Дүйсенбі, 24 Шілде 2023 12:22

Отырарлық кәсіпкер 200 адамды жұмыспен қамтып отыр

Кәсіп түбі нәсіп дейтін қазақ бүгінде неше түрлі кәсіп түрын меңгеріп, соның арқасында тұрмысын түзеп отырғаны белгілі. Сондай кәсіпкерлердің бірі Отырар ауданының тұрғыны – Сыдық Дәулет.

Ол өз кәсібін осыдан 21 жыл бұрын жалғыз түйенің шұбатын сатудан бастаған. Ерінбей еңбек етіп, тапқан пайдасына 50 бота сатып алады. Ал қазір оның шаруашылығында 5 мың бас түйе бар. Мұнда 200 адам еңбек етеді. Жалақыларын уақытылы алып тұрады. Мың жарым бас түйе күніне екі рет сауылады.

«Екі жылдан бері сауын машинасымен сауамыз. Бір сауғанда 4-5 литр түйе сүтін шығады. Күніне екі мезгіл сауып аламыз. Сонда, орташа есеппен күніне әр түйеден 10 литр сүт сауылады» - дейді фермер Сыдық Дәулет. Ал, осы түйе шаруашылығының жұмысшысы Гүлжамал Әуезмұратова болса: «Қанша жылдан бері  қолмен сауатын едік.  Жиырма жылдың артығында қолмен сауылды, енді екі-үш жылдан  бері тоқпен жұн жұмыс істейтін құрылғы арқылы сауылып жатыр. Бізге де осы құрылғы арқылы сауған ыңғайлы» - дейді.

Негізгі өнім – түйенің шұбаты. 2009 жылы фермер шұбат жасайтын зауыт ашады. Ал былтыр құрғақ түйе сүтін шығаратын кәсіпорынды іске қосқан. Құрғат сүтті сақтау әрі тасымалдау оңай. Израильдік технологияның арқасында пайдалы қасиеттері сол күйі сақталады екен. Қазір емдік қасиеті мол өнім республикадан бөлек, шетелге де сатылып жатыр. Бұл жайында ферма басшысы Сыдық Дәулет: «Екі жылдай болды мына көрші Қытай мемлекетіне соның 50-60 %-ын экспорттаймыз. Оның ішінде үлкен қалалары Пекинге, Шанхайға эксрпорттаймыз. Жақында Дубайменен келісімшартқа отырдық. Енді күні кеше Германиядан, Еуропадан көптеген адамдар қызығушылық танытып, қазір сол Еуроодаққа шығарсақ па деп жұмыс жасап жатырмыз. Түйенің болашағы үлкен. Қазір 5000 түйе ұстап отырған болсақ, алдағы екі-үш жылда  экспорттың арқасында 15 мыңға жеткіземіз деп жұмыс жасап жатырмыз» - деді.

Ата кәсіптен нәсібін тапқан Сыдық Дәулет мал саны артқан соң арнайы кластер құруды жоспарлап отыр. Түйе еті мен жүнін өңдейтін завод салынады. «Мақсат айқын болса, табысқа жету де жеңіл болады» дейді фермер. «Қымыран мешелді емдейді» дейтін сөз бар қазақта. Түйе сүтінің емдік қасиеттерін ата-бабамыз ежелден-ақ білген. Ол адамның иммунитетін күшейтеді. Ал жуырда қытайлық ғалымдар түйе ағзасында әртүрлі ауруларды анықтап, емдеуге көмектесетін антиденелерді  тапқан. Түйенің иммунитеті минут сайын өзгеріп тұрады екен. Ата-әжелеріміз түйе сүтін асқазан, туберкулез бен онкологиялық ауруларға қарсы қолданып тұрған.

Мемлекет қашанда кәсіпкерлерге қолдау танытуда. Оның айғағы – бірнеше бағдарламаның қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жаруы. Қазалы ауданында да кәсіпкерлік саласының дамуына тікелей ықпал етіп отырған «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асырылуда.

Аталған бағдарлама аясында шағын және орта бизнес субъектілерінің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, шағын және орта бизнес субъектілерінің кредиттеріне кепілдік беру «Даму» қоры арқылы жүзеге асырылып келеді. Биыл еліміздегі төтенше жағдай кезеңінде бұл бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, несиенің кәсіпкер төлейтін бөлігі 6 процентке төмендетілді. Несие қаражаттары екінші деңгейлі банктер арқылы қолдау тапқан жобаларға беріліп, несиенің проценттік айырмасын мемлекет өтейді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Қазіргідей жағдайда жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтау – басты басымдық. Сондықтан осы кезеңде көбірек зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес өкілдерінің еңбекақы қорына түсетін ауыртпалықты жеңілдету маңызды болып отыр. Бизнестің осы санаты бойынша еңбекақыдан бюджеттік емес қорларға аударылатын төлемдерді жыл соңына дейін тоқтатуды тапсырамын», – деді. Бұл қуантарлық жағдай.

Жалпы, мемлекет кәсіпкерлікті дамыту үшін түрлі жобаларды қолға алып, «жан-жақты қолдау көрсететін механизмдерді жасады. Соның бірі «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба». Аталған ұлттық жоба шеңберінде Отырар ауданында жергілікті тұрғындардың жеке істерін ашып, отбасылық әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында 2018 жылы 13 адамға (255,0 мың теңге), 2019 жылы 295 адамға (505,0 мың теңге), 2020 жылы 189 адамға (555,6 мың теңге), 2021 жылы 100 адамға (583,4 мың теңге), 2022 жылы 78 адамға (1225,2 мың теңге), барлығы 5 жылда 675 адам мемлекеттік грантпен қамтылды. 2023 жылдың есепті мерзімінде 20 адамға (1380,0 мың теңге) қайтарымсыз мемлекеттік грант берілген деп хабарлайды Отырар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі. 

Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, жаңа нишаларды қалыптастыруға, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталып отыр. Осыған орай, Түркістан облысы Отырар ауданында да кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын жүзеге асыру қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Жалпылай айтқанда, 2021 - 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба 10 міндетті көздейді, оның 3-і халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған: өз ісін ашу және дамыту үшін жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне дағдыларды дамыту.

1. Бірінші міндет шеңберінде "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізіледі, сондай-ақ мемлекеттік тіркеу мерзімі дара кәсіпкер ретінде үш жылдан кем болатын жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде грант беруге өтініш берілгенге дейін олар тіркелген жағдайда халықтың әлеуметтік осал топтарына гранттар беріледі.

2. Екінші міндет шеңберінде еңбек нарығында белгілі бір кедергілерге тап болған адамдарды (жұмыссыздар, жастар, мүгедектігі бар адамдар, зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар және т.б.) жұмыспен қамтуға ықпал ететін іс-шаралар іске асырылады.

Оқу орындарының түлектеріне арналған Жастар практикасы, "бірінші жұмыс орны" және "ұрпақтар келісімшарты" жобалары бойынша жұмыс орындары олар алған кәсіп (мамандық) немесе сабақтардың Ұлттық сыныптауышының сол сабақ тобына жататын ұқсас кәсіп (мамандық) бойынша құрылады.

Жастар практикасы алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуға арналған (қатысу мерзімі 12 айға дейін, субсидиялар мөлшері 30 АЕК (ай сайын).

"Бірінші жұмыс орны" жобасы бірінші рет жұмыс іздеп жүрген жұмыссыздарға жұмыс орындарын және қажетті еңбек дағдыларын беруге бағытталған (қатысу мерзімі 18 айға дейін, субсидиялар мөлшері 30 АЕК (ай сайын).

"Ұрпақтар келісімшарты" жобасы кейіннен зейнеткерлік жасқа толған жұмыскерді ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыруға бағытталған (қатысу мерзімі 6 айға дейін, субсидиялар мөлшері 30 АЕК (ай сайын).

Қоғамдық жұмыстар-қызметкерлерді алдын ала кәсіптік даярлауды талап етпейтін, олардың уақытша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-пайдалы бағыты бар еңбек қызметінің түрлері. Қоғамдық жұмыстарға қатысуға: жұмыссыздар; жазғы демалыс кезеңінде жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары мен студенттері; бос тұруына байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдар (қатысу мерзімі 12 айға дейін, субсидиялар мөлшері кемінде 20 АЕК (ай сайын) құқылы.

Әлеуметтік жұмыс орындары жұмыссыздардың жалақысын субсидиялай отырып, оларды жұмысқа орналастыруға арналған (қатысу мерзімі 12 айға дейін, субсидиялар мөлшері кемінде 20 АЕК (ай сайын).

"Күміс жас" жобасы 50 жастан асқан жұмыссыздардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған (қатысу мерзімі 36 айға дейін, субсидия мөлшері 30 АЕК-тен аспайды (ай сайын).

Жоғарыда көрсетілген субсидияланатын жұмыс орындарына қатысу үшін мынадай құжаттар қажет: қатысуға өтініш; жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; еңбек кітапшасының көшірмесі (бар болса); білімі туралы құжаттың көшірмесі (аттестат, куәлік, диплом), бар болса оқудан өткенін растайтын құжаттар (куәлік, сертификат).

Жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқыту 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде келесі үш бағыт бойынша ұйымдастырылады.

Біріншіден, жұмыс берушілердің сұранысы бойынша оқу ұйымдарында оқыту.

