Биыл 360 млрд. теңгеге ауыл шауарылығы өнімдері өндірілді. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылдан 10 мың гектарға ұлғайып 870 мың гектарға жетті.Елімізде салынған жылыжайлардың 71 пайызы облысқа тиесілі. Жалпы көлемі 1 мың 577 гектарға жетіп, 117 мың тонна өнім өндірілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықтың табысын арттыру бойынша облыс деңгейінде іс-шаралар кешені қабылданды.
2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспарланған. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» тәжірибесі аясында 9,5 гектарда 2 мың 411 жоба жүзеге асырылды. 241 мың тонна көкөніс өнімі жиналды. Салаға бағытталған инвестиция 1,5 есе артып, 47,7 млрд.тг. жетті. Нарықты отандық өнімдермен қамтамсыз ету мақсатында облыста 10 млрд.теңгенің 25 жобасы инвестициялық іске асырылып, 334 жұмыс орны ашылды.
Жыл сайын облыста жиналатын бақша өнімінің көлемі қазақстандық нарықтың қажеттілігінен 3,5 есе артық, сондықтан артық өнім шетелге экспортталады. Ресей, Беларусь және Латвия қазақстандық қарбыз бен қауынның негізгі тұтынушылары болып табылады. Айта кетейік, Түркістан облысында қауын мақтадан кейінгі экспортқа бағдарланған екінші тауар болып табылады.
Жалпы, биыл саланы қолдауға 6,5 млрд теңге бөлінді, қаражат минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға бағытталды, тағы 375 млн теңге пестицидтер мен биогенттерді сатып алу шығындарын өтеуге жұмсалды. Тұқым шаруашылығын қолдауға 600 млн теңге қарастырылып отыр.Сонымен қатар, былтырғы жылдың желтоқсан айында биылғы егісті қаржыландыру басталды. Түркістан облысының фермерлері Аграрлық несие корпорациясы арқылы 11,4 млрд теңгеге жеңілдікті несие алды. Сондай-ақ, өңір шаруаларына 48,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу міндетін қойғаны белгілі. Басты мақсат – ауыл шаруашылығы субьектілерін, бизнес өкілдерін қолдай отырып, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Осыған орай алдағы жылдан бастап жылыжай иелеріне үкімет қолдау көрсетеді. Нақтырақ айтқанда, электр қуаты мен газ шығындарына субсидия беріледі. Ол үшін шаруалардың жылыжайы сапа стандартына сай болуы тиіс. Соңғы мәліметтерге қарағанда, елдегі көкөніс өсіретін кешендердің саны 18 пайызға азайып кеткен. Сондықтан қаржылай қолдау жылыжай өндірісін жолға қоюға мүмкіндік бермек.
Түркістан облысында көкөністер басқа өңірлерге қарағанда 1,5-2 ай бұрын жиналады. Жылдық тұтыну нормасына сәйкес облыс халқы картоп, сәбізбен 1,5 есе, пиязбен 4,4 есе, және қырыққабатпен 6,6 есе қамтамасыз етіледі. Яғни, Түркістан облысы диқандарының республика халқын әлеуметтік маңызы бар ерте мезгілдік картоп, пияз, сәбіз өнімдерімен қамтуға толық мүмкіндігі бар. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру аясында биыл Түркістан өңірінде ерте пісетін картопты 9,02 мың гектарға, пиязды 2,0 мың гектарға, сәбізді 1,24 мың гектарға және қырыққабатты 7,54 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Нәтижесінде 186,3 мың тонна картоп, 55,5 мың тонна пияз, 30,4 мың тонна сәбіз және 187,2 мың тонна қырыққабат алу көзделуде.
Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған даму тұжырымдамасының жобасы жасалған болатын. Аталған құжатқа сәйкес, алдағы 5 жылда Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есеге, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту көзделіп отыр. Өңір басшысы жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, агрөнеркәсіп саласын дамытуға барлық күш-жігерлерін жұмсаулары керектігін айтқан болатын.
– Өңірімізде ауыл шаруашылығы саласын жан-жақты дамытудың барлық жолы, тәсілі қарастырылады. Тұжырымдама нақтыланып, толықтырылады. Ол үшін мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, қайта өңдеу және өзге де салалар бойынша сарапшылардың ақыл-кеңесі назарға алынады. Бұл ретте аудан, қала әкімдері өздеріңіз басқаратын аймақтың ерекшелігіне сай нақты ұсыныстарды берулеріңіз керек. Кейбір аудандарда агроиндустриалды аймақ ашамыз, кейбір аудандарда жеке шаруашылықтарға басымдық береміз. Қосымша жылыжай шаруашылықтарын дамыту үшін газ, энергия мәселелеріне жеңілдіктер қарастыру көзделіп отыр. Екіншіден, былтыр біраз ауданда ауыл шаурашылығы бойынша жоспар орындалмады. Инвестициялық жобалар аз. Сондықтан жауапты орынбасарға осы салаға қатысты жұмысты жандандыруды тапсырамын. Өз міндетін дұрыс атқармаған аудан, қала әкімдіктеріндегі жауапты басшылардың жұмысы қадағалансын. Биылға жоспарланған индикаторлар толық жүзеге асырылуы тиіс. Тұжырымдаманы толықтыру жұмысы жеделдетілсін. Бұл – облыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін маңызды жоспар, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, тұжырымдамаға сәйкес, АӨК негізгі капиталы мен тамақ өндірісіне тартылған жеке инвестициялар көлемін 6 есеге арттыру межеленген. Яғни, 84,9 млрд. теңгеден 481,1 млрд. теңгеге дейін көбейтілмек. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемін 1,03 трлн. теңгеден 2,12 трлн. теңгеге дейін көбейту жоспарланып отыр. Ал АӨК қайта өңделген өнімдерінің экспорты 136,9 млн. АҚШ долларынан 310,5 млн. АҚШ долларына жетеді деген жоспар бар.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру арқылы егіс көлемі 869,8 мың гектарға жеткізіледі (2022 ж. 859,9 мың га), мақта дақылы 46,3 мың гектарға қысқартылып, дәнді дақылдар, көкөніс, бақша және малазықтық дақылдардың көлемі ұлғаяды. Жылыжайлар көлемі 1569 гектардан 2118,6 гектарға ұлғаяды (+ 550 гектар), қарқынды баудың көлемі 4740 гектардан 8520 гектарға жеткізіледі (+3780 гектар). Мақта талшығын терең қайта өңдеу көлемін 17,0 мың тоннадан, 66 мың тоннаға арттыру жұмысы жүреді. 5 жылда 12 тоқыма тігін фабрикасын ашу, мақта шаруашылықтарын 2027 жылдан бастап жергілікті элиталық тұқымдармен 100 % қамтамасыз ету жоспарланған. 5 жылда жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу үлесін 0,23 %-дан 10 %-ға, ет өнімдерін өңдеу үлесін 12,3 %-дан 34,0 %-ға, сүт өнімдерін өңдеу үлесін 13,6 %-дан 31 %-ға ұлғайту көзделген.
Аудан, қала әкімдіктерінен алдын ала 2023-2027 жылдарға жалпы құны 320 млрд. теңгені құрайтын 109 жоба инвестициялық жоба тізімі анықталды. Оның ішінде биыл құны 29,4 млрд. теңгені құрайтын 36 жоба енгізілген. Инвестициялық жобалар тізімін кеңейту, өзектендіру жұмыстары жалғасады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат