Сенбі, 21 Желтоқсан 2024 13:38

Түркістан облысы: артық салмағы бар науқастарға тың әдіспен ота жасалды

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында семіздікке шалдыққан науқастарға тың әдіспен ота жасалды. Артық салмағы бар бұл пациенттердің қант диабеті, қан қысымы сынды бірнеше қосалқы аурулары бар. Лапараскапиялық әдіспен жасалған күрделі отаны дәрігерлер Литва мемлекеті мен Астана қаласынан келген медицина мамандарының жетекшілігімен жасап шықты.

Литвалық профессор, м.ғ.д. Алмантас Малецкас «Біз марафон аясында Қазақстанды аралап, Алматы және Астана қалаларында осындай күрделі оталарды жасадық. Осы арқылы бүкіл әлемдегі артық салмақ мәселесімен күрескіміз келеді. Бүгінгі шеберлік сыныбы арқылы біз Түркістан облыстық клиникалық ауруханасымен іскерлік байланысты нығайтамыз деп ойлаймыз. Операцияға жергілікті дәрігерлер қатысып, біліктілігін арттырды. Соның арқасында енді мұндағы әріптестеріміз өз бетінше ота жасауға дайындалады деп ойлаймын» деді.

Айта кетейік, мұндай ота қант диабетіне шалдыққан науқастарға дәрілік емдеу көмектеспеген жағдайда жасалады. Себебі бұл дертке шалдыққандардың басым бөлігі артық салмақтан зардап шегіп, қосалқы аурулары асқынып жатады. Ал өзге елден келген дәрігерлер алдағы күндері асқазанға жасалатын лапораскапиялық операцияларды Ташкент қаласына барып жасап, тәжірибе алмасады.

Жалпы, Түркістан облысында медицина саласын дамытуға қатысты көптеген шаралар жүзеге асырылуда. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 2024 жылы 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету нысан салу жоспарланған. Бүгінде 48 нысанның құрылысы жүргізілсе, 1 нысан жеке инвестиция есебінен пайдалануға берілді. Осы жұмыстарды пысықтау мақсатында жуырда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен жиын да өтті. Оған жауапты басқармалар және мердігер компаниялардың жетекшілері қатысты. Өңір басшылығына атқарылған жұмыстар мен қазіргі таңдағы жағдайы баяндалды.

«Ұлттық жоба негізінде ауылдардың ішінде ең қажетті аумақтарды белгілеген едік. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен республикалық және облыстық бюджеттен қаржылар толық бөлініп, игерілді. Мұндай ауқымды құрылыс бұған дейін болмаған. Қатаң ескертемін. Құрылыс сапалы жүргізіліп, уақтылы аяқталуға тиіс. Мен айтқан кемшіліктерді ретке келтіруді тапсырамын. Ауыл халқы бұл нысандарды күтуде. ФАП-тарды биыл қараша және желтоқсан айларында қолданысқа тапсырамыз. Кезең-кезеңімен ашылады. Ел игілігі үшін бар-күш жігерді арнауымыз қажет. Халық бізге сенім артып отыр», – дейді Бейсенбай Дәулетұлы.

Айта кетейік, осы жылы 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт салынуда. Жалпы 49 денсаулық нысан инжинерлік желілермен қамтамасыз етіледі. Түркістан өңірінде денсаулық сақтау саласы бойынша ауқымды жұмыстар жалғасын табады.Өткен жылы өңірде 17 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында іске асырылды. Құрлысы 2023 жылдан 2024 жылға өтпелі 7 нысан бар.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық Ұлттық жобасы аясында облыста 4 аудандық орталық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған. 2023 жылы 9,3 млрд. теңгеге 712 дана, оның ішінде ауыр – 32 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Медициналық ұйымдарға үнемделген қаржы есебінен 75 дана 4 санаттағы жедел-жәрдем автокөлігі және 716 дана компьютер берілді. Облыс бойынша медициналық техникамен жабдықтау пайызы – 84 % болса, 2024 жылы 89 %-ға көтеру жоспарлануда. Жалпы Түркістан облысында 45 мекеме 756 медициналық ұйымдар жұмыс істейді.

Осы тұста айта кетсек, биылғы жылдың басында Түркістан облысының денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы талқыға түскен жиын өткені белгілі. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжіліс отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев маңызды саланы жетілдірудің негізгі бағыттары туралы баяндаған болатын.

Түркістан облысында медицина саласы бойынша 45 мемлекеттік мекеме, 700-ден астам ұйым және 130 жеке меншік мекемелер, оның ішінде 36 емхана бар. Медициналық ұйымдарда 35 мыңнан астам дәрігер мен орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Жылына облыс халқына 3 миллионнан астам клиникалық-диагностикалық қызметтер, 900 мыңнан астам жедел жәрдем шақыртулары, 3,5 мыңға жуық санавиация шақыртулары жүргізіледі. 2023 жылы облыс халқы 14 млннан астам амбулаторлы қабылдауға жүгінген. Стационарлы көмек 2 млн-ға жуық көрсетілген, оның ішінде 547 291 емделушіге ота жасалған.Өңірде бірнеше медициналық нысан құрылысы қолға алынған. Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қарастырылған.

- Бұдан бөлек, 73 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету нысандарға қажеттілік бар. Аталған мәселені шешу үшін инвесторлар тартылуда. Биыл 8 аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу басталады. Ұлттық жобаға сәйкес 4 аудандық аурухана көпбейінді аудан аралық аурухана болып бейінделеді. Осы аталған ауруханаларда таза аймақтың болуы міндеттелген. Осыған сәйкес, Жетісай, Ордабасы, Сайрам аудандарында және облыстық клиникалық ауруханасында және Кентау қалалық ауруханасында таза аймақ құратын боламыз. Сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сервистік моделін енгізуді ұсынамыз. Сервистік модель пациентке бағытталған болады. Яғни, қызмет көрсету сапасын және пациенттердің қауіпсіздігін жақсарту, Этика және деонтологияны жақсарту, Халықпен коммуникацияны арттыру және Технологияларды жетілдіру бойынша ісшаралар жүргізілетін болады, - дейді басқарма басшысы.

Материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесі қарастырылуда. Тозығы жеткен техниканы жаңартуға байланысты нақты керек техниканы анықтау үшін сараптама жүргізілді. Кадрлардың біліктілікті арттыру үшін тиісті шаралар қолға алынуда. Ол үшін облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы базасында симуляциялық оқу орталығын құру жоспарланған. Серіктес-стратег шетелдік клиникалармен серіктестікті дамыту бағытында жұмыс жүргізілуде.

Отырыста тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде облыстың практикалық денсаулық сақтау саласына жаңа технологиялар мен медициналық қызметтер, халық денсаулығының индексін ұлғайта отырып, профилактикалық медицина мен ерте диагностиканы дамыту және маңызды көрсеткіштерді жақсарту, Денсаулық сақтау басқармасының инновациялық медициналық жүйесін құруға қол жеткізуге болатыны жайлы сөз болған еді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 30 рет