Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024 10:36

Түркістан облысы: Төлеби ауданында 3 фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды

Түркістан облысында 2024 жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізілді. Ал Төлеби ауданында ұлттық жоба негізінде 5 медициналық нысан салу жоспарланды.

Таяуда Төлеби ауданы, Жаңажол ауылында, Диханкөл және Зертас ауылындағы фельдшерлік-акушерлік бекеттің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау нысандарының ашылу салтанатына арнайы келген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев аудан халқын қуанышымен құттықтап, бұл нысандар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын едәуір арттыруға және азаматтарымыздың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік берілгенін айтты.

Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов жаңа ФАП-тар білікті кадрлармен ғана емес, сонымен қатар заманауи медициналық құралдармен жабдықталғанын айтып, жаңа медициналық нысандар елге көмек көрсетуге толығымен дайын екендігін жеткізді. Айта кетерлігі, ауданда 2 аурухана, 5 дәрігерлік емхана, 5 бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығы, Ленгір қалалық емханасы, қалалық тіс емханасы сонымен бірге, 51 медициналық пункт халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Өткен жылы өңірде 17 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында іске асырылды. Құрлысы 2023 жылдан 2024 жылға өтпелі 7 нысан бар болатын.«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық Ұлттық жобасы аясында облыста 4 аудандық орталық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған. 2023 жылы 9,3 млрд. теңгеге 712 дана, оның ішінде ауыр – 32 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Медициналық ұйымдарға үнемделген қаржы есебінен 75 дана 4 санаттағы жедел-жәрдем автокөлігі және 716 дана компьютер берілді. Облыс бойынша медициналық техникамен жабдықтау пайызы – 84 % болса, 2024 жылы 89 %-ға көтерілді. Жалпы Түркістан облысында 45 мекеме 756 медициналық ұйымдар жұмыс істейді.

Осы тұста айта кетсек, биылғы жылдың басында Түркістан облысының денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы талқыға түскен жиын өткені белгілі. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжіліс отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев маңызды саланы жетілдірудің негізгі бағыттары туралы баяндаған болатын.

Түркістан облысында медицина саласы бойынша 45 мемлекеттік мекеме, 700-ден астам ұйым және 130 жеке меншік мекемелер, оның ішінде 36 емхана бар. Медициналық ұйымдарда 35 мыңнан астам дәрігер мен орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Жылына облыс халқына 3 миллионнан астам клиникалық-диагностикалық қызметтер, 900 мыңнан астам жедел жәрдем шақыртулары, 3,5 мыңға жуық санавиация шақыртулары жүргізіледі. 2023 жылы облыс халқы 14 млннан астам амбулаторлы қабылдауға жүгінген. Стационарлы көмек 2 млн-ға жуық көрсетілген, оның ішінде 547 291 емделушіге ота жасалған.

Өңірде бірнеше медициналық нысан құрылысы қолға алынған. Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қарастырылған. Бұдан бөлек, 73 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету нысандарға қажеттілік бар. Аталған мәселені шешу үшін инвесторлар тартылуда. Биыл 8 аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу басталады. Ұлттық жобаға сәйкес 4 аудандық аурухана көпбейінді аудан аралық аурухана болып бейінделеді. Осы аталған ауруханаларда таза аймақтың болуы міндеттелген. Осыған сәйкес, Жетісай, Ордабасы, Сайрам аудандарында және облыстық клиникалық ауруханасында және Кентау қалалық ауруханасында таза аймақ құратын боламыз. Сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сервистік моделін енгізуді ұсынамыз. Сервистік модель пациентке бағытталған болады. Яғни, қызмет көрсету сапасын және пациенттердің қауіпсіздігін жақсарту, Этика және деонтологияны жақсарту, Халықпен коммуникацияны арттыру және Технологияларды жетілдіру бойынша ісшаралар жүргізілетін болады.

Материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Тозығы жеткен техниканы жаңартуға байланысты нақты керек техниканы анықтау үшін сараптама жүргізілді. Кадрлардың біліктілікті арттыру үшін тиісті шаралар қолға алынуда. Ол үшін облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы базасында симуляциялық оқу орталығын құру жоспарланған. Серіктес-стратег шетелдік клиникалармен серіктестікті дамыту бағытында жұмыс жүргізілуде. Аталмыш тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде облыстың практикалық денсаулық сақтау саласына жаңа технологиялар мен медициналық қызметтер, халық денсаулығының индексін ұлғайта отырып, профилактикалық медицина мен ерте диагностиканы дамыту және маңызды көрсеткіштерді жақсарту, Денсаулық сақтау басқармасының инновациялық медициналық жүйесін құруға қол жеткізуге болады дейді сала мамандары.

Тағы бір айта кетерлігі, Түркістан облысында денсаулық сақтау нысандарын салу және күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бірнеше ай бұрын осы салаға жауапты басшыларды жинап, құрылыс барысын пысықтағаны белгілі. Сол жиында медицина саласының инфрақұрылымын жақсартуда олқылыққа жол берілмеуі керек екенін айтқан болатын.– Әрбір нысанның күрделі жөндеу жұмысы, құрылысы бақылауда тұр. Мердігерлермен дұрыс жұмыс жүргізіңіздер. Жауапты басқарма басшылары әрбір нысанның басы-қасында жүріп, жұмысты үйлестірсін. Нысандардың құрылысы, материалдары, сәулетіне мән берілсін. Жоспардан ауытқу болмасын. Кестеде қай уақытта беріледі, дәл сол уақытта тапсырылуы тиіс. Жұмысты ширату бағытында ұсыныс беріңіздер, – деген еді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте өңірде күрделі жөндеуден өтіп жатқан нысандардың қазіргі жай-күйі айтылды. 2024 жылға 7 денсаулық сақтау нысанында күрделі жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланған. Бүгінгі таңда 3 нысан – Жетісай аудандық «Асықата» ауруханасы, Созақ аудандық орталық ауруханасы, «Қарабұлақ» Сайрам аудандық ауруханаларының жобалық-сметалық құжаттамалары мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Кентау қалалық орталық ауруханасына, Келес аудандық «Абай» ауруханасына және Бәйдібек аудандық орталық ауруханасына қарасты «Боралдай» медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін орын ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарына мердігерлер анықталған. Жұмыстар басталған. Өңір басшысы осы нысандарға қатысты мәселелерді толық шешуді тапсырды.

Түркістан облысының Келес ауданындағы Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ынтымақ және Жаңадәуір ауылдарында дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Бұл ғимараттар кең әрі ыңғайлы болмақ.Құрылысын «Emaar» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда ғимараттардың іргетасы қалануда. Биылғы шілде айында басталған құрылыс нысаны жыл соңында қолданысқа беріледі. Құрылыс алаңы 0,4 гектар аумақты құрайтын дәрігерлік амбулатория 1 қабатты болады. Құрылысқа тапсырыс беруші – Түркістан облысының құрылыс басқармасы.Айта кетейік, Жаңадәуір елді мекенінде бүгінде 1 876 тұрғын болса, Ынтымақ ауылында 2 452 адам тұрады. Олар бүгінгі күнге дейін Ақтөбе ауылдық округінің орталығы Лесбек Батыр елді мекенінде орналасқан емханаға барып, қызмет алып жүрген болатын.

Бүгінгі таңда облыстың ауылды елді мекендерінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарына қажеттілікті жою бойынша 2 бағытта жұмыстар жүргзілуде. Олар: жекеменшік клиникасы бар ұйымға ауыл тұрғындарын тіркеу арқылы медициналық нысан салу және әлеуетті инвестор салған дайын ғимаратты сатып алу арқылы іске асыру. Осы 2 бағытта облыстық Денсаулық сақтау басқармасының дайын үлгілік жобаларын қолдану арқылы бірыңғай нысандар салынады деп жоспарланған.

Осы тұста атап өтер жайт, Түркістан облысы халқына 19 миллионнан астам клиникалық-диагностикалық қызмет көрсетілген. Бұл туралы бүгінгі брифингте Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды мәлімдеді. Спикердің сөзінше, 2024 жылдың 6 айында облыс халқына 19 307 002 клиникалық-диагностикалық қызмет көрсетілген. Одан бөлек, 375 063 жедел-жәрдем және 1 594 санавиация шақыртулары, сондай-ақ 3 миллионнан астам амбулаторлық көмек көрсетілген. Сонымен қатар, 200 мыңнан астам стационарлық-медициналық көмек көрсетіліп, 18 693 ота жасалған.

«Биыл Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында барлығы 81 науқасқа, ал Түркістан қалалық орталық ауруханасында барлығы 4 науқасқа күрделі ота өткізілді. Бұдан бөлек, өңірде 3 бүйрек трансплантациясы жасалды. Биыл облыста 15,9 миллиард теңгеге дәрілік заттар мен 549 медициналық бұйымдар сатып алынды. Бүгінгі күнге дейін «Д» есепте тұратын 158 204 науқас тегін дәрімен қамтылған. Ал, 2024 жылдың 1 қаңтары мен 30 маусым аралығында жергілікті бюджеттен амбулаториялық деңгейде 188 науқасқа дәрі-дәрмек берілді. Бұдан бөлек, дәрігерлердің біліктілігін арттыру бойынша Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы мен Санкт-Петербург мемлекеттік педиатриялық медициналық университеті арасында келісім шарт орнатылды. Нәтижесінде өңірден 24 дәрігер Санкт-Петербург қаласында біліктіліктерін арттыру курсынан өтті», — деді Бауыржан Нұрланұлы. Айта кетсек, өңірде Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты 45 мемлекеттік мекеме, 756 ұйым мен 130 жекеменшік мекеме бар. Медициналық мекемелерге барлығы 2 060 903 адам тіркелген болса, оларға 35 714 дәрігер қызмет көрсетеді.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 30 рет