Жиынға құқық қорғау және мемлекеттік органдардан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қаланың құқықтық дамуына мүдделі мәслихат депутаттары, саяси партиялар мен діни ұйымдардың басшылары, ардагерлер кеңесінің төрағалары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, қоғамдық ұйымдар, бизнес қауымдастығы, жастар, спортшылар мен белсенді азаматтар қатысты.
Қала прокуроры Ғабит Мұқановтың төрағалығымен өткен қоғамдық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің осы жолғы кеңейтілген отырысында құқықтық тәртіпті нығайту, құқықбұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, мемлекеттік және жеке сектор арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған бірқатар меморандумға қол қойылды. Айталық, қалалық прокуратураның «Заң Үйірмесі», «Киберпол», BAIQA SYSTEM, «Кибер-Шериф», «Тазалық сақшылары» жобалары, сондай-ақ отбасындағы зорлық-зомбылық пен қылмыстық теріс қылықтармен күреске бағытталған жаңа ведомствоаралық тетіктер таныстырылды.
Кездесу аясында қылмыстарды, соның ішінде есірткі айналымына қарсы құқықбұзушылықтарды ашуға көмектескен тұрғындарға «Полицияның қоғамдық көмекшісі» куәліктері табысталды.
Коммуналдық қызмет өкілдеріне «Тазалық сақшылары» жобасына қатысушы сертификаттары мен арнайы жабдықтар берілді. Бұдан бөлек, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосқан белсенді азаматтарға, кәсіпкерлер мен жастарға қала прокурорының алғыс хаттары табысталды.