Дүйсенбі, 16 Қазан 2023 16:06

Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға биыл 40 млрд теңге бөлінді

Түркістан облысында 2022 жылы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдауға 30,3 млрд. теңге бөлінсе, биылғы жылы қолдау көлемі 30%-ға артып, 40 млрд. теңге бөлінді. Бұл туралы брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының м.у.а. Әлібек Әбдіхалықұлы мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, субсидия – тыңайтқыштарға, жылыжайды жылыту жүйесіне, дақыл өндірісіне, агроқұрылым жұмысын жандандыруға берілмек.- Облыстың аграрлық секторында 74 мың агроқұрылым жұмыс істейді. Жалпы нарықты азық-түлік өнімдерімен толықтыру, өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 2021-2025 жылға дейінгі кезеңде агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы құны 237,5 млрд. теңгені құрайтын 97 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Осы орайда 2021-2022 жылдары 48,4 млрд. теңгеге 70 жоба іске асырылды. Ал биылғы жылдың 8 айында аталған салада құны 10,6 млрд. теңгеге 26 жоба жүзеге асырылды, - деді Әлібек Әбдіхалықұлы.

Бұдан өзге, облыста қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. Қазіргі уақытта оның көлемі 5 мың гектарды құрайды. Ал су үнемдеу технологияларын пайдаланатын алқап 30,2 мың гектарға жетті. Технология ағын суды үнемдеумен қатар өнімділікті 2-3 есеге ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы да әзірленді. Онда ауыл шаруашылығы саласын негізгі 6 бағытты дамытуға басымдылық берілді. Тұжырымдама аясында 2027 жылға дейін жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есе, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге ұлғайту, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту міндеттері қарастырылған.

Осыған орай жыл басында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен алқалы жиын өткені белгілі. Оған ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, инвесторлар мен ғалымдар қатысып, тұжырымдаманы кеңінен талқылады. Жобаның Түркістан облысының ауылдарында кооперативтік қозғалысты дамытуға серпін беретіндігі атап көрсетілді. Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 5 жылға арналған тұжырымдамасы агроөнеркәсіптік кешенді дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығаруға, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ішкі азық-түлік нарығының тұрақтылығын нығайтуға және саланың экспорттық бағдарын күшейтуге мүмкіндік береді.

2023 жылға арналған 37 даму көрсеткіштері бекітілді. Атап айтқанда, егіс көлемін 860 мың гектарға, бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасын 9303 гектарға жеткізу көзделген.Қосымша 93 гектарға жылыжайлар салу жоспарланды. Су үнемдеу технологиялары ендірілген алқапты 39,2 мың гектарға жеткізу, жаңадан 665 гектарға қарқынды бау, 120 гектарға жүзім отырғызу межеленген. Сақтау қуаттылықтарын қосымша 29,3 мың тоннаға арттыру, 1346 бірлік а/ш техникаларын алу жоспарланды. Жылына 40 мың тонна жеміс-көкөніс өңдеу, 17 мың тоннаға ет өңдеу, 37 мың тоннаға сүт өңдеу кәсіпорындары ашылады. 1000 бастан жоғары 13 бордақылау алаңы, 200 бастан жоғары 4 сүт фермасы ашылады. 4 ірі құс фермасы ашылады және жалпы 270 мың басқа отбасылық құс шаруашылықтарын ашу көзделген.

Биыл Түркістан облысында 4 тоқыма, тігін және 6 жүн, тері өңдеу кәсіпорындары ашылады. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 75,2 млрд. теңге, тамақ өнеркәсібіне 11 млрд. теңге жеке инвестициялар тартылып, жалпы өнім көлемі 1 трлн. 127 млрд. теңгеге жеткізіледі.– Ауыл шаруашылығы Түркістан өңірінің экономикасының негізгі және жетекші саласы. Бұлай дейтін өз жайы бар. Сондықтан Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы біз үшін өте маңызды. Оны жүйелі түрде жүзеге асыруымыз керек. Мақсат – нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді қамтамасыз ету. Бұл ретте мемлекеттік бағдарламалардың ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға тиімді бағытталуын қатаң қадағалау маңызды, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Ауыл шаруашылығы саласы негізгі 6 бағытты дамиды. Олар: ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру, жылыжай шаруашылығын дамыту, қарқынды бау шаруашылығын дамыту, жеміс - көкөніс өнімдерін сақтау жүктемелерін арттыру, мақта кластерін дамыту, мал шаруашылығын дамыту, қайта өңдеу саласын дамыту және серпінді инвестициялық жобалар. Басқосуда өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері өз тәжірибелерін ортаға салды. Дамыған елдердің озық тәсілдерімен бөлісті. Жиналыста облыс ғалымдары оңтүстіктің климатына аса қолайлы саналатын жүзім өсіру кәсібін дамытуға назар аударуды атап өтті. Жоңышқа өсіруді жетілдіруді жеткізді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды хабарлағандай, соңғы бес жылда өңірде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі екі есеге артып, 1 трлн теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді белсенді дамыту жоспарлануда. - Өнімділікті арттырудың жаңа технологиялары енгізілуде, ауыл шаруашылығы кешенінің тиімділігін арттыру жоспары әзірленді. Бізде құрлық жерлерін тиімді игеру, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, шикізат секторынан дайын өнім секторына көшу, мақта кластерін дамыту бойынша нақты жоспарларымыз бар. Қайта өңдеу саласында 2023-2027 жылдары 329 млрд теңгеге 110 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Нәтижесінде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, жыл сайын 230 млрд теңгеге өнім шығарылатын болады. Бүгінгі форум ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ықпал етіп, маңызды жобаларға жол ашатынына сенімдімін», - дейді Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ, Түркістан облысында 875 мың гектар егіс алқабы бар екенін айта кеткен жөн, оның 98% - ы қазіргі уақытта пайдаланылуда. Қарқынды көгалдандыру дамып келеді. Бұл салада өнімділік бес есе өсті, бір гектардан 300-350 центнерге дейін жинайды. Қазіргі уақытта облыстағы қарқынды бақтардың ауданы 4,6 мың га құрайды.Өңірде Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам аудандарында 2027 жылға дейін 500 га жаңа жылыжай кешендерін іске асыруға және жылыжай шаруашылығын дамытуға ықпал ететін 100 га агроаймақ құру жобасы әзірленіп, іске асырылуда.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Биыл облыстың оңтүстік өңірлерінде қосымша 2 мың га дәнді жүгері, 1 мың га дәнді бұршақ егілетін болады. Бұл дақылдарды өткізу нарықтарымен қамтамасыз ету үшін Шардара ауданында құны 26 млрд теңге жүгері өңдейтін кәсіпорын ("Шардара-Агро" ЖШС) ашылады. Зауытта түрік және француз технологиялары бойынша жылына 100 мың тонна жүгері өңделетін болады. Сондай-ақ, 2027 жылға дейін мақта кластерін дамыту үшін облыста 100% мақта талшығын терең өңдеу үшін 12 кәсіпорын ашу жоспарлануда.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 260 рет