал биылға жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 139 грант бөлініп отыр. Осы қадам арқылы акушерлер, гинекологтар, аллергологтар, иммунологтар, анестезиологтар мен реаниматологтар, нейрохирургтар, балалар хирургтары, гастроэнтерологтар және өзге де мамандар даярланады. Айта кетейік, 2023 жылы 43 дәрігер (неонатолог, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинекологтар, балалар кардиохирургы мен балалар травматологы) шетелдерде біліктілігін көтерді. Мәскеуде 30 дәрігер оқыса, Санкт-Петербургте 6 дәрігер және Ыстамбұлда 7 дәрігер білімін жетілдіріп, тәжірибе жинаған.
2024 жылы Түркістан облысында шетелде тағы 32 дәрігердің (неонатолог, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинекологтар, балалар травматологы, урология және кардиология) біліктілігін көтеру жоспарланып отыр. Сонымен қатар өңірге Израиль елінен білікті 2 оқытушы маманын шақырту арқылы 600 медицина қызметкерінің біліктілігін көтеру көзделген. Атап өтерлігі, Түркістан облысында жергілікті бюджет қаражаты есебінен бакалавриатқа 50 грант бөлінді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне ІТ саласына 35, медицина бойынша 15 орын берілді. Комиссия мүшелері гранттарды үміткерлер арасында іріктеп бөлу, грант иегерлерінің тізімін бекіту мәселелерін қарады.
Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін биыл облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен резидентураға 139 орын бөлінген. Ол үшін 6 университет пен институт таңдалды. Солардың ішінде ХҚТУ-і де бар. Былтыр резидентураға 30 грант бөлініп, мамандар қазіргі таңда білімін жетілдіріп жатыр. Барлық резидентура түлектері Түркістан өңірінде 5 жыл қызмет етіп, білім грантын өтейді. Бір ескеретінін жайт, аталған гранттарды тек Түркістан облысының мектеп бітірушілері иеленеді. Құжат тапсырғандардың арасында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, І және ІІ топтағы немесе бала кезінен мүгедектер, осы санаттағы балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, толық емес және көпбалалы отбасылардың балалары, ауыл жастары, «Алтын белгі» иегерлеріне гранттар үлестіріледі. Бұл студенттерге Түркия еліне барып, білім алуларына мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Бір ғана шарт, оқуды тәмамдаған соң университет түлектері 5 жыл Түркістан өңірінде жұмыс істеулері қажет.
Жалпы, Түркістан облысында 250 медицина маманына қажеттілік бар. Атап айтқанда акушерия, аллергология және иммунология, анестезиология және реаниматология, ангиохирургия, балалар хирургиясы, гастроэнтерология, гематология, дерматовенерология, жақ сүйек-бет хирургиясы, кардиология, клиникалық фармакология, медициналық генетика, нейрохирургия, неонаталогия, нефрология, онкология, патологиялық анатомия, педиатрия, радиология, ревматология, травматология-ортопедия, физикалық медицина және реабилитация, эндокринология сынды бағыттары бойынша кадрлар жетіспейді. Алдағы уақытта бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін таппақ.
«WWW.AQ-QARA.KZ»- ақпарат