– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте Парламент сессиясының ашылуында «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауын жариялады. Жолдауда Президентіміз жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Айтылған ауқымды мәселелердің барлығы еліміздің экономикалық өсімі мен тұрмыстық әл-ауқатының жақсаруына бағытталған. Қазіргі уақытта Үкімет тарапынан жалпыұлттық іс-шара жоспары әзірленуде. Соны басшылыққа ала отырып, Түркістан облысында іске асыру бойынша іс-шара жоспарын әзірлеу қажет, – деді облыс әкімі.
Мәжілістегі күн тәртібінде бірнеше мәселе талқыланды. Бірінші кезекте «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы және жылыжайларды көмірмен қамту мәселесі қаралды. Бүгінде Түркістан облысында «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 19,8 млрд теңге құрайтын 3 220 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті органмен 2281 жоба қаралып, жалпы соммасы 10,8 млрд. теңгені құрайтын 1890 жоба мақұлданды. 6,2 млрд. теңгені құрайтын 1128 жоба қаржыландырылып, тұрғындарға жеңілдетілген несиелер берілген.Облыс әкімі аталған жоба бойынша қаржыландыру жұмыстарын ширату, жылыжайлар мен білім, денсаулық сақтау ұйымдарына қажетті көмірді толық жеткізу жөнінде тапсырма берді. Мәселелер бақылауға алынған.
«Ауыл аманаты» жобасына Түркістан облысынан 16 аудан, оның ішінде 32 ауылдық округ тұрғындары қатыса алады. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының ауылшаруашылық кешені бойынша орынбасары Нұрбол Рысбековтың айтуынша, облыста несие алуға 2750 адамның мүмкіндігі бар. «Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен 11 миллиард теңге қаржы бөлінді. Қосымша 14 миллиард теңге бөлу жөнінде ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне өтінім берілді. Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім беруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген ойдамын» - дейді Нұрбол Рысбеков.
Жобадағы шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалана алады.Айта кетейік, аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына несие 7 жылға дейін беріледі. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған.
Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – елдімекендерді абаттандыру жайы болатын. Жиында ауылдарды, қалаларды көгалдандыру, санитарлық тазалығын сақтау, абаттандыру жұмыстарына жасалған мониторинг жұмыстарының нәтижесі тыңдалды. Түркістан облысы әкімі аппаратының Ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы Мадияр Алиповтың айтуынша, мониторинг барысында кемшіліктер анықталған.
– Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан, қалалардағы елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына бас инспекторлар тарапынан тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Нәтижесінде кейбір жұмыстардың сапасыз және толыққанды атқарылмай отырғандығы байқалады, – деген ол анықталған кемшіліктерді баяндады.
Атап айтқанда, Түркістан, Арыс, Кентау қалалары мен барлық аудандарда олқылықтар тіркеліп, тиісті ұсыныстар берілген. Бірінде көгалдандыру жүйелері істен шықса, аулада қураған ағаштар мен қоқыс шашылып жатыр. Балалар ойын алаңшалары мен орындықтар тозған. Кейбір көшеде жарықшамдар толық орнатылмаған. Күл-қоқыстан тазартылмаған көшелер де бар. Өңір басшысы тазалық жұмыстарына әкімдермен бірге тұрғындар да жауапкершілікпен қарауы керек екенін айтты. Кемшіліктер анықталған ауыл округтерінің әкімдеріне ескерту берілді. Қателік жойылмаса, одан да қатаң шаралар қабылданады.
– Мемлекет басшысының елді мекендерді абаттандыру, аймақтарды көгалдандыру жөніндегі тапсырмасы бар. Жұмысты жүйелеу керек. Ағаш отырғызуда кемшіліктер көп. Егілген ағаштардың сапасын аудан, қала әкімдері қадағалап, осы іспен айналысуы керек. Бүгінгі күнге дейін қанша ағаш егілді, оның ішінде қанша өнгені туралы мәлімет әзірленсін. Сан емес, сапаға мән берілсін. Аудан, қалалардағы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыруды жандандырып, жол бойындағы үйлердің және қоршауларын ретке келтіру қажет. Елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттердің сапасына сын айтылып жатыр. Жауапты басқарма осыны қадағалап, тікелей жұмыс істеуі тиіс. Тұқымбақтарды реттеп, жаңаша бағытта дамытқан жөн. Әр аймақтың табиғи ерекшелігіне сай әрі жерсінетін көшеттер беріліп, жұмыстар жалғассын, – деген өңір басшысы Дархан Сатыбалды, ағаштарды суару жүйесін жетілдіріп, кейбір аймақтарда желден қорғау шараларын да атқару керектігін айтты.
Аталған жиындаоблыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес облыста 110 мың гектар орман қоры жерлеріне 170 млн. көшет егу жоспарланған. Өткен жылы 16 200 гектарға 23 818 мың көшет егілген. Ал биыл 20 300 гектар жерге 32 214 мың түп көшет егу жоспарланып, жұмыстар жүруде. Облыс әкімінің тапсырмасымен «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттерді егу, күтіп-баптау қала, аудан әкімдеріне жүктелген. Жалпы өңірде 852 елді мекен бар. Облыстың елді мекендерінің 90 пайызын көгалдандыру үшін 3 жылда 4 миллионнан аса көшет өсіру мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарылып жатыр.
2023 жылдың күз айлары мен 2024-2025 жылдарға берілетін көшеттер көлемі әр аудан, қалалардағы елді мекендер саны мен статистикалық мәліметтерге негізделіп бөлінді. Сонымен қатар күзгі ағаш отырғызу мерзіміне бүгінгі күнге тек Түркістан мен Арыс қаласы, Түлкібас, Отырар, Бәйдібек және Шардара, Созақ, Сайрам аудандары ғана іс-шара жоспарын бекітіп, басқармаға ұсынды. Қалған аудан, қала әкімдіктері сұратылған тиісті іс-шара жоспарын әлі күнге дейін ұсынбаған. Аудан, қала әкімдері бөлінген көшеттердің санының көптігін, егетін жерлерінің дайын еместігін алға тартуда. Сондай-ақ Шардара, Жетісай, Сарыағаш, Мақтаарал, Келес, Сайрам Бәйдібек, Төлеби аудандарында жібек өндіру саласын дамыту мақсатында тұт ағашын өсіруге жергілікті кәсіпкерлер қызығушылық танытқан. Осыған орай, елді мекендерді көгалдандыруға қаралған көшеттер есебінен, орман шаруашылығы тұқымбақтарынан аталған аудандарға 2023 жылдың күз айлары мен 2024 жылдың көктем айларына 100-150 гектарға жететін 60 000 түп тұт ағашын, ал 2024 жылдың күз айлары мен 2025 жылға 100 000 түп босату жоспарланып отыр.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат