Бүгінде адал кәсіп істеймін деген кез келген адамға мүмкіндік мол. Жаңадан кәсіп ашамын немесе Кәсібімді кеңейтемін дегендер үшін түрлі мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп, арнайы бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекетке алақан жаймай-ақ қолдағы барымен кәсібін бастап, тың идеяларын жүзеге асырып, теңгені тиыннан құрап шағын кәсіптің өзінен толағай табыстарға жетуге болатынын дәлелдеп жүргендер аз емес. Солардың бірі – Жетісай ауданына қарасты Қазыбек Би ауылдық округі, Қазыбек би ауылының тұрғындары, ағайынды Жамшид, Рашид Нартаевтар.
Осыдан 15 жыл бұрын көршілес Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударған азаматтар кәсіптерін үйіргелік 3 соттық жер теліміне жылыжай салып бастаған. Гүл өсіру мен гүл сату ісін өркендетіп, табыстарын арттырып отырған жігіттер бүгінде жылыжай аумағын 15 сотыққа жеткізген. Қарапайым ауыл тұрғындарының жылыжайында қазіргі таңда гүлдің 20-дан астам түрі өсіріледі. Қожалық әр гүлді 500-10000 теңге арылығында саудалап, айына 1 млн теңге табыс тауып отыр. Гүл бағында 10 адам жұмыспен қамтылып отыр. Қарасаң көздің жауын алатын гүлдер негізінен Жетісай, Мақтаарал аудандарымен қатар Шымкент қаласының базарларында саудаланады. Бағасы да аса қымбат емес. Қалтаға қонымды.
– Жылыжайымыз көмірмен жылытылады. Гүл деген нәзік келгендіктен жылыжай ішіндегі ауа температурасына аса мән береміз.Яғни, бізде өсірілетін гүлдерді үй ішінде күтіп, баптауға болады. Сұраныс та жаман емес. Жыл он екі айда үш-төрт реттен өнім аламыз, – дейді Рашид Нартаев. Бір жылда 10 млн теңгеге дейін таза табыс тауып отырған ағайынды Нартаевтар түрлі салаттар әзірлеуді де қолға алған. Қырыққабат, қияр, қызанақ егу мен тұздау ісін де дұрыс жолға қойған. Бір қарағанда жылыжай ашып, гүл өсіруді аса қиын да іс емес дейтіндердің көзқарасымен жетісайлық гүл өсірушілер келіспейді.
– Алғашқы жылдары гүл өсіру ісіне күле қарап, мол табыс әкелетініне сенімсіздік білдіргендер аз болған жоқ. Алайда, мен жылдан жылға тәжірибе жинақтап, күтіп-баптау ісіне аса мән бердім. Ізденіс жоқ жерде ісің өрге баспайды. Сондықтан, күнделікті ізденіс мені осындай жетістікке жетеледі. Бүгінде, Аллаға шүкір, өзімнің сүйікті кәсібім бар. Айлық табысымыз бір әулетті асырауға жетеді, – дейді жетісайлық гүл өсірушілер.
Табыстың көзін тауып, ерекше кәсіпті меңгерген ағайынды жігіттер үйіргелік жылыжайын үшке бөліп қойған. Біріншісінде тұқымнан көшет өсірсе, екіншісінде жер сіңдіреді. Үшінші бөлігінде дайын гүлдер ыдысқа жайғастырылып, сауда нүктелеріне жөнелтіліп отырады.
Баспасөз турында журналистер «Ауыл Аманаты» бағдарламасымен қаржы алып, кәсібін бастаған шаруалармен кездесті. Ж.Ералиев ауыл округі, С.Сейфуллин ауылының тұрғыны Асрор Қамбаров «Ауыл аманаты» жобасымен 2,5%-дық несие алып, 20 соттық жылыжай ашқан. Онда қияр егіп, 7-8 тонна өнім алып отыр. Бүгінде төрт адам жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ, Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 80-ге жуық отбасы гүл өсiрумен айналысады. Бір қызығы гүл өсірушілердің көпшілігі Дербісек ауылының тұрғындары. Шағын кәсіпке бейімделген олар үй іргелік жерден үлкен табыс тауып отыр. Альфия Әшірбаева есімді гүл өсіруші келіншек 35 соттық жылыжайындағы жердің 15 соттығын әдеміліктің символы саналатын гүлдерге арнаған. Мұнда көшені безендіруге арналған гүлдердің 20-ға жуық түрі өсуде.
Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан төмен пайызбен 6,0 млн теңге несие алған ол жыл сайын 300 000 – 500 000 аралығында гүл көшеттерін өсіріп, сатылымға шығарады. Негізгі тұтынушылары Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Түркістан облысының тұрғындары. Ал, Жаңыл Сламбекова алақандай жерде дала гүлдерінің 60-қа жуық түрін өсіреді. Оның жылыжайынан шыққан гүлдер бірнеше облыс пен аудан орталықтарында өсіп тұр. Кәсіп иесі 10 жыл уақыт ішінде жинақтаған тәжірибесінің енді ғана жемісін көріп жатқандығын жеткізді.
Ауылдағы Махат Әуешов есімді тұрғын жиырма жылдан бері осы кәсіппен айналысып келеді. Шаруа 20 соттық жеріндегі жылыжай аумағынан алған өнімдерін сату арқылы отбасын асырап отыр. Ал ауласында раушаннан бастап альстромерия, хризантема сынды шетелдік сұрыпты гүлдер өсіп тұр.«Гүл көшеттерін өсірудің өзіндік қиындықтары бар. Егілген гүлді әр 10-15 күн сайын суарып тұру керек. Жылыжайдағы қалыпты температура 10-15 градус болуы шарт. Ал наурыз айының басынан бастап сабағынан қырқылған гүлдер сатылымға шыға бастайды. Мереке сайын көршілер мен ағайын-туысқа өз ауламызда өскен гүлдерді сыйға тартамыз. Бұл кез келген жанның көңіліне ерекше қуаныш сыйлайтыны анық», - дейді ол.Жалпы өткен жылы сарыағаштық шаруалар 600 мыңға жуық гүл өсірген.
Ауыл шаруашылығына көңіл бөлу – бәсекелестіктің басты шарттарының бірі. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, әртараптандырудың осы салаға тұрақтылық әкеліп қана қоймай, жердің құнарлылығын да арттыратынын алға тартып отыр. Агроқұрылымдар мен ғалымдардың басын қосып, тәжірибе алмасудың маңыздылығын да сан мәрте айтып жүр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен өңір әкімдеріне ауылдарды дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осыған байланысты Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жыл басынан бері өңірдегі барлық аудандарды аралап, елді мекендерді дамыту жолдарын саралап жүргені белгілі.– Облыстың табиғи-климаттық жағдайын, мүмкіндігін ескере отырып, дамыған мемлекеттерден қалып қоймас үшін бәсекеге қабілетті әлемдік талаптарға сай өнім өндіруге ұмтылған жөн. Егілетін өнім сұранысқа сай болу керек. Бұл – бизнес. Сондықтан сатуды ойлау керек. Жаппай қырыққабат не қияр егіп, өткізе алмай қалудан қыруар еңбек пен қаражат зая кетуі мүмкін. Сондықтан бұл бағытты жүйеге қойып, алдын ала жоспарлау қажет, егістікті әртараптандыру өте маңызды, – дейді Дархан Сатыбалды.
Дархан Сатыбалды биылдан бастап ауыл шаруашылығы саласына жеңілдетілген несиелер беріле бастағанын, бұл бағытта Түркістан облысына 11 млрд. теңге қаралғанын атап өтті. Сондықтан ол несие нақты жоспары бар, іскер азаматтарға берілуі тиіс екенін жеткізді. Аудан, ауыл әкімдері жаңа жұмыс орындарын көбейтетін және өнім шығаратын жобаларды іріктеп, қолдау көрсетуі керектігін айтты. Бұл ретте жылыжайлар санын арттыруға да басымдық берілмек.Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді тиімді жобаларға бағыттау барысын талқылап, аудан басшысына осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырып келеді.
Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығы саласы өнімділігін арттыру үшін 3 негізгі бағытты дамытуға басымдық берілген. Бірінші бағыт – жеке қосалқы үй шаруашылықтарын дамыту. 2021 жылы жаңадан 525 отбасылық шаруашылық құрылса, оның ішінде 162 үй шаруашылығына «Еңбек» бағдарламасы арқылы гранттық қолдау көрсетілген. Екінші бағыт – «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы арқылы былтыр 8 мыңнан астам гектарда 3 мыңға жуық жоба жүзеге асырылып, 280 мың тонна өнім жиналды.
Үшінші бағыт – агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, өндіріске заманауи озық технологияларды енгізу бойынша «Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру» жобасы қолға алынды. Жалпы құны 35,1 млрд. теңгені құрайтын 6 серпінді инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. 11 мың гектарға жаңбырлатып суғару технологиясы ендіріледі. Бүгінде 3 кооператив негізінде 2,2 мың гектарға 65 дана жаңбырлатып суғару қондырғылары орнатылды. Технологияның тиімділігі: дақыл түріне қарай ағын суды 2 есе үнемдеумен қатар, өнімділікті 3 есеге дейін арттырады.
– Түркістан облысының басқа өңірлерімен ерекшелігі – күннің ыстық және жылы күндердің ұзақ болуында. Өңірде ауыл шаруашылығын дамытуда жаңа технологияларға басымдық берілуде. Су үнемдеу, тамшылатып суғару, үйіргелік жерге көкөніс егу, агроқұрылымдарды ірілендіру жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыс күші де жеткілікті. 2019 жылдан бері «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» тәжирибесі кеңінен ендірілуде. Жоба арқылы шаруалардың табысы 2-3 есе ұлғайған. Еліміздің өзге өңірлеріне көкөніс жеткізуге мүмкіндік мол, Түркістан облысында жаңа піскен көкөністер басқа өңірлерге қарағанда 1,5-2 ай ерте жиналады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат