2023 жылдың шілдесінен 2024 жылдың қарашасына дейінгі кезеңде стационар 26 сәтті ота жасады. Жоба өткен жылдың шілде айында Түркиядан келген профессорлардың қатысуымен өткен шеберлік сыныптары аясында 3 кохлеарлық имплантация жасаудан басталды. Ал биыл қараша айының 29-30 күндері арасында 16 ота жасалып, аурухананың рекорды жаңартылды. Ота барысында әлемнің жетекші компанияларының импланттары пайдаланылды. Барлық оталар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жүргізілді.
Күрделі технологияларды енгізуде халықаралық тәжірибе алмасудың арқасында түркістандық дәрігерлердің біліктілігі артты. Нақтырақ айтқанда, Түркиядан келген профессорлар Режеп Карамерт пен Айше Пелин Игидер өңір дәрігерлерімен өз тәжірибелерімен бөлісті. Аурухана басшылығы жыл сайын оталардың санын арттыруды, сондай-ақ кохлеарлық имплантациядан өткен пациенттерге арналған оңалту бағдарламаларын дамытуды, шетелдік клиникалармен ынтымақтастықты кеңейтуді, оқыту семинарлары мен шеберлік сыныптарының санын көбейтуді жоспарлауда.
Айта кетейік, 2023 жылға дейін бұл санаттағы оталар тек Астана мен Алматының озық клиникаларында жасалған. Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының қолдауының, әлемдік сарапшылармен ынтымақтастықты және материалдық-техникалық базасын дамытудың арқасында Түркістан қалалық орталық ауруханасы бұл қызметті жергілікті тұрғындарға ұсынған алғашқы мекеме болды.
Бүгінде Түркістан облысында медицина саласының дамуы қарқынды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 2024 жылы 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету нысан салу жоспарланған. Бүгінде 48 нысанның құрылысы жүргізілсе, 1 нысан жеке инвестиция есебінен пайдалануға берілді. Ұлттық жоба негізінде ауылдардың ішінде ең қажетті аумақтарды белгіленген. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен республикалық және облыстық бюджеттен қаржылар толық бөлініп, игерілген. Мұндай ауқымды құрылыс бұған дейін болмаған. Құрылыс сапалы жүргізіліп, уақтылы аяқталуын облыс басшылығы қадағалауға алған. Ауыл халқы аталмыш нысандарды күтіп отырғаны жасырын емес. ФАП-тар биыл қараша және желтоқсан айларында кезең-кезеңімен қолданысқа берілгенін айта кеткен жөн.
Айта кетейік, осы жылы 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт салынды. Жалпы 49 денсаулық нысан инжинерлік желілермен қамтамасыз етіледі. Түркістан өңірінде денсаулық сақтау саласы бойынша ауқымды жұмыстар жалғасын табады.Өткен жылы өңірде 17 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында іске асырылды.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық Ұлттық жобасы аясында облыста 4 аудандық орталық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған. 2023 жылы 9,3 млрд. теңгеге 712 дана, оның ішінде ауыр – 32 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Медициналық ұйымдарға үнемделген қаржы есебінен 75 дана 4 санаттағы жедел-жәрдем автокөлігі және 716 дана компьютер берілді. Облыс бойынша медициналық техникамен жабдықтау пайызы – 84 % болса, 2024 жылы 89 %-ға көтеру жоспарлануда. Жалпы Түркістан облысында 45 мекеме 756 медициналық ұйымдар жұмыс істейді.
Түркістан облысында медицина саласы бойынша 45 мемлекеттік мекеме, 700-ден астам ұйым және 130 жеке меншік мекемелер, оның ішінде 36 емхана бар. Медициналық ұйымдарда 35 мыңнан астам дәрігер мен орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Жылына облыс халқына 3 миллионнан астам клиникалық-диагностикалық қызметтер, 900 мыңнан астам жедел жәрдем шақыртулары, 3,5 мыңға жуық санавиация шақыртулары жүргізіледі. 2023 жылы облыс халқы 14 млннан астам амбулаторлы қабылдауға жүгінген. Стационарлы көмек 2 млн-ға жуық көрсетілген, оның ішінде 547 291 емделушіге ота жасалған.Өңірде бірнеше медициналық нысан құрылысы қолға алынған. Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қарастырылған.
Бұдан бөлек, 73 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету нысандарға қажеттілік бар. Аталған мәселені шешу үшін инвесторлар тартылуда. Биыл 8 аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу басталады. Ұлттық жобаға сәйкес 4 аудандық аурухана көпбейінді аудан аралық аурухана болып бейінделеді. Осы аталған ауруханаларда таза аймақтың болуы міндеттелген. Осыған сәйкес, Жетісай, Ордабасы, Сайрам аудандарында және облыстық клиникалық ауруханасында және Кентау қалалық ауруханасында таза аймақ құрылатын болады. Сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сервистік моделін енгізіледі. Сервистік модель пациентке бағытталған болады. Яғни, қызмет көрсету сапасын және пациенттердің қауіпсіздігін жақсарту, Этика және деонтологияны жақсарту, Халықпен коммуникацияны арттыру және Технологияларды жетілдіру бойынша ісшаралар жүргізілмекші.
Материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесі қарастырылуда. Тозығы жеткен техниканы жаңартуға байланысты нақты керек техниканы анықтау үшін сараптама жүргізілген. Кадрлардың біліктілікті арттыру үшін тиісті шаралар қолға алынуда. Ол үшін облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы базасында симуляциялық оқу орталығын құру жоспарланған. Серіктес-стратег шетелдік клиникалармен серіктестікті дамыту бағытында жұмыс жүргізілуде.
«AQ-QARA.KZ»- ақпарат