Кәсіпкерлерінің қарасы қалың өңірде экономика қарқыны артары сөзсіз. Олар халықты жұмыспен қамтып, мемлекетке түсер салмақты жеңілдетеді. Осы орайда кәсіпкерлерге қолдау көрсету аса маңызды. Расында, кәсіпкерлік қызмет – тәуекелге бел буып жасалынатын экономикалық әрекет. Бүгінде елімізде, соның ішінде Түркістан өңірінде шағын және орта кәсіпкерлікке айрықша көңіл бөлінуде.
Шағын және орта бизнесті дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы. Әсіресе, жеке меншіктің нақты өмірге жүзеге асуы және орта таптың қалыптасуының мемлекетімізде артқан сайын еліміз көркейіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады. Сонымен бірге, шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың тиімді әрі нәтижелі секторы. Шағын және орта кәсіпкерлік жұмыссыздықты жоюда, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуде, жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде және экономиканы тұрақтандыруда шешуші фактор болып табылады.
Бүгінде Түркістандағы «ASIA BREND» жиһаз компаниясы жылына 22000 дана жиһаз шығаруға қауқарлы. Жылдық қаржылық айналымы – 1,1 млрд. теңге. Кәсіпорында 150 адам жұмыспен қамтылған. Заманауи үлгідегі технологиялар қолданылатын кәсіпорынның жиһаздарына өз елімізбен қатар көршілес мемлекеттерден де сұраныс бар. Облыс әкімі кәсіпкерге жобаның қуаттылығын арттырып, эскспортқа жұмыс істеу қажеттігін айтты.
Өңір басшысы қаланы аралау барысында өз үйінің іргесінен балық шаруашылығын дамытып отырған «Нұржан» жеке кәсіпкерлігінде болды. Кәсіпкер Нұржан Елеусізовтің айтуынша, жоба толық қуатымен жүзеге асса, жылына 4-5 тонна балық өндіре алады. Дегенмен шаруашылығын кеңейту үшін мемлекеттік қолдау, қосымша қаржы қажет. Облыс әкімі тұрғынның өтініші бойынша қолдау көрсетілетінін айтты.
– Балық шаруашылығы табысты әрі тиімді. Сондықтан «Ауыл аманаты» жобасына қосылған ауыл округтерінде осы саланы үйретіп, жеңілдетілген несиені берген жөн. Әр отбасы осы кәсіппен айналысып, таыбысын арттырса, жұмыссыздық мәселесі де шешіледі. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдіктері осындай шаруашылықтарға қолдау көрсетуі тиіс, – деді облыс әкімі.
Дархан Сатыбалды осы күні «IDEAL TURKESTAN» ЖШС-нің әлеуетімен танысты. Жиһаз зауытында 50 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде кәсіпорынның өнімдеріне сұраныс бар. Кездесуде кәсіпкерлікке қолдау көрсету, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді қолдану, өндірісті жандандыру бағытында ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Түркістан өңірінің жиһаз шығару саласындағы әлеуетін жоғары бағалаған облыс әкімі бұл бағыттағы жобаларды жетілдіре түсу, экспортты ұлғайту маңызды екенін, осыған қатысты ұсыныстар қаралатынын жеткізді.
«Облыста қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. 5 жылда олардың саны 184 мыңға жетті. 5 жылда шығарылған өнім 11 есеге дейін өсіп, 1 трлн. теңгеден асты (2018 ж. 130,9 млрд. теңге). «Кәсіпкерлікті дамытудың» ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы бизнес субъектілері 46 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы өткен жылы 22 336 қызмет түрі тегін көрсетілді. «Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бастамасы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсуіне ықпал етті. 5 жылда инвестиция көлемі 3 есеге артып, облыс экономикасына жалпы 3 трлн. теңгегедей инвестиция тартылды. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 млрд. АҚШ долларын құрады. Жалпы сомасы 422 млрд. теңгеге 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9 347 жұмыс орны құрылды» - дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Кәсіпкерлік саласы облыс орталығында ғана емес, облыстың барлық дерлік аудандарында дамып келеді. Мәселен, Мақтаарал ауданында мақта кластерін дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Өзбекстандық «Global Textile» компаниясның директоры Музаффар Разаков кластерді дамытуға қажетті, ал, «Каз-Травертин» ЖШС-нің өкілі Бәйдібек ауданында травертин және қыш өнідірісі жобаларын жүзеге асыруға қажетті жер керек екенін айтты. Облыс әкімінің тапсырмасымен бұл мәселелер жақын арада шешілетін болды. Ал Шардара ауданында салынып жатқан жүгеріні терең өңдеу зауыты биыл күзде жүгері қабылдай бастайды. Бұл туралы жоба жетекшісі Шухрат Курбанов мәлімдеді.
Сайрам ауданында халықаралық талапқа сай «Gen Group Kazakhstan» жылыжайы жұмыс істеп жатыр. Мұнда көкөніспен қатар банан өсірілмек. 30 адам жұмыспен қамтылған. Сарыағаш ауданындағы «Бес Қара» ЖШС-нің мал бордақылау алаңы мен мал сою бекетінің де құрылысы жоспарға сай жүруде. Инвестштаб отырысында Түлкібас және Сауран аудандарында құс фабрикасын салу жобалары да талқыланды.
Созақ ауданында 250 адамды жұмыспен қамтитын күкірт қышқыл өндіру зауыты салынады. Оның жүзеге асу барысы сараланды. Сонымен қатар Ордабасы, Түлкібас, Төлеби, Шардара аудандары мен Кентау, Түркістан қаласында жүзеге асатын жобалар, салынатын зауыттар мен өндіріс орындарына қатысты инфрақұрылымдық түйткілдер де тарқатылды. Жалпы отызға жуық жоба қаралып, облыс әкімі тарапынан тиісті тапсырмалар берілді. Олардың арасында тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт, киім фабрикасы, қарқынды бау, сусындар шығару, бу-газ станциясы, көкөністі терең өңдеу және өзге де инвестжобалар бар. Ал бір инвестор Түркістанда заманауи аквопарк ашқысы келетінін жеткізді. Әрбір жоба бақылауға алынып, елге тиімділеріне тиісті қолдау көрсетіледі.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат