Сейсенбі, 17 Қазан 2023 17:17

Түркістан: Төрткүлдің «ақ алтыны» шетелге экспортталады

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына үлкен басымдық берді. Бүгінде жолдау жүктеген міндеттер жергілікті жерде жоспарлы түрде іске асып жатыр. Ордабасы ауданы экономикасының негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығы саласы болып табылады. Ежелден жерді тиімді игеруді меңгерген Ордабасы ауданы еңбек өнімділігі жөнінен де алда келеді. Аграрлық салада орасан орны бар мақта шаруашылығы еліміздің оңтүстік өңірінде жақсы дамыған. Оның себебі де жоқ емес, бұл аймақтың ауа райы егістікке қолайлы. Мақтаның қажетті шикізат екені белгілі. Әсіресе мақта шитінің маңызы зор. 

Таяуда облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевпен бірге Төрткүл ауылдық округіндегі мақта өңдеумен айналысатын «Рамазан Агро» және «Нұр Агро 73» ЖШС-не барып, өндіріс барысымен танысты. Мақта алқабын аралап, өнім өндірушілермен және зауыт басшылығымен салалық өндірістегі мәселелер бойынша пікірлесті.

Ордабасы ауданында мақта шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Ауданға қарасты Төрткүл ауылындағы «Нұр Агро 73» ЖШС мақта қабылдау және өңдеу зауытының директоры Нұрлан Батырбеков облыс әкімінің аграрлық салаға жауапты орынбасарына күзгі мақта жинау барысы туралы баяндады. Кездесу барысында зауыт басшысы аталған мекемеде жылына 30 000 тонна мақта өңделіп, дайын өнімді Чехия және Канада мемлекеттеріне экспорттауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Айта кетейік, аталған мақта өңдеу зауыты 300 адамды маусымдық жұмыспен қамтып отыр.

 «Нұр-Агро 73» ЖШС-нің мақта өңдеу зауыты өз жұмысын 2016 жылы бастаған. Нысанның инвестициялық құны – 255 млн. теңге.  Өндіріс орнында 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның 230-ы жергілікті тұрғындар.  14 өндірістік құрылғыда жылына жоғарыда айтқанымыздай 30 мың тонна мақта өңделеді. Облыс көлемінде Мақтарал, Шардара, Ордабасы аудандарынан мақта қабылданады. Төрткүлде дайындалған мақта талшықтары бүгінде Чехияға, Белорусия мен Молдоваға экспортталуда. Мұнан өзге Шымкенттегі «Меланж текстиль» фабрикасына жөнелтіледі. Сонымен қатар ақ алтын өнімдері Чехия, Белоруссия мен Молдова елдеріне экспортталуда.

«Рамазан Агро» ЖШС мақтаның «Карло», «Эдесса», «АВ 440», «АВ 010», «Лазер» және «Линза» сияқты туркиялық 6 түрлі сортын егеді. Зауыт басшылары биыл 723 гектар алқаптан болжам бойынша 2700 тонна өнім жинауды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Жалпы, Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды даму үстінде деп айтуға болады. Ауыл шарушалығының басқа салаларындағы жұмыстар туралы айта кетер болсақ, биыл ауданда 33 370 гектарға дәнді дақылдар (бидай, арпа, жүгері) егілесе, 5 412 гектарға майлы дақылдар (мақсары, күнбағыс) егілмек. 6 634 гектарға — мақта, 636 гектарға — картоп, 4 829 гектарға көкөніс, бақша егілген. Атап өтер жайт, Ордабасы ауданының барлық жер көлемі 265 561 гектарды құрайды. Барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы 208 662 гектар, оның ішінде егістік жерлер 71273 гектар, оның ішінде суармалы егістік 32 711 гектар, көп жылдық ағашты өсімдіктер 1 490 гектар, тыңайған жерлер 18 954 гектар, жайылымдар 103 992 гектар.

Жер санаттары бойынша:

ауыл шаруашылығы мақсаттары бойынша пайдаланатын жерлері 208662 гектар;

елді мекендердің жерлері 19854 гектар;

өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылық емес басқа мақсаттарда пайдаланатын жерлер 15411 гектар;

ерекше қорғаудағы табиғи аумақтардың жерлері 49958 гектар;

орман қорының жерлері 4821 гектар;

су қорының жерлері 8522 гектар;

Ордабасы ауданының 5738 гектар жерін Бәйдібек ауданы және 392 гектар жерін Төлеби ауданы пайдалануда. Әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша Ордабасы ауданында 10 ауылдық округ (Бадам, Бөржар, Бөген, Жеңіс, Қажымұқан, Қараспан, Қарақұм, Төрткөл, Шұбар, Шұбарсу), 57 ауылдық елдімекен орналасқан.

Ордабасы ауданының жер тіктілігі жазық, оңтүстік бөлігі солтүстігіне қарағанда біршама көтеріңкі және бұл бөлігі Арыс өзенінің салаларымен сай-жыраларға тілімденген. Ауданның ең биік жері Қайнар ауылының шығысында (383 метр). Ауданның климаты континенттік. Аудан арқылы Арыс және Боралдай, Бөржар, Бадам, Шұбарсу тағы басқа өзендері ағып өтеді. Ауданның орталық бөлігінде Бөген су қоймасы салынған. Одан Арыс-Түркістан каналы тартылған. Бөгеннің оңтүстігін бойлай Арыс магистралды каналы жүргізілген.

Солтүстігінде боз жусан басым көкпек, сар-сазан, баялыш, күйреуік өскен. Ауданның солтүстігінде боз жусан, ши аралас эфемероидті өсімдіктер өседі. Дәрілік өсімдіктерден күріш қонағы, қара меңдуана, тұмаршөп (жұмыршақ).Аудан аумағының географиялық орнына (яғни атмосфераның ылғылдықтың негізгі көзі мұхиттардан тым шалғай орналасуына) қалыптасқан.

Қысы қысқа, жұмсақ, жазы ұзақ, ыстық және аңызақты. Жыл бойына 40 күндей қар қылаулайды. Бірақ көп жатпай, тез еріп кетеді. Ең суық ай –қаңтардың орташа темпратырасы – 12-20 суық. Қар жамылғысының орташа қалыңдығы 20-40 сантиметр. Қар қарашаның соңы, желтоқсанның басында түсіп, наурыз айында ери бастайды.Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері — 200-380 милиметр. Желдің басым бөлігі шығыс, оңтүстік-шығыс бағыттан соғады. Орташа жылдамдығы — 3-5 метр секунд. Желдің әсерінен жазда ауданның гидротермиялық көрсеткіші төмендеп (0,3-0,4) ылғалдылық мөлшері кемиді де аңызақ, құрғақ және ыстық кезең қалыптасады.Жазы ұзақ аудан түстігінде 8 айға дейін созылады. Жазы ыстық шілде айының орташа температурасы 27-42С.

Ауданда ең ірі және ең ұзын өзен – Арыс өзені Арыс ауданы арқылы Сырдария өзеніне құяды. Сырдария өзенінің негізгі саласы — Арыс өзені (378 километр), ол Алатау мұздықтарынан басталады. Бұдан бөлек ауданда Бадам, Бөржар, Бөген, Шаян, Шұбарсу, АТК өзендері бар. Аудандағы ең үлкен су қоймасы – Бөген су қоймасы. Бөген су қоймасының сыйымдылығы — 37 миллион текше метр. Ол Бөген, Арыс өзендерінің суларымен толығып отырады. Бұдан бөлек ауданда Бөржар, Теспе су қоймалары бар.Аудандағы жерасты суларының қоры ретінде Бөген жер асты су көздерін атауға болады, Қайнар, Визит, Бекзат бақ, Темірлан минералды суларына арнайы рұқсатпен пайдалануға берілген.

Ордабасы ауданы бойынша ірі қара 60600, қой және ешкі 351076, жылқы 20008, түйе 478 басқа жетті. Жұртшылық шаруашылық малдарына қызмет көрсететін ветеринариялық-санитарлық объектілер: ветеринариялық станциялар-8, ұсақ малдарды шомылдыру орындары-24, жасанды ұрықтандыру пунктері-14, биотермиялық шұңқырлар саны-7.

Ордабасы ауданында жалпы жайылымдық жер 103992 гектарды құрайды, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 14 сәуірдегі № 3-3/332 «Жайылымның жалпы алаңы жүктемесінің, шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, мал басына шаққандағы жайылымды есептей келе барлығы 1 284 725 гектар жайылым жер учаскесі қажет екендігі анықталды. Аудан бойынша барлығы 431684 бас (60600 ірі қара, 20008 жылқы, 351076 уақ мал, 478 түйе) көлемі 103992 гектар жайылымды пайдаланады, осы көрсетілген малдардың ішінде барлығы 17603 бас (5869 ірі қара, 1697 жылқы, 10037 уақ мал) мал бір орында, қоралық жағдайда ұсталалып, бордақыланады.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде Ордабасы ауданында жалпы 431684 бас малға көлемі 1 180 733 гектар жайылым жер жеткіліксіз екендігі байқалады. Ордабасы ауданындағы жайылымдық жердің жеткіліксіздігін шешу үшін, жайылымдық жерлерге түсетін жүктемені азайтып, мал өсіруді жайылымдық-қоралық жүйеден жайылымды қажет етпейтін мал өсіру жүйесіне (қорада ұстап бағу, бордақылау) ауыстыру қажет.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 508 рет