Ордабасы ауданы, Бадам ауыл округіне қарасты Қарабастау ауылының тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Ауылда заманауи үлгідегі фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындары ем іздеп аудан орталығына бармай дертіне шипаны «Қарабастау-2» фельдшерлік-акушерлік бекетінен табатын болды. Аталған нысанның құрылысы 2024 жылы басталған. Мыңнан аса тұрғыны бар ауылдағы фельдшерлік-акушерлік бекетте заманауи үлгіге сай фильтр, әйелдер бөлмесі, егу бөлмесі, емдеу және қабылдау бөлмесі бар.
Сонымен бірге, Түлкібас ауданына қарасты Абайыл елді мекенінде заманауи медициналық пункт ел игілігіне берілді. Салтанатты шараға Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдуалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қасымбек, аудан әкімінің орынбасары А.Нұрлыбай және аудандық аурухананың бас дәрігері Ж.Тоғайбекова арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.
Нысанда қазіргі заманауи үлгідегі құрылғылар, егу бөлмелері, емшара және қабылдау бөлмесі бар. Сонымен қатар, аудандағы Шақпақ-баба, Мақталы және Тастыбұлақ елді мекендерінде заманауи медициналық нысандарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, Шақпақ-баба және Тастыбұлақ ауылындағы нысандардың құрылысы биыл аяқталып, жыл соңында пайдалануға берілмек. Ал Мақталы елді мекеніндегі нысан келесі жылға өтпелі.
Сондай-ақ, Түркістан облысы, Сауран ауданында 2 фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілді. Нысандардың ашылу салтанатына Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев, аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев және Сауран аудандық емханасының басшысы Бақыт Стамкулов қатысып, аудан тұрғындарын құтықтады.
Алдымен Сауран ауданы, Бостандық ауылында заманауи үлгідегі фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілді. Аталған нысанның құрылысы 2024 жылы басталған. Фельдшерлік-акушерлік бекетте заманауи үлгіге сай фильтр, әйелдер бөлмесі, егу бөлмесі, емдеу және қабылдау бөлмесі бар.
Сауран ауданы, Шаға ауылының тұрғындары да қуанышқа кенелді. Ауылда заманауи үлгідегі фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілді. Аталған нысанның құрылысы 2024 жылы басталған. Енді шағалықтар ем іздеп, аудан орталығына сабылмайтын болды. 1500-ге жуық тұрғынға жаңа медициналық бекет қызмет көрсетеді. Бұл фельдшерлік-акушерлік бекет те фильтр, әйелдер бөлмесі, егу, емдеу және қабылдау бөлмелерімен қамтылған.
Осы тұста айта кетер болсақ, өткен жылы Түркістан облысында 17 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында іске асырылды. Құрлысы 2023 жылдан 2024 жылға өтпелі 7 нысан бар болатын.«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық Ұлттық жобасы аясында облыста 4 аудандық орталық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған. 2023 жылы 9,3 млрд. теңгеге 712 дана, оның ішінде ауыр – 32 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Медициналық ұйымдарға үнемделген қаржы есебінен 75 дана 4 санаттағы жедел-жәрдем автокөлігі және 716 дана компьютер берілді. Облыс бойынша медициналық техникамен жабдықтау пайызы – 84 % болса, 2024 жылы 89 %-ға көтеру жоспарлануда. Жалпы Түркістан облысында 45 мекеме 756 медициналық ұйымдар жұмыс істейді.
Биылғы жылдың басында Түркістан облысының денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы талқыға түскен жиын өткені белгілі. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжіліс отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев маңызды саланы жетілдірудің негізгі бағыттары туралы баяндаған болатын.
Түркістан облысында медицина саласы бойынша 45 мемлекеттік мекеме, 700-ден астам ұйым және 130 жеке меншік мекемелер, оның ішінде 36 емхана бар. Медициналық ұйымдарда 35 мыңнан астам дәрігер мен орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Жылына облыс халқына 3 миллионнан астам клиникалық-диагностикалық қызметтер, 900 мыңнан астам жедел жәрдем шақыртулары, 3,5 мыңға жуық санавиация шақыртулары жүргізіледі. 2023 жылы облыс халқы 14 млннан астам амбулаторлы қабылдауға жүгінген. Стационарлы көмек 2 млн-ға жуық көрсетілген, оның ішінде 547 291 емделушіге ота жасалған. Өңірде бірнеше медициналық нысан құрылысы қолға алынған. Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қарастырылған.
- Бұдан бөлек, 73 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету нысандарға қажеттілік бар. Аталған мәселені шешу үшін инвесторлар тартылуда. Биыл 8 аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу басталады. Ұлттық жобаға сәйкес 4 аудандық аурухана көпбейінді аудан аралық аурухана болып бейінделеді. Осы аталған ауруханаларда таза аймақтың болуы міндеттелген. Осыған сәйкес, Жетісай, Ордабасы, Сайрам аудандарында және облыстық клиникалық ауруханасында және Кентау қалалық ауруханасында таза аймақ құратын боламыз. Сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сервистік моделін енгізуді ұсынамыз. Сервистік модель пациентке бағытталған болады. Яғни, қызмет көрсету сапасын және пациенттердің қауіпсіздігін жақсарту, Этика және деонтологияны жақсарту, Халықпен коммуникацияны арттыру және Технологияларды жетілдіру бойынша ісшаралар жүргізілетін болады, - деді басқарма басшысы.
Материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесі қарастырылуда. Тозығы жеткен техниканы жаңартуға байланысты нақты керек техниканы анықтау үшін сараптама жүргізілді. Кадрлардың біліктілікті арттыру үшін тиісті шаралар қолға алынуда. Ол үшін облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы базасында симуляциялық оқу орталығын құру жоспарланған. Серіктес-стратег шетелдік клиникалармен серіктестікті дамыту бағытында жұмыс жүргізілуде.
Отырыста тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде облыстың практикалық денсаулық сақтау саласына жаңа технологиялар мен медициналық қызметтер, халық денсаулығының индексін ұлғайта отырып, профилактикалық медицина мен ерте диагностиканы дамыту және маңызды көрсеткіштерді жақсарту, Денсаулық сақтау басқармасының инновациялық медициналық жүйесін құруға қол жеткізуге болатыны жайлы айтылған еді.
Жалпы, облыста 2023 жылдың қорытындысымен ішкі медициналық көрсеткіштерді жақсарту, медициналық қызмет сапасын көтеру, адами және материалдық ресурстар тиімді және қарапайым пайдалану бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдары тіркелген халыққа қажетті медициналық көмек көрсету және жыл басынан бастап қойылған жұмыстың нысаналы индикаторларына қол жеткізу бойынша тиісті жұмыс жүргізілді.
Тағы бір айта кетерлігі, Түркістан облысындағы МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтардың үлесін 2024 жылдың қорытындысымен 86%-ға жеткізу көзделген. Бүгінгі таңда межеге жету бағытында арнайы жұмысшы топ құрылып, тұрақты жұмыстар жүргізіп келеді.
Дәл осы мәселе Қыркүйек айында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өңірлік штаб отырысының күн тәртібіне қойылған болатын. Жиында Түркістан облысының «Отбасының цифрлық картасы» бойынша халықты МӘМС жүйесіне тарту жұмыстары туралы, МӘМС жүйесі үшін төлемді тұрақты төлемеген жеке кәсіпкер және шаруа қожалықтардың есеп шоттарын жабу мәселесі, облыс тұрғындарының сақтандыру санатына өтуі мен МӘМС аясында медициналық қызмет алудағы туындап жатқан өзекті мәселелер талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары жұмысты тиісті деңгейде атқармаған аудан, қалалардың жауапты басшыларына ескерту айтып, жұмысты жандандыруды жүктеді. – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тек қана медицина саласы үшін емес, бірінші кезекте халықтың мүддесі үшін қажет. Осы орайда, ұлтымыздың, болашағымыздың денсаулығын қорғау бағытында қарқынды түрде бірге жұмыс істеуіміз қажет, – деген Бейсенбай Тәжібаев жұмысшы топтың жұмысын жүйелеуді, қолдағы мәліметтерді өзектендіруді тапсырған еді.
Жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміскүл Мирова «Отбасының цифрлық картасында» Д және Е санаттағы отбасыларының санын төмендету бойынша атқарылған жұмыстар барысын баяндаған. Оның айтуынша, дағдарыстық және мүшкіл санаттағы отбасылардың санын жыл соңына дейін 6,3 %-ға төмендету тапсырылған. Тапсырманы орындау мақсатында облыста бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, Отбасының цифрлық картасындағы деректерді өзектендіру жүргізу үшін облыс, аудан, қалалар деңгейлерінде арнайы жұмысшы топтар құрылды. Жұмыс алгоритмі бекітіліп, сол бойынша жұмыс жүргізілуде. ОЦК-дағы деректерді өзектендіру бойынша оқыту-семинарлары ұйымдастырылды. Жұмысшы топтармен ОЦК-дан алынған тізімдерге сәйкес үйме-үй аралау, әр отбасының жинақталған балы бойынша өзекті мәселерді қарау, оларды еңсеру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Облыс бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ұсынған, МӘМС төлемдері жүргізілмеген D санаттағы жалпы 96 071 азаматтың тізімі өнделіп, нәтижесінде, 96 071 азаматтың 29 477-сінің санаты «Еңбек рыногы» ААЖ арқылы анықталды. Олардың ішінде, жұмыссыздыққа тіркеліп, бағдарламаға қатысқандар саны – 92, жұмыссыздыққа тіркелмегені – 29 246, жұмыссыз ретінде есепте тұрған азаматтар саны – 139. Жұмысшы топтармен тұрғылықты мекенжайларында тіркелмеген, тіркелген мекенжайларында ұзақ мерзімнен бері нақты тұрмайтын, бейресми түрде жақын және ұзақ шет мемлекеттерде жұмыс істеп жатқан, мектепке дейінгі білім ұйымдарына, мектепке, КжТО ұйымдарына бармайтындардың тізімдері жасақталып, өзектендіру жұмыстары жүргізілуде екен.
«AQ-QARA.KZ»- ақпарат