Оқыту оқытудан өткен адамдарды жұмысқа орналастыруға кепілдік беретін жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша ұйымдастырылады. Ол үшін тараптардың (жұмыспен қамту орталығы, жұмыссыз, жұмыс беруші және оқу ұйымы) арасында тараптардың құқықтары мен міндеттерін көздейтін 4 жақты әлеуметтік келісімшарт жасалады.

Екінші, жұмыс берушіде жұмыс орнында оқыту.

Жұмыс берушілерде жұмыссыздарды жұмыс орнында оқыту білікті тәлімгерді бекіте отырып, кәсіпорындар базасында ұйымдастырылады. Оқу кезеңінде жұмыс беруші жұмыссыздармен еңбек шартын жасасады және оны уақытша жұмыс уақытына жұмысқа орналастырады.

Үшінші, платформада онлайн оқыту skills.enbek.kz.

Портал онлайн оқытудың қысқа мерзімді курстарының маркетплейсі болып табылады және сұранысқа ие дағдыларды үйренуге немесе біліктілігін арттыруға ниет білдірген кез келген республика азаматы үшін қолжетімді.

Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін жеңілдетілген шағын несиелеу қарастырылған.

Номиналды сыйақы мөлшерлемесі-жылдық 2,5% - дан аспайды. Қарыздың ең жоғары сомасы-кепілмен қамтамасыз етудің міндетті шартымен 5 млн теңгеге дейін. Несиелеу мерзімі мал шаруашылығын қоспағанда, кез келген мақсат үшін 5 жылға дейін (қызметтің осы бағыты үшін – 7 жылға дейін).

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ұлттық жобаның негізгі міндеттемесі – қаржылай қолдау көрсету. Соның ішінде суб­сидиялау, кепіл болу, жеңілдікпен микрокредиттеу, жетпей тұрған инфрақұрылымды тартып беру және мемлекеттік гранттар беру қарас­тырылған. Бұл жерде, субсидиялау дегені­міз – банк­тердің бизнесті дамытуға беретін несие­лерінің сыйақы мөл­шерлемесін төмендету деген сөз. Ал кепіл болу – банктердің не­сиелері бойынша кепілзат ретінде ішінара кепілдік беру. Бұл құжатты бұған дейінгі жасап шығарылған мемле­кеттік бағдар­ламалардың барлығын кіріктіре отырып Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген. Іске асыруға жауаптылар қатарында әзір­леушімен бірге Сауда және интеграция, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Мә­дениет және спорт, Индустрия және инфра­құрылымдық даму, Ішкі істер, Қаржы, Энергетика, Сыртқы істер министрліктері бар. Сонымен қатар келісу бойынша, бір­қатар комитет, агенттік, палаталар мен ква­­зимемлекеттік компаниялар жүзеге асы­рылуына атсалысты.

Ұлттық жобаны әзірлеудегі мақсат – кәсіпкерлік құрылым­да­рындағы сапалы өзгерістерді қам­тамасыз ету, халықты жұ­мыспен қам­туды арттыру мақсатында шағын бизнесті дамыту, экономика сала­ларын әртараптандырудың драйвері ретінде орта бизнеске сүйену, кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдай туындата отырып, бәсе­келестікті кешенді дамыту. Үкіметтің 2021 жылғы 12 қазандағы №728 Қау­лысымен бе­кітілген «2021-2025 жыл­дарға арналған кә­сіп­керлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жо­баға» әу баста-ақ 8 455 329 919 мың теңге қарас­ты­рылған екен. Оның ішінде респуб­ликалық бюджеттен – 1 030 884 427,0 мың, жергілікті бюджеттерден – 124 695 492,0 мың, бюд­жеттен тыс – 7 299 750 000,0 мың теңге қара­жат көзделген екен. Жылдар бойынша алып қарар болсақ, 2021 жылға – 1 272 207 923,3 мың, 2022 жылға – 1 370 367 038,7 мың, 2023 жыла –1 620 056 904,0 мың, 2024 жылға – 1 963 862 120,0 мың, соңғы 2025 жылға 2 228 835 933,0 мың теңге жоспарланған.

Бес жылға арналған жобаның экономи­калық тиімділігі Жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) шағын және орта кәсіпкерлік үлесін (ШОК) 35 пайызға дейін жеткізу мақсатын көздейді. ЖІӨ-дегі туризм көлемінің өсуі 8,4 трлн тең­геге жетуі тиіс. Мемлекеттің экономикадағы үлесін 14 пайызға дейін төмендету меже­ленген. Ұлттық құжат қорытынды­сында 995,3 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Оның ішінде тұрақты – 335,1 мың, уақытша – 660,2 мың жұмыс орны болмақ. Жобаның әлеуметтік әсері: 1,7 млн адам тұрақты жұмысқа орналасады, 3,5 млн адам халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылады, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен тө­мен ауыл халқының үлесі 6,5 пайызға азаяды деп күтіліп отыр. Бұл жоба­ның ішіне бизнесті қолдау және дамыту жөніндегі «Бизнестің Жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдар­ла­масы және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы да кіріктірілген.

«ҚЗЭ» механизмі бойынша не­сиелен­діруге жататын басым жоба­ларға арналған тауарлар тізіміне сәйкес кәсіпкерлерге же­ңілдетілген несие беру және несиелерге кепіл болу қарастырылған. Соның ішінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жыл ба­сынан бері несиесінің жалпы сомасы 194,58 млрд теңге болатын 125 жоба субсидияланған. Төленген субсидия көлемі 38,32 млрд теңгені құрады. Несиесінің жалпы сомасы 5,16 млрд теңге бо­латын 24 жобаға мемлекет кепіл бол­­ды, кепілдік сомасы – 2,2 млрд тең­ге. Осы рет­те «БЖК-2025» және «ҚЗЭ» бағдарлама­лары бизнесті қолдауда ең бір нәтижелі әрі сәтті бағдарламалар екенін атай кеткен абзал. Олар жүзеге асырылып келе жатқаннан бергі аралықта 2022 жылға дейін шағын және орта бизнес субъектілері 106 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашып, 36 трлн теңге болатын өнім шығарып және қызмет көрсетіп, бюджетке жалпы сомасы 2,3 трлн теңге са­лық төлеген.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 11 қаңтардағы тапсырмаларын орындау мақса­тында Ұлттық эко­номика министрлігі оң­түстік және батыс өңірлердегі шағын және орта бизнес субъек­тілерін жеңілдікпен несиелеудің же­ке­леген механизмін жасап шығар­ды. Мәселен, не­сиенің құнын арзан­дату үшін сыйақы мөл­шерлемесі 5 пайыз болатын жеңілдетілген несие енгізілді, өңдеу өнеркәсібінің басым салаларындағы несиеге кепіл болу 85 пайызға дейін жеткізілді. Жеңілдікті жағдайларды сақтап қалу үшін және келеңсіз жайттардың шағын және орта бизнес субъек­тілеріне тиетін салдарын азайту үшін кәсіпкерлердің қазақстандық екінші деңгейлі банктердегі несиелерін қайта қар­жыландыру тетігін енгізу туралы шешім қа­былданды. Сондай-ақ шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 5 млн теңгеге дейін қайта­рым­сыз негізде экономиканың басым сек­тор­ларында мемлекеттік гранттар беріледі.

Ұлттық жоба аясындағы кәсіп­керлерді қаржылай емес қолдауға келсек, ол өз маз­мұнында әлеуетті және жаңадан бастаушы кәсіп­кер­лерді бизнес жүргізуге үйрету және және консультациялық қолдау бо­йынша жобалар кешенін қамтиды. Облыс және аудан орталықтарында, моноқалаларда және кіші қалаларда Кәсіпкерлерге қызмет көр­сету орталықтары (КҚКО) жұмыс істейді. Онда «БЖК-2025», «Еңбек», «ҚЗЭ» бағдарла­малары бойынша ақысыз негізде, офлайн және онлайн ре­жимде көмек көрсетіледі. Одан бө­лек, кәсіпкерлерге қолданыстағы биз­несін жүргізуге бухгалтерлік және салық­тық есепке алу, статистикалық есеп беру, интернет маркетинг, заң қызметтері ақпа­раттық техноло­гиялармен қамту, мемлекеттік сатып алу, отандық тауар өндірушілерге өнім­дерін өткізуге көмектесу түрінде сер­вистік қолдау жасалады.

Сондай-ақ ұлттық жобада 6 пайыздық мөлшерлемемен шағын несиелер беру қарас­тырылған. Моно және кіші қалалар мен ауыл­дық елді мекендер үшін бұл несиелер салалық шектеулерсіз, инвестициялық мақ­саттарға, 20 млн теңгеден аспайтын сомада, ал айналым ақшасын то­лықтыру үшін кепілзатсыз негізде 5 млн теңгеге дейін 5 пайыздық мөл­шерлемемен беріледі. Одан бөлек, «ҚЗЭ» бағдарламасының басым жо­баларының сыйақы (7 пайыз) мөл­шерлеме­сінің бір бөлігін суб­сидиялау және несиелерге ішінара кепіл болу (50 пайыз, 1 млрд теңгеге дейін) сынды несиелендіру меха­низмін жү­зеге асыру жалғасуда. Кәсіпкерлік экономи­каның қозғау­шы күші десек, Президент баста­ма­сымен жүзеге асқан ұлттық жобалар сол қозғаудың қуатына айналмақ.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 262 рет